Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарих ғылымының тарланы

2537
Тарих ғылымының тарланы - e-history.kz
Ежелгі перғауындардың, атақты императорлардың жорықтары туралы қызықты байырғы тарих беттері сол жылдардың өзінде-ақ бала Таласты тарихты сүйіп оқуға бейімдеді

Оның бойында «заңғар биіктердің өткенін, тарихи өмірін, ежелгі тіршілік-тынысын зерттейтін тарихшы болсам деген арман» осы балалық шақтан басталды.

Омарбеков Талас 1948 жылы 29-ыншы мамырда Жамбыл облысы Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1954 жылы осы ауылдағы сегіз жылдық мектептің бірінші класына барды. Соғыстан кейінгі ұрпақтың басынан кешкен барлық ауыртпалықтарды Талас та басынан өткерді. Жас кезінде әкесіз қалған, жанұядағы жалғыз ұл анасының қамқорлығымен адам болды. Соғыстан кейінгі жылдары әр түрлі жастағы балалар бір класта оқи беретін еді. Бала Талас ауылдан қашықтау жерде орналасқан мектепке басқа да оқушылармен бірге анасынан жасырынып, қашып барды. Алғашқы күннен-ақ, оқуға деген құштарлығын танытқан баланы ұстаздары мейлінше қамқорлығына алды. Осылайша, Таластың бүкіл өмірін қамтыған оқу-іздену сапары басталды. Оған әсіресе, бесінші кластан бастап пән ретінде оқытыла бастаған «Ерте дүние тарихы» пәні қатты ұнаған болатын.

Орта мектептегі оқу сегізінші кластан соң «Трудовой – пахарь» колхозы орталығындағы он бір жылдық мектепте жалғасты. Мектепті бітіргенде үшінші класты тракторист мамандығын алып шыққаны кейіннен кәдеге жарады. Колхоз өндірісінде біраз уақыт трактористің көмекшісі, токарь оқушысы, қойшы болып еңбектеніп күн көруге де тура келді.

Өзі қалаған мамандығына екі жыл бойы түсе алмаған Талас үшінші рет талаптанып, Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетінің сырттай оқытатын бөліміне бағын сынады. Институтта о бастан-ақ жақсы оқыған Талас ұстаздарының назарына ілікті. Сол тұстағы белгілі ғалымдар – институт ректоры – С.Е. Толыбеков, факультет деканы Н. Киікбаев, алғашқы оқу семестрінің қорытындысымен Т. Омарбековты іштейгі бөлімге ауыстыру туралы шешім қабылдады. С.Е. Толыбековтың бұйрығымен бірденнен іштейгі  бөлімнің екінші курсына қабылданған ол өзінен бұрын қиналмай оқуға түскен әріптестерін қуып жетті.Тарих факультетіндегі оқу жылдарында талапты жас өзінің тарихқа деген құштарлығымен ерекшеленді. Кафедрада ол «Ежелгі және ортағасырлар тарихы» бойынша маманданды. Курстық жұмыстардың өзі осы жылдары ортағасырлар тарихына арналды. Төртінші курста студенттердің ғылыми конференциясында жасаған баяндамасы Республикада екінші орынға ие болып, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен» және заттай сыйлықтарымен марапатталды. Тарих факультетінде оқыған жылдары Талас Омарбековтың тарихшы ретінде қалыптасуына әсіресе, 1939 жылы Қазанда қазақ ұлтынан тұңғыш рет  тарих ғылымдарының кандидаты атағын алуға диссертация қорғаған және Қазан  жоғары оқу орнының түлегі, профессор Х.М. Әділгереевтің өзіндік орны бар. Кезінде қазақтан шыққан алғашқы тарих ғылымының докторы Е. Бекмахановпен бірге қуғындалған және оңтүстікке жер аударылған  Х.М. Әділгереевтің Ресейдегі ұлт-азаттық қозғалыстары тарихынан оқыған арнайы дәрістері Т.Омарбековтың тарихи санасын біржолата қалыптастыруға аса зор ықпал жасады.

Тарих факультетін бітіргеннен кейін 1971 жылы ол, Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сөйтіп, жас маман, балалық шақтан өзін алға жетелеп келе жатқан арманының асқар шыңына бет алды.

