2024 жылы атап өтілуге тиіс Алаш қайраткерлерінің мерейтойлары
15.01.2024 6004

ХХ ғасыр басында ұлттық ояну дәуірін бастаған, ұлттық теңдік жолында қыруар еңбек етіп, отарлау саясатын батыл сынаған, бостандық үшін басын бәйгеге берген Алаш қайраткерлерінің мерейтойлары да тасада қалмауға тиіс


Ақайдың Хасені – 165 жыл

Ұлттық буржуазияның ірі өкілі, Алаш қозғалысының қайраткері Хасен Ақаев (1859-1931) – Қу елінің болысы қызметін атқарып, ел арасында жаңалық енгізуші, білім мен өнерді қолдаушы болған. Атақонысында орналасқан Қоянды жәрмеңкесінің өркендеуіне, орыс, татар, өзбек көпестерімен сауда-саттықтың дамуына көп күш салған. Әнші, күйші, серілерді, фельдшер, ісмер адамдарды жанында ұстаған. Балуандарымен, жүйрік аттарымен даңқы жайылған. 1905 жылы Қарқаралы құзырхатын (петициясын) ұйымдастырушылардың бірі болды. 1910 жылы қазақтарды патша үкіметіне бағынбауға, сырттан көшіп келушілерге жер бермеуге, Қазақстанды Ресей империясынан бөліп алуға үгіттеді деген айып тағылып, әкімшілік жағынан жауапқа тартылды. 1917 жылы 16 наурызда Қарқаралы уезі қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1918-1920 жылдары  22 алашорданың елдегі сүйеніштерінің бірі болды. 1921-1922 жылы совет орындарына елге сыйлы азаматтардың сайлануына ықпал жасады. Семей өңірінен аштыққа ұшыраған Торғай еліне жәрдем малын жинастыруға атсалысты. Мал-мүлкі әлденеше рет тәркіленді. 1927 жылы Қызылжарға, одан Башқұртстанға жер аудартты.

 

Сәлімгерей Жантөрин – 160 жыл

ХХ ғ. басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, қоғам қайраткері Сәлімгерей жантөрин 1864 ж. бұрынғы Уфа губерниясы Стерлитамак уезінде туған. Орынбор гимназиясында орта білім алып, Мәскеу университетінің физика-математика факультетін және Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. 1905 жылдан бастап патша өкіметіне оппозицияда болған саяси күштердің қызметіне араласқан. «Автономияшылар одағын» құруға тікелей атсалысып, 1905 жылғы 19 қарашада өткен автономияшылдар сиезіне қатысты. Кадеттер партиясына («Халық бостандығы») мүшелікке өтті. 

Бірінші Мемлекеттік думаның мүшесі болды. Онда мұсылман фракциясының құрамына кірді. Выборг үндеуіне қол қоюшылардың қатарында болды. Сол үшін патша өкіметі тарапынан айыпталып, 3 ай абақтыда отырды. 

С. Жантөрин – өз қаражатынан «Ғалия» медресесіне жәрдем ретінде 20 мың сом қаржы бөлген тұлға. Түрлі оқу орындарында оқитын қазақ жастарына көмек көрсетіп тұрды. Түрік тілдеріне енген араб-парсы сөздері жайлы кітап шығарды. Санкт-Петербург қаласында татар тілінде «Миллят» газетін шығаруды қолға алды. Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының жанындағы бюрода қызмет етті. 

Онда ана тілінде оқыту мәселесіне көп көңіл бөліп, ол жөнінде мұсылман фракциясында нақтылы ұсыныстар жасады. М. Шоқай, С. Мақсұдов, А. Салихов секілді қайраткерлермен бірге майданның жұмысына Түркістан өлкесі мен Қазақстаннан алынған адамдардың хал-ахуалы жайлы мәліметтер жинастырып, оларды мұсылман фракциясына жеткізіп тұрды. Алашорда үкіметіне қолдау танытып, оның жетекшілерімен тығыз қарым-қатынаста болды.

 

Алпысбай Қалмен – 155 жыл 

Алаштың белгілі азаматы Алпысбай Қалмен  алғашында ауыл молдасынан сауатын ашқан. Кейін Орынбор гимназиясында оқып, орыс тілін жетік меңгереді. 1906 жылы ашылған Ресейдің І Мемлекеттік Думасына Бөкей ордасынан депутат болып сайланған. Думада «Еңбек тобы» фракциясында болды. Орданы басқару жөніндегі уақытша кеңесте кеңесші болды. 1910 жылдан кейін қазақ халқының басын қосып, тәуелсіз ел болу жолындағы идея күшейген кезде А. Қалмен де ұлттың алға басар зиялы тобының қатарынан табылды. Оралда, Орынборда, Жымпитыда өткен қазақ сиездерінің бәріне де қатысады. Сол сиездерде Алашорда көсемдерінің бастамасын қолдап отырады. Х. Досмұхамедұлымен бірге жұмыс істейді. Өзінің туа біткен ұлтшылдығының арқасында Батыс Алашорда қозғалысының жетекшілерінің біріне айналады. Алашорда таратылған соң кеңес үкіметінің қызметінде болды, онда да халқы үшін адал қызмет істеу ұстанымынан айнымаған. Ұзақ ж. Мәскеу, Киев қалаларында жұмыс істейді. Кеңес үкіметі банктерінде жауапты қызмет атқарады. 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған.

 

Әбжан Темірбекұлы – 155 жыл

Әбжан Темірбекұлы (1869) – Көкшетау уезінде Қазақ және Алаш комитеттерін ұйымдастыруға белсене атсалысқан. Көкшетау уездік Алаш комитетінің мүшесі.

 

Дүр Саурамбайұлы – 155 жыл

Алаш партиясының мүшесі Дүр Саурамбайұлы 1869 жылы Жетісу облысы Пішпек уезінің Ғына болысында туған. Қазақ жерлерінің келімсектерге берілуіне қарсы күрес жүргізген. 1913 жылы саяси-әскери мақсатпен Ыстамбұл қаласына барған. 1917 жылы Алаш партиясына мүше болған. І Жалпықазақ сиезінде Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылған.

