Атақты жер сұлуы Шағанобаның Қытайға қарап қалғаны секілді шешен Райымбектің де ғұмырбаяны бұлыңғыр, тарихтың уақыт жасырған көмбесінда жатыр
Тілден асқан қару жоқ. Қазақ халқы ежелден-ақ сөзді қадірлеп, тілге құрметпен қарағандықтан, «өнер алды – қызыл тіл» деп айрықша бағалаған. Мұндай халықта тілді-жақты адамның, көптің ойын екі ауыз сөзге сыйғызып айта алатын шешендердің туып, халық санасынан берік орын алып, тарихта есімі жазылып қалатыны сондықтан. Ғұмыр бәйгесінде жақын көріп, жақсы сыйласқан қадірлі ағамыз Кәкімбек Салықов «Бір ауыз сөз» деген мөлдіреген өлеңі өмірімізден өшпейді. Қазақтың мұқым тіршілігіндегі ең үлкен екі дау жесір дауы мен жер таласының соңы бір ауыз сөзбен шешіліп отырған. Әрине, бұған негізгі түрткі бойына білім мен білік жиған, арғы-бергі тарихтың тылсым сырын ұққан, сөз майданына түскендердің осал тұсын бағамдап, қапыда соққан би-шешендердің ұтқыр да тапқыр ойлары, кесімді пікірлері, толғамды тұжырымдары.
Алқалы топқа түссе алқынбаған, шаршы жиында жасындай жарқылдаған тілді-жақты, тапқыр шешеннің бірі – Райымбек Қуатұлы. Өмірінде өзімен сөз сайысына шыққандарды жеңбей қайтпаған сырбаз сөз сырттаны көршілес ру таластарын шешкенімен, Құнанбай, Абай, Отыншы секілді Орта жүздің атойлаған алғадай ерлерін жеңіп кеткенімен, тіпті орыстың ақ патшасының елшісін сөзбен жасқап, тілмен түйрегендігімен елге әйгілі.
Райымбек сөз бен іске бірдей, дау келсе де, жау келсе де шегінбеген Орта жүздің Байжігіт руынан, оның алты жұмығының бірі Қожан атасынан шыққан. Одан Есенқұл – Алыбай – Балтабай – Жабағы одан Қуат, Құлтай болып тармақталып, Қуаттың ұлы Райымбек болып шығады. Бұл атадан бұрынғы жылдары Ақжол есімді би шығып, билікті кейін Бұтабайға тапсырғаны, Есенғұлдың Жанбай атасынан Маңқи би ақ патша қабылдаған делегацияның құрамында болғаны, оның ұлы Қоңыр қажының Зейнолла болыс тұсында би болып, кесім айтқаны жайлы деректер біздің қаламымызға ілінген.
Бүгінгі кейіпкеріміз Райымбек шешеннің туған жылы ХІХ ғасырдың іші деп жалпылама айтылғанымен, қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны белгісіз. Дала демкоратиясының көрнекті өкілдері Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды үш ұлы бидің туған жылдарынан жаңылысып жүргеніміздің қасында Райымбектің өмір сүрген уақытын білмеуіміз кешірімді шығар. Шығыстағы беделді тұлға Бұтабайдың (1825-1895) ғұмырнамасымен және сол кезеңде би-шешенмен араласып, сөз сайысына түскен тарихи тұлғалардың өмір сүрген мерзімдерімен салыстыра отырып шамалап болсын анықтауға болатындай.
Дәуірінде айтқан сөзі дәл ондыққа тиіп, ел-жұрттың разылығына бөленген би-шешеннің ғұмырнамасы қағаз бетіне түспегендіктен, туған-өлген жылдарын анықтай алмай отыруымыздың мәнісі сонда жатыр. Алайда ел арасында ол туралы, оның шешендік қырлары мен адами қасиеттері жайлы азды-көпті деректер ауызша айтылып таралған. Мұндай деректер Райымбек шешеннің көбінесе аға сұлтан Бұтабаймен жақсы араласып, оның қасынан тастамайтын жолдасы бола алғандығын, Орта жүзге аты жайылған Құнанбай мықтымен, оның мұқым қазақ-орыс тамсанған оқымысты ұлы Абаймен тіл қатысуы, әйгілі Мәмбет биі Отыншыны жеңуі жайлы хикаяларды қозғайды.