1972 жылдан бастап Т. Омарбеков Республикалық баспасөз беттерінде тарихты оқыту әдістемесіне арналған өзінің көлемді мақалаларын жариялай бастады. Мұндай мақалалардың өмірге келуіне басты себеп, тарих факультетінде оқыған жылдары болашақ тарихшының тарих пәнін оқыту әдістемесімен белсенді түрде айналысуы еді. Қиын да, қызықты ұстаздық жұмыс табиғатынан еңбекқор, ізденімпаз жасты баурап алды. Ол өзі өткізетін әр тарих сабағының баланың қабылдауына жеңіл, әрі қызықты да тартымды өтуіне баса мән берді. Ол сол жылдардағы мерзімді басылым беттерінде жарияланған [1] мақалаларында мектеп оқушыларына тарихты меңгертудің тиімді методикалық әдістерін ұсынды. Үлкен ғалым-ұстаздардың алдын көрген жас ұстаз шәкірттерін армандай білуге үйретті, олардың бойына алдына айқын, жоғары мақсат қою, талғамды және еңбекшіл болу сияқты жақсы қасиеттерді дарыта білді. Сондай-ақ, ата-ана, бала, мектептегі бала тәрбиесі тақырыптарына да қалам тартты [2].

Талас Омарбеков ұстаздық еңбекпен ғылымды қатар алып жүрді. Ол өзінің алғашқы ғылыми-зерттеулерін туған өлке тарихынан бастады. 1972 жылдан бастап өзі еңбек ететін Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы (бұрынғы Свердлов) Чапаев атындағы орта мектепте алғаш рет «Тарих және археология» музейін ұйымдастырды. Бұл музейге Талас Омарбековтың кезінде Тараз қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қатысқан облыстық музейдің ғылыми қызметкерлерімен бірге жүргізген аудан өңіріндегі ортағасырлық төрткүлдерге, ежелгі Оххум қаласына қазба жұмыстарының нәтижелері, олардан табылған заттар қойылған еді.

Осы жылдары жас тарихшының Тараз өңіріндегі, Жібек жолы бойындағы ортағасырлық елді-мекендер, төрткүлдер және қамалдар тарихына «ОХХУМ – орта ғасырлар қаласы» [3] деген зерттеу мақаласы баспасөзде жарияланды. Жан-жақты зерттеу нәтижесінде дүниеге келген бұл ғылыми мақаланы Қазақстанның белгілі археологы, кейіннен «Алтын адамды» тапқан Кемел Ақышев қолдап, сол кісінің жағымды пікірімен Республикалық «Білім және еңбек» журналында [4] басылып шықты. Мектептегі белсенді ұйымдастырушылық ұстаздық және ғылыми жұмыстары ескеріліп, 1974 жылы Талас Омарбеков Республиканың басшы органдары белгілеген «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісіне ие болды. Жас зерттеуші-ғалымның [5] басқа да зерттеу мақалалары республикалық ғылыми және ғылыми көпшілік басылымдарда жарияланып тұрды. Алайда жас ұстаздың алғашқы еңбек жолы тақтайдай тегіс болды десек жалған айтар едік. Зерттеу жұмыстарының жүйелі түрде жалғастырылуына кедергілер де болды. Коммунистік партияның билігі жүріп тұрған заманда аудандық партия комитетінің басшылары жас тарихшыны әкімшілік аппаратқа зорлап шақырып алды. Аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде 1975 жылдан бастап еңбек етуге мәжбүр болған зерттеушінің алдынан болашақ әкімшілік қызметтеріне жол ашылса да, оның тарихшы ретінде қалыптасуына кедергі жасала бастады. Талас Омарбековтың 1972 жылдан басталған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихын зерттеуге бағытталған еңбектерінің баспасөзде жарық көруі аудан басшыларының наразылығына кездесті. Талас Омарбековтың қызметі арнайы партия жиналысында да талқыланып, оған партия ұйымдарының жұмысы туралы жазу қажеттігі арнайы және қатаң ескертілді. Осыдан соң Талас Омарбеков аспирантураға кетуге біржолата шешім қабылдады. Бірақ, бұл жылдары аспирантура мақсатты болғандықтан, оған жоғары оқу орындарының жолдамасымен ғана оқуға түсу мүмкін болды. Сондықтан да тарих факультетін бітіргеннен соң 1971-1977 жылдар аралығында барлық кандидаттық минимумдарды тапсырғанына қарамастан және осы жылдары жиырмаға тарта тарихи-зерттеу мақалаларын жариялай тұрса да, оның аспирантураға түсуі аса қиын болды.