 

Ғұмар Қараш – 150 жыл

Көрнекті Алаш қайраткері, діндар-ақын Ғұмар Қараш (1874-1921) – ауыл молдасынан хат танығаннан кейін, Жалпақталдағы Ғ.Ғәлікейұлы ұстаған медреседе оқиды. 1902-1910 жылы жиған білімімен ауылында, Тіленшісайда жәдитше бала оқытады. Сол шамада әйгілі Шәңгерей Бөкейұлының шақыруымен Көлборсыға мұғалім болып келеді. Жаңалыққа жаны құмар, имандылық пен дәстүрдің жібін үзбеген әдеби орта қалыптастыруға себепші болады. Қайраткер 1907 жылдан бастап татар және қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарға мақала жариялай бастайды. 1911-1913 жылдары алғаш Ордада, кейін Оралда басылған «Қазақстан» газетін шығарысуға, оның саяси-мәдени әлеуетін көтеруге атсалысты. 

«Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел қажы» атты кітаптары жарияланды. Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі анықталатын екінші сиезде қази болып сайланды. 1918 жылы Ордадағы педагогика техникумында сабақ береді. Бөкей губерниясының мұғалімдер сиезіне қатысады. 1918-1920 жылдары губерниялық кеңестердің төрт сиезіне делегат болады. Мұнда мағыналы сөз айтады. 1919 жылы Бөкей губаткомында істейді. Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты журналды шығарушылар алқасына кіреді. Ол осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды. 1919 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің алқа мүшесі әрі тілшісі болады. 1920 жылы маусымда Бөкейдің ІІ губерниялық партконференциясында губкомның пленум мүшесі, ал сол жолы І пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Қайраткер жаңа қоғам жұмысына белсене араласып, халық қамқоршысы ретінде танылды. Сөйткен тұлға 1921 жылғы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде қашқын әскерилер қолынан қапияда мерт болды.

 

Төлеген Иманғазы – 150 жыл

Төлеген Иманғазы (1874-15.02.1938) – ағартушы-педагог, Алаш қозғалысына қатысушы. Гурьев уезіне қарасты Есбол (Индер) екі кластық болыстық мектебін бітірген соң (1887) Орал қалалық екі кластық орыс-қазақ училищесін тәмамдады (1890). 1890-1894 ж. аралығында Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебінде оқып, оны «Халық мұғалімі» атағымен үздік бітірді. Торғай облысындағы Әулиекөл болыстық орыс-қазақ мектебінде мұғалім (1894-1896), Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебінің дайындық класының оқытушысы (1896-1904). 1904-1917 жылдары аралығында елде мұғалім болып істеді, кейінірек болыстық управитель болып сайланды. 1917 жылы Ақпан революциясынан соң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, земстволық оқу-ағарту ісін жолға қою ісіне белсене қатысты. 1918 жылғы ақпанда Қаратөбеде өткен ІІІ Орал Қазақ облыстық сиезінің делегаты болды. 1920-1929 жылдар аралығында ауылда шаруашылықпен шұғылданды. 1929-1938 жылдары Жақсыбай орталау мектебінде жағырафия, орыс тілі және еңбекке баулу пәндерінен сабақ берді. 1937 жылғы ақпанда «діни қайраткерлер Құрманғали Қуанышқалиев, Хасан Нұрмағамбетовпен байланыс жасады» деген айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылы 15 ақпанда бұрын болыс болып, Батыс Алашорда қызметіне қатысқаны үшін Орал түрмесінде қамалды. Иманғазы әулетінен ұстаз-мұғалімдер көп шықты. Немересі Қайыржан Хасанов – белгілі өлкетанушы, журналист.

 

Шаймерден Қосшығұлұлы – 150 жыл

Алаш қозғалысының қатысушысы, дін қайраткері Шаймерден Қосшығұлұлы (1874-1932) жас шағында ауыл молдасынан хат таниды, кейін Көкшетаудағы Науан хазірет медресесінде және Бұхарада оқиды. Мұнан соң осы қалада 1886 жылы жұртшылық қаржысымен салынған, Мезгіл болысының азаматы Наурызбай (Науан хазірет) Таласұлы ұстаған мешіт жанындағы интернаттың мұғалімі болады. Бұл кезде ол ұстазымен бірігіп, Ресейдің шоқындыру саясатына ашық қарсы тұрады. 1903 жылы А. Құнанбайұлы сынды қазақтың білікті, сыйлы азаматтарына патшалық режимнің оспадар әрекеті туралы және осыған байланысты бас қосу жөнінде екі мәрте хат жазады. Осы күресі үшін имам Н. Хазірет екеуі абақтыға жабылады. 

Елге келген соң күрескер азаматты халық 1906 жылғы І Мемлекеттік Думаға депутат етіп сайлайды. Бірақ ол бұл жолы «орыс тілін білмейді» деген желеумен депутаттыққа тіркелмеген. Ресми өкімет, халықты сатып жүрген тілмаштар қайраткер туралы неше түрлі алыпқашпа сөз таратқан. Бұл шақта қайраткер Балықты көлдегі алты бөлмелі ағаштан қиып салған үйін мектепке айналдырып, орыс мұғалімін жалдап, балалардың оқу шығынын өзі көтерген. 

Дума таратылғанда қайраткер өз қаржысымен астанада татардың «Улфат» (Бірлесу) газетіне қосымша ретінде «Серке» газетін шығарады. Қазақтан кісі сайланбаған ІІІ Думаға «Жер туралы» Заң жөнінде сұрау (запрос) салады. 1907 жылы Алаш көсемі Ә.Бөкейханның тапсырмасымен Түркияға барып, үкімет, парламент басшыларымен кездеседі. Түріктің бір газеті арқылы ІІ Николайға мәлімдеме жасайды. Діндар 1917-1919 жылдары Алаш қозғалысына қатысқан. 1918 жылы Қызылжар өңірі Бәйімбет болысында Алаш комитеті құрылғанда оның төрағасы болып сайланған. Совет өкіметі оны 1931 жылы Петропавл түрмесіне жабады. Әбден қиналған, саясаттан теперіш көрген қайраткер 1932 жылы Омбы жерінде қайтыс болады.

 

Садық Өтеген – 150 жыл 

Садық Өтеген (1874-1937) – Түркістан мұғалімдер семинариясын бітірген. Ташкенттегі «Кеңес» астыртын үйірмесі басшыларының бірі. Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Сырдария облысынан депутаттыққа ұсынылған. Ташкенттегі Қазақ Ағарту институтының оқытушысы. 1918 жылы қаңтардағы Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезін ұйымдастырушылардың бірі. Қуғындалған.

