Алаштың әзиз аналары (тізім)
05.03.2025 619

Ахмет Байтұрсынұлының «Анама хат» деген өлеңі – оның анасына деген терең құрметі мен сүйіспеншілігін білдіретін жыр. Өлеңдегі ана образы мейірімді, қамқор жан, рухани тірек, сенім мен үміттің символы, күрескерлік рухты дарытушы өмірлік ұстаз ретінде ерекше сипатталады. Біздің ойымызша, бұл тек Ахаңның өз анасына ғана емес, өзі арқылы күрес жолына түскен, түрме табалдырығын аттаған, сол бір бітіспес майдан жолында біріккен барша Алаш қайраткерінің әзиз аналарына арнаған жыры деп танимыз.


Нысанға алынған жыр жолдары ананың мейірімін, рухани күшін және балаға беретін тәрбиесін асқақтатады. Бұл өлеңде ана қамқоршы, тілеуқор, рухани күш беруші ретінде көрінеді. Ахметтің өмір жолын ескерсек, оның ұлт үшін күрескерлік рухының қалыптасуына әкесінің ықпалы қандай болса, кейіннен анасының да әсері мол болғанын байқаймыз. 

Ақын анасын тек тәрбиеші ғана емес, баласының рухани қорғаны ретінде сипаттайды. Анасының дұғасы баласының амандығы үшін ерекше маңызға ие. Ахмет өмірінің қиын кезеңдерінде анасының тілеуін, оның жанашырлығын есіне алып, сағынышын білдіреді. Мұндай кеп барлық алаш тұлғасының басынан да өтті деп есептейміз.

Ахмет Байтұрсынұлының бұл өлеңінде ана – мейірімді, қамқор, дұғагөй, ақ тілеулі жан ретінде бейнеленеді. Ол анасының қасірет шеккеніне уайымдайды, алыста болғандықтан оны көруге асығады. Өлеңде сағыныш, анаға деген сүйіспеншілік және ана махаббатының мәңгілік құндылығы ерекше әсерлі сомдалған. Бұл жолдар Ахметтің анасына ғана емес, барша қазақ аналарына арналған сағынышқа толы арнау іспетті дейтініміз сондықтан.

«Бара алмай, өтірікші болып әбден, 

Семейдің түрмесінде отыр балаң. 

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ, 

Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!» дейді автор.

Өлеңнің осы шумағындағы ана образы баласының ауыр тағдырына алаңдайтын, әділетсіздікке қарсы қайғырып, қолынан ештеңе келмейтін бейбақ ана ретінде сомдалады. Бұл өлең жолдары Алаш қайраткерлерінің қуғын-сүргінге ұшыраған кезіндегі аналардың жанайқайын айқын бейнелейді. Ананың баласына жете алмай, шарасыз күйге түскенін білдіру арқылы ана жүрегіндегі қамығу, баласының көріп отырған азабына жаны ауыруы анық сезіледі. Өзін-өзі «өтірікші» деу – сол замандағы саясаттың әділетсіздігіне меңзеу, анаға баласын «қылмыскер» етіп көрсетіп, айыптаған биліктің озбырлығын аңғартады. Баласының қамауда екенін нақтылай түсетін «Семейдің түрмесінде отыр балаң» жолы анасының жанын күйзелтсе де айтылуы керек бір шындық. Өзінің кінәсіз екенін айтып, оны әділетсіз айыптаған өкіметке наразылығын білдіреді: «Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ». Ана баласының шын мәнінде ұрлықшы немесе кісі өлтіруші еместігін біледі, бірақ оны қорғай алмайды. Себебі бұл – заманның зұлымдығы, әділетсіздіктің кесірінен бейкүнә жандардың азап шегуін ашып көрсететін жолдар. Осылайша билікке деген ашу-ызасы, заңсыздыққа деген ішкі қарсылығы көрінеді де, ар қарай қайғырып, құр қарап отырудың еш мәні жоғына көзі жете түседі. Ол қайғырып қана қоймайды, әділетсіздікке қарсы сұрақ қояды. Бұл – расында да қазақ даласындағы көп аналардың зары, құқығы тапталған, қуғын-сүргін құрбаны болған ұлдары үшін қайғырып, көз жасын көл еткен барша ананың үні. Тек Ахметтің ғана емес, қуғындалған Алаш қайраткерлерінің барлық аналарының жүрек зарын бейнелейді дейтініміз осы. 