1977 жылы өзі білім алған Абай атындағы ҚазПИ-нің жаңа ректоры, тарихшы Ж. Жұмабековтың, онан соң Қазақстан Республикасы оқу министрінің орынбасары Л. Рүстемовтың қабылдауында болған ол жаңадан ашылған Арқалық педагогика институтының жолдамасымен  аспирантураның іштей оқу бөліміне қабылданды. Алайда, аспирантураның үшінші жылында ғылыми жетекшісі Ж. Жұмабековтың мезгілсіз қайтыс болуы диссертация қорғауды қиындата түсті. 1980 жылы аспирантураны аяқтаған жас тарихшыны өзі тәрбиелеген ұжым Арқалыққа жібермей, алып қалды. Осында ол Н. Киікбаев, И. Шәмшәтов, Қ. Шүлембаев тәрізді бұрынғы ұстаздарымен бір ұжымда еңбек ете бастады және қатардағы ассистенттен доценттік қызметке дейін өсті. 1982 жылы ол кандидаттық диссертациясын қорғады.

1988 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының басшылығында болған өзгерістерге сәйкес Қазақстан тарихын жаңаша, қайта жазу туралы әңгімелер көтерілді. Осы тұста жас ғалым Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтына аға ғылыми қызметкер ретінде шақырылды. Бұрыннан ауыл халқының тарихи өркендеуімен белсене айналысқан ғалым, осы тұста партия тарихының құпия мұрағаттарын тереңдете зерттеп, күшпен ұжымдастыру жылдарындағы жан түршігерлік зобалаңдарды әшкерелейтін салмақты да негізді ғылыми мақалалар жаза бастады. Алайда, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау тұрғысынан жазылған мұндай еңбектер қоғамда бірденнен түсінік таба алған жоқ. Осының нақты көрінісі Талас Омарбековтың «Голощекин геноциді» атты көлемді тарихи зерттеуі еді.  «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген бұл еңбек басым көпшілігі орыс тілді ғалымдардан тұратын Партия тарихы институты қызметкерлерінің наразылығына ұшырады. Ұжым дирекция мәжілісінде Талас Омарбековтың еңбегін арнайы талқылап, зерттеушіге қатаң ескерту жасады. Ескіше көзқарасқа негізделген коммунист тарихшылардың мұндай көзқарасы көп кешікпей-ақ баспасөз бетінде жарық көріп, Т. Омарбековты қорғауға журналистер қауымы белсене араласты. Уақыт әрине басқа еді. Егер де мұндай жағдай сәл бұрынырақ, тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргіні тұсында орын алған болса, тарихшының тағдыры қалай болары белгісіз еді.

1991 жылы Коммунистік партияның тарауы Т. Омарбеков тәрізді ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша ойлайтын тарихшыларға кең жол ашты. ОГПУ-дің мұрағаттарынан алынған құжаттар мен деректерді көптеп жариялауға мақалалар жазуға толық мүмкіншіліктер туды. Осындай жағдайда Т. Омарбеков Қазақ Ұлттық университетінің (ол кезде ҚазМУ) тарих факультетіне доценттік қызметке шақырылды. 1991-1995 жылдар аралығында ол осында қажырлы да жемісті еңбек етіп, жаңа зерттеулерді дүниеге келтірді. Олардың ішінде қазақ тарихының ақтаңдақтары қатарына жататын 1929-1931 жылдардағы Кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы Қазақстанда орын алған ұлт-азаттық қозғалыстары алғаш рет терең зерттеліп, өзінің ғылыми бағасын алды.  1994 жылы «Зобалаң» [6] деген атпен арнайы монографиялық зерттеуі «Санат» баспасынан жарық көрді. Осылайша, тоталитарлық жүйеге қарсы күрескен қазақтың көптеген абзал азаматтарының есімдері қалпына келтірілді, елге мәлім болды. 1993 жылы «Ана тілі» баспасынан белгілі тарихшы-ғалым М.Қойгелдиев екеуінің тың зерттеулері «Тарих тағылымы не дейді?» [7] деген атпен кітап болып басылды.

