Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жақсылар айтар кеңесті (Хан кеңесі туралы әңгіме)

2524
Жақсылар айтар кеңесті (Хан кеңесі туралы әңгіме) - e-history.kz
Қазақ саясаттың қай бір шаруасын кеңеспен шешкен халық. Қазақ хандығының басқару жүйесінде де «Хан кеңесі» ерекше орын алады

Оның негізгі себебі мемлекеттің ең таңдаулы қайраткерлері бас қосқан кеңестерде халықтың ішкі және сыртқы жағдайына қатысты басты мәселелер талқыға түседі.  Хан -қазақ қоғамындағы ең жоғарғы билік иесінің титулы, бірақ оның билігі шексіз емес, қазақ осыған байланысты «ханнан қазық, биден тоқпақ» дейді.

Мысалы, 1690-шы жылдары Әз Тәуке хан ордасында Ресейден келген елшілікті қабылдау үшін Хан кеңесі шақырылғаны белгілі. Орыс елшілері бұл кездесуді былай сипаттайды: «200 - жылдың шілде айының 15 –і күні елшілер Қазақ Ордасына жетіп, ұлы патша ағзамның жарлығымен Тәуке ханға келді.

         Тәуке хан оларға айтты һәм бұйырды ұлы патша ағзамның жарлығымен басқа уақытта, қазақтардың жайлаудан қайтқанда келуін. Келесі күні Тәуке хан өзінің адамын жіберіп, елден көп адам келгені себепті һәм олардың алдарына келуін әмір етті. Олар,  Андрей  һәм қызметші адамдары ұлы патша ағзамның жарлығымен келді; кірген бойда Андрей Неприпасов Таукеханның алдына келді,  тілмаш татар Елючко Шаманаев аудармалап һәм Тәуке ханға боярин Степан Иванович Салтыковтың сәлемін жеткізді....».

Ресейден келген елшілік Әз Тәуке ханнан Сібір жеріндегі орныға бастаған   орыс қоныстанушыларына қарсы бағытталған шабуылдарды тоқтатуды өтінді: «Андрейдің  Тәукеханға айтқаны; патша ағзамға қараған слабодаларға оның адамдары келіп тонаушылық жасады, адамдарын  соққыға жығып, тұтқынға алды, енді сол тұтқындағы адамдарды Андрейге жинап беріп, кері қайтармаса, ал слабодаларға тонаушылық жасаған ұрыларға қатаң жарлықпен еш әрекет қолданбаса, һәм ұлы ағзам саған, Тәуке ханға соғыс жариялайды.

         Қазақтар Тәуке ханның алдында «бізге орыстармен ымыраға келудің де, орыстарға барудың да қажеті жоқ, ал өз аяғымен келгені бізге малай болады» – деп  өре түрегелді».

Жәміш  көлі  түбіндегі 1690 жылдың  күзіндегі түсінбеушілік, қазақ елшілерінің ұсталуы,  екі  елдің  арасындағы  ұзаққа созылған  жанжалға  себепкер болды. Келдей мырзаны  қайткен күнде де  босату туралы  мәселені  негізгі шарт  есебінде  қойған  Әз Тәуке А. Неприпасов елшілігін  дұрыс  қабылдай алған  жоқ. Елдің  назарылығы  да түсінікті  еді. Бұл кезеңде Қазақ хандығының орталық билік нысандары әлі де мықты жағдайда еді, оның бір көрінісі Әз Тәуке хан заманында тұрақты түрде жұмыс істеген Орда және оған басшылық жасаған аталықтар әулеті. Мұрағаттық деректердің бірінде Тәуке ханның жанындағы Барқы аталықтың Ресейден келген елшілік мәселесінің тағдырына қатысты хан сарайындағы кеңесте сөзі берілген.

