Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ғарышкерлер жерге аман-есен оралсын!»

2637
«Ғарышкерлер жерге аман-есен оралсын!» - e-history.kz
Осыдан 20 жыл бұрын қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев пен оның әріптестері Николай Бударин, Юрий Батурин «Мир» орбиталдық станциясына жасалған ұзақ сапардан кейін Жерге сәтті келіп қонды

1998 жылғы 25 тамызда Елбасы ғарыштық экипажды қарсы алды.

Талғат Мұсабаев ғарышта жүргенде-ақ Алматының апортын әкелуді өтінген еді. Жерге қонған сәттерін Батурин «орташа ауырлық дәрежесіндегі автокатастрофамен» салыстырды, ғарышкер бір қолына алма, екінші қолына әңгелекті алып, тірі табиғаттың иісін құшырлана жұтты. Ғарышкерлерді үш тікұшақпен Жезқазғанның әуежайына әкелді. Оларды бұл жерде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қарсы алды. Топ алдында Талғат, одан кейінірек Бударин мен Батурин келе жатты. Мұсабаев ұшу сапарының сәтті аяқталғанын баяндап болғаны сол еді, Президент оны өзінің ыстық құшағына алып, қапсыра құшақтады.

– Бұл – ерекше кездесу. Ол барлық қазақстандықтардың жүрегіне зор мақтаныш сезімін ұялатады. Біздің жерлесіміз Талғат Мұсабаев әлемдік космонавтиканың тарихына мәңгілікке енетін екі жүз тәуліктен аса уақытқа созылған бірегей ғарыш экспедициясын басқарды. Біз сіздердің ұшу сапарларыңызды орын алған оқиғаларды толғана, кей кезде тіпті, жүрексіне қадағалап отырдық, – деді Мемлекет Басшысы.

Осы кезде есімізге наурызда болған оқиғалар түсті, ол кезде Талғат өміріне қауіп төнуіне қарамастан, ашық ғарышта жөндеу жұмыстарын жүргізген еді. Әлемдік БАҚ бұл әрекетті бір-ақ сөзбен «ерлік» деп атады.

Талғат өзінің «Халық Қаһарманы» және «Ресей Батыры» деген атақты абыроймен ақтап жүргенін тағы да дәлелдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев экипаждың барлық мүшелеріне – жерге оралғандарына және орбитада жұмысты жалғастырып жатқандарға зор алғысын білдірді. Талғат Мұсабаевпен 208 күн бойы ғарышта болған бортинженер Николай Михайлович Бударинге ерекше жылы ықылас білдірілді. Ғылыми және саяси қызмет ғарышқа барар жолда кедергі бола алмайтынын дәлелдеген Юрий Михайлович Батуриннің әрекеті құрметке лайық.

Ғарышкерлер ауыр сынақты абыроймен атқарып шықты. Бірақ адам ғарышты өз рухының мықтылығын тексеру үшін ғана бағындырмайды. Бұл ұшу сапарында Қазақстан, Ресей және көптеген басқа да елдер үшін маңыздылығын айтып жеткізу қиын ірі ғылыми зерттеулер жүргізілді.

Ғаламшарымыздың қайталанбайтындығы, адамзаттың бірлігі ғарыш сапарын шеккен адамдар тағдырынан да ерекше ұғынылады. Ғаламға жасалатын экспедициялардың интернационалдық болып кеткеніне біз үйреніп кеткенбіз. Бұл жолы да біздің ғарышкерлерімізбен бірге АҚШ мен Франция азаматтары ұшты. Ал американдық-ресейлік «Дискавери» кемесімен болған түйісу егер ғарышта бірге жұмыс істей алсақ, онда жерде де бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге болатынын тағы да дәлелдей түсті.

Талғат Мұсабаев Нұрсұлтан Әбішұлына орбита барып келген Қазақстанның туын, Қасиетті Құран мен топырақты табыстады. Президент оған ғарышқа үшінші рет ұшуға ұсыныс жасады.

Ғарышкерлерді Мәскеуге ұшатын ұшақ күтіп тұрды. Нұрсұлтан Назарбаев оларды шығарып салып, олармен бірге ұшақ бортына көтерілді. Нұрсұлтан Назарбаев оларға сәттілік тілеп, ұшақ панельдерінің біріне: «Ғарышкерлер жерге аман-есен оралсын! 25-ші экспедиция оралған күн, Жезқазған қ., 25.08.1998. Н. Назарбаев» деген жазба қалдырды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?