Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш қозғалысының Шығыс Түркістан іздері

2844
Алаш қозғалысының Шығыс Түркістан іздері - e-history.kz
ХХ ғасыр басындағы елеулі прогрессивті құбылыс Алаш қозғалысы еді

Бұл қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының жаңа да сапалы деңгейге көтеріліп, халықты батыстық үлгіде білім алған ұлттық интеллигенция өкілдері бастайтын дәрежеге жеткендігінің белгісі еді. Елдік мүддені қорғау жолында ұлттық саяси партия құрып, мемлекеттік деңгейге ұмтылған Алаш арыстарының алдына қойған маңызды міндеттерінің бірі – түрлі тарихи оқиғалардың салдарынан сырт елдерде қалған қазақтардың мәселесі болатын. Босқыншылықта босып жүрген қазақ халқының басын біріктіру, бір шаңырақтың астына жинау мақсатында мемлекеттік құрылымды жасақтау, жеке автономиялы ел болу ұлт зиялыларының алдында тұрған уақыт күттірмейтін өзекті мәселе еді.

Соған орай 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі өтеді. Бұл кезде Уақытша үкімет биліктен тайдырылып, кеңес өкіметі билігін нығай         та бастаған болатын. Өлкедегі саяси ахуалды жете аңғарған сиез делегаттары автономия құру керектігін ескеріп, бір ауыздан қаулы қабылдайды. Қаулыда 10 мәселе қарастырылған. Соның екіншісінде: «Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын» [1] деген жолдар бар.Үш жүзді билеген айбынды Абылай хан мен қазақ ордасын қайта тұрғызу үшін күрескен Кенесарыдан кейінгі өзгеше, өркениетті түрде құрылған мемлекеттік бірлік – Алаш мемлекеті екендігі анық.

Бұл жерде Алаш автономиясын «мемлекет» деп атағанда жаңсақтық кетіп немесе Алаштың құқықтық мәртебесін асыра айтып отырған жоқпын.  Қазақ көсемдері автономияны Алашорда деп жайдан-жай атаған жоқ-ты, «орда» деген сөзді «мемлекет» деген түпкілікті мақсатында алып отыр да, Алашорда деп ұлттық мемлекеттілігінің іргетасы қайта көтерілді деген мағынада атаған болатын.

Алашорданың жоғарғы атқарушы билік тармағы болып табылатын Алашорда Халық кеңесінің (үкіметінің) төрағалығына басым дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды. Бірақ қазақтың басынан қара бұлт сейілген жоқ. Бір жағынан бүкілресейлік құрылтай жиналысы депутаттарының комитеті (Комитет членов Учридительного собрания немесе Комуч. Авт.), Уфа директориясы және адмирал Колчактың кезекті «бүкілресейлік үкіметі» Алашорданы ресми мойындамаса, екінші жағынан күшейіп келе жатқан кеңестік билік Алашорда басшылығын аса күрделі жағдайға душар етті. Осындай шиеленіскен жағдайдан шығудың бір жолы қазақтың мол шоғыры қоныс тепкен «ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» заманынан бері Қытайға қараған Шығыс Түркістан өлкесі еді. Алашорда көсемдерін жетелеген бірден-бір үміт шет жайлап, қиыр қонған қазақтармен тығыз байланыс орнату болғаны анық.

1918 жылы жазда Қытайдың Шығыс Түркістан аймағын бетке ұстап, Алаш арыстары сапар шегеді. Құрамында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Садық Аманжолұлы, Райымжан Мәрсекұлы бар, жұмбағы әлі де ашылмаған әйгілі сапар осылай басталды.