Талас Омарбеков алғашқылардың бірі болып, 1928 жылы тәркіленген қазақ байларына жаңа көзқарасты қалыптастыруға негіз қалады. Зорлап отырықшыландырудың және бай-кулактарды жаппай жою саясатының ауыр зардаптары ғалым еңбегінде тұңғыш рет жан-жақты әшкереленді. Осылайша, қазақ тарихында ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы әлеуметтік-саяси процесстерге әділетті ғылыми баға беруге негіз қаланды. Осы жылдары Т.Омарбеков Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі жанындағы мемлекеттік комиссия құрамында жазықсыз тәркіленген қазақ байларын ақтау жұмысымен белсенді айналысты.

Көп жылдарға созылған жүйелі зерттеудің үлкен қорытындысы ғалымның 1994 жылы докторлық лауазым алу үшін академик К. Нұрпейісовтың ғылыми кеңесшілігімен диссертация қорғауы еді. Диссертациялық жұмыс «Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру» тақырыбына арналды. Диссертацияны талқылау барысында Қазақстанның белгілі ғалымдары, жазушылары және журналистері үлкен белсенділік танытты және Ұлттық Ғылым Академиясының Ғылыми кеңесі бірауыздан ғалымға ғылым докторы дәрежесін берді. 1997 жылы Т.Омарбековтың «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті» [8] атты монографиялық зерттеуі «Санат» баспасынан жарық көрді. Ғалымның осы монографиялық еңбегінде өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанда байларды тәркілеу және шаруаларды күштеп ұжымдастыру тарихы өз еліміздегі және Ресейдегі мұрағат құжаттарына сүйене отырып, нақты деректермен жан-жақты ашылды, мәселенің деректері жаңа методологиялық тұрғыдан бағаланды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ақпарат құралдары үшін тарихи тақырыпта еңбектер жазуда Т. Омарбеков белсенділік көрсетті. «Ақиқат»  журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ тарихы» журналының қызметкері, әрі редакциялық алқа мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихи тақырыптарға байланысты ғылыми кеңесшісі қызметтерін жоғары оқу орындарындағы қызметтерімен қоса атқарды. Осындай белсенділігі үшін ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» екі рет марапатталды.  

Еңбектері ескерілген ғалым 1997 жылы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды.

Әр түрлі тарихи тақырыптарға және қуғын-сүргінге байланысты мемлекеттік комисссиялар құрамында жұмыс жасай жүріп, Т. Омарбеков жоғары мектептен қол үзген емес. Ол 1995-1996 жылдары Алматы теміржол транспорты институтының (М. Тынышпаев атындағы Транспорт және коммуникация академиясы) «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, 1996 жылы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орындарының біліктілігін жетілдіру институты оны «Тарих және саясаттану» кафедрасында меңгеруші болып қызмет жасады. 1998 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде профессор, кафедра меңгерушісі болып қызмет етті.  

Кеңестік тоталитарлық жүйе жылдарындағы Қазақстан тарихының ақтаңдақ мәселелеріне арналған «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» [9], өзінің мезгілсіз дүниеден өткен ұлы тарих ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Омарбековпен бірігіп жазған «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» [10] атты көлемді монографиялары тарих ғылымына жаңа серпін әкелді. Тарихшының ғалым-ұстаз ретінде алғашқы танылуынан бастап, бүгінгі күнгі өзінің ғылыми мектебін қалыптастыруына дейінгі тарихи тағдырының әр түрлі кезеңдерін айқындайтын әр жылдардағы ғылыми зерттеулерінен таңдамалылары «Тарихпен өрілген тағдыр» [11] деген атпен жарық көрді.

2005 жылы қазақтың ұлттық теңгесінің авторы Хайролла Ғабжалиловпен бірге, оның қаржылай қолдауымен қазақ ру-тайпаларының тарихын зерттейтін «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын ұйымдастырып, том-том еңбектер жазды. Ғалымдар еңбегі  жоғары бағаланып, 2007 жылы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы «Жылдың үздік ғылыми-зерттеу орталығы» номинациясына ие болды. Осы орталықтың ғылыми үні болып табылатын «Алаш» тарихи-этнографиялық журналында Талас Омарбековтың көптеген сұхбаттары, ғылыми зерттеу мақалалары, әр түрлі сын-пікірлері көптеп жарық көрді. Осы орталықтағы үздіксіз ғылыми зерттеу жұмысын Қазақ ұлттық университетіндегі қызметімен тиімді ұштастыра білген ғалым еңбегі бағаланып, 2007 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» Мемлекеттік грантын иеленді. 2009 жылы ғылым мен бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбектері және жоғары оқу орнындағы үлгілі қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталады.

