Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Баян-Өлгейде қазақ батырына ескерткіш қойылды

3099
Баян-Өлгейде  қазақ батырына ескерткіш  қойылды - e-history.kz
Қазақ-жоңғар соғыстары мен қазақ-қытай қатынастары кезінде ерлігімен және дипломатиялық қабілетімен көзге түскен Қожаберген батыр Жәнібекұлына Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ескерткіш орнатылды

Мүсін  батырдың 320 жылдық  мерейтойына орай  жасалыпты.

Бүгін Баян-Өлгей аймағының  орталығы Өлгей қаласында Қожаберген батыр Жәнібекұлына  арналған  ескерткіш ашылды.  Тұғырынан  бастап,  ұстаған туының  ұшына дейінгі биіктігі  7 метр болатын ескерткіш Ұланбатыр қаласында,  батыр ұрпақтарының  қаржысына  жасалған.  Ескерткішке Өлгей қаласының әкімдігі арнайы жер телімін берді. 

Ескерткіштің ашылу салтанатына аймақ басшысы Ғылымхан Айыпұлы, аймақтық құрылтай басшысы Бауыржан Дәлелұлы, зиялы қауым өкілдері, Қазақстаннан барған батыр ұрпақтары мен  жергілікті тұрғындар қатысты. 

Еңселі ескерткішке «Қожаберген батыр Жәнібекұлы 320 жыл»  деп жазылған. Ұйымдастырушылар  болашақта ескерткіштің қос қапталына  батырдың жоңғар ханзадасы Әмірсанамен бірге қытайға қарсы жүргізген жорықтары жайлы архивте сақталған  құжаттардан  үзінділер жазылған тақта орнатуды жоспарлап отыр.

Архивтерден, әсіресе Қытайдағы Цин патшалығының орталық архивінен  Қожаберген батыр Жәнібекұлы мен Әмірсананың  1756-57 жылдары бірге жүргені, Аязгөз өңірінде болған қазақ-қытай  шайқасынан соң  Цин империясының әскерлеріне қарсы тізе қоса  күрес  жүргізгені, кейін Қожаберген батырдың  Қазақ хандығы мен Қытайдың арасындағы сауда-саттықта белсенді рөл атқарғаны  туралы деректер табылған.

Биыл батырдың туғанына 320 жыл толып отыр. Осыған орай Моңғолияда басталған  шара Астанда жалғасып, 19  қазанда ҚР Қорғаныс  министрлігі Әскери-тарихи музейі мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп  батырға арналған халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Батырдың шапанын ұрпақтары биыл Әскери-тарихи музейіне тапсырса,  жорықта ұстаған туы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы   ұрпақтарының қолында сақтаулы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?