Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан Республикасындағы сот реформасы

2921
Қазақстан Республикасындағы сот реформасы - e-history.kz
Қазақстан Республикасы – демократиялы, құқықтық, мемлекеттің елдігі мен тұтастығын халықтың әл-ауқатын көтеру мен экономикалық жағдайын жақсарту арқылы баянды етуге бағдарланған ел

1991 жылы тәуелсіздік алған бойда Қазақ елі «әуелі экономика» қағидатымен бірқатар маңызды экономикалық реформаларды жүзеге асырды. Қазір республиканың нарықтық экономикасы басқа ТМД мемлекеттері арасында ең ашық әрі бірізді дамығанын әлемнің көп мамандары мойындайды. 2006 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды 10 жылдан асырмай әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіргізу мақсатын алға қойды. Тапсырма мерзімінен бұрын 2014 жылы орындалды. Бүкіләлемдік экономикалық форумында жасалған 2014-2015 жж. арналған ғаламдық бәсекеге қабілеттілік есебінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан бәсекеге барынша қабілетті елдердің арасында 50-орынға шықты.

Экономиканы жетілдірумен қатар Қазақстанның саяси құрылымы да өзгерді. Ел орталықтан басқару жүйесінен жеке саясат жүргізу еркіндігіне көшті. Мемлекеттік билік тармақталып, сот жүйесі жеке дами бастады.

Қазақстанның сот жүйесі елдің жалпы жағдаймен қатар өзгеріп келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері сот жүйесі ескі кеңестік сарқыншақтардан арылды, қолданысқа жаңа институттар енгізілді, жаңа заңдар қабылданып, судьялар корпусының тиімді қызмет етуі үшін тәуелсіз сот жүйесінің қағидатына негізделген база қалыптасты.

Қазақстан Республикасындағы сот жүйесінің дамуын салыстырмалы түрде азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету деңгейінің өзгерістерімен, соттардың қол жетімділігімен, сот жүйесінің жоғары әлемдік өлшемдерге сәйкес қайта құрылуымен сипатталатын кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.

1. Тәуелсіздіктен кейінгі сот жүйесінің дамуы (1991-1995 жж.). Сот жүйесінің алғашқы даму кезеңін ескі кеңестік сот жүйесінен тәуелсіз Қазақстанның жаңа сот жүйесіне көшу уақыты деп сипаттауға болады. Сот жүйесіндегі өзгерістер Қазақстандағы мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне тармақталып құрылатынын және жүзеге асырылатынын әйгілеген 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» конституциялық заңынан соң басталса, биліктің тармақталу қағидатын бекітіп берген 1993 жылғы алғашқы Конституция сот билігінің ұйымдасып, қызмет етуінің негізгі принциптерін айқындады. 1994 жылы ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы» қаулысы шықты. Қаулы жаңа сападағы сот жүйесін құрудың басты бағдарлары енген және оны дамытудың негізгі басымдықтары айқындалған басты тарихи құжат болды. Сонымен бірге, 1990-жж. алғашқы Азаматтық және Қылмыстық кодекстер қабылданды, сот ісі жаңадан қабылданған Азаматтық-процессуалды, Қылмыстық-процессуалды кодекстерге сәйкес жүргізілетін болды.

2. Қазақстан Республикасы сот жүйесінің қалыптасу кезеңі (1995-2000 жж.). 1995 жылы ҚР Конституциясының және ҚР Президентінің Конституциялық заң күші бар «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» жарлығының қабылдануы (20 желтоқсан 1995 жыл) сот жүйесі дамуының жаңа кезеңін бастап берді. Жаңадан қабылданған Конституцияға соттардың құрылу және қызмет етуінің конституциялық қағидаттарына арналған арнайы «Соттар және сот төрелігі» атты жаңа бөлім (7-ші) қосылды. Нәтижесінде соттар мемлекеттік билікті жүзеге асырудың тікелей формасы ретінде қабылданып, сот төрелігінің түбегейлі жаңа ережелері енгізілді, сот ісін атқаратын органдардың заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарынан тәуелсіздігі нығайды. Арбитражды соттарды жою және олардың міндеттерін жалпы хұкімді соттарға беру арқылы сот жүйесінің біртұтастығы бекітілді. Жергілікті сот судьяларын Президентпен тағайындау, Жоғарғы сот судьяларын ҚР Парламент Сенатымен сайлау тәртібі енгізілді. 1996 жылдың желтоқсанында Қазақстан судьяларының І съезінің өткізілуі сот реформасындағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Съезд қорытындысы бойынша ҚР Судьяларының одағы құрылды. 2000 жылдың 25 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңы қабылдандып, сот құрылысының негізгі элементтері мен республика соттарының жұмыс тәртібін айқындап берген жаңа нормалар енгізілді.

