1) Халық ақыны, өткір тіл, тапқыр сөздің иесі, халық мұрасының жанашыры Шәкір Әбенов 1900 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Шәкірдің азан шақырып қойған есімі – Мұхаметшүкір. Бұл атты әкесі Әбен қойған. Әбен қажының кіші әйелі түс көріп, «түсінде ақ боз аттың ерінің қасы қисық болады екен, ат үстіндегі бала дана болады екен, бірақ артында ұрпақ қалмайды, бергенінің өзіне шүкір» деп оянады.
2) Шәкір бала жасынан әке тәрбиесін көріп өседі, ауыл молдасынан мұсылманша хат таныған ол Семейдегі приходская школада білім алады. Осылайша мұсылманша әрі орысша сауатты, зерек-зейіні ашылып, 1915 жылы Семейдегі ер балалар гимназиясына оқуға түскенімен, бір жылдан кейінгі зобалаңда оқуды аяқтай алмайды.
3) Шәкір Әбенов 13 жасында отау құрған. Әкесі Әбен Көсембай Айдосов деген аймаққа белгілі байдың қызы Шәрәпиді алып береді.
4) Жас ақынның өнерге деген қызығушылығын оятқан жан – «Ағашаяқ» атанған Берікбол Көпенұлы. Ақын, әнші әрі композитор Берікболдың таланты цирк ойындарымен де танылады. «Ұзын екі бақанмен балдақтап жүгіргенде шапқан атқа жеткізбейтін болған».
5) Қиып түсер қырғидай тілі бар Шәкір өз айналасындағы әділетсіздіктерді көріп ашына жырлайды. Қолына үш ішекті домбыра ұстап, ән айтып, ел аралап көргені – сұмдықтар. Әсіресе бай-бағландарды кәмпескеге ұшыратқан 1927 жылдардан Шәкірдің тағдыры тайғанақ күндерді бастайды.
6) Нәубет жылдары бас сауғалап Мақаншы жақты паналаған ақын 1930 жылдары аудандық тері-терсек мекемесінде алғашында қабылдаушы, кейін қоймашы болып қызмет атқарған.
7) 1931 жылғы ашаршылықта үкімет комиссиясының өкілі Сәкен Сейфуллинге Үржар ауданы бойынша ел-жер көрсетіп, аралатып таныстырған. Жүрегі жұмсақ сұлу ақынның балаша еңкілдеп жылайтыны осы кез. Алматыға С. Сейфуллиннің шақыртуымен барып келген соң, елде оны «халық жауы» деп ұстап, сотсыз-сұраусыз Ақтөбедегі түрмеден бірақ шығарған.
8) Қазақтың қаймақтарын қойдай қырған 1937 жылдары «Әдебиет майданы» журналында Шәкір ақынның жырлауымен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры басылып жарық көреді. Осы шақтағы жеке өмірі туралы «Бұл еңбегімнің қызығын көру маңдайыма жазылмады. Отыз жетінші жылдың сойқаны тұсында бас сауғалап Аягөздің Мыңбұлақ станциясына қашып барып, жанымды сақтадым. ...Сол тұста «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» басылды. Қаламақымды алуға Өтеевке жолығып едім: «Сен – халық жауысың! Қайдағы саған ақша?!» деп өзімді қуып шықты. Бағыма әйтеуір Сәрсен Аманжолов кезігіп, ҚазССР ҒА филиалына халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайтын корреспондент етіп жұмысқа алды» деп айтып береді ақынның өзі.
9) Шәкір Әбенов – Екінші Дүниежүзілік соғыстың қатысушысы. 1942 жыл Совет Армиясы қатарына алынып, Қызыл тулы 40-ыншы гвариялық полктың құрамында неміске қарсы соғыстарға қатысқан. Брянск түбіндегі шайқаста снаряд жарықшағынан жарақат алып, кейін елге оралған.
10) Соғыстан оралған соң бұрынғы Талдықорған облысының Матай станциясында Серікбүбімен қосылып, екінші мәрте шаңырақ көтерген.
11) Сталиндік репрессияның кезекті үшінші толқыны өткір тілді айтқыш ақын Шәкір Әбеновті айналып өтпеді. «Совет үкіметінің құрылысына жат өлеңдер айтады» деген желеумен соңына түскен ақыры 1949 жылы 1 шілдеде тұтқындайды. «Үкіметке қарсы үгіт» деп аталатын РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-10 бабымен айыпталған ақын 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Алайда көп өтпей атышулы КПСС ХХ сьезінен кейін түрмеден босатылады.
12) Шәкір Әбеновтің жазықсыз сотталғаны туралы ақтау қағазы ақынның 60 жылдық мерейтойы уақытында қаралып, қылмыстық істерге қатысы жоқтығы толық дәлелденген.
13) Ақын мұрасын зерттеушілердің айтуынша, Шәкір Әбенов ақын ғана емес, проза жанрында да қалам тербеген жазушы. Оның қолынан шыққан «Маскүнем шебер», «Әуесқой жігіт», «Кезбе шал» деген әңгімелері бар.
14) Шәкір Әбенов – тәуелсіздікті көрген, қазақтың бақытты шағына куә болған алаш ақсақалы. 1991 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚазССР Президенті Н. Назарбаевты ұлықтау салтанатында тоқсан бір жасына қарамастан ақ батасын берген.
15) Шәкір Әбенов 1994 жылдың 23-інші қазанында қайтыс болған. Қадірлі ақсақал, алаш арыстарының көзін көрген текті ұрпағы, өзі өмірі қуғын-сүргіннен көз ашпаса да еш қайыспаған қазақтың қара нары Шәкір Әбеновтің қазасына орай ҚР Президенті Н. Назарбаев: «Шәкір атамыздан ақ бата алған сәт менің ғұмыр бойы жадымда жүретін болады» деп толғанған болатын.