Бұтабайдың «Сақау қарасы»
Шығыс өңірдің ХІХ ғасырдағы көрнекті тұлғасы, Зайсан уезінің аға сұлтаны Бұтабайдың саяси билік жүйесінде дауға салса небір қиын түйінді жалғыз ауыз сөзбен шеше алатын, мүдірген тұста сөз табатын айтулы шешендерді маңайында ұстаған. Алқалы топта айдарынан жел есіп, қарсыласын жеңіп шығатын Бұтабайдың бұл құдіреті замандастарын қатты қызықтырғанға ұқсайды.
Керейдің Бейсенбі деген белгілі бір биі: «Бұтабайдың маңын ұры-қары, сайтан да баспайды. Бағының қалай өрлеп тұрғанын біліп, сынап келіңдер» арнайы сыншыларын жұмсаған дейді. Бейбіт күн, дау-таластан аулақ, ел қыдырып, салауат айтып жүрген олар Бұтакең ауылында аптадай жатып, аңдысын аңдып, кейін көзбен көргендерін Бейсенбіге жеткізіпті. Олар: «Бұтабайдың дәуірлеп бағының асып, тасының өрге домалап тұрғаны әнeу мосының үш бұтындай «Сақау қара», «Сида қара», «Өгіз қара» деген үш биі көрінеді, екеуі ұшатын қанаты да, біреуі қонатын құйрығы екен. Бұл үшеуі тұрғанда Бұтабайды жау да, дау да алмайды», – депті. Сондағы «Сақау қара» деп отырғаны – қожаннан шыққан Райымбек шешен екен де, «Сида қарасы» – Санияз төренің төлеңгіті, тегі қыпшақ Еспембет би, «Өгіз қара» деп отырғаны – атақты сыбызғышы, қайраткер Қайрақбай би екен. Соңғы аталған тұлға жайлы көлемді еңбек белгілі этнограф ғалым, жазушы Зейнолла Сәнікұлының зерттеулерінде бар, онда Бұтабайды аға сұлтандыққа тағайындатқан осы Қайрақбай Шәлекенұлы делінген. Ал осылардың ішінде Бұтабайдың қасында көп жүріп, ол қатысқан жиындарда ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген, тілі мірдің оғындай шешені Райымбек болды деп сипатталады.
Оның сақау қара деп аталуы – кісілік болмысы мен адами қасиетін айқындау үшін қажетті кішігірім деталь. Ол сөз бастағанда алдымен кекештеніп, тұтығып барып, қызған шағында мүдірмей, тоқтамастан тарта береді деседі.
Райымбектің бозбала шағында ел жақсысы Бұтабайдың көзіне түсіп, онымен танысып, тобына қосылуы жайлы қызықты деректі қаламгер, фольклортанушы Асқар Игенұлы ағамыз былайша келтіреді:
«Бұтабай би ел билеп алғаш билікке араласып жүргенде 16-17 жастардағы Райымбек те Бұтабайдың қасындағы топқа еріп қалмай олар қай ауылға барса сол ауылға бірге барса керек, бір күні бір ауылдан аттанарда шабармандар Райымбекке қонақтардың атын ерттеуді бұйырады. Райымбек Бұтакеңнің ерін теріс қаратып ерттеп қояды. Атына мінерде екі жағына кезек қарап алатын ғадеты бойынша аттың бас-аяғына қараған Бұтакең: «Атты қайсының ерттеп едің?» дейді. Сасып қалған шабармандар өздерін арашалап: «Райымбекке ертте деп едік, апыр-ай, мына иттың қорлығы-ай!» деп оны шыжғырмақ болғанда Бұтабай:
– Мына Райымбек біздің қасымызда жүрсе болғандай бала екен, – деп содан бастап қасынан қалдырмай ертіп жүрген дейді».