3. Сот жүйесін модернизациялау (2000-2014 жж.). Бұл кезеңді сот жүйесін жаңаландыру деп сипаттауға болады. Мемлекеттің құқықтық саладағы басым бағыттарына сәйкес 2000 жылдан кейін сот ісін жүргізуді одан әрі модернизациялау мен оңтайландыру, сот төрелігі мен сот әкімгерлігі мәселелерінің жігін ажырату, мамандырылған соттар құру, судьялар корпусының кәсіптік деңгейін арттыру бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Мысалы, 2002 жылы ҚР Президентінің жарлығымен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатысты сот таластарын қарастыратын мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды. 2004 жылы ауданаралық мамандандырылған соттар құрылып, олардың қарауына мемлекеттік билік органдарының құзыретінен шығатын істер берілді. Осылайша, көпшілік-құқықтық қатынас саласында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдері күшейтілді.

Сот реформасының кезекті кезеңі 2007 жылы Ата заңға өзгерту енгізумен әйгіленді. Қабылданған өзгерістердің нәтижесінде сот төрелігі жүйесінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету ісінде берік құқықтық кепілдіктер орнады. Атап айтқанда, күдіктіні тек сот шешімімен қамауға алу тәртібі енгізілді.

Сот құрылысын оңтайландырудың жүйелі жұмыстарын жалғастырудың тағы бір көрінісі ретінде 2010 жылдың 1 қаңтарында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалды және Азаматтық процесуалды кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осылайша, сот реформасының үшінші кезеңінде демократиялы құқықтық мемлекет пен әлем таныған халықаралық өлшемдердің шарттарына жауап беретін, тұтастай алғанда, тиісті құқықтық және әлеуметтік кепілдік беру деңгейін, судьялардың сот төрелігінің конституциялық қағидаттарын сақтауға жоғары кәсіптік жауапкершілігін қамтамасыз ете алатын сот жүйесін құрудың негізі қаланды.

4. Сот жүйесін жетілдіру (2014-2016 жж.). ҚР сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатын іс жүзінде жүзеге асыру 2014 жылы бірқатар іргелі нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануынан кейін басталды. Әсіресе, Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалды және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстері сот уәкілдігінің аясын кеңейтті, адамдардың сотқа қол жетімділігін ұлғайтты, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерінің толыққанды орындалуын қамтамасыз етуге жағдай жасады. Сот жүйесін одан әрі дамыту Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» бағдарламасынан көрініс тапты. «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты 2-бөлім тұтастай сот саласын өзгертуге арналды. Жалпы, 2015 жыл, мамандардың пікіріне қарағанда, Қазақстанның сот жүйесін реформалау жылы болды. Жыл аяғына қарай Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында 59 заң күшіне енді.

5. 2016 жыл Қазақстанның сот жүйесін дамытудың жаңа кезеңін ашты. Ұлт жоспарын нақты жүзеге асырудың жұмыстары басталды. Сот жүйесін дамыту басымдықтары айқындалған республика судьяларының VІІ съезі өткізілді. Құқық саласындағы түбегейлі өзгерістер Елбасының мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілдіктер бөлу тапсырмасын жүзеге асыру аясында жүзеге асты. Ұлт жоспарының 17-тармағына сәйкес ҚР Конституциясының 79-бабына және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судялар мәртебесі туралы» конституциялық заңына толықтырулар енгізіліп, сот қызметіне үміткерлердің еңбек өтілі мен жасына байланысты талаптар өзгертілді. Үш сатылы сот жүйесіне көшу және Жоғарғы Сотқа кассациялық инстанция міндеттері мен мәртебесін беруге байланысты Конституцияның 81-бабына тиісті өзгертулер енгізілді. Сонымен бірге Ата заңның 83-бабына прокуратураның, соның ішінде соттарға қатысты өкілдіктеріне байланысты түзетулер енгізілді.