 

Ахметжан Қозыбағарұлы – 145 жыл

Алаш қозғалысының қайраткері Ахметжан Қозыбағарұлы (01.05.1879-1937)  қазіргі Абай облысында туған. Семейдегі ауылшаруашылық мектеп-интернатын бітіргеннен кейін 1901-1906 жылы Омбыдағы фельдшерлік мектепте оқыған. 1906-1918 жылдар аралығында Семейдегі губерниялық ауруханада фельдшер қызметін атқарды. 1917-1919 жылдары Алаш партиясының жергілікті ұйымдарын құруға атсалысып, 1918 жылы Алаш Орданың Семей облыстық кеңесіне мүше болды. 1921-1922 жылдар аралығында Шыңғыстауда Арқат дәрігерлік бөлімшесін басқарып, өз қаржысына емхана салдырды. 1935-1937 жылдары Алматы кірпіш зауытының емханасында меңгеруші болды. 1937 жылы 25 тамызында Алматыда тұтқындалып, Семей абақтысына жабылып, ату жазасына кесілді.

 

Мұхамеджан Тынышбайұлы – 145 жыл 

Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышбайұлы (1879-1937) ауыл молдасынан хат таныған соң, 1890 жылы Верный ерлер гимназиясының даярлық сыныбына қабылданады. 10 жыл аталған гимназияда оқыған алаламайтын, білімдіні қадірлейтін гимназия директоры М.В. Вахрушевтің Жетісу губернаторына дәлелдеп жүріп стипендия бөлгізуінің арқасында М. Тынышбайұлы император І Александр атындағы Петербор темір жол транспорты институтына қабылданады. Бұл институтты 1906 жылы бітірген. 1906 жылы Ресейде тұңғыш Мемлекеттік Дума шақырылды. Атономияшылардың бірінші сиезіне қатысып, «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндама жасаған («Русский Туркестан», №1, 1906). 

Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газеті төңірегіндегілермен де араласып-хабарласып тұрады. Аталған газетте публицистің «Соғысушы патшалар әскері», «Сүңгуір қайық», «Темір жол һәм Еуропа соғысы», «Соғыс кемелері һәм мина», «Барлыбек Сыртанов», «Сәдуақас Шалымбеков» т.б. мақалалары жарық көреді. 1916 жыл оқиғасы тұсында ол «Қазақ» тобында болды. Сол Түркістан автономиясы 1917 жылы қараша айының соңында Қоқан қаласында жарияланғанда, қайраткер осы автономия үкіметінің төрағасы (премьер-министр) болып сайланды. Алайда Қоқанда құрылған Түркістан автономиясы бірер ай ғана өмір сүріп, большевиктер тарапынан аяусыз жанышталды. Алаш партиясы құрылатын Бірінші Жалпықазақ сиезіне де, Алаш автономиясы жарияланатын ІІ Жалпықазақ сиезіне де Жетісу обл. атынан қатынасты. Соңғысында ол Ұлт кеңесі (Алаш Орда) құрамына кірді. 

1925-1932 жылдар аралығында Қазақстан советтік автономиясында жаңа астананы (Қызылорда) жасақтау ісінің бас инженері, Түркістан-Сібір құрылысының жетекші маманы қызметін атқарды. 1922 жылы Ташкентте құрылған «Талап» атты мәдени-ағарту ұйымына басқарма мүшесі болып сайланады. Осы шақта ол бірнеше тарихи еңбек жазды. Оның ел алдындағы елеулі еңбегі – Түркістан-Сібір теміржол құрылысына маман ретінде қатынасуы еді. 1932 жылы сәуір айында тұтқындалып, Мәскеу-Донбасс теміржол құрылысына жұмысқа жіберілді. Бұдан қайтып елге келгенде 1937 жылы қарашада қайта тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

 

Райымжан Мәрсекұлы – 145 жыл

Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер, публицист Райымжан Мәрсекұлы (1879-ө.ж.б.) Өскемендегі уездік орыс-қазақ мектебін бітірген соң, 1897 жылы Омбыдағы классикалық гимназияны тәмамдайды. Қазан университетіне түсіп, 1899 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық университеттің заң факультетіне ауысады. Университетті 1902 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ол – қазақтан шыққан білікті заңгерлердің бірі. Оқып жүрген кезінің өзінде 1899-1900 жылдары «Дала уәлаятының газетінде» мақалалары жарық көреді. 1908 жылы Орыс география қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің мүшесі болып қабылданады. 1912-1916 жлдары «Айқап» журналы, «Қазақ» газетінде жарық көрген мақалаларында патша үкіметінің отаршылдық саясаты сынға алынады. «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларында ұлттық әдебиеттанудың тың да өзекті мәселелерін көтереді. 

1917 жылы Семейде қазақ комитеті құрылғанда төрағасы болып сайланды. Сонымен бірге Уақытша үкіметтің обл. атқару комитетіне мүше болады. 1917 жылғы 27 сәуір 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ сиезін ұйымдастыруға мұрындық болған әрі жетекшілік еткен азаматтардың бірі ретінде тарих бетіне жазылды. Жауапты қызметтерде жүріп қазақ қоғамында жаңаша сот қағидасын қалыптастыру, соттар ұйымдастыру, Алаш әскерін жасақтау, жер дауын шешу, елді азық-түлікпен қамту, қазақ жастарын оқыту ісін жүйелі жолға қою сияқты ұлттың көкейтесті мәселелерінде қайраткерлігімен танылады. 

1918-1919 жылдары Семейде Алаш әскері жасақталғанда елдік маңызы зор істің көшбасынан табылады. Алашорда атынан А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, С. Аманжоловпен бірге Қытайдың Шәуешектегі Ресей консулдығы арқылы қызылдарға қарсы күрес жүргізу үшін Қытай үкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізуге қатысады. 

1922 жылы Қытайға қашып өтеді. Жат елдегі тағдыры туралы дерек аз. Қашан, қайда қайтыс болғаны толық мәлім емес. 