Алашорда үкіметінің үні болған «Сарыарқа» газетінің 1917 жылы 29 қыркүйектегі 15 санында «Қытай жандаралының дидарласқаны» атты мақалада: «Семейге 25-ші сентябрьде Алтай округын билейтін Қытайдың жандаралы келді. Бұл жандаралдың қол атына бүтін Алтай аймағы қарайды. Тұрағы Сарсүмбеде. Қазақтан Алтай округіне 12 абақ керей түгелімен һәм жұмықтың біразы қарайды. Бұл жандарал Семейге келген соң комитетке келіп, комиссар Лашкевичке амандасып отырып, сұрастырып, қазақ комитетінің барлығын біліп, комитетке құрмет көрсету үшін қазақ бастығы Райымжан Мәрсековтың үйіне автомобильмен іздеп барып амандасқан. Қытай мемлекетінде қазақтың барлығын, оларға өзінің жақсы көзбен қарайтындығын һәм қазақпен бірлесе іс қылуға дайындығын айтқан. Райымжан мырза құрметті қонаққа «Россия мен Қытай жұрттары дүниедегі үлкен мемлекеттер. Осы уақытта екеуі де республика (жалпы жұрт билейтін) болды. Көрші отырсақ та бұрын қатынасымыз аз еді, сіздің патшалықта біздің қазақ аз емес. Мұсылман халқы да көп. Сондықтан сіздің халық пен біздің мемлекет жұртының достығы бұрынғыдан да артар деген үміттеміз» деп жауап беріп, артынан саяси әдеп бойынша автомобильмен жандаралдікіне барып, тағлымға тағлым қылып қайтқан» [2] деп Қытай үкіметінің өкілі мен қазақ комитеттері арасындағы алғашқы қатынасты тілге тиек етеді. Бұл жоғарыда аталған сапардың тарихи негізі екендігі анық.

Шәуешек қаласына ат басын тіреген арыстарымыздың құрметіне қалалық сауық кеші ұйымдастырылып, ән шырқалып, күй тартылып, балуан күрестірілген екен. Осы сапарды айғақтайтын деректердің бірі Әсет ақынның «Алаш» атты толғауы болса, екіншісі - Ахметжанның түсірген фотосы.

Осы сапардағы Алашорда басшылығының басты мақсаты:

  1. «Алашорда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;
  2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда үкіметінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету;
  3. Олады жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын [3]. «Алаш» идеясын арқалап барған ұлт зиялыларының шеттегі қазақтарға деген үміті зор еді. Өйткені Шығыс Түркістандағы қазақтар өз алдына төре сайлап, елдігін сақтап отырғаны тарихтан және аян.

Өз заманында аға сұлтандық құрып, Қарқаралы округін билеген Құнанбай да өзінің Алтайды жайлаған Абақ-керей еліне барған сапарында шет жайлап, қиыр қонған қазақтың бірлігінің бекем екендігіне көзі жетіп қайтқан-ды. Құнанбай осы сапарын есіне алғанда: «Қытайға қараған Абақ керей баласы 15 мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ер туып, дауын сөйлер би туып, бақ қонған елге айналған екен.Түбі біздің қазақтың бір тиянағы солар болар» [4] депті.

Міне, Алаш көсемдерінің көздегені осындай бірлігінен айырылмаған, ұлттық тұтастығы берік елге «Алаш» идеясын тарату болатын. Айта кететін бір  жайт, Алаш делегациясына тілеулес, бүйрегі бұрған адамдар Қытай жерінде аз болмаған. Солардың бірі Таңғыт Еңсеұлы. Бұған дәлел - Алашордалықтардың Қытайға өткенде жайлауда отырған Таңғыт ауылына баруы. Олар Таңғыттан әскер және басқалай көмек сұрайды. Таңғыт бұған қарсы болмайды. Ол кезде Тарбағатай елінде төрт үкірдай ел болушы еді. Солардың басын қосып ақылдасу мақсатында Шәуешек қаласына келеді. Алайда осының бәрінен хабардар Шәуешектегі Кеңес үкіметінің консулы іске араласып, кедергі болады...

Кейін Қытайда коммунистік жүйе күшейіп тұрған 1951 жылы Таңғыт Еңсеұлын қамауға алады. Оған: «Алашордамен тіл біріктірген. Кеңес үкіметіне қарсы адам» деген айыптар тағылып, 73 жасында ату жазасына кесілген [5]. Алашқа бүйрегі бұрған адамдардың ешкайсысы да жазасыз қалмады.

1919 жылы екі жақты қыспақтан Алашорда үкіметі Кеңес үкіметімен арадағы келісімдер нәтижесінде таратылып, большевиктер қатарына өтті. Алашорда үкіметінің мүшелеріне кешірім жарияланып, Кеңестік билік жұмыстарына тартылды. Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханды Мәскеуге күштеп әкетіп, пәтерқамағында ұстады.