2013 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы М.М. Тажиннің төрағалығымен өткен ұлттық тарихты зерделеу бойынша Ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісі қаулысын орындау мақсатымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен университет жанынан «Орталық Азияның дәстүрлі өркениетін зерделеу» Республикалық ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталықтың директоры болып әлемдік деңгейде танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков тағайындалды. Ғылыми жобалар аясында «Қазақ түркілерінің мемлекеттігі: ұлыстар, қағанаттар мен хандықтар», «Қазақ хандары», «Орталық Азия көшпелілері өркениетінің тарихы» (4 том), «Қазақ халқының этнотерриториясының қалыптасуының мәселелері», «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы», «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениттер тарихының мәселелері», «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» деген атпен жарық көрген төрт кітаптан тұратын университеттердегі тарих мамандығы бойынша маманданатын бакалавр студенттерге арналған оқулық және басқа [12] іргелі еңбектер жазды. Ғалым ұлт тарихының ақиқатын ашып жазу мақсатында батыл қадамдарға барып, ғылыми мектеп пен оқу-ағар­­тудың өзіндік жаңа үлгісін қалып­­тастырды.

Тарих ғылымының тарланы, ұстазымыз Талас Омарбековке алдағы уақытта да деніне саулық, отбасына амандық, ғылым және білім саласында жасап келе жатқан үздіксіз қызметіне табыстар тілейміз!

Данагүл  МАХАТ, тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы»

Ғылыми орталығының Бас ғылыми қызметкері

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Омарбеков Т. Тақтаға схемалар мен суреттер сызып пайдалану   //«Қазақстан мектебі». – 1973. - № 9; VI кластың Қазақ ССР тарихы сабағындағы көрнекілік // «Қазақстан мектебі». – 1974. - № 6. – Б. 70-75; Тарих пәнінде аппликацияларды қолдану //«Қазақстан мұғалімі». – 1975 жыл. – 30 январь
  2. Омарбеков Т. Ата-ана беделі»  // «Социалистік Қазақстан». – 1974 жыл. – 24 январь;  Бала армандай білсін // «Социалистік Қазақстан». – 1974 жыл. – 16 июль; Баланың нанымы // «Социалистік Қазақстан». – 1974 жыл. – 23 август
  3. Омарбеков Т. ОХХУМ – орта ғасырлар қаласы // «Еңбек туы». – 1974 жыл. – 21 март
  4. Омарбеков Т. Оқын ба, әлде... // Білім және еңбек. – 1974 жыл. – № 8
  5. Омарбеков Т. Жайлаутөбе жұмбағы // Село жаңалығы. – 1975 жыл. – 30 январь; Көне Тараздың мұралары // «Лениншіл жас». – 1975. – 27 март; Орта ғасыр құмыралары //Село жаңалығы. – 1975 жыл. – 10 апрель; Шөлтөбе // «Еңбек туы». – 1975. – 11 июль; Ежелгі тас мүсіндер // «Село жаңалығы». – 1975. – 30 декабрь; Шөлтөбе – көне қоған ғана ма? // Білім және еңбек. – 1975 жыл. – №11. – Б. 16-25
  6. Омарбеков Т. Зобалаң. – Алматы: «Санат». – 272 б.
  7.  Қойгелдиев М. Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді?. – Алматы: «Ана тілі», 1993. – 208 б.
  8.  Омарбеков Т. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті. – Алматы: «Санат». – 320 б.
  9. Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері. – А.: «Өнер», 2003. – 552б. 
  10. Омабеков Т. Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. 388 б.
  11. Омарбеков Т. Тарихпен өрілген тағдыр. – Астана: «Ана тіл – Ата тарих» ЖШС., - 2007. – 460 б.
  12. Омарбеков Т. Қазақ түркілерінің мемлекеттігі: ұлыстар, қағанаттар мен хандықтар. – Алматы, 2015. – 192 б.; Қазақ хандары. – Алматы, 2015. – 180б.
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?