Батырлар заманы: Сәмеке хан мен Балта батырдың тарихи мұрасы
Бөлісу:
06.03.20251301
Жоңғар-қазақ соғыстары, ойраттардың бірде өршелене, бірде саябырлай жасаған шапқыншылықтары екі ғасырға созылды. Қазақ ауыз әдебиетінде баяндалатын жәйлар көбіне шапқыншылықтың соңғы кезеңінде өткен оқиғалар мен батырларға ғана байланысты болып келеді.
Халық арасында Абылай ханның және оның төңірегіндегі билер мен батырлар туралы һәм оларға байланысты аңыздар мен оқиғалар баяндалады. Әрине, бұл біріншіден, бойына осынау қысылтаяң заманда ұтымды саясат ұстаған жауынгер билеушінің тұлғасымен байланысты десек, екіншіден, айтылған кезең халқымыздың ауыр опаттан өтіп, ұйымдасып, жоғары ұлттық сезім оянған кезеңіне келеді. Бұл Ақтабан шұбырынды алапатынан енді есін жиып, бас қосып, Бұланты, Аңырақай даласында бүкіл Орталық Азияны уысында ұстағысы келген айбарлы жауға тойтарыс беріп, бетін қайтарған жеңісті кезең болатын.
Абылай жанында ханның және қол бастаған батырларының ерлігін жырлаған, келелі кеңесін беріп, бағыт беріп отырған тұлға, ғасырдың қоңырауы, «көмекей жырау» Бұқар болды. Дала заңдары мен хан саясатын оңтайлы жүйеге түсіріп, майдан даласында ғана емес айбарлы да айлалы жаумен дипломатиялық келісім жүргізіп, әрдайым ұтымды пікір айтып отырған Қаз дауысты Қазыбектей көреген көсем де Абылайдың абыройын асырды.
Абылаймен замандас хандардың ішінде Әбілқайырдың да аты аталып біраз тарихи, әдеби белгілер қалдырса, аты көмескі айтылып, тарихта, ауыз әдебиетінде тұлғасы елеусіз қалып жұрген Сәмеке хан мен ханның үзеңгілес батырлары.
Есімдері ескерілмей, істеріне сай баға берілмей, аттары кең тарамай, көмескі қалған тұлғалар туралы мәмлет беріп тарихи олқылықтарды толтырсақ деген ниетпен Сәмеке хан мен оның үзеңгілес батырлары туралы белгілі деректерді тырнақтап жинап жариялауды жөн көрдік.
Сәмеке - қазақтың әйгілі ханы Жеті жарғыны құрастырып, билік құрған уақытты: «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман», - деп ел есінде қалған Әз-Тәукенің перзенті. Орта жүздің Арғын, Қыпшақ және Найман тайпаларының бірсыпыра белді руларына билігі жүрген хас тұлға. Қазақтың кіндігі Түркістанды жайлап, Жонғар басқыншыларына қарсылық ұйымдастырып 1730 жылы Аңырақай даласында Орта жүздің қолын бастаған жаужүрек қолбасшы. 1723 және 1726 жылдары екі дүркін кіші жүздің ханы Әбілқайырмен бірігіп, Еділ қалмақтарына жорық ұйымдастырған. Сонымен қатар 1933 жылдары қазақ ауылдарын жиі мазалап кеткен башқұртты шапқан, бірақ жорық сәтсіздікке ұшырап, өмірінің соңғы жылдарын Түркістанда өткізді. Еділ қалмақтарына соңғы жорығында, Башқұртқа жасаған шабуылда Сәмеке қолын Арғынның, Қаракесек руының батыры Балта Дауұлы бастап барғанын көп ешкім біле бермейді.