Алайда «Алаш» қозғалысы басылған жоқ, үні өшкен жоқ. Қозғалыстың екінші кезеңі Қытайдың Шығыс Түркістан аймағында өрбіді деп айтуға толық негіз бар. Азаттық-ағартушылық бағытта өміршеңдік танытқан «Алаш» идеясының Шығыс Түркістанда өрістеуіне зор қажыр-қайрат жұмсаған тұлға – Алашорда үкіметінің белді мүшесі Райымжан Мәрсекұлы еді. Райымжанның 1922 жылдан кейінгі өмірі Қытай жерінде өтті. Райымжанның інісі Шериязданның қызы - Тұрдыханның айтуынша, Кеңес үкіметінен қысым көрген Райымжан қызы Гүлсағылды алып, 1922 жылы Қытайдың Алтай өлкесіне өткен. Сол өңірдің қазақ бай-билері Райымжанның бұл өңірге тұрақтап қалуы үшін туған қызын бір байға әйелдікке беруін өтінеді. Бірақ бұған келіспей, бір түнде қазақ жеріне кері өтеді. Алайда аңдушылардың көрсетуімен қолға түсіп, Сібірге айдалып бара жатқан жерінен қашып шығып, қайта Қытай топырағын басады. Бахты арқылы Шәуешектің Толы ауданына өтіп, Қызыр төре ауылын паналайды. Қызыр төре Райымжанды Нұржамал деген жас қызға үйлендіреді. Содан соңынан қудалау басталғанша, 1932 жылға дейін Қызыр төре ауылында тұрады [6]. Райымжанның келуімен Шығыс Түркістандағы ұраны басылмаған қазаққа «Алаш» ұлттық қайта өрлеу идеясы насихатталып, қазақ жасақтары құрылып, жұмыс істей бастады. Оларға ОГПУ, НКВД тарапынан «ұлтшыл», «буржуазияшыл», «контрреволюционер» деген жала жабылып, іздеріне түседі. Сондай қазақтың ұлтшыл, контрреволюциялық орталығының қызметі жайында төмендегі мәліметті келтіре кеткен жөн болар: Шекараның арғы бетінен түскен материалдардағы мәлімет бойынша, шекараның ұлтшыл қазақ контрреволюциялық орталығының жетекшісі Мәрсекұлы өткен жылдың (1931ж.) соңғы күндерінде Джайрдан Шара-Сумэ қаласы ауданына келген. Жолшыбай Мәрсекұлы Қабықтағы бай Ақыш Шерединнің үйіне тоқтаған. Мәрсекұлы кейбір қазақтарға өзінің Алтайдағы моңғол байларымен бірігуді көздейтінін, сөйтіп ССРО территориясына шабуыл жасауды мақсат ететінін мәлімдеген. Мәрсекұлының ізінше-ақ қаңтардың алғашқы күндерінде Қабық арқылы үш линиялы винтовкамен қаруланған саны 30 адамдық Алаш жасағы жүріп өткен. Дам мекенінде... қарулы жасақ Қонысбайұлы Хасенге тоқтаған. Жасақ Алтайға кетіп барады екен. Сапарларының мақсаты анықталмаған.

Мәлімет тексеруді қажет етеді:

50-ші шекара отрядына Алаш отрядының Алтайға бару мақсатын анықтау тапсырылды [7]. Бұл жасақтардың құрылуы Шығыс Түркістан аймағындағы қазақтардың тыныштығын қорғау үшін ауадай қажет еді.

ОГПУ деректері бойынша, Райымжан Мәрсекұлы басқаратын қазақ орталығының мақсаты төмендегідей болған:

а) ССРО жерінде контрреволюциялық топтар ұйымдастыру, оларға басшылық жасау;

ә) халықты Қытайға өткізу үшін және шекаралық аудандарды көтеріліске көтеру үшін қарулы бандылар ұйымдастыру;

б) көтерілісшілерге нақты көмек көрсету; г) эмиграцияға кеткен қазақтардың Қытай жерінде хандығын құру» [8].

Жоғарыда келтірілген мәліметтен Райымжан Мәрсекұлының ұлттық мүдде тұрғысында зор ұйымдастыру жұмыстарын атқарғанын аңғарамыз.

