Жөргегінде тұншықтырылған заң
13.06.2019 1932
Ағартушы-демократ, ойшыл Барлыбек Сырттанұлы жазған «Қазақ елінің уставының» заманауи сипаты хақында

Уақыт өтсе де өзінің құндылығы мен мазмұнын, мән-мағынасын жоймай, керісінше жалпыұлттық деңгейге айналып, сипаты халықтық қолданысқа еніп кететін дүниелер болады. Мұның анық та айқын мысалы – Барлыбек    Сырттанұлы жазған «Қазақ елінің уставы» конституциялық еңбегі. Асылы бұл еңбек – бүгінгі қазақ құқықтық-заң ілімі тарихының төлбасы. Сөзімізді тақуа тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

Уставтың жазылу тарихы

Барлыбек Сырттанұлының аталмыш еңбегі небәрі 4 бөлім,  28 баптан ғана тұрады. Заң, құқық мәселелерін жетік меңгерген қайраткер 1911 жылдың 13 маусымында осы еңбегін аяқтап, ел игілігіне ұсынбақшы болады. Бірақ патшалық жандарм өкілдері революционер-демократ қазақ ұлын қатаң бақылауға алып, ел астанасы Петербордан қыр даласына қайтарады. Күнделікті тыныс-тіршілігі, тіпті әр қадамы бақылауға алынған азамат өзінің темір құрсаулы торға ілінгенін сезіп, шығармашылық-интеллектуалды мұрасын жасырып қойған-ды. Жөргегінде тұншықтырылған құнды еңбек – еліміз Тәуелсіздігін алып, еңсесін түзеген шақта ғана жарияланды (1994 жыл, «Әділет министрлігінің хабаршысы», №12). Жариялаушы – қайраткер мұрасын зерттеген, заң ғылымының докторы, профессор Cәкен Өзбекұлы. Асыл қазынаны Барлыбектің үлкен қызы Қанипа көзінің қарашығындай сақтап, қиын-қыстау кезеңдерде жер астына көміп жүріп, әке мұрасын НКВД тінтуінен аман алып қалды.

Барлыбек жазған конституциялық еңбектің мәні – отарлық саясаттың зардабын тартқан қазақ елін өз алдына дербес мемлекет қылу болатын. Авторға осы идеяны өзінің құрдасы, қазақ саяси элитасының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан берген. Барлыбек түзген уставтың негізгі платформасы мен идеясы кейіннен «Алаш Орда» үкіметінің бағдарламасына тірек болып, көрініс тапты.

Барлыбек Петербор императорлық университетінде оқып жүргенінде «халықаралық құқық», «конституциялық құқық теориясы», «қылмыстық құқық», «халықаралық қатынас», «экономикалық құқық», «полицейлік құқық» сияқты іргелі пәндерді оқыған. Қазақ ойшылы университет қабырғасында игерген теориялық білімін практикамен ұштастырады. Орыс патшалығы тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс қылаң беріп, қараңғы жұрттың бас көтерер азаматы монархиялы билікке айбат танытты. Сөйтіп Петербор шаһарында алғаш рет бұратана аз ұлт өкілі – қазақ жұртының профессионалды уставы өмірге келді.

Уставтың жаңашылдығы мен заманауи сипаты

Өткен күнге бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, «С.Б. Алашинский» жазған устав, қазіргі стильмен айтқанда, Конституция – терең ақыл-ой иесінің кемелдігі мен жан-жақты білімінің нәтижесі.

Еңбекті оқи отырып, әрбір тармағына қайран қаласың! Мәселен, «Кіріспе» бөлімінде «...Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкметі  өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз» делінген. ХХ ғасыр басындағы оқыған қазақ азаматтары патшалықтың отарлау саясатына ақыл-ой, кемел білім арқылы ғана қарсы күресіп еді ғой.

Б. Сырттанұлы болашақ қазақ елін парламенттік республика формасында басқаруды ойластырып, оның ең үлкен билік органы – Парламент екенін анықтап, «Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі» деген шегелеп жазған. Саяси қайраткер қазақ елінің жеке мемлекет ретіндегі басты белгісі басшылық құрылымын былайша белгілеген: елдің басшысы – Президент, «6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді. 7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады» деп атқарушы органның жұмысын көрсеткен.

ХХ ғасыр басындағы АҚШ, Батыс Еуропа елдерінің Конституцияларымен жақсы таныс болған зерек заңгер  адам баласының хұқы туралы: «10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді» деп әрі қарай ер мен әйел құқының теңдігі, дүние-мүлікке иелік ету, білім алу, бір-бірімен емін-еркін сөйлесу, ұйым немесе партия құруына ешқандай шектеу жоқтығы туралы т.б. демократиялық құндылықтардың мағынасын тарқата жазған. Қарап отырсақ, осының бәрі бүгінгі күннің талабымен астасып, қабаттасып жатыр. Өткен ғасырдың басында айтылған ойдың өміршеңдігі – осы.  