Деректерді зерделесек Хан кеңесі институты қазіргі Қазақстан Республикасы Қауыпсіздік кеңесінің аналогы ретінде жұмыс атқарғанға үқсайды. Оның басты міндеттері мен құзыреттері мемлекет тағдырына  қауып төнген жағдайда, немесе ел өміріне қажетті маңызды мәселелер қаралған шақты көрінеді.   Оған ханның өзі және аталық, ұлыс сұлтандары мен қолбасы сардарлар, үш жүздің төбе билері, атақты батырлар, ірі әкімшілік-территориялық бірліктердің басшылары (ру басылар) қатысқан. Соңғы кезде этнограф ғалымдар тарапынан әр түрлі деңгейдегі хан кеңестері (тұрымтай кеңес, тоғалақ кеңес) туралы жазыла бастады және бұл тақырып болашақта өз нәтижесін берсе керек: «Бірінші кезеңде хан кеңесінің Тағанақ кеңес және Тұрымтай кеңес деп аталған екі түрі болды. Тағанақ кеңес үлкен хан кеңесі, Тұрымтай кеңес кіші хан кеңесі дегенді білдірді. Үлкен хан кеңесі жылына бір рет, алайда, социумдегі әлеуметтік-экономикалық (территориялық), әсіресе, саяси қауырт қажеттілікке байланысты екі-үш, кейде төрт-беске дейін, ал кіші хан кеңесі айына, тіпті, апта сайын шақырылып отырылған сыңайлы. Екі хан кеңесі де жоғарыда аталған Қазақ хандығы дәуірінде бүкіл қазақ елінің – үш жүздің деңгейінде хан билігін жүзеге асырып отырған ұжымдық институттар ретінде социумда әртүрлі ұйымдық, ұйымдастырушылық, реттеушілік, құқықтық, ал мемлекетаралық байланыстар саласында дипломатиялық функциялар атқарды».

Зерттеуші Н.Әлімбай хан билігіне қатысты институттарға жасаған шолуында «тұрымтай кеңесте, көбінесе, жайлау, күзеу, қыстау, көктеу сияқты жайылымдық жерді әрбір ру-қауымның мүддесіне нұқсан келтірмейтіндей жолмен тиімді пайдалану, осыған байланысты көш-қон, сондай-ақ, шиелініскен «жесір дауы, жер дауы» сияқты мәселелер қарастырылды. Сонымен бірге, кейбір деректердің қисынына қарағанда, мұндай кеңесте «ата-баба жолының» іргелі ұстанымдарын өрескел бұрмалады деп есептелінген қылмыстыларға тиісті жаза тағайындалып, жүзеге асырылып отырған сыңайлы. Яғни, құқықтық функция да атқарды» деген болжам айтады.

Осыған байланысты біз тұрымтай кеңес қызметі Әз Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» кеңесімен үйлесетінін аңғарамыз. «Жеті жарғы»  қазақтың дәстүрлі қоғамының тек қана саяси-құқықтық мұрасы ғана емес, рухани қазынасы болып табылатын әдет-ғұрып заңдарын, соған байланысты қалыптасқан нақыл, ақыл сөздерін, шешендік өнерін, салт-дәстүрін ескере отырып, халықтың әрі қарай өмір сүру принциптерін анықтаған  ережелер жинағын жасаған және ереже туғызушы мемлекеттік институт. Белгілі бір уақыт мөлшерінде тұрақты түрде жұмыс істеді деуге келетін тұрымтай кеңесінің жұмысын ұйымдастырудың өзі де оңай болмағанын және ол жұмысты  орда тарапынан аталық қадағаласа керек деген пікір білдіреміз.

Тарихи құжаттар «Жеті жарғы» жоғары мемлекеттік кеңес және жоғарғы сот дегенді көрсетеді. Мемлекеттің күнделікті тіршіліге қатысты болғандықтан қазақ жүздерінің басшыларымен қатар кеңестің жұмысына  бағынышты  елдердің де  жетекшілері  қатысуы басты шарт.  М.Тынышбаевтың  Әз  Тәуке  заманына  байланысты жинақтаған тарихи деректері «Жеті жарғы» кеңесінің қызметін түсінуге  бастайтын  жол: 

«Тәуке ханның басты еңбегі, ол қазаққа қоғамдық өмірдің нақты тәртібін жасап берді. А.И.Левшин  Ликург және Драконмен салыстыратын ақылды және жігерлі Тәуке өзінің әкімшілік және заң шығару қызметімен танымал. Оның тұсында әлсіз, езгіде жүрген рулар басы одаққа қосылды...өзінің қармағындағы елді нақты билеу үшін ол руларды басқаруға 6 биді тағайындады: 1) Ұлы жүзде -Толе Алибеков /дулат, жаныс бөлімі /: 2) Орта жүзде - Казыбек /Каз  дауысты Казбек – аргын-каракесек; 3) Кіші жүзде –Айтеке /алим, торт кара, атақты Джалантос-батыра Самаркандского ағасының немересі; 4) Кырғызда - Коқым-бий  Карашорин; 5) Қаракалпакта – Сасыкби; 6) Қатаған, джайма тағы басқа ұсақ рулардың биінің аты белгісіз ».