Ендігі сөз Алашорда үкіметінің Жетісу жеріндегі өкілдерінің бірі Ыбырайым Жайнақұлы жайында болмақ. Ыбырайым Жайнақұлының Қытайдағы қызметі туралы Жетісу энциклопедиямында: «...Большевиктер билік басына келіп, елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты Жайнақұлы Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерімен бірге Қытайға қоныс аударып, сол жақтан большевиктерге қарсы қарулы қарсылық ұйымдастыру әрекеттерін қолдады. 1932-33 жылдары Кеңес үкіметінен қашып өткен қазақтарды жұмысқа орналастыруға жәрдем берді, шешекке қарсы егу жұмыстарын жүргізді, аш-арықтарға көмектесті. Моңғолкүре ауданының басшысы қызметінде жүрген кезінде 1938 жылы 28 ақпан күні тұтқындалып, Гоминдан үкіметінің түрмесіне жабылды. Кейін баласы Омар Жайнақұлы әкесін 1941 жылы Үрімжі түрмесінен Семейге алып кеткенін Ғабди Сайболатұлы дегеннің аузынан естиді. Жайнақұлының бұдан кейінгі тағдыры беймәлім. Жайнақтың қайтыс болған жері белгісіз» [9] деген мәліметтер келтіріледі. Сонымен қатар Ыбырайым Жайнақұлының Үрімжі түрмесінде отырғанын айғақтайтын дерек азатшыл ақын Таңжарық Жолдыұлының «Абақты» дастаны. Бұл дастанды тарихи дерек ретінде пайдаланудың да маңызы зор. Туындыда түрмеге қамалған әр ұлт халқының тағдыры, қазақтың ел басқарған адамдарының аты-жөні көрсетілген. Енді «Абақты» дастанының Ыбырайым Жайнақұлына қатысты тұсынан үзінді келтіре кетсек:

                   Іледен Мақсұт пенен Айса төре,

                   Қожабек, Қами кетті оны көре,

                   Еменбай, Уақ, Қыдыр, Сисар, Тастан,

                   Бастығы Аблаев Сұлтан төре.

                   Байбатша Ыбырайым Жайнақовпен

                   Жөнелді Сағатбектер соңынан ере... [10]

Жоғарыда келтірілген мәліметтен Алаш арысы Ыбырайым Жайнақұлының Шығыс Түркістан қазақтарының қоғамдық өміріне белсене араласып, алаш мүддесі үшін қызмет еткенін аңғару қиын емес.

Қазақтардың Қытайға қоныс аударуы 1928-1933 жылдар аралығында шырқау шегіне жетті. Көшті бастаған негізінен ғасырлар бойы халықтың экономикалық тірегі саналған байлар болғанымен, оларға қысылтаяң уақытта қолдау көрсеткен бұқара халық және ауылдық жерлердегі Кеңес үкіметі тағайындаған адамдар, коммунистер көштен бөлінген жоқ. Бұған себеп, қазақ халқының рулық, ағайындық бірлігінің әлі де ыдырамай, әр қазақтың «у ішсең руыңмен» деген аталы сөзді санасынан шығара қоймаған кезі еді. Қытайға өткен әр қазақтың бойында «Алаш қозғалысы» идеясы бірге кетті.

Қарулы қарсылық кезеңі

ХХ ғасырдың 20 жылдары бұрынғы Ресей империясы территориясында, әсіресе, Қазақстан аумағында большевиктік жүйе орнағаннан кейін, ақ гвардиялық күштер шекаралық аймақтарға қарай ойыса бастады. Атап айтар болсақ, атаман А.И. Дутов пен генерал А.С. Бакичтің Шығыс Түркістанды бағытқа алуы, азамат соғысын ұзарта түсті.

Осы кезеңде өзінің этногтерриториясында мекендеп жатқан жергілікті қазақ халқын сыртқы саяси күштер мен жергілікті билеуші топтардың талауынан құтқару үшін тарих тұлғалар шоғырын күрес алаңына шығарды. Сөз жоқ, ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы Шығыс Түркістандағы қазақ халқының мүддесін қорғаған тұлғалардың бірі де, бірегейі – Зуқа батыр Сәбитұлы болатын.

Жастайынан діни білімді игеріп, жастарға білім берумен айналысып, ел ісіне араласа бастаған Зуқа жергілікті билікке жақпай бұқара халықтың құқығын қорғағандықтан, түрмеге де қамалады. Елдің игі жақсыларының араласуымен босатылып шыққаннан соң, көптің тілеуімен қажылық сапарға дайындық жасап, 1905 жылы қажылыққа аттанады [11].