Балта батыр - шығыста жойқын жау күшіне кіріп қазақ халқының тарихында ең ауыр, ел болып қаламыз ба, әлде тарих бетінен жоғалып кетеміз бе, - деген аумалы-төкпелі заманда дүниеге келген. Тарихи деректер бойынша бұл Арғын тайпасының Сыр өңірін мекендеген кезеңі. Әкесі Дау, Көкбөрі аталған Қаракесек Керней батырдың ұлы. Керней Қаратау жотасынан бастау алып, ежелгі Түркістанға бет түзеген, ол заманда Жібек жолын кесіп өтетін қос өзен Шаян, Бөгеннің бойында дүниеге келіпті.
Керней батыр туралы Ақтамберды жырау:
Есім хан, Жәңгір тұсында,
Қан құстырды қалмаққа, - деп жырласа да, тарихи деректерде Есім ханның жақын батырларының ішінен Кернейді көре алмаймыз.
Есім - 1626 жылы Ташкентің ханы Тұрсынды шауып, қатаған қыздарын, «бикелерді» Қаракесек Шаншарға, Тобықты Әли мен Сарыға, Сүйіндік Суғаншыға таратқанда да, арасынан Кернейді көре алмаймыз. Соған қарағанда Есім тұсында Керней жастау болып, есімі де еленбеген болар деп тұспалдаймыз. Деректерде Кернеймен қатарлас, үзеңгілес батырлар ішінен Дулат Жақсығұл Шабайұлы, Қоңыратқа ұран болған Алатау Бесайдарұлы, Шектіден шыққан Тілеу Айтұлы сияқты даңқты тұлғаларды көреміз.
Кернейдің шамы Есімнің ұлы Салқам аталған Жәңгірдің кезінде жанады. Батыр қонтайшы бастаған жер қайысқан жоңғар қолына 600 сарбазбен қарсы шығып, тау шатқалының ішінде тосқауыл құрып тоқтатқан әйгілі Орбұлақ шайқасына Керней батыр қатысады. Осы сұрапылда Керней Жәңгірмен қоян қолтық соғысып, ыңғайын тауып онтайлап, Жәңгірді тұспалдап келіп қалған қалмақтың батыры Тонайдың басын шауып алады.
Бұл туралы Ақтамберді жырау:
Хан Жәңгірге қастандық
Жасаймын деп жансыз боп,
Көкбөрі Керней үлгертпей,
Басын шапты Тонайдың, - деп жырлайды. Осы сұрапылдан аман шыққан Көкбөрі Керней батырдың бұдан былай оққағары оңтайлы болып, талай қанкескі шайқастан аман шығып, 83 жасқа келіп, өскен ұрпақ таратқаны мәлім. Ұрпақтары бүгінгі күнде Арқадағы бір үлкен ата болып отыр. Кернейдің баласы Балапан, немерелері Ес, Есей және Балта батырлар ата жолын берік ұстап, қол бастап, қан майданда сұрапыл жаумен арпалыста аттары шыққан. Ес батырдың ерліктері белгілі ақын С. Мұсабековтың «Ес пен Дос» поэмасында толық баяндалған.
Ал Балта батырға келсек, оның шешесі Бабылдақ, жаугершіліктен келген, ағасы Балапан батырдың олжасы екен дейді. Жонғардың Шор тайпасының қызы болуға тиіс. Бұл ұйғарымға келу себебіміз, ертеде Қарқаралының Шорлары (Қаракесек ішінде) Кернейдің Балта, Түйтесі жиендеріміз дейді екен. Ойрат одағының ішінде Эсен бұғы, Цеван Рабдан, Қалдан Серен қонтайшылар шыққан Шор тайпасы Мұнғыл тілді басқа ойраттардан ерекше, түбі де бөлек, тілі де түркі. Әйтпесе, Қаздауысты Қазбектің қазақша айтылған шешендік сөз тіркестеріне, тоқалы сөзіне қонтайшының ұйып тоқтауы билеушінің тілі басқа болса мүмкін болмас еді.
