Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мен қалайша тірі қалдым?

1704
Мен қалайша тірі қалдым?  - e-history.kz
Біз бүгін ұлы мейрам – Жеңіс күнін атап өтіп жатырмыз

Осы күнді жақындату үшін жерлестеріміз ажалға бастарын тігіп, майданға аттанды. Туған үйлерінен жырақта жүріп, әскери борыштарын адал атқарды. NDH порталы Ұлы Отан соғысына қатысушылардың үйіне деген сағынышқа толы, сонымен қатар жауын жеңуге деген ерік-жігерге толы хаттарын жариялайды. 

Ақмоланың тумасы, Совет Одағының Батыры Юра Малахов қырық үшінші жылдың қаңтарында Ақмола қалалық әскери комитетімен әскер қатарына шақырылады, сол кезде жасы 19-да еді.  

Ол қырық төртінші жылдың қазан айында майдан даласында қаза тапты. танк взводын басқарған, соғыстың қайнаған ортасында болған Юра бүгінгі Қарулы Күштердің қатарында борышын өтеп жүрген жас жігіттеріміздің құрдасы еді. Юраның майдан даласынан әке-шешесіне жазған хаттарының бірі Ақмола облысының Мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұр:

«Амансың ба, әке! Кеше 7 қазан, сенің 15 қыркүйектегі хатыңды алдым. Бұл қандай жағдайда болды деп сұрапсың. Жауап берейін: бригада командирі маған және тағы да екі танкке бригаданың алдыңғы жағында барлау жүргізуді бұйырды.

Мен тапсырманы орындап, көрсетілген бағыт бойынша барлау жүргізе бастадым. Шығыс Пруссияның шекарасына қарай беттедім. Бір елді-мекенге таяған кезімде, қарша бораған артиллериялық, пулемет оғымен қарсы алды. Оқиға түнде болғандықтан, бұдан әрі барлау жүргізудің еш мағынасы жоқ еді, сондықтан маған ол жерден кетіп, танктерді ұрыстан алып шығуға бұйрық берілді.

Мен қалайша тірі қалдым? Шынымды айтсам, жауап бере алмаймын. Бұл – бақыт, тағдыр шығар, егер осылай деп айтуға болса. Жанымда жаралы жолдастарым болды, соларды аман алып қалу менің міндетім болатын. Бар болғаны осы ғана.

Менің және жанымдағы жолдасымның көңіл-күйі қалай дейсіз бе? Жаман емес, майдан үшін жақсы. Оқтаушы қазір қайтадан менің экипажымда. Сол аяғым жараланып, бетім аздап күйіп қалды.  Аяғым ғана аздап сыр бергені болмаса, басқасының бәрі қазір жазылып кетті. Механигім госпитальден шықты, бір-екі күнде келіп қалуы керек деп күтіп жүрмін. Сидоров госпитальде жатыр, сауығып келеді.

Жаңа зеңбірегім қалай атады деп сұрапсыз. Тамаша, тек тамаша атады.  Соның дәлелі – газеттен алынған үзіндіні саған жіберемін. Көп ақшаны бекер салыпсың деп жазыпсың. Бұл менің қасиетті міндетім. Іссапарға немесе демалысқа келмеймін: мен қыдыруға емес, соғысуға келдім. Ал, енді жараланатын болсам, тағы да сендердің көмектеріңе үміт артамын. Мен сендердің орташа тұрмыс кешкендеріңді емес, жақсы тұрмыс кешкендеріңді қалаймын. Толя аз хат аламын деп кейиді. Мүмкіндігімше жазамын. Мен танк взводын басқарамын, маған үш қымбат машина және туған-туыстары бар бұл адамдарды сеніп тапсырды, соларды ұрысқа бастап бару менің міндетім.

Әке! Мен бар болғаны 19-да ғанамын, шынын айтқанда, мен сияқты балаға, осындай техника мен адамдарды басқару оңай емес. Өз-өзімді жетілдіру үшін көп жұмыс жасауым керек. Менің тіпті, хат жазуға да уақытым қалмайды.

Әке! Маған деген қамқорлығың үшін алғыс айтамын. Хаттарыңа да рахмет. Түсініксіз болса, кешір: соқыр шамның жарығымен жазып отырмын әрі қатты асығыспын.

Ұлың Ю. Малахов.

 

Владимир Савенко соғыс тамұғында түгел отбасынан айырылды. Ол өзінің жерлестері-ақмолалықтарға былайша хат жолдайды:

«Қымбатты менің аналарым, әкелерім, бауырларым мен әпке-қарындастарым! Мен үлкен қайғыға душар болдым, осыдан бір жарым жыл бұрын Украинада неміс басқыншыларының қолына түскен отбасымның тағдыры туралы хабардар болдым.

Менің селом, менің ауылым тұрған жерде қазір қираған жұрт пен күлдің орны ғана қалған. Менің туған анам, кәрі Лукерья Поликраповнаны, неміс жауыздары ұлының Қызыл Армия қатарында болғаны үшін қинап өлтіріпті.  Әпкем, Екатерина Игнатьевнаны, 5-сыныпта оқитын қызымен бірге Германияға айдап әкетіпті. Әпкемнің үлкен қызын, 10-сынып оқушысын неміс азғындары зорлаған, кейін өлтірген.

Менің қалыңдығым, Днепропетровск университетінің студенті Нина Фастовецті неміс жендеттері тұтқынға түсіріп, Қызыл Армияның медбикесі болғаны үшін айуандықпен өлтірген. Немістер мені бар қымбатымнан айырды. Маған ардақты жандардың қаны мен азаптары жауды аямай қырып-жоюға шақырады. Мен жендеттер мен қанішерлерден кегімді алып жүрмін және олар толық құрып-біткенше кегімді қайтарамын.

Ақмола қаласы – бұл менің отаным, мен осы жерде туып, 16 жасқа дейін тұрдым. Содан соң менің отбасым Украинаға көшті, енді, міне, мен Ақмолада болмағалы 10 жыл өтіпті. Менің жолдастарым мен таныстарым болған, бірақ, қазір қолымда бірде-бір мекенжай жоқ.

Жерлестерім, сендерге өтініш білдіремін, маған, әйтеуір, біреуің аналық хат жазыңыздаршы. Жан адамнан бірде-бір хат алмағалы биыл екі жылдың жүзі болды. Жолдастарым туған-туысқандарынан, таныстарынан хаттар алып жатады, тек маған ғана хат жазатын ешкім жоқ. Бірақ, жалғыз қалмаспын, біздің Советтік Отанымыз мені ұмытпайды деп ойлаймын.

Қымбатты ата-аналар, құрметті жолдастар, қыздар, маған мейірімді, жүрек жылытар хат жазыңыздар. Немістер мені тұйық, кегін ішіне сақтаған адам қылды.  Бар ашу-ызамды, өшпенділігімді соларға, қарғыс атқыр жендеттерге бағыттаймын.

Сау болыңыздар, сіздерге деген шын сүйіспеншілікпен Владимир Савенко.

«Акмолинская правда» газеті 14 мамыр 1943 ж.

 

Бұл хатқа Ақмола қаласы мен облысының көптеген тұрғындары жауап қатты. Ақмола ауданының «Луч жизни» ауылшаруашылық артелінің колхозшылары былай деп хат жазды:

«Савенко жолдас, бізбен тікелей байланыс ұстауыңызды сұраймыз, егер мүмкіндігіңіз болып жатса, бізге қонаққа келіңіз».  

 

Мақаланы дайындаған кезде ҚР Ұлттық кітапханасының мерзімді баспа қорының материалдары пайдаланылды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?