20 жылдардағы оқиғалар – Зуқа батырдың ел қамын жейтін рухани һәм саяси тұлға ретінде қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Оған дәлел ақ гвардияшыл генерал А.С. Бакичтің ылаңынан елін аман сақтап қалуын айтуға болады.

Зерттеуші Бақытбек Бәмішұлы осы оқиға туралы «1921 жылы Қызыл армиядан қашып, Қазақстан жеріне тұрақтай алмай аласұрған ақтың атманы Бәкіш (Бакиш) армиясы да жолындағы елді жайпай отырып Сарсүмбені (қазіргі Алтай қаласы – Б.Б) басып алып, осында біраз тұрып, әл-қуатын тыңайтып, ат-көлік, күш жинау мақсаты болғанымен қазақтың дала көкжалына кезіккенін сезеді. Ол Зуқа батырды бірнеше рет келісімге келуге шақырып, әскерін ат-көлік, азық-түлікпен қамтамасыз етуді талап етеді. Олай болмаған күнде зеңбіректен атқылап, майдан ашып, күлін көкке ұшыратынын мәлімдеп елшісін жібереді. Ақтардың ауанынан Зуқа батыр әуелден-ақ хабардар еді. Жиырмасыншы жылдары ақ пен қызылдың соғысынан қашқандар да қолтығына келіп паналаған болатын. Зуқа батыр: «Өр Алтайға аттап бассаң әкеңді танытам, ажал құшасың. Қара Ертістен өтсең қаныңды ішемін! Менің елім айғырдың боғындай үйіліп жатқан қаланың халқы емес, шашудың құртындай шашылып жатқан даланың халқы! Менің батырларым мен мергендерім әр тастың тасасында, әр бұтаның түбінде жатыр! Келсең-кел, Ертіс бойында тосып аламын!», – деп жауап береді. Зуқа батыр онымен қоймай Бәкіштің елден зорлықпен тартып алған екі табын жылқысын бір түнде айдап әкетеді. Жан сауғалап Сарсүмбе қаласынан қашып шыққан қытай, дүңген, ұйғыр, сібенің жүзден астам жаяу-жалпы түтінінің алдынан қарулы жасақ аттандырып, аман-есен қара Ертістен өткізіп, бір жыл бағып, Шонжы өңіріне жеткізіп салады. Зуқа батырдың бұл әрекеттеріне зығырданы қайнап, тұлыбына сыймай тұлан тұтқан Бәкіш ел басыларын жинап алып: «Зуқаны қалай құртуға болады?» – деп сұраған екен, сонда Нақыш шешен тайсалмастан: «Ол көптің қамын жеді, мыналар боқтың қамын жеді; оның ісінің бәрі дұрыс еді, мыналар бұрыс деді; Ол көк ит, ал мыналар көп ит; Ол аю, ашынса қонжығын да жеп қояды, қорғасынмен ғана аласың» деген екен. Сарсүмбеде ұзақ тұрса артынан жетер қызыл әскер мен алдынан тосқан аюдан құтылмайтынына көзі жеткен Бәкіш жедел қамданып, Моңғолияға өтіп кетеді» [11] - деген деректер келтіреді. Ал генерал Бакичтің Моңғолия территориясына қарай жылжуы оның өміріндегі ең соңғы жорығы еді. 1921 жылдың мамырында Моңғолия жерінде бытырап жүрген ақ гвардия армиясының қалдықтарымен біріккен генералдың әскері қызыл армияның қоршауынан сескеніп, Жоңғарияның шөл даласы арқылы Моңғолияның шығысына жылжиды (кейбір тарихшылар бұл оқиғаны «Аштық жорығы» деп те атайды). 1921 жылдың соңы мен 1922 жылдың басында генерал А.С. Бакич әскері талқандалып, өзі сот процесінен кейін, 1922 жылдың 17 мамырында атылды.

Ел бастаған саяси тұлғалардан құтылуды ойлаған жергілікті Қытай билігі Зуқаны нысанаға ала бастайды. Зуқаны қарулы қақтығыспен ала алмасын білген Алтай елінің губернаторы Ви Жыңго 1928 жылы күздің бір түнінде батырдың негізгі әскери қосыны жоқ екенін біліп, жазалаушы жасақтарын жұмылдырып, қапыда басады [12].