Қонтайшымен, жоңғардың беделді ноян, зайсандарымен тіл табысқан қазақ батыр-билері қалмақ ордасында айлап-жылдап қоныстанып еркін қатынасқан. Жоңғар жұртын ата жұртындай иемденген әйгілі Басентин Малайсары батыр, Атығай Жәпек батыр, Керей Қожаберген батырлар - бұларды екі тілді меңгерген деген дерек жоқ, бірақ батырлар жоңғар нояндарымен екі жаққа да түсінікті ежелгі түркі тілінде түсініскен. Ол заманда тіл айырмашылығы шамамен қазіргі қазақ-қырғыз тілдерінің айырмашылығындай болуға тиіс.
1742 жылы Малайсары әйгілі Қалдан Сереннің ордасында жарты жыл қыстап, адамдық, мәрттік қасиетімен Қалданды тәнті қылып, 40 қазақты тұтқыннан босатып, 100 құлынды биені қонтайшыдан сиға алып қайтқан. Бір берген антына, сөзіне тастай берік батыр кейінгі жылдардағы орыс-қазақ қатынастарынан бойын бөлек ұстап, ақ патшаға ант бермей кеткен. Атығай Жәпек батыр да келесі қонатайшы Қалдан Сереннің ұлы Лама Доржымен бармақдос болған. 1952 жылы Абылай хан жонғарды шабайық дегенде Малайсары Қалданға берген, соғыспаймын деген антым бар деп тұрып алған. Ақыры Абылай қалмаққа берген ант шариғатқа симайды деп батырды көндіреді. Талай сұрапыл жеме-жемнен аман шыққан батыр осы шайқас басталмай жатып-ақ қалмақ мергенінің бірінші жебесінен мерт болады. Арын жанынан жоғары санаған сахараның сарбазы сертескен бауырларына қол көтергенше мәлкім осы тағдырды қалап алған шығар.
Малайсары мен Жәпек Қалдан Сереннің мұрагері Лама Доржыны қолдаса, Керей Қожаберген батыр Жонғардың азулы нояндары, Доржының қас жаулары Даваци мен Әмірсанамен болады. 1753 жылы Даваци басқарған Керей жауынгерлері Лама Доржының ордасына тұтқиылдан басып кіріп, қонтайшыны өлтіреді. Қаһарлы қонтайшы Сыбан Рабданның туған қызы Байтолақтың ұлы сайыпқыран Амурсана ноян Қожаберген батырды әке санап, өлгенше сыйласып өткен. 1757 жылы Цин императоры Цянлунь қадалып, Амурсананы ұстап беріңдер деп талап етіп, қазақ жеріне басып кіргенде әбден амалы таусылған Қожаберген Әмірсананы сонда да қатыгез жауға бермей, орыстың Семипалатинск бекінісіне жеткізіп салады. Бұл жерде, әрине, Қожабергеннің артында Әмірсанаға қызын беріп отырған Абылай тұрғанын ұмытпау керек те шығар.
Ғасырлар өте келе халықтың өміртанымында, түсінігінде көп нәрсе күрт өзгереді. Сондықтан көбіне өткен тарихқа бүгінгі күнгі саясат арқылы, бүгінгі күнгі көзқарас тұрғысынан жалған баға беріледі. Мысалы Олжас Сүлейменов Аз и Я кітабында бейнелегендей орыстың кейінгі тарихи әдебиетінде қыпшақтарды, хазар түркілерін құбыжық қып көрсетіліп, этностар арасында бітіспес қайшылықтар бар деген түсінік қалыптасқан. Шындығында далалықтар ежелгі Русь жұртымен саудаласып, билеушілері құдандалы болып, қоян-қолтық араласасқан. Әрине, араларында талан-тараж, қан майдан соғыс та болған. Адам табиғатының ерекшелігі солай, тарихи жазбаларда, жылнамаларда, адамдар жадында бейбіт қарым-қатынастар емес, ауыртпшылықтар мен шапқыншылықтар басымырақ сақталаған ғой.
