Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хан Кене мен би Үркімбай

2824
Хан Кене мен би Үркімбай - e-history.kz
Үркімбай сол жолы бір ауыз сөзімен хан Кененің алдынан өз айғырының үйірін алдына салып айдап алып келіпті.

Майғара,Қарасайға бітер қалың,

Қошалақ семіртеді Арғын малын.

Қарасай Қошалақты мекен еткен,

Бір жылы Кенесары ағаларың.

Қаңтарда Қошалақты мекен еткен,

Жайлауға Торғай суын көктеп өткен.

Қарасай Қошалақтың қараотына

Наурызбай Кенесары мал семірткен.

Кенесары ханның Торғайда бір жыл қыстап шыққан осы бір кезеңін белгілі ақын, демократ-ағартушы Мұхаметжан Сералин осылай суреттейді. Кенесары ХІХ ғасырдың орта кезінде Арқадан ауа көшіп, патша әскерінен ығысып, бір жылдай атақты Шақшақ Жәнібектің немересі Шеген бидің рұқсатымен бүкіл әскері, інісі Наурызбай төре бар, ағайын-туыстары Торғайдың малға да, жанға да саялы, қысы аязды, жазы самалды, суы тұнық, шөбі шүйгін «қазоты шайлататын қара малды» Қошалақ, Қарасайды қыстап шығады. Ата аруағын сыйлап өскен Шеген би Кенесарыға бір ерекше ықыласымен сый-құрметін аямайды. Әскерін азық-түлікпен, өзін бір жыл соғыммен қамтамасыз етеді. Атасы Шақшақ Жәнібектің Абылай ханның бас батыры әрі ақылгөй серіктесі болғанын білетін Шеген би Кене ханды риза етеді. Торғай елінен хан Кене енді көшкелі жатады, осы кезде бір ыңғайсыз оқиға күтпеген жерден болады.

Торғайдың кең сахарасын, шұрайлы жазық даласын Арғынның «Тоқал Арғын» деп аталатын атасының балалары: Әйдерке, Шақшақ деген екі үлкен ру билеп тұрады. Әйдеркенің «Досым Арғын» деп аталатын, өз заманында ешкімге дес бермеген өзі шешен, өзі би Үркімбай деген кісі болады. Бұл кезде Үркімбайдың жасы 90-ға келіп, ерлік-билікке араласпай үйде, оттың басында, ошақтың қасында отырып қалған кезі еді. Осы Үркімбай бидің бір үйір қысырағын ханның төлеңгіттері бір жақтан жылқы барымталап келе жатып, жолшыбай қосып айдап әкетіпті. Хан жасақшылары қарсылық көрсеткен Үркімбайдың жылқышыларын соққыға жығып, айдалада қалдырып кете барыпты.

Әкеткен жылқының ізін суытпай іле қуып баратын Үркімбайдың етжақыны, қол бастайтын жүректі батыры болмапты. Ханды сөзбен тоқтатар шешені болмаған соң Үркімбай би жасының ұлғайғанына қарамастан жанына жамағайын екі інісін ертіп, хан ауылына өзі аттанады. Кене хан 12 қанат ақ ордасын оқшау тіктіріп, Наурызбайдың отауын өз үйіне жапсарлап жақын тіккізіп, төлеңгіттері мен малшыларының киіз үйлерін хан ордасынан әудем жерде қашық орналастырыпты. Үркімбай бастаған топ келесі күннің кіші бесінінде хан ордасына жақындап, ордадан едәуір жерде арнайы жасаған ақырға (ат байлайтын ағаш) аттарын байлап, ақ ордаға жаяулап келе жатады. Ханның жарлығын бұзып, хан ордасына рұқсатсыз кезе жатқан үш жолаушыны тоқтатпақ болып ханның нөкерлері Үркімбайдың жолын кес-кестей береді. Алысты топшалайтын, бір басында қырық кісінің ақылы бар Кене хан ақ орданың есігінен бұл жағдайды байқап отырған екен. Нөкерлеріне:
– Менің ордама тікелей келе жатқан адам тегін емес. Арғында Үркімбай би бар дегенді естуші едім, сол кісі болмаса нетті. Сәлемдесіп, ордаға жіберіңдер! – депті Кенекең. Хан жарлығы екі болған ба, жасауылдар айтқанын орындайды. Үлкенді қадірлеп сыйлайтын Кене хан ізетпен орнынан тұрып, Үркімбайға сәлем беріп, төрден орын ұсыныпты. Даяшылар екеуінің алдына қымыз қояды.

– Ата, танымадық па деймін, жөніңізді айта отырыңыз, – депті Кене сыпайылап әрі Үркімбай би екенін біле отырса да сыр тартқан сыңайда. 

– Иә, хан ием, жөнімді айтайын. Мен атаң Абылайдың тұсында ашамайға мінген бала едім, әкең Қасымның тұсында ақылға ақыл қосқан дана едім, Кене хан, сенің тұсыңда бір айғырдың үйірін жоғалтып, соны іздеп жүрген Үркімбай деген шал едім, – депті.

Бұл сөзді естігенде ақылды Кене хан төмен қарап ойға кетіп, отырыңқырап қалыпты. Үркімбайдың «жылқымды ұрлаттым» демей, «жоғалттым» деген сөзінің астарын түсініп: 

– Ата, айып бізден, жылқышылардан бір қателік болған шығар. Атам Абылайдың атын атап, әкем Қасымның аруағын тебіренттіңіз, – депті де жылқышыларына қарап: 

– Ақсақалдың жылқысын түгел қайтарыңдар! – деп төлеңгіттеріне әмір беріпті.

Үркімбай сол жолы бір ауыз сөзімен хан Кененің алдынан өз айғырының үйірін алдына салып айдап алып келіпті. Кене ханның асқан ақылдылығы мен адамшылық парасаты елге жайылып, бір ғана Үркімбайдың емес, барлық рулы елдің құлағына жеткен екен.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?