Әділетті көксеген Зуқа батыр қолға түсіп, басы кесіледі де, Сарысүмбе қаласында ағашқа ілініп қойылды. Осындай жауыздықтан шошынған көшпенділер толқуы күшейе берді. Бұл толқу Алтайда «Оспан батыр көтерілісі» деп аталатын қарулы қозғалысқа ұласты (Ел аузындағы деректер мен көркем әдебиеттердегі мәліметтер бойынша Оспан батыр Зуқаның батасын алған) [13].

Кеңестік Ресейде жүзеге асырылған қазақ байларын тәркілеу саясаты, ұлт зиялыларын қуғындау, жер аудару Қытайдағы қазақтарды айналып өтпеді. ХХ ғасырдың 30 жылдарының аяғында Шың Шысайдың Сталиннің әрекетіне сай тазалау саясатын жүргізуі Қытай қазақтарына оңай тимеді. Ел арасынан қару жинау дегенді шығарып, бірлі-екілі аңшылық мылтықтарын жинап алды. Бұл қазақ халқына тізе батырудың амалы еді.

1938-1939 жылдары Қалел Тәйжі, Алтай қазақтарының діни жетекшісі Ақыт қажыны, Алтай аймағының губернаторы Шәріпхан төре және Бұқат бейсі бастаған елбасыларын тұтқынға алады... Тығырықтан тек қарулы қақтығыс арқылы шығуға болатын еді. Осы кезде 1940 жылы Алтай аймағына қарасты рубасылар Есімхан, Ырысхан, Ақтекелер көтеріліс бастады [12]. Көтеріліске шыққан қазақтар бірлі-екілі аңшылық мылтығымен, шоқпар, сойылмен қаруланса да, Шың Шысай әскеріне тойтарыс береді. Тіпті қару-жарақтарын олжалап, күшейе түсті. Көтерілістің белең алғаны соншалық, Шыңжаң үкіметіне көмекке келген орыс әскерлерінің  өзі ойсырай жеңілді. Бұл туралы Оспан батырдың 8 қолбасшысының бірі болған Нұрғожай батырдың естеліктеріне назар аударсақ:

«... Дөңті шайқасында орыстардың бір батальон әскерін жойдық. Атақты Сары атты Зубатов полковникті ұрып өлтірдік. Генерал Банке он адамымен атып тасталды. Соңғы Ышқынты шайқасында генерал Разборов өлтірілді. Соңғы бітімде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенің сүйегін бердік. Разборовтың  сүйегін бермедік. өйткені ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан:

«Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірткен Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынның басын әкеліп беріңдер» - деді [14]. Осы мәліметтен-ақ «Алаш қозғалысы» идеясының әр қазақтың санасында берік орнағанын аңғару қиын емес. Оспан батыр бастауымен одан ары өрбіген көтерілісте де Оспан орыстарға сенбеген еді. Себебі Алаш зиялыларын, ұлттық буржузияның берік негізі саналатын қазақ байларын қалай қырғаны Қытай қазақтарына жетіп жатқан-ды. Сондай-ақ Оспан батырдың: Әлихан Бөкейхан «түбі телім болған қазақтар басын қоспай, қазақ – қазақ болмайды»деген аталы сөзін қағида ретінде ұстануы [15] Алаш көсеміне деген құрметін білдірсе келсек.

Бар қазаққа ортақ Алаш Орданың Ұлттық ұраны мен Маршы Шығыс Түркістан қазақтарының да азаттық жаршысына айналды.

                                   Алаш маршы

                Арғы атам ер Түрік, біз Қазақ еліміз,

                Самал тау, шалқар көл, Сарыарқа жеріміз.

                Біз жүрген Алаштың шын кемеңгеріміз,

                Долданса болмайтын жаңа дәу періміз.

                Ежелден өр Түрік, оқ тескен етіміз,

                Қаймығып еш жаудан қайтпаған бетіміз.

                Лап десе, от болып зуылдап шабамыз,

                Лап десе, от болып дүрілдеп жанамыз.