Бұтабай бас болып қатысқан жиындарда күрмеуі қиын істерді шеше жүріп, ел арасында тапқыр сөздері жайыла, аты шығып, атағы таныла бастаған Райымбектің ең үлкен тарихи еңбегі – орыс патшасының елшісін сөзден тосылдыруы. Асқар Игенұлының Бұтабай баба жайлы көлемді зертеуінде «Меркіттің Құлашегірі» атанған әйгілі Жәке би Бұтабаймен арадағы жер дауын қозғап, сөз таласына түскені егжей-тегжейлі баяндалады. Сол уақыттарда ағайын арасындағы азды-көпті өкпе-назға Райымбек шешен Бұтабайдан іргесін бөліп, өзге жаққа бет алыпты. Оның жоқтығын пайдаланған Жәке би орыс билігін пара беріп жүріп өз жағына шығарып:
– Үйдененің өзені – меркіттің жері, – деп сотқа арыз беріп, ояздан келген орыс ұлықтарын иландырып қояды.
Осы дауда Бұтакең жеңілуге айналғанда «менің мөрім хатшымда еді» деген сылтауды айтып, Күреңөндір, Сандықтаста жатқан Райымбек шешенге әйгілі Көктөбелін алға тосып, тымағы мен қамшысын тарту етіп адам жіберіп ат шаптырады.
«Арада үзіліс болып, ас ішкен соң, орыс ұлығы неше күнге жалғасқан жер дауына меркіт жағынан Жәке би бастаған он адам, жұмық жағынан Бұтабай бастаған он адам соңғы шешеімді тыңдау үшін кеңеске кіреді. Орыс шенеунігі:
– Жер дауы тексеріліп, анықталды. Іс аяқталды. Қанша күнге жалғасқан съездін қорытынды қарары да шықты, міне. Ендігәрі жерге таласпау үшін куәлiк мөрлеріңді басыңдар, – дегенде Жәке би лып еткізіп, қағазға мөрін басып, кезек Бұтабайға келіпті дейді. Бұтакең:
– Мынау – менің басты өкілім, айтар сөзі бар, – деп Райымбекке қарайды. Сонда шешен:
– Осы Семей – Семполат деген не? Мен осыны түсінбеймін, – дейді. Орыс:
– Оны түсінбейтін не бар? Сем деген – жеті, полат деген – шатыр, яғни шатыр тігілген жер деген сөз.
– Ол жеті шатыр қалай тігілген, не үшін тігілген?
– Қазақ пен орыстың жер шекарасын айыру үшін комиссиялар сонда жиына жер шекарасын белгілеген.
– Жер шекарасын қалай деп белгілеген?
– Ордың қарағашынан ары орыс жері, одан бергісі қазақ жері делінген.
– Осы тоқтам күшке ие ме?
– Патшаның шығарғаны, ол өзгермейді.
– Онда Ордың қарағашынан бері келген орыстарды қайта көшіріп, Ордың қарағашының аржағына шығару керек. Найман мен Керей ортасындағы жер таласы – аға-інінің арасындағы жайылым таласы ғана. Бұл талас орыс кірмелердің көбеюінен шығып отыр. Оған сіздердің араласуларыңызға болмайды, – деп тоқетеріне көшеді. Орыс ұлығы өктемдікпен кесім шығара алмай:
– Өздерің ағалы-інілі екенсіңдер, бұны өздерің шешіңдер, – деп айтарға сөз таппай дағдарған күйі аттанып кетіпті.
Сонда Жәке:
– Әй, Бұтакем-ай! Екеуіміз туыспыз. Біріміз Тоқтарқожаның, біріміз Толымқожаның ұрқы едік. Сенің Бұтабай атыңды шығарып, оң тізеңді басып жүрген Райымбек еді. Оның кетіп қалған орайында сені бір жеңіп, жер алайын деп едім. Райымбек келгенде даудың бұзылатынын өзім де сезіп едім. Сен жеңдiң, мен жеңілдім, – деп қонақ боп үйге түсіп, жата-жастана аттанған дейді.
Құнанбай бетіне салық
Райымбек шешеннің тапқырлығы тек Бұтабай айналасында ғана емес, Орта жүзге аты мәлім Құнанбай мен оның айды әпер дейтұғын оғлан ұлы Абайды да сөзден жаңылдырған дейді бізге жеткен қыр әңгімелері. Көптеген қаламгерлер атын көрсетпегенімен немесе басқа кісінің есімімен жазып жүргенімен, алып та, шалып та жығып жүрген, азулы Құнанбайға елінің ішіндегі кері кеткен кеселді көрсеткен адамның Райымбек екені көп айтылады. Халық жазушысы Д. Досжан «Абайдың рухы» кітабында «бір кісі» деп берілгені, біріншіден, Райымбек шешен жайлы жазбаша деректің жұтаңдығымен, тапшылығымен байланыстырылса, екіншіден, әр ауыл-аймақ өздеріне тән етіп меншіктеп алатыны секілді варианты, нұсқасы көп болғанымен түсіндіріледі.