Қазақ-жонғар ара қатынасы да осы тұрғыдан ғана сипатталады. Үстірт қарасақ көзімізге «Ақтабан шұбырынды», қырғын мен арпалыс қана көрінеді. Мұқият үңілсек, тағдыры тарихтың тәлкегімен қантөгісіп арпалысқан екі далалық көшпенді жұрттың мінез-құлқында, этнопсихологиясында ортақ дүние, айырмашылықтарына қарағанда әлдеқайда мол.
Ақ нәсілділердің американдардық үндістерге істеген қиянаттарын еске алсақ, алысқа бармай-ақ, Пушкиннің «Капитан қызындағы» орыс офицерінің өзін түршіктірген эпизод, құлағы, мұрны, тілі кесілген башқұрт көтерлісшісімен кездесуі. Тілі мен дінін, туған жерін қорғап қалам деп отаршыларға қарсы 9 рет көтерілген башқұрт жұртының отаршылдар 60 мыңын қырып, тұтқынға түскен еркектерінің мұрын, құлақтарын кесіп, итжеккенге айдап, қатындарын жазалаушыларға таратып берген. Лев Гумилев айтқандай сахарада арпалысқан екі ұлы көшпенді халықтың, жоңғар мен қазақтың арасында мұндай «өркениетті отаршыларға» тән тағылық қатыгездікті көре алмаймыз.
Әз-Тәукенің кезінде ат жалын тартып мінген Балтаның бүкіл өмірі қазақтың тарихындағы ең ауыр кезең, дарынды қолбасшылар, айлакер саясатшылар Сыбан Рабдан, содан соң Қалдан Серен билікке келіп, жоңғар мемлекетінің нағыз нығайып, қазақ жұртына жойқын шапқыншылық жасаған жылдар тұсына келеді. Тәукеден кейін қазақтың орталық мемлекеті ыдырап, бірлік болмай әлсіреген уақыты. 1698 жылы қалмақ қонтайшысы Аюкенің көмегімен Сыбан Рабдан жоңғар тағына отырған мерзімнен бастап, оның мұрагері, қаһарлы қонтайшы Қалдан Серен жалғастырып, ақыры, 1742 жылғы жасалған, қазақ-жоңғар келісеміне дейін, жоңғар басқыншылары қазақ жеріне бұрын-соңды болмаған үздіксіз жойқын шапқыншылықтар ұйымдастырып отырған. Бұл оның үстіне, батыстан ұлы Петрдің өзі мойындаған Аюке қонтайшы басқарып, Еділ қалмақтарыныңда әбден күшіне еніп, өршеленген кезі. Тарихи деректерге үңілсек, XVIII ғасырдың басында, халқымыздың басы басы қосылып жеңіске жеткен Аңырқай, Бұланты айқастарын айтпасақ, көбіне темірдей тәртіп ұстап, орталықтанып, бір билеушіге бағынған жоңғар мемлекеті жеңіске жетіп отырған.
Оның себептері де бар. Рабданға дейін де еміс-еміс шауып мазалап отырған жоңғарды үйреншікті жау көрген қазақ хан-батырлары ел шетіне жау келерде ғана қол жинап, жауды тойтарған соң, бейбіт тіршілікке қарай жиналған жасақ таратылып отырған. Ханның жанындағы төленгіттері болмаса, Қасым хан заманынан бері, бейбіт уақытта қазақта тұрақты қол болмаған. Ал, жоңғарлар болса, оқ-дәрі қаруы бар тұрақты әскер ұстаған, швед тұтқыны Ренат ұйымдастырып құйған зеңбіректері де болған.
Заманның талабына қарай жауап пайда болар дегендей, жоңғар әскери үлгісің басымшылығын жаугершілікте, батырдың отбасында туып, әрі өзі де қалмақ қызынан туған Балта ерте түсінген болуға тиіс. Батыр жау шапқанда жиналатын қолдан бөлек тұрақты әскери жасақ ұстаған, көрші Мәуреннахрдан, башғұрт-ноғай арқылы орыстан пілтелі мылтық алғызған.
