Алтын адамның құпиясын ашқан физик
06.03.2025 507

 5 наурыз күні Президент Әкімшілігінің қолдауымен Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Алтын адамның мұрасы» деп аталатын көрме ашылды.  


Көрме кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанындағы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасаған жаратылыстанушы ғалым, адамзаттың 50000 жылдық тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінге жеткізген бірегей зерттеуші ғалым – Мағрипа Жылқыбаеваның туғанына 80 жыл толуына орай өткізілуде. 

Екі аптаға созылатын көрменің ашылу рәсімінде Жапониядағы Хоккайдо университетінің Құрметті профессоры, физик ғалым Фудзий Кандзидің құттықтауы оқылды. 

«Қадірлі қонақтар! Мынау қарбалас заманда «Алтын адамның мұрасы» көрмесіне уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахмет! Өкінішке орай, мен бұл шараға қатыса алмадым. Бірақ алыстағы Жапонияның Хоккайдо өңірінен көрменің ашылуына орай сәлемімді жолдап, бір ауыз құттықтау лебізімді жеткізгім келеді. Бұл көрме, Жамбыл ауылында туып-өскен марқұм ғалым Жылқыбаева Мағрипаға (1945-2019)арналып ұйымдастырылып отыр. Ғылым докторы Мағрипа Жылқыбаева 1995 жылға дейін Ленин атындағы Қазақ политехникалық университетінде доцент қызметін атқарып, радиация мен қоршаған орта экологиясына қатысты көптеген ғылыми еңбектерді жариялады. 

1989 жылдан бастап, Қазақстанның Есік қаласы аумағындағы қорғаннан табылған ежелгі Сақтың Алтын адамымен бірге шыққан күміс зереншеге бедерленген 26 таңба туралы физика ғылымының амалдарын қолданып зерттеуді бастап, көптеген құнды еңбектерді қалдырды. Оған қоса иероглифтердің ең көне архетипін зерттеп, жартастарға қашалған мыңнан астам суреттердің мәнін ашып оқыды. 

Доктор Жылқыбаева зерттеген петроглифтердің ішінде, Қазақстанның Алматы облысында орналасқан «Будда жазулары» деп аталатын жартасқа бедерленген жұмбақ мәтін мен Іле өзені бойындағы «Будда суреттерінің» шифры кіреді. Мен, Фудзий Кандзи 2015 жылы ғалымның қызы Шарафат Жылқыбаевамен бірге Жамбыл ауылына бардым және доктордың ғылыми мұрасымен танысу мүмкіндігіне ие болдым. 

Бұл көрмеде ғылым докторы Мағрипа Жылқыбаеваның өмірі мен еңбектерін таныстыратын әртүрлі стенд-стеллаждар бар. Сіздер көрмеге қойылған материалдарды тамашалау арқылы ғалымның ұлы мұрасымен жақынырақ танысады деген ойдамын. Сонымен қатар бұл көрме арқылы жаңаша білім нәрімен сусындап, рухани қуат алады деп үміттенемін. Осы көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен барша азаматтарға шексіз алғысымды айта отырып, игілікті іс жалғасын табады деп сенемін», - делінген жапон ғалымының жеделхатында.

Жиында Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров Қазақтың рухани мәдениетінің өткені туралы баяндама жасап, «Мәдениет – рухани өмірдің өзегі» екендігін атап өтті. 

Сондай-ақ жиында ғалымның көзін көрген жандар естеліктерімен бөлісіп, «Үш қиян» баспасынан жарық көрген «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын кітаптардың таныстырылымы болды.

«Мен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында оқығанмын. Алматы метро құрылысының басында Мағрипа Жылқыбаева сияқты ұлағатты ұстаздардың дәрісін тыңдаған, осы университетті бітірген менің замандастарым тұр. Мағрипа Шөжеғұлқызы ЖОО-на түскенде бағыт-бағдар берген, өмір туралы білімді бойыма сіңірген ұстазымның бірі. Ол кісімен алғаш рет 1976 жылы армиядан келгенде университеттің дайындық факультетінде кездестік. Мағрипа Шөжеғұлқызын студенттер жақсы көретін. Мен де оны жақсы көрдім. Мінезі жайдары, тамаша кісі еді. Қандай жағдай болса да ешқашан қабағын шытып ашуланбайтын. 