                Алаштың Ақ Туын ақырып қолға алып,

                Алаштап шапқанда жауға ойран саламыз! [16]

Ағартушылық кезеңі

Енді «Алаш қозғалысы» идеясының рухани-ағартушылық бағытына келсек.

Алаш партиясын құрушылардың елдің рухани жаңаруына қосқан үлесі айтарлықтай. Сол игі істердің басында тұрған Ахмет Байтұрсынұлының өзі жасаған «Төте жазу әліппесі» еді. «Төте жазу» арқылы алаштық идеяларды насихаттаған «Қазақ» газеті дүниеге келді. Қазақ даласында кеңінен тараған «төте жазу» әліппесі 20 жылдары Шығыс Түркістан түркілері тарапынан қолдау тапты.

1924 жылы Орынборда өткізілген қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезі ресми қабылдаған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әліпбесі Қытайда «емле», «Байтұрсын емлесі», «Ахмет Байтұрсын әліппесі» деген аттармен Қытайға тез жетуінен 1925-1926 жылдарда Құлжа, Шәуешек, Сарысүмбе (Алтай), Үрімжіде көзі ашық зиялылардың үйренгенін байқауға болады [17].

Райымжан Мәрсекұлының жары Нұржамал шешейдің айтуынша, Райымжан Қызыр төре ауылында ұзақ жылдар бойы орысша оқумен және бала оқытумен айналысқан. Алаш партиясындағылардың ең басты мақсаттарының бірі – халықты өнерге, білімге үйрету еді [18]. Байқап отырғанымыздай, Райымжан Алаш арыстарының аманатына, Алаш партиясына адал бола білді.

ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Шығыс Түркістанның Алтай аймағында мектеп-медресе ашылады. Медресе дами келе 1904 жылы «Абақия» деп аталады. 1920 жылдары бұл мектепте Ахмет Байтұрсын емлесі бойынша «төте жазумен» оқыта бастайды [19]. «Абақия» медресесінде 1909 жылы Семейден қоныс аударып оқытушылық қызмет атқарған адам Сейітқазы Нұртайұлы еді. Араб, түрік, орыс тілдеріне жетік Сейітқазы 1909 жылдарға дейін Шыңғыстаудағы Абай ауылында ұстаздық қызметте болған [20].

Екінші бір тұлға Алашорданың төбе биі болған Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Зият Шәкәрім Құдайбердіұлы. 1931 жылы Шәкәрімді Кеңес Үкіметі атып тастаған соң, Шәкәрімнің бір топ серіктері мен кенже ұлы Зият та Қытайдың Алтай аймағына өткен.

1933 жылы күзде Алтай аймағына Шәріпхан Көгедайұлы басшы болып сайланады. Демократияшыл бағыт ұстанған Шәріпхан үкіметі барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, Алтай халқының экономика және мәдениет ағарту істерін жақсарту шараларын жасады. Тарихи маңыздалатын шаралардың бірі саутсыздық жайлаған Алтай қазақтары арасында мектеп ашып, жаңаша оқу жүйесін жолға қойғандығы болды. Ол тұста еңүлкен қиыншылық оқытушы дайындау жағынан көрінді. Осы қамалды алу үшін 1934 жылы Шәріпхан үкіметі Сарсүмбеден қысқа мерзімді оқытушы дайындау курстарын ашады. Курстың алғашқы қатарында оқыған 80-ге тарта курсанттар (төрт ай оқып) недәуір білім алып, соңынан түгелге жуық мәдениет ағарту шебіне қызметке жегіледі. Аудан, ауылдарға барып мектеп ашады. Міне осы мұғалімдері тәрбиелегендердің бірі – Зият Шәкәрімұлы еді [21]. Кеңес үкіметінің Қазақстандағы ұлттыұ буржуазияны қырына алуы оқыған, білімді адамдардың Қытайға асуына түрткі болды. Солардың бірі ретінде Тұрсын Мұстафаұлын атап өткен жөн. Шәуешекте ұзақ жылдар қазақ мектебінің директоры болған Тұрсын Мұстафаұлы қазақ зиялыларының тұтас бір ұрпағын тәрбиелеп шыққан адам. Бұл кісі 1952 жылы жұрт алдында атылды. Оған тағылған басты айып та – Алаш қозғалысына қатысқаны, Алаш идеясын насихаттағаны.