 

Мекайыл Абайұлы – 140 жыл 

Мекайыл Абайұлы (1884-1931) – Алаш қозғалысына қатысушы. Абайдың Әйгерімнен туған баласы, ел-жұрт «Мекеш» деп атаған. Жас кезінде мұсылманша, орысша сауат ашқан. 1917 жылы патша өкіметі құлағаннан кейін Алаш партиясы жетекшілерінің ықпалымен жастардың «Талап» атты мәдени-ағарту ұйымын құрып, төрағасы болды. Осы ұйым арқылы Бүкілресейлік Құрылтай жиылысына сайлау науқанында Алаш партиясын қолдау үшін халық арасында үгіт-насихат жүргізді. Семейде «Абай» журналын шығаруға қаржылай демеушілік жасады. Елде совет өкіметі түпкілікті орнағаннан кейін қуғын-сүргінге ұшырап, 1931 жылы тобықты руының 70 адамымен бірге атылды. 

 

Дәулеткерей Шекмағамбетұлы – 140 жыл

Дәулеткерей Шекмағамбетұлы (1884) – Ақтөбедегі екіжылдық орыс-қазақ училищесін бітірген. Өңірлерде қазақ комитетінің болыстық сайлаулары өткізілгенде Қобдада болыстық комитеттің төрағасы болып сайланған. Ұжымдастыру кезінде қуғынға ұшыраған.

 

Дүйсебайұлы Төлембай – 140 жыл

Төлембай Дүйсебайұлы (1884-1937) – Алаш қозғалысының қайраткері. 1894-1902 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, бес сыныптық білім алған. 1917 жылы Жетісу облыстық басқармасында аудармашы. 1918 жылы 10-30 тамызда Лепсіде өткен Жетісу облысы қазақтарының Екінші сиезіне қатысады. Алашорданың Жетісу бөлімшесінің мүшесі болып қабылданады. Азамат соғысы кезінде Үржар, Қапал өңірлерінде Алаш әскерін жасақтауға қатысады. Қапал уездік кеңесінің мүшесі ретінде соғыс зардабын шеккен қазақтарға көмектесетін комитеттің жұмысына белсене араласады. 1919 ж. Батыс Сібір үкіметі тарапынан «большевиктермен байланыста болды» деген жаламен тұтқынға алынды. 1919 жылы 16 сәуірде ұлт қайраткері М. Тынышбайұлының адмирал Колчакқа жазған хатынан кейін түрмеден босатылады. Алашорда қайраткерлеріне кешірім жарияланған соң үкімет жұмысына араласады. Алматы қалалық су шаруашылық саласында жұмыс істеген. Тоталитарлық жүйе құрбаны.

 

Сейілбек Жанайдарұлы – 140 жыл

Алаш қозғалысының қайраткері Сейілбек Жанайдарұлы (1884-1929) 1913 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Университетті аяқтаған соң Ресейдің Витебск губерниясында қаржы саласының тексерушісі қызметін атқарады. 1916 жылы елге оралып, Атбасар қаласында салық инспекторы болып қызмет атқарады. Майдан жұмысына алынған қазақ жасақтарына көмек көрсету ісіне араласады. Алаш қайраткерлерімен мұраттас болып, І Жалпықазақ сиезіне Ақмола облысынан делегат болып сайланады. 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Жалпықазақ сиезіне қатысады. Сол жолы Алашорда үкіметіне мүше болып қабылданады. 1918 жылы Ә. Бөкейханның жарлығымен Ақмола облысының соты болып тағайындалады. Қазақ автономиялық республикасы құрылған соң Орынбордағы республикалық Қаржы халық комиссариатының алқа мүшесі, Халық комиссарының орынбасары, Халық комиссары қызметтерін атқарады. Астана Қызылордаға көшірілгенде, Қазақстанның ауылшаруашылық банкін басқарады.

 

Мұхаметсәлім Кәшімов – 140 жыл 

Мұхаметсәлім Кәшімов(1884-1935) – ақын, журналист, Алаш қозғалысына қатысушы. Жас кезінде әкесінен, кейін молдада оқып, хат таныған. Әкесіне еріп Меккеге қажылыққа барып, «бала қажы» атанған. Ол – бірнеше тәлім-тәрбиелік еңбектердің авторы. «Әдеп» (1907), «Сабақ» (1907), «Насихат қазақия» (1908), «Ақыл кітабы» (1908), т.б. еңбектерінде қазақ балаларына оқу-білім, тәлім-тәрбие, тазалық, мәдениет мәселелері төңірегінде ақыл-кеңес, өнегелі тағлымдар ұсынады. 

«Сұлу қыз» өлеңдер жинағы, «Мұңлы Мариям» романы жарық көрген. 1911-14 жылдары «Айқап» журналында қызмет істей жүріп, ел ішінде мектеп-медреселердің жай-күйі, олардағы оқу-тәрбие істерінің барысы жайында ой қозғаса, Жетісу, қырғыз, қытай қазақтарын аралаған кезінде этнографиялық очерктер жазған. Онда елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен бірге оқу-ағарту мәселелерін де сөз етіп, тәлімдік ой пікірлерін ортаға салады. 1917-1919 жылдары Ақмола өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене қатысады. Алашорданың Көкшетау уездік комитетінің төрағасы ретінде осы уезде алашшыл идеяның таралуына айрықша еңбек сіңіреді. 

 

Сейдалы Оразалин – 140 жыл 

Батыс Алашорданың Ақтөбе уезіндегі өкілі, «Қазақ» газетінің батыс өңірдегі тілшісі Сейдалы Оразаұлы (1884-1936) алғаш мұсылманша оқып, 1894 жылы Орынбордағы екі класстық орысша мектепті бітірген. 1904 жылы Қазан университетінің тарих-филология факультетіне оқуға түседі. 1907 жылы студенттердің жасырын ұйымдарына қатысқаны үшін оқудан шығарылады. Бұдан кейін ол он жылдай Шалқар, Торғай, Ырғыз, Қарабұтақ өңірлерінде тілмаш болады. С. Оразаұлы Бірінші жалпықазақ сиезіне Ырғыз, Қарабұтақ өңірінен делегат болып қатысқан. 1918-1919 жылдары ол Батыс Алашорданың Ақтөбе уезіндегі өкілі болып жұмыс істейді. Совет тұсында оқытушылық қызмет атқарады. 1927 жылы совет үкіметінің колхоздастыру саясатына қарсылығы үшін тұтқындалып, үш жыл Владимир қаласына жер аударылады. Мерзім біткен соң тағы үш жыл осы қалада тұрып қалады. 1933 жылы оған отбасымен Орынборға көшуге рұқсат беріледі. Алдымен Орынборда, сосын Орскіде тұрып, өкпе ауруынан 1936 жылы дүние салады.

