Он екі жылдық тарихында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына VI-ХХ ғасырлар аралығында (1940 жылды қоса есептегенде) жарық көрген 13 мыңға жуық сирек кітап пен қолжазба жинақталған
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында (Астана қаласы) Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты өткізілейін деп жатқан «Кітап – дәуір айнасы» атты Ашық есік күнінің маңызы айрықша.
Наурыздың 16-сы күні сағат 11:00-де басталатын негізгі жұмыстар – Ұлт Жоспары «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Болашақ Біртұтас Ұлт» бағытын іске асыру жөніндегі іс-шаралар аясында өтеді. Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Н.Ә. Назарбаев алға тартқан «Мәңгілік ел» идеясы еліміздің болашағының бірегей негізін құрайды әрі ғылыми, қоғамдық-саяси топтардың төл тарихымызға, қазақ халқының өткен тарихына деген қызығушылығының оянуына зор септігін тигізбек.
Басты мақсат – еліміздің мәдени және рухани мұрасын насихаттау, кітапхана қорындағы сирек және құнды кітаптармен және қолжазбалармен таныстыру, сондай-ақ Астананы Еуразия кітап мәдениетінің орталығы ретінде қалыптастыру екені түсінікті.
Аталмыш шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай, түркітанушы-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов және басқа да зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, білім мен мәдениет мекемелерінің басшылары, журналистер, кітапханашылар қатысқалы отыр.
Ашық есік күні бағдарламасы мынадай:
- «Кітап – тарих, кітап – қазына» тақырыбында сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі;
- түрколог-ғалым Қаржаубай Сарткожаұлының «Деректану және тұпнұсқамен жұмыс» атты семинар-тренингі;
- тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүміновтың «Задачи по централизации восточных рукописей и документов Республики Казахстан» тақырыбындағы ғылыми дәрісі;
- «Тәуелсіздік толғауы» атты сирек ноталар мен күйтабақтар көрмесі;
- «Абайдың ән мұрасы» библио-party;
- режиссер Бақыт Қайырбековтың «Дешт-и-Кипчак: Тайные знаки» деректі фильмнің көрсетілімі;
- «Қазақ Елі тарихынан» әдеби сағаты;
- Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханадағы сирек және құнды кітаптар топтамасымен таныстыру;
- Англия, Корея және Ресейдегі сирек кітаптар топтамасын сақтаушылармен онлайн-кездесу өтеді деп күтілуде.
Он екі жылдық тарихында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына VI-ХХ ғасырлар аралығында (1940 жылды қоса есептегенде) жарық көрген 13 мыңға жуық сирек кітап пен қолжазба жинақталған. Бұл басылымдар сан алуан дереккөздер негізінде жинақталды: резервтік-алмасу қоры, академиялық институттардағы сирек кітаптар қоры, енді бірі жеке тұлғалардан тарту ретінде келіп түссе, тағы да бірқатар басылымдар сатып алынды.
Жалпылама тоқталып өтер болсақ, «Кітап – тарих, кітап – қазына» тақырыбындағы кітаптар көрмесінен – Құран топтамалары, араб, латын, шағатай, түрік таңбаларымен, кириллицамен жазылған қазақ тіліндегі кітаптар мен қолжазбалар, Ахмет Байтұрсыновтың кітаптары – «40 мысал» (1909 ж.) және «Әліп-би» (суретті жаңа әліппе, 1926 ж.), Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы (1942 және 1945 жылдары жарық көрген романда автордың қолтаңбасы қойылған), Диван Ходжа Хафиз Ширазидің парсы тілінде жазған өлеңдер жинағын (шығарылған мерзімі көрсетілмеген) көруге болады.
Сонымен қатар мұнда араб, парсы, өзбек, татар, қытай, неміс, ағылшын және басқа да тілдердегі кітаптар мен қолжазба экспонаттары арасында көлемі кішкене кітаптар, ХХ ғасыр басында баспа бетін көрген орыс тіліндегі кітаптар, қазақ диаспорасының белді өкілі, жазушы, қоғам қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Хасен Оралтайдың мұрағатынан құжаттар, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Зәки Ахметовтың кітаптары, этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметовтың кітап топтамалары, карталар, еліміздің аймақтарының өлкетану әдебиеттері, факсимильді және репринтті басылымдар қойылған.
Ерекше атап өтерлік бір жайт – қазақ диаспорасының белді өкілі, жазушы, қоғам қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Хасен Оралтайдың мұрағаты (6 441 құжат) Қытайда, Шығыс Түркістанда (Қытай), Ауғанстанда, Монғолияда, Иранда, Пәкістанда, Түркияда, Германияда тұратын қазақтардың әлеуметтік жағдайы, діні, тарихы, тұрмыс-салты, әдебиеті, экономикасы туралы сирек, құнды құжаттармен сипатталады. Соның ішінде газеттер, журналдар, кітаптар, энциклопедиялар, сөздіктер, монографиялар, жинақтар, баяндамалар, сан түрлі қолжазбалар, фотографиялар, аудиокассеталар, хаттар бар. Материалдар қазақ, орыс, түрік, татар, өзбек, шағатай, ағылшын, неміс, қытай және басқа да тілдерде жазылған.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Зәки Ахметовтың (876 құжат) мұрағаты дәстүр және жаңашылдық, қазақстандық ақындардың көркемдік шеберлігі, поэтика мәселелері және қазақ әдебиетінің басқа халықтар әдебиетімен өзара байланысы, поэтика және өлең теориясы, Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылығының зерттелуі туралы құнды құжаттардан құралған.
Ал айрықша құнды кітаптар мен қолжазбалар тізіміне келсек, олар:
Құран Кәрім (Тафсир-799 йилги. Курани Сурах). Қолжазба 799 жылы қағазға түсіріле бастаған, 7 ұрпаққа дейін жүргізілген (көшірме).
Сирек қолжазба. Бамбук тақтайшаға жазылған ежелгі қытай қолжазбасы. John Rushworth-тың 1686 жылғы «Historical Collection» тарихи топтамасындағы шежірелердің бірі. Бұл кітапты белгілі фламанд суретші Сэр Энтони ванн Дейк безендірген. Бұл дүниежүзіндегі жалғыз кітап, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек және қолжазбалар қорында кіршіксіз қалпында сақтаулы тұр.
«Книга китайских замыслов, извлечённая из оригинальных трудов Персии, Индии, Китая и Японии. Собранная и нарисованная многоуважаемым художником мсье Дюком, посвящённая его светлости». 1734 жыл. Қазіргі таңда кітаптың үш данасы ғана бар: бірі Луврда, екіншісі жеке топтамада, үшіншісі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорында.
«Живописное путешествие по Азии» 3 том, 1839-1840 жылдары жарық көрген. Кітап француз тілінде, француз публицисі, географ әрі саяхатшы Жан-Батист Бенуа Эйриес жазған. Үш кітап та өрнектермен безендірілген.
Собрание всех сочинений Московской славяно-греко-латинской академии архимандрита Макария, 1786 жыл.
А. Блоктың «За гранью прошлых лет» атты өлеңдер жинағының құндылығы да сол – кітапта автордың қолтаңбасы қойылған.
«Афоризмы Конфуция» – жібек қолжазбада.
«Скифския древности» – А. С. Лаппо-Данилевскийдің зерттеулері, 1887 ж.
Міне, сіз бен бізді көне тарих қойнауына сүңгітіп жіберер, көз алдыңызға сан түрлі дәуірлерді елестетер, өткен күннен хабар берер, қажетімізге жаратар осындай құнды жәдігерлер біздің қолымызда – кітапханамыздың төрінде тұр.