Ұлт жоспарын жүзеге асырудың аясында сот жүйесін реформалаудың арқасында Қазақстан сот өндірісінің сапасы бойынша Бүкіләлемдік Банктың «Doing Business-2017» ғаламдық тізімінде 4-орынға шықты. Көрсеткіш республиканы әлемнің алдыңғы 30 елдерінің қатарына кіруге жақындатып, қоғамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде заң үстемдігін күшейтті.

Қарап отырсақ, бүгінгі күнге дейін Қазақстанды конституцияда көрсетілген мемлекет деңгейіне көтеру саласында тәуелсіздіктен бері біршама жұмыстар атқарылған екен. Алайда, шетелдік сарапшылар мемлекетте мінсіз судьялар болғанымен, сот жүйесінде нарықтық экономикасы қалыптасып жатқан елдерге тән көп кемшіліктердің болғанын атап өтеді. Олардың қатарында: сот тәуелділігі, судьялардың тиісті дайындығының болмауы арқасында даулы шешімдердің қабылдануы, жемқорлық және мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы дауларда судьялардың біржақты шешім шығаруы. Алайда кейінгі 4 жылда жүргізілген реформалар мемлекеттік құқық саласын біршама ретке келтірді. Мәселен, Жемқорлықпен күрес туралы қылмыстық кодекс ережелерінің негізінде 2013-2014 жж. 8 судьяға қарсы сот ісі жүргізіліп, 6 судья бас бостандығынан айырылды. 2013 жылы 56 судья, 2014 жылы 52 судья қызметтік тәртіпке тартылды. 2013 жылы 4 судья «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңымен қарастырылған негіздемеге сәйкес (34-бап, 1-тармақ, 11-тармақша – Сот қазылары біліктілік комиссиясының судьяның кәсіптік жарамсыздығына байланысты атқаратын қызметіне сәйкессіздігі туралы шешімі) қызметтен босатылды. Тағы 21 судья өз еркімен жұмыстан кетті. Кейбір судья білікті маман және жеке себептерге байланысты қызметтен кеткен болса да, біразы қосымша талқылаудан құтылу және тиісті сот органдарының тексеруінен аман қалу үшін жұмысын тастаған деген болжам бар. 2014 жылы 2664 судьяның 11-і 34-бап, 1-тармақ, 11-тармақшаға, 69 судья 34-бап, 1-тармақ, 1-тармақшаға сәйкес жұмысын босатқан.

Статистика сонымен бірге шетелдік инвесторларға қатысты біржақты шешім мен мемлекет пайдасына шешім шығару туралы пікірдің шындыққа жанаспайтынын айғақтап берді. Мысалы, 2014 жылы мемлекеттік билік органдары мен мемлекеттік лауазымды тұлғалардың шешімдеріне наразы барлық талаптардың 40,8 % арызданушылар пайдасына шешілсе, салық және кеден органдарының даулы шешімдерінің 1/3 сот тәртібімен заңсыз деп танылды. 2014 жылы аяқталған 6 жылдық мерзім ішінде 240 млрд теңгеге жуық қаражат заңды тұлғалардың (соның ішінде шетелдік инвесторлардың) пайдасына шешілсе, мемлекеттік органдар пайдасына сот шешімімен тек 40 млрд теңге берілген.

 

Жалпы, 2013-2017 жж. арасындағы сот жұмысының мынандай басты жетістігін атап өтуге болады.

1) Ең бастысы, сот құрылымы бұрынғы бес сатылы жүйеден 3 - бірінші, апелияциялық және кассациялық деңгейлі жүйеге көшті. Жаңа үлгі жоғары әлемдік өлшемдерге толық сәйкес келіп, сот шешімдерінің күшіне ерте енуін қамтамасыз етеді, процестің жасанды созылу мүмкіндігін төмендетеді, әрі жемқорлықтың алдын алады.

2) Судьяларды іріктеу мен қызметте өсіру жүйесі түбегейлі өзгерді. Біліктілік талаптары қатаң күшейтілді, үміткерлердің жылдық тағылымдамадан өту тәртібі енгізілді, оларды ҰҚК қызметкерлері жалғандық детектор арқылы тексеретін болды. Үміткерлердің моральдық бейнесі Соттармен өзара байланыс кеңестерінің тарапынан қатаң зерттеледі. Судьялардың жаңа буынын өсіріп тәрбилеу үшін Сот төрелігі академиясы құрылды. Енді судьяларды Жоғарғы Сот Кеңесі іріктейтін болды. Судьялардың кәсіптік қызметін 1 жылдан кейін және 5 жылда 1 рет Сот қазылары бағалайды.