Шортанбай жырау: - Балта бабаң қалмақтан жылқы қуған,
Беліне шыный белдік мықтап буған. – деп жырлайды. Жырдың мәні көп, ел шетіне жау келгенде қазақтың тайпалық принципімен жиналатын жасақтарынан ерекшелігі, Балта сарбаздары шапқыншылық саябырлап, жау өз ордасында отырғанда, жоңғар көшін іздеп барып шауып, жылқысын айдап алып, қыз-келіншегін олжалап, үздіксіз мазалап, жауды титықтарып отырған. Балта қолы айлап-жылдап ел арасынан шалғайда, көбіне хан ордасының маңайында тұрақтап, күн-көріс негізі күнделікті кәсіби шапқыншылықтан түсетін олжа мен ханнан алатын атбасынан құралған. Сондықтан болар, Тәукеден бастап, Самеке тұсында, одан кейін де қазақтың басына түскен бірде-бір сұрапыл Балтасыз өтпеген. Бір жағынан арасына жыл салмай, үздіксіз жоңғармен арпалысса, бірнеше рет Сәмекемен шалғай жатқан Еділ қалмақтарына шапқыншылық жасап, башқұрт жұртын да шабады.
Тағы да сұңғыла, мардымсыз дүниені жырына қоспайтын, әр шумағының мағанасы зор Шортанбай жырауға жүгінсек:
«Көнбейтін ешбір жанға қайран Балта,
Үй толы, ойран бұзар ұлдар туған», - деген тіркес көреміз. «Ойран» деп ежелгі қазақ жау қорғанын айтқан. Жыраудың Балта балаларын айрықша көрсетіп жырлау себебі: Балта жасағының бел омыртқасы ол кезде бірсыпыра санға жетіп қалған, атасы Керней ұрпақтарынан, оған қоса кейінірек өз кіндігінен тараған 25 ұлдан тұрған. Батыр кенже балаларының атын да білмей, санын кесемен түгендеп отырады екен деген ел арасында сөз бар. Таңданатын ештеңесі жоқ, жауынгершілікте бала емес, жауға шабар әскер керек. Сондықтан шапқыншылықтан келген қалмақ әжелеріміздің халқымыздың қырық жыл қырғында жоғалып кетпеуіне үлесі ерен болу керек. Содан болар, ел ішінде Балта тұқымын қалмақ деп те қаужалайды. Балаларынан жасақ жасақтау ежелгі түркі, қалмақ үрдісі, Мәшхүр Жүсіптің жазбаларында да Қарқаралы Бертыс ханның 17 ұлымен Ташкентке жорыққа барғанын келтіреді.
30-шы жылдардың басында Балта Сәмекенің қолымен Башқұртты шабуға барса, алты жыл өте, 1739 жылы, патша әкімшілігінің зорлығына шыдамай, көтерілген туыс халыққа шағын қолмен көмекке келеді. Ер шекіспей бекіспейді демекші басында ханмен бірге башқұртты шапса, кейін келе, түбі бір түркі, көшпенділер, аяғы құда-жекжат болып шығады. Осы жылдар арасында Балтаның ұлы - Қотыр батыр Башқұрттың Қаратабын руының қызын алып, құда болған еді.
Балта қолы Сұлтангерей есімімен хан көтерілген, Қарасақал басқарған Башқұрт көтерілісінің екі жылдай басы-аяғына шейін қатысады. Генерал-лейтенант В.А.Урусов, князь Путятин, арасында 500 Жайық казак-орыстары, үш мыңдай Еділ қалмақтары бар зеңбірекпен мұздай қаруланған бас аяғы 20 мыңдай жазалаушы тұрақты әскермен көтерлісті 1740 жылдың күзіне қарай қанға бояп басады. Қантөгісте Балтаның бес ұлы, бауыры Түйте, ағайындары Қараш пен Күшік Сарымырза ұлдары және тағы біраз сарбаздары көк мылтықтан мерт болады. Ақтөбелік өлкетанушы-тарихшы С.Куатов Башқұртстанда Балтачев, башқұртша Балтас деген елді мекен осы Балтаның атымен қойылған деген болжам айтады.