Ру арасындағы жер таласы мен жесір дауын кеңесіп кесім айту үшін тарихтағы белгілі Көкиірім сьезіне бір жылы Құнанбай да қатысады. Бұл жолғы сьезде қаралатын мәселе өте күрделі, біраз жылдан бері жеті кісінің құнын шешу көзделген. Қырықтай кісісін бастап келе жатқан Құнекеңді күтіп алуға Бұтабай Райымбек бастаған жас жігіттерді жұмсайды. Мерзімді жерге жетіп, күтіп алған олар ауылға бастап жол тартады, әлден уақытта аттардың кенезесі кеуіп бір бұлаққа аялдапты. Райымбектің астындағы ат ұрыншақтау ма, омыраулап суға бас қойып, кешіп жүріп лайлап жіберіпті. Орта жүзің бері, мұқым алты алашқа даңқы кеткен Құнанбай үшін бұл құрметсіздік деп танылады.
Сонда Құнанбай:
– Әй, Райымбек! Мына шығысты шиырлап, лайлап бітіріп едің. Енді ат ішіп жатқан суды лайладың-ау, – дейді. Сонда Райымбек:
– Ой, көреген ағам-ай, көріп қойдың ба? Қызылсу, Шардың бойындағы балалы сайтанды көрмей жүргенде атымның аяғындағы лайды көрдің-ау! – деп жауап қайтарыпты. Жауаптың қақ маңдайдан тигені сондай, кісі баласына есесін жіберіп көрмеген Құнанбай тілсіз қалған екен. Райымбектің «балалы сайтан» деп отырғаны – Қодардың ақылға сыймас әрекетін меңзегені еді. Жалпы қазақ тарихында Қодар-Қамқа оқиғасы Құнанбайдың бетіне түскен салық, оны осындай осал жерінен бетіне басу дәуірінде біраз толастамаған. Бұл Қодарға қатысты болса, Құнанбайдың өзінің жеке басы, көзіне қатысты да деректер сақталған.
Найман ауылдарына жақын, қоныстас тобықты руларының бірен-саран ауылы көршілерінің өрісіне рұқсатсыз келіп қонып алуына орай Райымбектің амалы Құнанбайдың арынын қайтарған. Шешеннің ауылына келген Құнекеңе көл-көсір қонақасы әзірленген, сонымен бірге үй сыртына ботасынан бөліп бір інгенді байлатып қояды. Інгеннің боздаған дауысы Құнанбайдың мазасын алады.
− Бұл неғылған інген, құлаққа тыныштық бермеді ғой? – деген Құнанбайға Райымбек табан астында:
− Бір соқыр інген еді, қасындағы ботасын көрмей боздағаны ғой, – дейді.
«Мені әдейі қағытты деп іштей шамырқанған Құнанбай ауылын сол күні көшіріп кетеді. Бұл күнге дейін ел ауызында айтылып келе жатқан «Түйені соқыр десе Құнанбайға тиеді» деген тәмсілдің шығу барысы осы» деп жазады А. Игенұлы.
Абай да абайлаған
Ел есіндегі ескі әңгімелер желісі Құнанбайды дағдартқан Райыбек оның ұлы Абаймен де тіл қатысыпты дейді. Асқар Игенұлының зерттеуінде де толық жазылған. Орта жүз руларының дау шешетін кіндік жері Көкиірімдегі кезекті бір съезге Абай да қатыспақ болады. Жолға шығып бара жатқан ұлына әкесі Құнанбай:
− Басқаның бәрімен сөйлесе аларсың-ау, Райымбек деген шешені бар, содан сақ бол! – деп ескертуді ұмытпапты.