1978 жылы Томскіге баяндама жасауға барарда пойызға шығарып салғаным есімде. Одан кейін мен Жезқазғанға кеттім. Жезқазған кен байыту комбинатында алғашқыда тау кен мастері кейін участок меңгерушісі, шахтаның бас инженері, шахта бастығы болып жұмыс істедім. Он жылдан соң Алматыға оралдым. Қаланың ортасынан үй алғанда отбасымызбен араластық. Алтын адамның таңбаларын зерттеуге ұзақ жыл жұмсады. Қажырлы еңбектенуден жалықпайтын, ғылымға шын берілген адам болатын. 2019 жылы ұстазымды ақтық сапарға шығарып салдық. Әрине, осындай ғұлама ғалымның өмірден ерте кеткені өкінішті. Артына мол мұра қалдырды. Жастар еңбектерін оқып жүрсе, қазақ ғылымының тамыры тереңде екенін түсінсе деймін», - дейді Қазақстан Республикасы метро құрылысына еңбегі сіңген қайраткері әрі Мағрипа Шөжеғұлқызының шәкірті Базар Самаликов

Камила Тілешқызы Тұматаева, Алматы қаласының тұрғыны: 

  Менің жолдасым Сәмидин Тұматаев пен Мағрипа Шөжеғұлқызы Алматы облысы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Екеуі де В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында жұмыс істеді. Мағрипа физик, жолдасым математик еді. Жолдасым Мағрипаның әріптесі әрі сыйлас ағасы болды. Бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары да бар, оқулықтар жазған. Отбасымызбен жақсы араластық. Жолдасым балаларға оның еңбекқорлығын, ізденімпаздығын үлгі ғып айтып отыратын, «Мағрипа сияқты еңбек етіңдер» деп. Мағрипа Шөжеғұлқызы «Квант», «Наука и жизнь», «Природа» сияқты журналдарды жаздырып алатын. Қоршаған орта, табиғатқа адамның әсері жайында зерттеулер жүргізетін. Өсімдіктерді зерттегені есімде. Адам энергиясының өсімдіктерге әсері. Алтын адамды зерттеуді бастағанда ауырды. Жолдасым «Бұл ауыр жұмыс, таста! Одан да өзіңнің жағдайыңды ойла» деді. Бірақ Мағрипа алған бетінен қайтпады. Өмірде көп қиындық көрген адам. Алтын адамға қатысты
елбасына, үкімет басшыларына хат жаздым деп жолдасыма звондап айтып отыратын. Біздің үйде Мағрипа жазған Алтын адамның кітаптары бар. Әрине, біз оны жақсы танығандықтан, кім екенін білеміз деп ойлайтынбыз. Мен оның  шын болмысын Алтын адамның кітаптарын оқыған кезде түсіне бастадым. Жолдасым тірі болса «Мағрипа жақындарының қарсылығына қарамай Алтын адам жазуын зерттеп еді, ақыры тарихты қопарып шығарыпты ғой» дейтін еді. Халық Қаңтар оқиғасында біраз қиыншылық көрді, енді ондай қиын кезең болмасын. Ғалым мұрасы мемлекет дамуына қызмет етсін.

Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Ғалымдардың жан-дүниесін түсіну оңай емес. Мағрипа Жылқыбаева физика, Алтын адам ғана емес, әдебиеттану бойынша да зерттеулер жүргізген.  Бүкіл өмірін ғылымға арнаған. Соңғы кезде пәнаралық байланысты 
Білім министрлігі қолға ала бастады. Ал Мағрипа Жылқыбаева оны баяғыда бастап кеткен. Әртүрлі ғылым салалары бойынша кешенді әрі салыстырмалы зерттеу жүргізумен кез-келген ғалым айналыса алмайды. Дамуды ойлаған елде ғалымдарға алдыңғы кезекте орын берілуі керек. Біз Жамбылдың өлеңдерін білеміз, ал оның құпия қырлары туралы Мағрипа Жылқыбаеваның еңбектері арқылы біліп отырмыз. Жыраудың ерекше қасиеттерін жаратылыстану ғылымдары тұрғысынан зерттеген. «Жамбылда телепаттық қасиет болған» дейді ғалым. Бақсы-балгерлер қайдан шықты? «Жамбылдың жұмбақ әлемі» кітабында ғылыми терминдерді қолданып соны түсіндірген. Мағрипа Жылқыбаева мұрасын зерттейтін жас ғалымдар көбірек шықса мемлекетке пайдасы зор.

Махмут Қосмамбетов, «Үш қиян» баспасының директоры:

– Шын ғалым қандай болады? Шын ғалым дүниеден биік тұрады.
Эйнштейннің 1922 жылы «Атақ қуған, дүние қуған, байлық қуған жанталас өмірден қарапайым ғұмыр кешу анағұрлым бақыттырақ» деп Токиода айтқан сөзі бар ғой. Кеше бір университетте ғылыми конференцияда болдым. Ғылыми атақтының бәрі ғалым емес. Кеудесіне галстук тағып шітірейіп жүретін боскеуде профессорлар да бар. Былтыр Жамбыл ауылына барып ғалым білім алған мектептегі «Алтын адам»  музей кабинетін көріп, оқушылармен кездестім. Ерекше таза аура бар бұл кабинетте. Тамыры терең халықпыз ғой. Мен өзім Маңғыстаудың жігітімін. «Алтын адамның мұрасы» деген кітапта «Маңғыстауда 41 хандық болған» деп жазылған.

