2024 жылы тойланатын атаулы күндер мен мерейтойлар
29.12.2023 7054

2024 жылы елімізде қандай атаулы күндер мен мерейтойлар атап өтілетінін назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы. 


Александр Затаевичтің туғанына – 155 жыл

Қазақстанның халық әртісі, этнограф, музыка зерттеушісі, композитор Александр Затаевич 1869 жылы Ресейдің Орел облысында дүниеге келген. Ол алғашқы музыкалық білімін сол Орёл қаласындағы әскери гимназиядан алған. Біраз жыл бойы Варшава консерваториясы жанынан шығатын «Варшава күнделігі» аталатын газетте музыка рецензенті қызметін атқарып, орыс, батыс классиктерінің шығармаларын, сондай-ақ халық музыкасын насихаттаумен айналысқан. 

Ол алғаш рет қазақтың халықтық музыкасы шығармаларымен 1920 жылдың басында, Орынборда жүрген кезінен-ақ таныса бастайды. Сол кезеңнен бастап А. Затаевич өзінің болашақ қызметін аспаптық мұраларын тамаша үлгілерін жинау, оны насихаттаумен тығыз байланыстырады. Ол жатақханаларды, мектептерді, құрылыстарды, орта дәрежелі оқу орындарын, казармаларды аралайды, съезге, конференцияға, кеңестерге келген қазақтардан ән жазады. Базар, театр, концерт орындарының фойелерінде кездескендердің бәрінен де жазып алады. Бала жасынан кіршіксіз еститін құлағы жасы елуден асқанша көрмеген елдің музыкасын жаза баспай нотаға түсіруге мүмкіндік береді. 

Бірақ, өмірін музыкаға бағыштаған А.В. Затаевич әнді қалада отырып тек кездейсоқ келгендерден жазып отыруды жөн көрмеді, елге шығады, Жайықтың бойын, Сыр, Ертіс өзендерін, Бөкей, Қарқаралы далаларын аралайды. Замандар бойы жабылып жатқан қазақтың ән қазынасын көтереді. Қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтауды өзіне парыз санаған жанның бірі. Ұлты басқа болса да, жер орта жасқа келгеніне қарамастан, 1920 жылы қиын-қысталаң кездерінде кездескен көлік атаулымен, болмаса, жаяу-жалпы аралап, халқымыздың ән-күйлерін музыка белгілерімен (нотамен) хатқа түсірген.

Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына – 145 жыл

Мұхамеджан Тынышбаев – теміржолшы, ағартушы-ғалым, саяси-қоғам қайраткері, Алашорда қозғалысын құрушылардың бірі және Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары, Түркістан автономиясының премьер-министрі 

Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының баурайында Әлдекеұлы Тынышбайдың отбасында дүниеге келген. 1890 жылы 14 тамызда Верный қаласындағы Ерлер гимназиясына оқуға қабылданған.

1900 жылы гимназияны үздік аяқтап, император І Александр атындағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студенті атанады. 1900–1906 жж. Санкт-Петербургтағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студентi болып жүрген кезінде түрлi тарихи жағдайлардың куәсi болды. Бұл жылдарда (1900–1906 жж.) монархиялық билiкке қарсы саяси, әлеуметтiк-экономикалық талаптағы наразылықтардың, халық толқуларының жандануымен ерекшеленедi. Осы көрiнiстердiң барлығы жас студентке өз дәрежесiнде әсер етiп, оны толғандырған қалың ойдың жауабының табылуына, бiртiндеп қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптаса бастауына жол ашты. 

Студент шағында баспасөз беттерiнде отарлық билiктi аяусыз сынайтын уытты мақалалар жазып, ел iшiнде үкiметке қарсы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзумен айналысты. Сонымен бiрге патша билiгiне оппозициядағы орыстың түрлi партияларына (конституциялық-демократиялық және социалист-революционерлер партиялары), түрiкшiл және мұсылмандық қозғалыстарға да қатысады. Оның осы кезде жазылған атақты «Қырғыздар және азаттық қозғалыс» деген баяндама-мақаласы империя жандармериясының соңына тыңшы қоюына әкелді. 1907 жылы Жетісу облысының мұсылман халқы атынан ІІ Мемлекеттік Думаға сайлануы, оның сол кезеңде-ақ халық алдындағы беделі мен сенімге ие болғанын көрсетеді.

Кенен Әзірбаевтың туғанына - 140 жыл

Кенен Әзірбаев 1884 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында туған. Өзінің тырнақалды туындылары «Ри, қойым», «Бозторғай», «Көкшолақ» әндері осы жерде туған. Кенен 10 жасында қолына домбыра алып ән салған. 11 жасқа келгенде тұңғыш әні «Ри, қойым», 13 жасында «Бозторғай» әнін шығарған. Содан кейін Кенен есімі халық арасында кең тарай бастайды. Бала Кенен қазақ пен қырғызға танылып, «Боздаланың бозторғайы» атанған. Кенен Әзірбаев – 200-ге жуық лирикалық, дидактикалық арнау мен толғаудың авторы.

Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына - 135 жыл 

Жүсіпбек Аймауытов (1889—1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.  Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. 

Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен. Жүсіпбек жастайынан араб¬ша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады. 

Сәкен Сейфуллиннің туғанына - 130 жыл

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған.

Қарағанды облысы Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған.

1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен.

Ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен Сейфуллин атаман Анненковтың «азап вагонынан», 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған.

Ілияс Жансүгіровтың туғанына - 130 жыл 

Ілияс Жансүгіров ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Бейімбет Майлиннің туғанына - 130 жыл 

Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Сауатсыздықты толық жою ұранын алға тартты «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын» (1929); «Күш» - сауаттылығы төмендерге арналған оқулықты (1930); «Жаңаша оқы және жаз» құралын (1931) және Ғабит Мүсіреповпен және А. Ситдыковпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» (1935-1936) жазып шығарды. Туып-өскен жері — қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады.Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. Бейімбет Майлин 1938 жылы 28 ақпанда дүниеден өтті.

Қаныш Сәтпаевтың туғанына - 125 жыл 

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (12 сәуір 1899 жылы, Баянауыл ауданы, Павлодар облысы-31 қаңтар, 1964 жылы, Мәскеу) - геолог ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик. 

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Семей губерниясының (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы) Павлодар уезінде Ақкелін болысының №4 ауылында туған. Ол 1911 жылы ауылдық орыс-қазақ бастауыш мектебінде оқып білім алғаннан кейін Павлодар қаласындағы орыс-қазақ училищесіне түсті. 1914 жылы оны үздік аяқтап, сол жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына студент болып қабылданған. Оны 1918 жылы тәмамдаған. Әрі қарай Семейде қалып, ауыл мұғалімдерін даярлайтын курста сабақ береді.

1921 жылы Сәтбаевтың өтініші бойынша Семей ревкомы оны Томск технология институтына жолдамамен жібереді. Ол тау-кен факультетінің геологиялық-барлау бөлімшесіне студент болып қабылданған. Оқу орнында инженерлік-ғылыми көзқарасы қалыптасып, 1926 жылы Сәтбаев диплом жұмысын үздік қорғап шыққан. Осылайша ол республикадағы бірінші инженер-геолог атағына ие болды. Қаныш Сәтбаев 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленді.

Қазақ археологі Әлкей Марғұланның туғанына - 120 жыл 

Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, әдебитетану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер. Филология ғылымдарының докторы (1945), Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, Қазақ ССР ҒА академигі (1958), профессор (1960), Казақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қызметкері (1961).1904 ж. 11 мамырда Ақпеті болысында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) дүниеге келген. Əкесі Хақан – атақты Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. 

Əлкейдің əкесі Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын білген, үйде халық əндері мен Абай əуендері жиі шырқалатын. Əлкей бес жасында оқып, жаза білуді үйренді, бала кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастандарын жатқа білген. Хақанның шаңырағында белгілі ақын, ғалым Мəшһүр-Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Имантай Сəтбаев жəне қазақ даласына белгілі басқа да адамдар жиі бас қосқан. 

Әбілхан Қастеевтің туғанына - 120 жыл 

Кескіндемеші–график, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл. Қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев Алматы облысына қарасты Жаркент қаласының жанындағы Шежін ауылында туған. Еңбек жолын Топырақ теміржол құрылысында жұмысшы болып бастаған.

1929-1931 жылдары Қастеев Николай Хлудовтың көркемсурет студиясында оқыды. 1934-1937 жылдары білімін Мәскеу қаласында Крупская атындағы көркемсурет студиясында жалғастырды.

1942 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, 1944 жылы Қазақстанның халық суретшісі болды.

Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына – 115 жыл

Ғаpифолла Қрманғалиев 1909 жылы 1-қаңтарда қазіргі БҚО, Қаратөбе ауданы, Ақкөл елді-мекенінде өмірге келген. Ол жастайынан әке-шешесінен айырылып, ағайын ағаларының қолында өседі. Бала күнінен ән өнеріне жаны жақын Ғарифолла өзінің талантымен талайды тамсандырып жүрген. Ол туралы естеліктерде оның орындауындағы халық әндері асқақ та көркем әуезділігімен аспан биігіне самғап, әуелеткен сайын жан мен жүрек бітіп, ғаламат дауыс сазына дала кеңдігіне өзінің көңіл толқынысын бітістіре сыйғыза салатын. Ол аңырата, жамырата әнді төкпелеп жібергенде естушінің көз алдына арқыра шапқан арғымақтар мен қасиетті аруаналар даласының көркем келбеті оралады. Сарқырап аққан бұлақ-өзендердің, ағын сулардың дыбысы мен қырандардың көк аспанда қалықтап ұшқаны, көкті тіреген тау асқақтығы, азаткер асқақ жырдың иесі Махамбеттің өр өлеңдерінің атойы бар бояумен, жан дүниенің сырымен Ғарекеңнің терең жүрегінің түкпірінен атылып шығып жатады. Ол салып кеткен әншілік мектептері басқаша орындаушылық шеберлік пен даралықты керек ететін қасиетке ие дейді көпшілік. Ғарифолла Құрманғалиев орындаған әндер әлі де халық құлағынан кете қойған жоқ. «Айнамкөз», «Ақ кербез», «Боз жорға», «Үлкен айдай» және тағы басқа халық әндері Ғарифолладай өз әншісін іздейтіндігіне күмән жоқ.

Шәкен Аймановтың туғанына - 110 жыл 

Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында туған. Режиссердің өмір жолына көз салсақ, Шәкен Аймановтың кәсіби театрға жол тартуына қатысты жазушы Ғабит Мүсіреповтің есімі қатар аталады. Жазушы Шәкен Аймановты қойылымдарда ойнап жүрген кезде байқаған. Шәкен Айманов 1933 жылдан бастап қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында жұмыс істеп, жүзден астам рөлді сомдайды. Олардың ішінде Петруччио («Асауға тұсау»), Хлестаков («Ревизор»), Қодар («Қозы Көрпеш – Баян Сұлу») және басқа да көптеген образ бар. Театрда бірнеше спектакль жүз реттен қойылды. Олардың қатарында Александр Островскийдің «Таланттар мен табынушылар», Ғабит Мүсіреповтің «Ақынның қасіреті» бар.

Шәкен театрда істеген алғашқы жылдары шағын эпизодтық рөлдерде ойнады. Сонымен қатар бір жағынан Михаил Насонов ұстаздық еткен театр жанындағы актерлер стулиясына қатысып жүреді. Осы студияда әртістік өнерді үйреніп, Станиславский еңбектерімен, орыс театрының тарихымен жақын танысады, деген халық әртісі Кәукен Кенжетаев. Шәкен Айманов ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған. Өзі соңғы рет түсірген «Атаманның ақыры» атты фильм көрермен қауымның жылы лебізіне ие болды. 1953-1970 жылдары аралығында Шәкен Айманов ұлттық киностудияның тұрақты жетекшісі және өзі ашқан Қазақстан кинематографистер одағының басшысы болды. 

Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында 56 жасында көлік қағып қайтыс болды.

Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына - 100 жыл 

Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Оның шын есімі – Ілия. Әкесі Нұрмұхамет Сарқұлов бай баласы болғаны үшін кеңес үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырайды. Анасы Маржан қызы Әлия, ұлы Бағдатпен жалғыз қалады.

Әлия 1942 жылы Ленинградтағы №46 мектепті бітіріп, Рыбинск қаласындағы авация техникумына оқуға түседі. Осы жылдың 18 желтоқсанында аудандық әскери комиссариаттың жолдамасымен Мәскеудегі мерген қыздарды даярлайтын орталық мектепке қабылданады.

Әскери мектепті үздік бітірген Әлия өз өтініші бойынша 17 жасында 1943 жылдың тамыз айында майданға аттанды. Ол екінші Балтық жағалауы флотының 22 әскери тобы 54 атқыштар тобының бригадасы құрамында отан алдындағы борышын өтейді. 

Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казалиха деревнясы үшін болған соғыста фашист офицерінің қолынан қаза тапты.

Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына - 100 жыл 

Рақымжан Қошқарбаев (1924 —1988 жж.) – Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы (1999). 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданы Тайтөбе акылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. Арғын тайпасы Қуандық руы Темеш бөлімінен шыққан.  1942 жылы  әскерге алынып, 1944 жылы қазанда Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы  қазан айынан бастап I Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды. 

Қойшығара Салғариннің туғанына – 85 жыл

Салғарин Қойшығара 1939 жылы 1 сәуірде Торғай облысының Көкалат ауылында туған. Еңбек жолын шопандықтан бастаған ол, ҚазМУ-дің филология факультеті журналистика бөлімін бітірген соң, 1964–1965 жж. «Ауыл өмірі» газетінің редакторы, 1965–1971 жылдары Қазақ радиосының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, 1971–1975 жж. Торғай облыстық телерадио комитетінің редакторы болған. 1975–1990 жж. «Егемен Қазақстан» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1990–1993 жж. Әдебиет және өнер институтында қызметкер. 1993–1997 жж. ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшысы, 1997 жылы Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарған. ҚХР-да жүріп «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты кітаптарын жазды.