 

Жүсіпбек Аймауытұлы – 135 жыл

Жүсіпбек Аймауытұлы (1889-1930) – Алаш қозғалысына қатысушы, жазушы, драматург, аудармашы, публицист. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Алаш қозғалысы жаңа қарқын алып, Семей қаласында да қазақ комитеті құрылады. Семей облысы қазақ комитетіне Ж. Аймауытұлы 1917 жылы көктемінде мүшелікке кандидат болып қабылданады. 

Алаш идеяларының ықпалымен М.Әуезов екеуі 1918 ж. алашшыл бағыттағы «Абай» журналын ашады. Журналда оның ұлтшылдық бағыттағы публицистикалық шығармалары жарияланып тұрды. Жазушының «Қартқожа», «Ақбілек» романдарында «Мансапқорлар», «Ел қорғаны, «Шернияз», «Қанапия-Шәрбану» атты драмаларында ХХ ғ. алғашқы ширегіндегі қазақ даласындағы оқиғалар шыншылдықпен бейнеленіп, автор осы және басқа да көркем туындыларында төңкерістік кезеңдегі ұлт тағдырын шеберлікпен суреттеді. Оның 1920 жылғы әңгімелерінде және сын мақалаларында кеңестік дәуірдің саясатын қабылдамау ерекше байқалады. Әсіресе, «Елес» әңгімесінде және «Әдебиет әңгімелері» атты сын мақаласында осыны аңғарамыз. 1930 жылы «Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар» деген жаламен абақтыға қамалып, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылған.

 

Бақтығали Бейсен – 135 жыл 

Батыс Алаш-Орда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Бақтығали Бейсен (1889-1938) әуелгіде болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық Романов орыс-қазақ училищесін, осы училище жанындағы жоғары оқу орнына даярлайтын қосымша класс бітірді. 1902-1910 жылдары Орал реальдық әскер училищесінде оқыды. Училище оқушылары Ғұмар Есенғұлов, Иса Қашқынбаев, Ықылас Шұғыловтармен бірге Бірінші орыс революциясы тұсында «Фикер» газеті маңына ұйысқан Қазақ кадеттер партиясына ниеттес болды, осы үшін жандарм бақылауына ілікті. 1910 жылы тамызда Саратов университеті медицина факультетінің І курсына қабылданды. 

Б. Бейсенов Батыс Алаш Орда таратылған 1920 жылдардан бастап Орал облысындағы Калмыков уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1924 жылы Жымпиты уезіндегі Байғұтты ауруханасының меңгерушісі, Жымпиты уездік ауруханасында дәрігер. 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясы үштігінің қаулысымен Орал қаласында атылды. 1958 жылы 14 маусымда Орал облыстық соты қаулысымен ақталды.

 

Бижанғали Жанқадам – 135 жыл

Бижанғали Жанқадам (1889-2.ХІІ.1937) – Батыс Алаш-Орда қайраткері, қазақ халқының алғашқы жоғары білімді мал дәрігерлерінің бірі. 

Әкесі Әбілқас орта шаруалы адам болған. Ж. болыстық орыс-қазақ училищесін, Орал реальдық әскер училищесін бітірген (1906-1912 жылдары шамасы). 1912-1917 жылдар аралығында Қазан ветеринарлық институтында оқып, оны мал дәрігері маманы деген дипломмен тәмамдады. 

Б. Жанқадам 1916 жылы қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенттерінің қатарында майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй-ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетіне хат жазды. 

1917 жылы наурыз айында Ә. Бөкейханның шақыруымен қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп, жігіттерді елге жеткізу ісін ұйымдастырды. 1917 жылы күзде ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына Жәленовпен баламалы негізде шарға (сайлау) түсіп, басым дауыспен төраға болды. Ол Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп, оның демократтық негізде жұмыс істеп, халық шаруашылығы міндеттерін толықтай атқаруына күш жұмсады. М. Шоқай, Х. Досмұхамедұлы, И. Қашқынбай, Б. Қаратаевтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, Алашорданың үкімет ретінде танылуына зор үлес қосты. 1937 жылы сәуірдің 10-ында «белсенді алашордашы, халық жауы» ретінде тұтқындалды.  Жауап алу кезінде Ж. Досмұхамедұлын құрметтейтінін, А. Байтұрсынұлының, М. Жұмабайдың талантына бас иетінін тайсалмай айтып, Батыс Алашорда құрамында болғанын жасырмағаны үшін 1937 жылғы желтоқсанның 2-нде атылды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты коллегиясының 1992 жылғы қыркүйектің 16-дағы ұйғарымымен ақталды.

 

Есенғали Қасаболатұлы – 135 жыл 

Батыс Алаш-Орда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Есенғали Қасаболатұлы 1901 жылы Калмыков кентіндегі орыс-қазақ мектебін бітірді. Содан кейін Орал реальдық әскер училищесін (1909 ж.), училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге әзірлейтін бір жылдық курсты тәмамдады. Сол жылы Саратов университетінің медицина факультетіне қабылданды. Студент кезінде мерзімді басылымдар бетінде бірнеше мақаласымен көрінді. Тырнақалды «Қазақ жастарына» деген мақаласында («Қазақ», 1913, 1 наурыз) жастарды ел игілігі үшін еңбек етуге, өнер-білім игеруге шақырды. 

1917 жылғы шілдедегі І Жалпықазақ сиезінде Ә. Бөкейхан бастаған сиез бюросы Құрылтай жиналысына депутаттыққа қосымша атаған 43 кандидаттың тізіміне енді. 

1936-1937 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссариатында экономикалық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, «Главнефть» тресі өлкелік конторы басқарушысының екінші орынбасары. «Нефтьторг» қоғамының Қазақстандағы уәкілетті өкілінің орынбасары болып жүріп, 1937 жылғы 29 тамызда Алматы қаласында ІІХК органдары тарапынан тұтқындалды. «Мемлекеттік қылмыс жасады» деген айыппен 1938 жылғы 26 ақпанда атылды. ССРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының 1957 жылы 7 желтоқсандағы ұйғарымымен ақталды. 