 

3) Республиканың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін ҚР Жоғарғы Сотының ішінен алғаш рет дауларды ірі инвесторлардың қатысуымен қарастыру жөніндегі мамандандырылған сот алқасы тағайындалды. ҚР Жоғарғы Соты жанандағы шетелдің жетекші судьялары мен юристері қатысқан халықаралық кеңес (әлемнің 7 елінен 15 адам) Қазақстанның сот жүйесіне озық халықаралық стандарттарды енгізумен айналысады.

4) Әлеуметтік сауалнама сотқа тартылған азаматтардың соттарға деген жоғары сенім деңгейін көрсетеді. Мысалы, 2015 жылғы ПРООН (БҰҰ Даму бағдарламасы) мәліметтеріне қарағанда, сауалнамаға қатысқан 71,3 % азамат соттарға сену деңгейін жоғары бағалаған. Қазақстан соттарында өткен сот процестерінің 12,5 мың қатысушысына сұрақтар қойылып, 74,4 % сот процестеріне қатысушылар мен «Сот кабинетінің» өзге пайдаланушылары сот процестерінің сапасына көңіл толғанын айтқан. Сауалнама 2016 жылы Жоғарғы Соттың бастамасымен онлайн жүргізілді. Яғни орта сенім көрсеткіші 70% құрап отыр. Бұл халықаралық трендтерге сәйкес келеді.

5) Халықаралық рейтингтер сот саласындағы елеулі жетістіктерді көрсетіп отыр. «Doing Business-2017»  рейтингінде Қазақстан сот төрелігінің сапасы бойынша 190 елдің арасынан 4-орынға шықты. Бүкіләлемдік экономикалық форумның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Сот тәуелсіздігі» өлшемі бойынша Қазақстан 2013-2017 жж. аралығында 20 орынға, яғни 86 орыннан 68 орынға, жоғары көтерілді.

6) Қазір отандық сот жүйесінің айырғысыз бөлігі ретінде «Электронды сот» жұмысын істеп тұр. Сот отырыстары түгелдей дыбыс және бейне жазу құралдарымен жабдықталған. Бейнеконференция өткізу жолымен қашықтықтан сот төрелігін атқару ісі табысты жүзеге асырылуда.

7) Судьялардың әлеуметтік жағдайын олардың жоғары әлеуметтік мәртебесіне сәйкестендіру ісінде ілгері жылжушылық байқалды. Атап айтқанда, отставкаға кеткен судьяларға өмірлік зейнетақы тағайындау мәселесі оң шешімін тапты. Судьяның қызметтегі еңбек өтілі 20 жылға толса, оның айлық зейнетақы көлемі соңғы атқарған қызметтегі жалақысының 50%-на тең болады. Норма 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Бұл мамандыққа деген қызығушылықты арттыруға арналған.

8) Қазақстан Республикасында жергілікті судьяларды 9 көрсеткішке негізделген бағалау жүйесі енгізілді. Атап айтқанда, бұл – аяқталған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер саны, аудандық және оларға теңелген соттардың сот төрелігін атқару сапасы, т.б.

9) 2016 жылдың 21 қарашасынан бастап жаңа Судьялардың әдеп кодексі қабылданды.

Жалпы алғанда, жаңа сот жүйесі соттардың нақты белгіленген көрсеткіштер бойынша жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенді білдіреді. Сондықтан шынайы демократияға бет бұрған қоғамда сот билігі басқа барлық билік тармақтарынан жоғары тұруы тиіс.

 

Қуат САМАНБЕКОВ, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері

Әдебиеттер тізімі

  1. Куртис Мастерс. 2015 год – год реформ судебной системы Казахстана. «Kazakhstan business magazine». http://www.investkz.com/journals/103/1359.html
  2. Мұратғали Әкетай. Судебная власть: история и современность. «Актюбинский вестник». http://avestnik.kz/sudebnaya-vlast-istoriya-i-sovremenno/ 18.11.2016.
  3. А.К. Канбаев. Реформа судебной системы в свете исполнения Плана нации «100 конкретных шагов. «Zakon.kz». https://www.zakon.kz/4879744-reforma-sudebnoy-sistemy-v-svete.html. 25 сентября 2017.
  4. Аида Темирова. Судебная власть в зеркале достижений. «Kapital.kz». https://kapital.kz/gosudarstvo/65480/sudebnaya-vlast-v-zerkale-dostizhenij.html. 20.12.2017
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?