Көтеріліс басыла арасында қосылған бір орыс, түрікпен азаматтары бар Балта қолы Кіші жүздің Әлім тайпасының ішіне кіріп, Арқаға бармай, Ойыл бойында тұрақтап қалады. Себебі бұл екі арада Орта жүз Ресей бодандығына еніп, ақ патша көтеріліске қатысқан қазақтарға да іздеу жарияланған болуға тиіс. Оның үстіне оңтүстіктің тумалары жаңа қоныстана бастаған мекен Арқаны жерсінбеуі де мүмкін. Ойыл өңірін мекен қылған Балта ұрпақтары Балтас руы аталып, Әлім тайпасының Кете руының бір тармағы болып саналып келген, қазіргі уақытта Арқадағы аталастарымен шежірелерін қайта қосып отыр. Балта қолымен бірге келген орыс Степанға әйгілі Әжібай би қыз беріп Сейіт деген ат береді. Сейіт осы уақытта Ойылда бір ру ел, көбі сары шашты, аққұба, көк көз болып келеді. Өздерін қалжыңға айналдырғанда: «Сережадан тараған ұрпақтармыз», - деп айтады. Қазақ башқұртты естек деп атаған, сондықтан башқұрттан келіп Кіші жүзге сіңген Балта жауынгерлерінің ұрпақтары Әлім ішінде Бес Естек руы (Аққоян, Түрікпен, Балтас, Жаман және Сары аталары) болып аталады. Оның ішінде Балтас атасы Балтаның өз белінен туған балаларынан тарайды. Балта батыр Түркістанда Қожа Ахмет зиратына жерленген, Ойылдан Түркістанға батырдың сүйегін Сарыарқадан келіп тұңғышы Итқара батыр апарады.
Тағы бір айта кететін жайт, көтерліс басшысы жаралы Қарасақалды башқұртқа күйеу болған, Балтаның ұлы Қотыр батыр қазақ даласына алып келіп, Қаздауысты Қазыбекке жеткізеді. Әрі қарай Қазыбек би Қарасақалды құдасы Қабанбай батырдың ауылына аттандырады. Бұдан әрі қазақтың екі көреген, көсемдері Қазыбек пен Қабанбайдың күрделі айлакер саясатымен Қарасақалды Цеван Рабданның тірі қалған ұлы Шона батыр екен деп жария қылады. Содан Шона 9 жыл бойы, Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқанша, Қалдан Сереннің де, ақ патшаның да көмекейіне қадалған жебедей болып, кемеңгер дала саясатшыларының ойларын іске асырады. Бұл әрине өзі бір бөлек хикая.
Әкесі Балта мен Қазыбектің тапсырмасымен сахараны шыр айналып жүрген Қотыр батыр тағдырдың күлкісімен 1748 жылдың жазында ақ патшаның атышулы отаршысы, қанқұйлы А.И. Тевкелевті кездестіреді. Тевкелевтің жазбаларында қаракесек Қотыр батырды далада кездестіріп, Орта жүз неге Орынбор базарына келуді қойды, деп сұрадым деген ақпаратты кездестіреміз. Бұл уақыт арғынның қаракесек руының оңтүстіктен Ұлытауды асып өтіп Қарқаралы өңірін мекендей бастаған мерзімі болатын.
Қырық жыл қырғынды басынан өткізіп, еліміздің бостандығын сақтап қалуға ат салысқа даңқты батырларымыздың бірі жайлы белгілі деректерді келтіріп, тарихымыздың ақтаңдақ жерлерін толтырсақ деген ниет қылдық. Тамыры тереңде жатқан осындай деректер ескерусіз қалмай, жан-жақты зерттеліп, зерделенуі тиіс деп санаймыз.