Конституциялық еңбектің басты ерекшелігі – қазақылығында. Яғни қарапайым әрі ұғыныңқы тілде жазылуы. Бәлкім осы қарапайымдылығынан болар әр қазақтың жүрегіне «жылы тиіп» отырғаны. Қазіргі уақытта жазылып жатқан түрлі құқықтық-заң құжаттары мен нормаларын оқи отырып, «қазақшасын» түсіне алмай, орыс тілінде жазылған түпнұсқасына жүгінетініміз өтірік емес. Егер біздің заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамы Барлыбек Сырттанұлы жазған немесе басқа да Алаш зиялыларының құқықтық бағыттағы мұраларымен танысса, сол еңбектердің тіліне, қазақы сөз саптау мәйегіне, тілдік айшықтарына назар аударса, болашақ заңгерлеріміз бүгінгі олқылықтың орнын толтырар ма еді?! 

Қазақылығында дегенімізге тағы бір рет оралсақ, қайран Бәкең қазақ жері, сот турасында кесек-кесек ордалы сөздерді ортаға салыпты. «18. Қазақ жері оның меншігінде болады. 19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. 20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұхсатымен болады» деген екен. Не деген көрегендік десеңізші! Сол қазақтың бір уыс топырағы, сайын даласының тағдыры – бүгінде көз біткенді телміртіп, таразы басына тартылып тұр емес пе...

Ал, сот қызметі турасындағы көзқарасы («24. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады. 26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар. 27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам. 28. Сот орындарында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айрылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады») дәл қазіргі сот жүйесінің принциптерімен жанасып тұр екен.

Бұл құжатта көтерілген мәселелер мен идеялардың әлі күнге дейін өзекті, жасампаз болуының басты себебі – адами капитал, жеке адамның бас бостандығы мен зайырлығына айрықша көңіл бөлінгендігінде. Автор конституциялық құжат даярлау барысында шет елдік танымал заңгер, философ, социологтардың еңбектерімен жіті танысқаны анық байқалады. Мысалы, автордың әлеуметтік прогресс, парламенттік мемлекет, адам құқы мен бостандығы туралы сарабдал ойлары Ш. Монтаскье, Т. Джефферсон, Дж. Локк еңбектерінің күретамыры болған.

Устав жазылғаннан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Былтыр ғана мемлекет басшысының шешімімен Конституциялық реформа даярланып, билік тармақтары қайтадан бөлінді. Яғни, Барлыбек атап көрсеткендей, негізгі жұмыс орталық атқарушы орган – министрліктерге беріліп, олардың өкілеттігін қарау, есеп алу, бақылау жұмыстары Парламент құзырына өтті. Саяси-құқықтық идеяның заманауи сипаты – Тәуелсіз Қазақстан республикасының қажетіне қызмет етуі.

Әлихан Бөкейхан мен Барлыбек Сырттанұлы

Алаш оқымыстысының құқықтық көзқарасының концепциясы түрлі нысанда (мақала, баяндама, саяси-теориялық сараптама, конституциялық құжат) жазылғанымен, ортақ мақсаты қазақ елінің азаттығына қызмет етуге бағытталған, ұлттық мемлекет құрудағы ғылыми доктрина дәрежесіне жеткенін мойындауымыз керек. Барлыбек жазған заң жобасы ресми бекітілмесе де, бұл құжатты сол заманның идеялық-теориялық ілімінің жетістігі деп қарауымыз ләзім.

PS: Барлыбек Сырттанұлының саясаткер ретінде қалыптасуы ХХ ғасырдың 5-15 жылдарына аса күрделі толқуларға бет алған, патшалық империя билігінің әлсірей бастаған, жаңа қоғамның өтпелі кезеңімен тұспа-тұс келді. Алаш ұранды қозғалыстың бел ортасында жүріп, Түркістан жұртының ауыр тағдырына, тіршілік тауқыметіне бейжай қарамай, атамекенін азат ету үшін инерциялы оқыған топпен бірге болашаққа нық сеніммен «нар тәуекел» деп қадам басты. Пассионар тұлғаның шерлі жүрегін жарып шыққан «Қазақ елінің уставы» – бүгіннің ғана емес, келешектің де қажетіне жарайтын құнды еңбек болып қала берері сөзсіз ақиқат.

                                                                                      

Елдос ТОҚТАРБАЙ