«Жеті жарғы» атауын алғаш рет Әз Тауке хан тұсындағы қабылданған заң ережелеріне қатысты Н.И.Гродеков қолданды. Ол ұзақ уақыт Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария облысының әскери губернаторы қызметін атқарып, сол кезеңде қазақ әдет-ғұрып, заң ережелеріне қатысты деректерді мол жинайды. Н.Гродеков пікірінше Әз Тәуке ханның «Жеті жарғы» кеңесі және ол қабылдаған заңдар Қасым мен Есім хандардың заманындағы қазақтың ескілікті тәжірибесінің  негізінде жасалған: «Хан Тауке собрал на урочище Культобе (в Сырдарьинской области) семь биев, в числе которых был знаменитый бий Толе Алимбеков, и эти бии соединили старинные обычаи ханов Касыма и Ишима (Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы) в новые обычаи, называемые – «жеты жарға». Н.Гродеков «Жеті Жарғыны» түзген билердің «жарғыш» атанғанын да хабарлайды: «При хане Тауке собрались семь биев, «жеті жарғыш». Бұл біздің пікірімізше аса мәнді дерек.

XX ғасырдың басында қазақ тарихының ең бір күрделі де қызық мәселері туралы жазған А.П.Чулошников «Жеті жарғыны» Шыңғыс хан заманындағы «Ұлы Жасақ» (Великая Яса) тәртібімен салыстырады, оның пікірінше «Жеті жарғы» қазақ халқының ұзақ өмірінен бір тамаша нәтиже, азаматтық және қылмыстық құқық туралы түсініктерінің жиынтығы: «В самом деле, подобно «Великой Ясе» Чингис хана и казак-киргизское обычное право, систематизированное Тявкою, заботилось тоже не столько о предупреждениях преступлений, сколько об их ближайшем наказании». «Жеті жарғының» атауының мағынасы туралы А.П.Чулошников пікірі Н.Гродеков жазғандарымен үндес: «…хан Тявка, особенно чтимый всеми казак-киргизами, собрал на урочище Куль-тюбе (в пределах нынешней Сыр-Дарьинской области) семь биев во главе с знаменитым бием Туле Алибековым и вместе с ним составил уложение, целиком основанное на древнем народном обычае – адате и тогда же получившее название – «Джеты-Джарга», т.е. «Обявление семи». Қазіргі күнгі ғылыми және көпшілік қолды әдебиетте әуел баста хан Тәуке ұсынысымен бұл кеңеске қазақ елінің ең таудаулы деген жеті биі қатысқаны себепті «Жеті жарғы» атанды деген пікір де бар. Біздің деректерімізге қарағанда Жеті жарғыға  тек  қазақтың ұлыс билері ғана емес, сонымен бірге қазаққа қоңсы отырған қырғыз, қарақалпақ, құрама елдерінің өкілдері, Түркістан мен Тәшкент аймақтарының қала басшылары мен қожалардың арасынан атақты дін өкілдері қатысуы міндетті.  

Тіпті мәселе жетіде де емес, мұндай ірі мемлекеттік кеңеске одан көп те адам қатысуы мүмкін, бірақ белгілі субэтникалық және әлеуметтік топтардың мүддесіне жауап беретін, қорғайтын адамның саны жетеу болғанға ұқсайды. Әз Тәуке хан тұсындағы Қазақ хандығының құрамына енген жеті ұлыс елдің басшылары «Кіші хан кеңесі», немесе «Жеті жарғы» аталатын хан  кеңесінің  құрамында болды десек біз тым қателеспейміз. Әз Тауке заманында «Жеті жарғының» құрылуы ұзақ жылдарға созылған дағдарыстан мемлекетті алып шығудың бір жолы есебінде қарастырылған.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?