Жиынға тігілген үй көп, адам қарасы да мол, екі кештің бірінде Абай Райымбек жатқан үйге сәлем беріп кіріпті. «Қасындағы атқосшысының біреуі орындықты енді біреуі үстіне жастық қойып отырғызады. Әңгіме үстінде Абай отырған Жұмықтың ақсақалдарына:
− Оқымай молда болдым, бақ дарымай бай болдым, халық қоймай хан болдым − бұл үшеуі ненің мисалы? – депті. Мақсаты «Райымбек деген шешен бұған не деп жауап береді екен?» дегені болса керек. Отырғандар бірінің бетіне бірі қарап отырып қалғанда, алғашында тілі мүкістеніп, сөйлей келе ағыл-тегіл шешіліп кететін Райымбек шешен үнсіздікті бұзып:
− Қарағым Абай, бұл үш ісің де Ғазезілге ұқсайды екен, оқымай молда болсаң Ғазезіл екенсің. Бақ дарымай бай болсаң Перғауын екенсің, «тар жерде шайтан жолығады деуші еді» деп төмендегідей уәж айтқан, – дейді.
− Алла тағала ең әуелі Адам Атаны жаратып дүниеге келтіргеннен кейін Адам Ата имам болады, бәрің осыған ұйисың деп Алла әмір береді. Сол кезде барлық дүниенің еркіндігін, хияметке дейінгі жас сұрап алған Ғазезіл қарсы шығып «менің білімім зор, менен білімі асқан ешкім жоқ, ғалыммын, имам мен боламын, тең тұрамын» деп таласқан екен. Сонда Алланың әмірі бойынша «Таухилағынат қамыты» аспаннан келіп Ғазезілдің мойнына киіліп ол ібіліс болып, жолдан тайып, істеген істен айырылып еді. «Оқымай молда, білім тауып би болдым» дегенің соған ұқсайды екен, қарағым, – деп үш сөзіне үш түрлі мисал айтқанда Абай Райымбек шешеннің сөзіне разы болып:
− Жарайды, кемшілікті көрсетіп айтып берген қандай жақсы, – деп үйден шығыпты».
Қазақ арасынан шығып, хәкім атанған абыз Абайды риза еткен нендей күш, қандай құдірет?! 1845-1946 жылдары Дала өлкесінде айдауда болған поляк халқының ардақты перзенті Адольф Янушкевич Құнанбай туралы «Оның жадында сақтау қабілеті таңғаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады» деп жазып таңдай қағады. Аты бізге белгісіз орыс ұлығының алдында жер дауын батылдықпен қорғаған, дала оқымыстысы Абайдың алдында ежелгі ислами құндылықтардан сөз тартып, Адам Ата тарихынан әңгіме қозғай алған Райымбектің үкімет жарлықтары мен құдайдың шариғаттарын жатқа білгендігі тапқыр шешен ғана емес, терең білімді парасат иесі екенін аңғартса керек.
Райымбек шешен қартайған шағында Қарасайда ауыл сыртындағы жотаға шығып отырады екен. Әңгіме іздеген жас пері мен кәрі ақсақалдың бәрі төңірегіне жиналатын болған. Сондай бір кездерде Райымбек шешен:
– Қазір «сіз» бен «біздің» заманы ғой. Үлкенді кіші сыйлайды. Алдымызда «сен» мен «меннің» заманы келе жатыр. Үлкендегі үлкендік қасиет пен кішідегі ізгілік қасиеттің жайы қалай болар екен? Дүние мен Адам сынынан ұрпағымыз қандай күн кешеді? – деп қамығып отырады екен.
Бір тарихи деректерде Райымбек шешен 42 жасында қайтыс болған деген мәліметтер кездеседі. Алайда жоғарыда келтірген «қартайған кезіндегі» бір үзік сыр оның ұзақ жасағанын білдіреді. Қолда нақты дерек болмағандықтан, неше жаса жасағанын тап басып айту қиынырақ. Дәуірдің дүлдүл шешені, тарихи тұлға Райымбек Қуатұлының зираты Шілікті жазығындағы Шағаноба заставасына жақын, Сауырдың батыс оңтүстік етегіндегі Үшбұлақ деген жерде тұр. Қазіргі кезде бұл жердің Қытайға қарап қалғаны өте өкінішті.
Атақты жер сұлуы Шағанобаның Қытайға қарап қалғаны секілді шешен Райымбектің де ғұмырбаяны бұлыңғыр, тарихтың уақыт жасырған көмбесінда жатыр.