 

Кәрім Жәленұлы – 135 жыл 

Кәрім Жәленұлы (1889-26.02.1938) – Батыс Алаш-Орда қайраткері, қазақтың алғашқы ауылшаруашылық мамандарының бірі. Үш жылдық орыс-қазақ мектебін, екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. Орал реальдық әскер училищесінің түлегі. 1917 жылдардағы  Орынборда өткен Торғай және Орал облысы қазақтары сиезінің делегаты, Мәскеуде өткен Бүкілресейлік Мұсылмандар сиезіне қатысты.

1918 жылдың бас кезінде өткен Орал большевиктері сиезінен кейін большевиктер іс-әрекетінің жүгенсіз, анархияшыл сипатын әшкерелеп, оларға жақтас болғандар революциялық заң жолымен қатаң жазаланатыны жөнінде облатком бұйрығын шығарды. Оралда оқитын қазақ жастарының мәдени-ағарту, өзара көмек көрсету бағытындағы «Ақ ниет» ұйымының құрылтай жиналысына қатысып, ұйымға қолдау көрсетті. 

«Талап» қазақ мәдениетін көркейтушілер қауымын құрысты. Өмірінің Ташкент кезеңінде Кәрім Жәленұлының қаламнан «Химия өзгерістері», «Қазақ-қырғыз мектептері» («Сана», 1923, №1), «Емшек баласын асыраудың һәм тәрбиелеудің реті», «Өсімдіктердің түзілісі» («Шолпан», 1923, №4-5; «Шолпан», 1923, №6-8) мақалалары туды. 

1929 жылы 8 қаңтарда БМСБ Гурьев округтік бөлімшесі тарапынан тұтқындалды. 1930 жылы сәуірде 5 жылға Воронежге жер аударылды. Жазаны өтеп келгеннен кейін 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылды. 1988 жылы қарашада ақталған.  

 

Жанұзақ Жәнібек – 135 жыл

Алаш қозғалысының қайраткері Жанұзақ Жәнібек (1889-1937) 1905-1911 жылдары Петропавлдағы мектеп пен медреседе оқыған. Шығармашылықпен ерте айналысады. 1908 жылы Қазанның «Шәраф» баспасынан «Айна» атты ағартушылық өлең жинағын шығарады. 1912 жылы Петропавл типографиясына қызметке тұрады. 1913 жылы Орынборға келіп, «Қазақ» газетіне корректор болып жұмысқа орналасады. 1915 жылы Н. Күзембайұлымен бірігіп Орынбордан «Құран құралы» атты еңбек жариялайды. Қаламы төселіп, білікті журналист дәрежесіне көтеріледі. 

1917 жылғы 14 желтоқсанда Орынборда Алаш партиясының Торғай облыстық комитеті ашылғанда (төраға Ә.Бөкейхан), соның қазынашысы болып сайланады. 1918 жылы «Қазақ» газетінің соңғы сандарының редакторы болады. Шебер көсемсөзші ретінде халықтың рухын көтеретін, көзін ашатын мақалалар жазады. «Сыртқы хабарлар», «Алаш құрбандары», «Ғұсманлы түріктері», «Кәріс мұсылмандары», «Қара жүз қажы яки Қорғанский», «Тыңшылар», «Құран құралы», «Талапкер қазақ қызы», «Бағбастан ханым мектебі», «Түрік тілінің ірі ғалымы В.В. Радлов», «Аттан, Алаш азаматы!» т.б. мақалаларында қазақтың саяси дәрежесіне қозғау салатын ой айтады. 

Репрессия басталғанда «Каззолото» тресіндегі жұмысынан алынады. 1937 жылы 28 шілдеде ұсталып, 13 қыркүйекте атылады. 

 

Асылбек Сейіт – 130 жыл

Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі Асылбек Жаманұлы Сейіт (1894-1937) Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесі аудармашысының отбасында өскен. Ол алдымен орыс мектебінде, содан соң Омбының классикалық ерлер гимназиясында оқыды. 1911 жылы Омбы гимназиясын бітіріп, Том мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. Павлодар облысындағы Баянауыл бекетінде дәрігер болып жұмыс істеді. Халық арасында жиі кездесетін сүзек, безгек, тырысқақ ауруларына қарсы медициналық көмек ісін ұйымдастырды. Сондай-ақ қоғамдық саяси өмірге араласып, алдыңғы қатарлы зиялы қауымның қатарынан көрінді. 

1917 жылғы сәуірдің соңы мамырдың басында өткен Ақмола облыстық Қазақ сиезінде алдымен хатшылыққа, сиез соңында төрағаның орынбасарлығына сайланған. Ал, 1917 жылы Орынборда өткен бірінші жалпықазақ сиезіне қатысып, онда ол төралқа құрамында М. Дулатұлымен бірге хатшылыққа ұсынылады. 

Асылбек Сейіт Алашорданың Ақмола облыстық комитеті басшыларының бірі бола отырып, ұлт-азаттық қозғалысына үлкен үлес қосты. 1921 жылы Орынборда өткен Қазақстан дәрігерлерінің сиезіне, 1922 жылы Қазақ АССР-і кеңестерінің сиезіне делегат болып қатысты. Ол Баянауылда бас дәрігер қызметін атқарған. 1922 жылдан бастап 15 жыл бойы Семей қаласындағы губерниялық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. 1937 жылғы 1 желтоқсанда ұсталып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Оның туған бауырлары Мұсылманбек және Мұратбек те «Алаш» партиясының мүшелері ретінде репрессияға ұшырады.

 

Иса Тоқтыбайұлы – 130 жыл

Қоғам қайраткері, білім саласының ұйымдастырушысы Иса Тоқтыбайұлы (15.2.1894-1967) – Перовскідегі орыс-қазақ мектебінде, бастауыш орыс училищесінде оқып, Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Ақпан төңкерісінен кейін ұлт-азаттық қозғалысының жұмыстарына атсалысқан. Ол Түркістан аймағы қазақ-қырғыздарының жалпы жиылысына Жетісу облысы Пішпек уезінен қатысқан. 1922-1925 жылдары «Шолпан» журналының, «Ақ жол» газетінің редакторы, Ақтөбедегі жер басқармасының бастығы, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Орынбордағы педагогикалық институттың директоры және жұмысшы факультетінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 

Иса Тоқтыбайұлы – қуғын-сүргін азабын көп тартқан тұлға. Алғашында 1933-1936 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеде отырды. 1938-1947 жылдары екінші рет қамауға алынып, Коми АССР-інде түрмеде отырды. 1947 жылы түрмеден босап, Тереңөзекке оралады. 1949-1957 жылдары үшінші рет ұсталып, Красноярск өлкесіне жер аударылды. 1957 жылы ақталып, елге қайтты. 1958-1964 жылы Қызылорда қаласындағы облыстық өлкетану музейін ұйымдастырушы әрі директоры болды. 1967 жылы қайтыс болды. 