Ғылым мен мәдениетті тоғыстырған ұлы зерттеуші

Мағрипа Жылқыбаева – қазақ ғылымы мен мәдениетінің тарихында ерекше орын алатын ғалым, физика-математика саласындағы бірегей зерттеулерімен әлемге танылған тұлға. Ол оптикалық кристалдарға радиацияның әсерін кешенді зерттеген әлемдегі тұңғыш ғалым ретінде тарихта қалды. Бұл еңбегі қорғалғаннан бері В.А. Федоров, Т.Н. Плужникова, Р.А. Кириллов, О.П. Матвеева, И.В. Нефедова, Е.Ф. Полисадова, В.И. Корепанов сияқты жаратылыстану ғылымдарының белгілі өкілдері оның зерттеулерін негізге алып, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларын жазды. Мағрипа Жылқыбаеваның еңбектері ғылым әлемінде кеңінен қолданылып, оның идеялары ұзақ жылдар бойы зерттеушілерге шабыт беріп келеді.

Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми және әдеби шығармашылығы республикалық және халықаралық басылымдарда кеңінен жарияланған. Оның жаратылыстану ғылымдары бойынша көпшілікке арналған мақалалары мен әдебиет саласындағы туындылары Алматы облыстық «Қазақ тілі қоғамының» «Ақиқат» газетінен бастап, «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде»), «Жұлдыз», «Алматы ақшамы», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») сияқты басылымдарда жарық көрген. Сондай-ақ «Ана тілі», «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан-Заман», «Түркі әлемі», «Азия», «Жас Қазақ», «Жетісу», «Денсаулық», «Шалқар», «Ара», «Арай», «Ақ босаға», «Тарлан», «Айқын», «Өркен», «Қазақстан мұғалімі», «Айт», «Қазақстан мектебі», «Қазақ үні» сияқты газет-журналдарда да оның еңбектері оқырмандарға жол тартқан. Бұл басылымдар ғалымның зерттеулерінің кең аудиторияға қолжетімді болғанын және оның идеяларының қоғамдық резонанс тудырғанын көрсетеді.

Мағрипа Жылқыбаева қазақтың ұлы жырауы Жамбыл Жабаевтың елге беймәлім қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеген республикадағы жалғыз жаратылыстанушы ғалым ретінде де танымал. Ол Жамбылдың ерекше қабілеттерін физика мен биоөріс тұрғысынан талдап, оның шығармашылығына жаңа көзқарас ұсынды. 1993 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан «Қазақ бақсы-балгерлері» жинағында ғалымның «Құпия күш құдіреті» атты мақаласы жарияланды. Бұдан бөлек, «Жамбылдың жұмбақ сырлары» («Жас Қазақ», №48, 1993), «Жамбылдың жасырын қасиеттері» («Жас Алаш», 1994), «Құпия күштер құдіреті немесе ұлы Жамбылдың тағы бір қасиеті хақында» («Алматы ақшамы», 1992), «Жамбылдың биоөрістік қабілеті жайында» («Жас Алаш», 2020), «Жамбылдың жолбарысы» («Ана тілі», 2020) сияқты ғылыми-танымдық мақалалары оқырмандарды Жамбылдың тылсым әлемімен таныстырды. Бұл зерттеулер Жамбыл мұрасын тек әдеби тұрғыдан ғана емес, ғылыми-физикалық әдістермен де зерделеуге мүмкіндік берді.

Мағрипа Жылқыбаева Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын 30 жыл бойы зерттеп, олардың құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик ретінде тарихта қалды. 1989 жылдан бастап Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбаны оптика ілімі арқылы талдаған ғалым Қазақстандағы және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазулары мен көне каллиграфиялық суреттердің шифрын шешті. Ол петроглифтер мен көне жәдігерлердегі жазуларды кванттық оптика әдісімен оқудың бірегей әдісін жасап шығарды, бұл әдіс қазір ғалымның есімімен аталады.

Отыз жылдан астам уақыт бойы жартастардағы геометриялық фигураларды кванттық физика арқылы зерттеген Мағрипа Жылқыбаева жер бетіндегі географиялық атаулар мен этнонимдердің этимологиялық кодын анықтады. Ол Арасандағы және Іле бойындағы Будда жазуларын, Жетісу жартастарындағы көне таңбалар мен петроглифтерді оптикалық әдістермен расшифровкалап, ғылымға жаңа серпін берді.

Кітаптары – ғылыми мұраның айғағы

Ғалымның елу жылдық ғылыми-шығармашылық еңбегінің нәтижесі 2019 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» атты көлемді кітаптарда көрініс тапты. Ал 2024 жылы «Жамбылдың жұмбақ әлемі» деп аталатын еңбегі «Evo Press» баспасынан басылып шықты. Бұл кітаптар Мағрипа Жылқыбаеваның ғылым мен мәдениетті тоғыстырған бірегей зерттеулерінің жемісі ретінде бағаланады.

Мағрипа Жылқыбаева – тек қазақ ғылымының ғана емес, әлемдік ғылымның дамуына зор үлес қосқан ғалым. Оның оптикалық кристалдар, Алтын адам жазулары және Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына қатысты зерттеулері болашақ ұрпаққа мол мұра болып қала бермек.