Өлең шешімі түйінінде жатыр. Ахмет тағдырдың қаталдығына қарсы ішкі беріктігі, төзімділігі және ұлты үшін күрескен рухы анық байқалады. Өлеңдегі ана образы мен ақынның өз болмысы тағдырдың әділетсіздігіне қарсы төзімділік танытады. Ол ендігі кезекте өзін құрбан сезінбейді, керісінше, тағдырдың қаталдығына қарсы күресуге дайын қайраткер екенін көрсетеді. Бұл сөздері анасын жұбатуға, өз жақтастарына рух беруге, өзі секілді қуғындалған азаматтарға қайсарлық танытуға шақыру ретінде оқылады.

Сол себепті А.Байтұрсынұлының осы өлеңін әдебиеттанушы ғалым, академик Р.Нұрғали: «Анама хат», «Жауға түскен жан сөзі» – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар» деп бағалайды.

Ақын өлеңінен кейін біз тізім түзіп, ол тізімде Алаш қайраткерлерінің аналары жайлы аса құнды мәліметтерді жинақтап бердік. Мұндағы әрбір ана – өз перзентінің ұлт үшін қызмет етуіне ықпал еткен, оларды рухани тұрғыдан қолдап, тәрбиелеген жандар.

Бұл аналар өз балаларын ұлттық сана-сезімге, білімге, әділеттілікке тәрбиеледі, рухани тірек болды. Мысалы, Әлихан Бөкейханның анасы Бегім, Ахметтің анасы Күнші, Мағжанның анасы Гүлсім – бәрі балаларының көзі ашық, ұлтжанды азамат болуына ықпал етті.

Алайда анықтағанымыздай, кейбір алаш қайраткерлерінің аналары өмірден ерте озып, балалары жетімдіктің ауыр азабын тартты. Міржақыптың анасы Дәмеш, Сұлтанмахмұттың анасы Зүплен, Ғазымбектің шешесі Сахибитан өмірден ерте кетіп, ұлдарының азамат болғанын көре алмаған. 

Сонымсен қатар аналардың көбі балаларын қуғын-сүргін жылдарында жоғалтты, бірақ олардың есімдері ел жадында қалды. Әрине, көбінің есімдері жоғалып кетті, әлі де зерттеулер қажет екені байқалды. Мәселен, Смағұлдың анасы Мәжікен, Шахзаданың анасы Хұсни-Жамал ұл-қыздарының қиын тағдырына куә болды. 

Бұл аналар тек жеке тұлғалардың ғана емес, қазақ қоғамының болашағын тәрбиелеген аналар еді. Шәкәрімнің анасы Төлебике, Жақыптың анасы Айғанша, Қаныштың анасы Әлима – барлығы қазақ әйеліне тән даналықты бойына сіңірген асыл аналар.

Бұл тізім тек есімдер жиынтығы емес, ұлт тарихындағы маңызды тұлғаларды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналардың аяулы есімдері. Олардың әрқайсысы ұл-қыздарының ұлы істер атқаруына себепкер болған. Демек, Алаш қайраткерлерінің пассионар тұлға болып қалыптасуында олардың аналарының ерен еңбегі мен көрегендігі жатқанын ұмытпау керек. 

Тізім: 

Әлихан – Бегім

Шәкәрім – Төлебике 

Ахмет – Күнші

Міржақып – Дәмеш

Барлыбек – Күлдәрі 

Мұхамеджан Т. – Шаһизадабану (Шәпен)

Хәлел – Әйкен 

Жаһанша – Мыжық 

Жақып – Айғанша 

Айдархан Т. – Алтын 

Мұстафа – Бақты 

Ахмет Бірімжан – Ханша 

Ғазымбек – Сахибитан (Гүлмай)

Райымжан – Данике 

Сұлтанмахмұт – Зүплен

Тұрағұл, Мекайыл – Әйгерім 

Мағжан – Гүлсім

Біләл С. – Қамқа 

Нәзір Т. – Гүлбаһрам 

Нығмет – Шидә 

Қошке – Жәмила 

Асылбек – Хадиша 

Смағұл – Мәжікен 

Мұхтар – Нұржамал 

Қаныш – Әлима 

Әлкей – Нұрила

Қайым – Мақыпжамал 

Гүлсім – Гүләндам 

Шахзада – Хұсни-Жамал