 

Сәбит Дөнентайұлы – 130 жыл 

Қазақ әдебиеті тарихынан ақын ретінде белгілі Сәбит Дөнентаев (1894-25.5.1933) – Алаш қозғалысының қатысушысы. Алғашқы білімді мұсылманша сауатты әкесінен алады. 1907-1908 жылдары Маралдыдағы болыстық медреседе Нұрғали молдадан жәдитше оқиды. 1910-1911 жылы Павлодарға жақын жердегі Мұхамедсадық медресесінде білім алады. 1912 жылы Павлодар қаласының жанындағы Қасым қажы Ертісбаев медресесінде білімін ұштайды. «Айқап», «Қазақта» мақалалары жарияланды. «Уақ-түйек» жинағы халықты ояту, ел азаттығы тақырыптарын жырлаумен маңызды. 

1913-1916 жылдары Павлодар уезінің Ұрық болысы мектебінде сабақ береді. 1916 ж. Екібастұз өндірісіне келіп, қара жұмыс істейді. Қазан айында майданның қара жұмысына алынады. 1917 жылы Латвияның Рига қаласында құрылыста бір жылдай жұмыс істейді. Осы ж. Семейдегі мұғалімдік курста оқиды. 1917 ж. Ақпан төңкерісін отарлық езгіден құтылып, азаттыққа жеткен күні деп біледі. Алаш қайраткерлерінің автономия алу жолындағы саясатын қолдайды. «Адаспаспыз», «Сарыарқа анамызға» өлеңдерінде қазақ баласын тәуелсіздікке адастырмай жеткізетін Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекет құрудағы тарихи ерен еңбектерін жырлайды. «Бар шолпаның «Алаш» қазақ ортаңда!» деп бағалайды. 

Алаштың азаттығы мен теңдігі жолында жанын берген жау жүрек ер Қ.Нұрмұхамедұлының тау тұлғасын, азамат ердің баласынан айырылған жұрттың мұңы мен қайғысын ұлттық сана биігінде жоқтауға құралған ұлтшылдық сипаттағы «Тұңғыш құрбан» мақаласын («Сарыарқа». 1918.18.3.№34), «Алаштың алғашқы құрбанына» («Абай».1918.20.3.№3) өлеңі жазды. 1917-1918 жылы «Абай» журналының, «Сарыарқа» газетінің жұмыстарына араласады. 1920-1922 жылдары Қ.Сәтбаевпен бірге Баянауылда халық соты. 1922 жылы Семей губерниялық «Қазақ тілі» газеті редакциясы шақыруымен Семей қаласына барады. Газет жұмысы жандануына Ж. Аймауытұлы, Ш. Тоқжігітұлы, М. Тұрғанбайұлы қатарында үлес қосады. 1931 жылы Семейге қайта келіп «Қазақ тілі» – «Жаңа ауыл» газетінде қызмет атқарады.

 

Сұлтанбек Қожанұлы – 130 жыл

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы (1894-1938)  Түркістандағы орыс-түзем мектебін, үш сыныптық қалалық училищені бітірген. 1913-1917 жылдары Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында оқыды. Осы кезден саясат істеріне араласып, «Кеңес» атты жасырын ұйымның мүшесі болады. 1920-1924 жылдары Түркістан компартиясы ОК мүшесі, Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Түркістан республикасының ішкі істер халық комиссары, Халық ағарту халық комиссары, «Ақжол» газетінің редакторы болады. Елшіл газеттің бағыты 1925 жылы И.Сталиннің тікелей тапсырмасымен мұқият тексеріліп, ол 1926 жылы жабылды. 1921 жылы советтердің бүкілресейлік ІХ сиезінің бір үзілісінде В.И. Ленин С. Қожанұлын төралқаға шақырып, біршама әңгімелескен. Ұлт күрескерінің И.Сталинмен пікірталасы әлі күнге аңыз болып айтылады. Ол қиын ж. Алаш азаматтарына да көп көмектесті.  Қайраткер 1937 жылғы 16 шілдеде ұсталып, 1938 жылы 8 ақпанда атылды.

 

Телжан Шонанұлы – 130 жыл

Көрнекті Алаш қайраткері, тіл білімі саласын ұйымдастырушы, ғалым Телжан Шонанұлы (1894-27.02.1938) – Ырғыздағы орыс-қырғыз училищесінде оқып, 1912 жылы Орынбордағы Мұғалімдер институтына түседі. 1916 жылы мұғалім болып шыққан ол 1920 жылдарға дейін Тоқырауын болысындағы 3 ай ұстаздық етеді. Қайраткердің елеулі еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті ел көзіне ерте ілініп, 1917 жылғы І Жалпықазақ сиезіне де, ІІ Жалпықазақ сиезіне де шақырылады. Соңғысында Алашорданың Білім комиссиясының комиссия мүшесі болып сайланады. 

1920 жылы ол Семей губерниялық төңкерістік комитетінің шет ұлттар бөліміне аудармашы болып шақырылады. 

Қазақ автономиялық республикасы құрылғанда, ол Халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың маманы ретінде ғылыми жұмысқа тартылады. Білім мен ғылым жүйесінде әр түрлі қызметтер атқарды.

Оның «Сауаттан», «Жаңалық», «Тіл дамыту», «Оқу құралы», «Қазақ тілі», «Жаңа арна», «Бастауыш мектептеріндегі қазақ тілінің әдістемесі», «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы», «Орыстар үшін қазақша әліппе», «Қазақ тілінің оқу құралы», «Учебник казахского языка для взрослых» т.б. еңбектері халқымыздың сауатты болуына, дүниені тануына көп ықпал етті. 

Емле, әліпби, терминология жүйесі бойынша жариялаған жұмыстары сол кезде одақ көлемінде түріктанушылар тарапынан лайықты бағасын алды. Қайраткер әдебиет мәселесін де зерделеп отырды. «Абай кітабын бастыру керек», «А.Б.Байтұрсынов», «Сәкеннің тілі туралы», «Бейімбет», «От басында» атты мақалаларында руханияттың өзекті қырларын сөз етті. 