Тұрсын Мұстафаұлы жайында халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов былай дейді: «Тұрсын Мұстафаұлы жасында Мұхтар Әуезовпен қатарлас оқыпты. Кезінде Алашорда басшыларының біразын көзімен көріп, тәлім алғаны тағы бар. 1930 жылдың басында арғы бетке жылыстап өтіп кеткен. Орыс тіліне жетік, грамматика мен математика пәндеріне жетік кісі еді. Тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлына жүгініп қызықты мысалдар келтіреді. Жұртқа Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін үйретеді. Міржақып, Мағжан, Ілияс, Бейімбет шығармаларын сол кісінің аузынан естіп өстік» [22]. Абайдың, Шәкәрімнің шығармалары Қытай жеріне жоғарыда аттары аталған тұлғалар арқылы таралып, насихатталды.

Осылайша «Алаш қозғалысы» идеясына қызмет еткен қазақ зиялы қауымы сол идеяның құрбаны болды.

Түйін

1918 жылғы Алашордалықтардың Қытай қазақтарына әйгілі сапарынан басталған «Алаш қозғалысы» идеясы ХХ ғасырдың 20 жылдары Алашорда үкіметінің қайраткерлері Райымжан Мәрсекұлы, Ыбырайым Жайнақұлының Қытай жеріне өтуімен жаңаша сипат алды. Алашорда үкіметі өз қызметін тоқтатқанымен, «Алаш қозғалысы» бұынғыдан бетер қарқынға ие болды. Азаттық, рухани-ағартушылық бағытта таралған «Алаш қозғалысы» «тар жол, тайғақ кешу» заманда Қытай қазақтарын паналаған Зият Шәкәрімұлы, Тұрсын Мұстафаұлы, Кәрім Дүйсебайұлы арқылы қазақ жерінің этнотерриториялық мүмкіндігін толық пайдалана алды. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның серт сөзі бекер айтылмаса керек.     

Әдебиеттер:

  1. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Т. 2. – Алматы, 2005. – 26-б. 
  2. Сарыарқа. № 15, 1917.
  3. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Т. 13. – Алматы 2009. – 7-б. 
  4. Асқар Татанайұлы. «Өр Алтай шежіресі» // Жұлдыз. 1998, №3. – 181-183-бб. 
  5. Жақсылық Сәмитұлы. Қытайдағы қазақтар. – Алматы, 2000. – 216-218-бб. 
  6. Райымжан Мәрсекұлы. Қазақ қайда бара жатыр? – Алматы, 2001. – 165-166-бб.  
  7.  Т. Омарбеков. Қытайдағы қазақ босқындары // Ақиқат, 1992, №9, 42-б. 
  8. Т. Омарбеков. Шетелдегі қазақ жасақтары // Ақиқат, 1994, №11, 40-б. 
  9. Жетісу энциклопедиясы. – Алматы: «Арыс», 2004. – 275-б. 
  10. Таңжарық Жолдыұлы. Шығармалары. Алматы: «Жазушы», 1992. – 138-б. 
  11. Түркістан, 25 ақпан, 2016.
  12. Ж. Сәмитұлы.  Қытайдағы қазақтар - Алматы : Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2000. - 312 б.
  13. Нөкішұлы Ғ. Шығыс Түркістандағы дауыл: тарихи естеліктер. – Алматы: «Тоғанай Т», 1998. 36 бет.
  14. Азаттықтың өшпес рухы (Нұрғожай батырдың естеліктері мен Оспан батыр). – Алматы: Сардар, 2008. – 41-42-бб. 
  15. Оспан батыр. Деректі зерттеу. – Алматы: Арда, 2007. – 169-б.  
  16. Марием Хакім. Батыстағы қазақтың ұлтшыл көсемдері және батыстық елдерде атқарған қызметтері // Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты. (халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары) – Алматы, 2008. – 156-157-бб. 
  17. Ұлттық рухтың ұлы тіні. Ғылыми мақалалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 1999. 215-б. 
  18.  Қ. Егізбаев. Алаштың арысы – Райымжан Мәрсеков // Қазақ тарихы. № 2, 1999. – 40-б. 
  19. Өр Алтай шежіресі // Жұлдыз. 1998. №3. – 194-195-бб. 
  20. Евразия орталығы. 2008. №2. 81-б. 
  21. Сонда. 80-б. 
  22. Сонда.82-б.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?