Қайраткердің саяси-тарихи білік дәрежесін көрсететін іргелі еңбегі – 1926 жылы жарық көрген «Қазақ жері мәселесінің тарихы» атты зерттеуі. Ол 20 жылдардағы саясат теперішін аз көрмеді. Ақыры 1937 жылғы 21 шілдеде ұсталып, 1938 жылғы 27 ақпанда атылды. Қайраткердің жары ғалым Шаһзада да сол шақта өлімге кесілді.

 

Тұрсын Жарқынбай – 130 жыл 

Тұрсын Жарқынбай (1894-1950) Бақтыда орыс-қазақ мектебінде оқыған. Семейде құрылған Алаш полкінде офицер, Анненковтың штабында хатшы болған. Советтік дәуірде әртүрлі қызметтер атқарған. 1928 жылдан бастап қудалауға түседі. Содан Қытайға қоныс аударады. Қ.Жұмаділовтың «Соңғы көш» романындағы Тұрсын Жаңабаевтың прототипі – осы Т. Жарқынбай.

 

Бернияз Күлеев – 125 жыл 

Бернияз Күлеев (1899-1923) – белгілі ақын. Оның шығармашылық бағыты ХХ ғ. басында Мағжан қалыптастырған романтикалық поэзия дәстүрінде болды. 1920-1923 жылдары Қазан қаласында тұрып, сол кездегі Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатының кітаптарды бастырушы өкілі ретінде қызмет атқарды. Қазанда жүргенде ол  Абайдың, М.Жұмабаевтың тағы да басқа ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруда белсенділік танытты. Оның алғашқы өлеңдері 1914 жылдан бастап белгілі. Лирикалық өлеңдері, лиро-эпикалық поэмалары кейіпкердің ішкі әлеміне құрылып, оның әртүрлі қырларын бейнелейді. Ақынның «Жердің жүзі жаз еді» (1919), «Қайда екен?» (1922), «Жорық» (1922) атты поэмалары бар. Бернияздың Алаш қозғалысына арналған «1917 ж.», «Ел ерлеріне», «Алға» шығармаларында осы қозғалысты туған халқының тәуелсіздікке жеткізеріне сенім білдіріп, азаттық идеясы ерекше леппен жырланады. 

Бернияз ІІ Жалпықазақ сиезіне қатысқан. Оның осындай ірі оқиғаға куә болуы – болашақтағы азаматтық ұстанымын, саяси көзқарастарын қалыптастырды. Ол өз кезегінде ақынның шығармашылық әлеміне шешуші мәнде ықпал етті деуге болады.

 

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – 125 жыл

Көрнекті қоғам және ғылым қайраткері, Алаш Орда Семей облысы комитетінің мүшесі Қаныш Сәтбаевтың (1899-1964) азан шақырып қойған аты – Ғабдулғани. Ауыл молдасынан мұсылманша хат таныған ол Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Том технология институтының тау-кен факультетінде білімін көтерген. Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов сынды көрнекті тұлғалармен қатар оқыған. Абайдың рухани мұрагерлерімен, оның ішінде Шәкәрім қажымен, елге әйгілі Мәшһүр Жүсіппен тығыз байланыста болған. Ағасы Әбікей, басқа да сыйлас-пікірлес аға буыны Алаш қозғалысының жуан ортасында жүрді.

1924 жылдың 12-17 маусым күндері Орынборда Қазақ Білімпаздарының тұңғыш сиезі өтті. А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы т.б. ұйытқы болған осы жиында оқулық жазу мен ғылымды қалыптастыру мәселесі нақты қарастырылды. А.Байтұрсынұлының қолдауымен «Алгебра» атты оқулық жазып шықты. 1927 жылы Том технологиялық институтының түлегі, тау-кен инженері Қаныш Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан «Ер Едіге» атты жинақ шығарады. 

Саяси теперіш пен сынға қарамай аса ауыр 1920-1950 жылдары Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спас аудандарының, Қарағанды мен Қаратаудың жер асты байлығы, соның ішінде полиметалл кені туралы маңызды ғылыми еңбектер жариялады. Атасу темір-марганец кенін игерудің ғылыми негіздемесін жасады. Фашизмге қарсы соғыста Жезді марганец кені барлап, танк бронына қажетті марганецті тауып, іске қосты. 

1964 жылы Мәскеуде қаза болды.  

 

Ысқақ Кемпірбайұлы – 125 жыл

Ысқақ Кемпірбайұлы(1899-1931) – Алаш қозғалысының қайраткері. Қазіргі Абай облысы Жаңасемей ауданындағы 1931 жылғы қазақтар көтерілісінің басшысы. 

1918 жылы Семейдегі Алаш әскери жасағына өз еркімен жазылып, қатардағы жауынгер ретінде қызмет еткен. Совет өкіметі жылдары Ысқақ Абыралы аудандық дайындау мекемесінің 2, 4 ауылдарындағы агент қызметін атқарды. Шаруа қожалықтарын жаппай ұжымдастыру кезеңіндегі зорлық-зомбылыққа үнемі наразылық білдіріп отырды. 

Елдің бар малы тәркіленіп, халық ашаршылыққа душар болғанда өкіметтің Абыралы ауданына түсірген ет тапсыру жоспарына наразы болған аудан шаруалары жаппай толқып, оның арты 1931 жылғы ақпанда көтеріліске ұласады. Абыралы ауданының Томар, Аққора (қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. «Еңбек», «Прогресс» а.), Жорға, т.б. жерлерінде 300-ден астам қазақ бірігіп, үкіметке бағынбай көтеріліске шығады. Көтеріліс басшысы Ы. Кемпірбайұлын үкімет алдына зорлық-зомбылықты тоқтату, елден тартып алынған малды қайтару, етке тапсырылған мал өтемақысын төлеу талаптарын қояды. 

1931 жылғы 15 ақпанда көтерілісті басуға келген аудандық ОГПУ бастығы А. Жамалетдинов, оның орынбасары А. Каигородцев пен аудандағы өзге де басшы қызметкерлерден тұратын 20 адамдық қарулы отрядты көтерілісшілер қоршап алып, ұзақ атыстан соң бәрін қолға түсіреді. 1931 жылғы қарашада көтеріліс басшысы Ы. Кемпірбайұлын серіктестерімен бірге ОГПУ үштігінің үкімі бойынша Семей түрмесінде атып өлтірді. 

 

Әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН