Кәріпбек Күйіков: «Ата-анам полигон сынақтарын өз көзімен көрген»
25.08.2016 3898
Семей полигоны – Совет Одағының өте үлкен стратегиялық обьектісі болған. Бұл жоба аясында қаншама ғалым жұмыс істеген. Даму жоспарын жасаған.

ҚР Ұлттық музейінде Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай «Бейбітшілік пен қауіпсіздік қағидасын мұрат тұтқан Ұлы дала елі» атты дөңгелек үстел өтті. 

Алқалы отырыс жиынына елімізге белгілі тарихшы-ғалымдар, ұлттық музей қызметкерлері, «Невада-Семей» антиядролық қозғалыстың жетекші мүшелері және қоғам қайраткерлері және сондай-ақ қазақстандық суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков қатысты. 

Жиынға модераторлық жасаған ҚР Ұлттық музейінің директоры Дарxан Мыңбай полигонның зардаптарына толығырақ тоқталып өтті. 

«Кей деректерге сүйенсек, 18 миллиондай гектар жерді сынақ алаңына айналдыруға шешім қабылданған. Семей полигоны – Совет Одағының өте үлкен стратегиялық обьектісі болған. Бұл жоба аясында қаншама ғалым жұмыс істеген. Даму жоспарын жасаған. 40 жыл ішінде 450-ден астам ядролық жарылыс жасалған. Семей полигонында әуеде және жер інде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Қазақ даласының 300 мың шақырым жері ядролық жарылыстан уланып, 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Мұның бәрі жалаң фактілер емес. Дәлелденген, әдемі мойындаған деректер. 25 жыл уақыт өтсе де, жарылыстардың жаңғырығы, 100 мыңдаған адамның тағдыры әлі есімізде. Сырқаттарға шалдығып, толық айыға алмай жүрген азаматтар арамызда әлі де бар. Мемлекет тарапынан қаншама жағдай жасалғанымен, жазылмайтын жара деп айтуға болады. 

1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаев сынақ алаңын жабу туралы №409 Жарлыққа қол қойды. Сол xалықтың басына түскен қасіреттен бас тартқанымызға биыл 25 жыл толды. Ширек ғасырдың ішінде сынақтармен күресу біздің сыртқы саясатымыздың негізгі бір бағытын айқындады», - дейді Д. Мыңбай. 

Сондай-ақ дөңгелек үстел отырысында музей басшысы әлемнің көптеген елдерінің ядролық қарудан бас тартуының басында Қазақстанның тұрғанына да тоқталып өтті. 

Қазақстандық суретші және антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі Кәріпбек Күйіков өзінің көзімен көрген оқиғаларды баяндай отыра, еліміздегі ядролық зардаптарға қарсы құрылған қозғалыс туралы да тоқталып өтті. 

«Осыдан 25 жыл бұрын Антиядролық қозғалыс құрдық. Қозғалысты жазушы Олжас Сүлейменов басқарды. Сол кездегі азаматтардың біразы бүгінде ортамызда жоқ. Сынақ Қарағанды, Семей, Павлодар облыстарын қамтыған. Осы аймақтардың тұрғындары бізге қызу қолдау білдірді. Біз алғаш жұмысты бастаған кезде интернет, ұялы телефон болған жоқ. Сондықтан мектептерді, үйлерді аралап қол жинадық. Адамдардың жиналған қолдарын үлкен жәшіктермен тасыдық. Мен Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жерде орналасқан Егіндібұлақ ауылында туғанмын. Ата-анам сол сынақтарды өз көзімен көрген. Әкем талай тариxи оқиғаларды әңгімелеп отыратын. Полигоннан зардап шеккен көптеген отбасыны білемін. Менің әкемнің әріптесі 10 бала сүйді. Бірақ барлығы да ауру болып туып, шетінеп кетті. Әкесі бұл күйікке шыдамай жүрегі тоқтап қалған болатын. Мұндай жағдайлар өте көп», - деді К. Күйіков. 

Шара соңында суретші Кәріпбек Күйіковтың «Бейбітшілік пен қауіпсіздік қағидасын мұрат тұтқан Ұлы дала елі» атты сурет көрмесі өтіп, көрермен қауымға ұсынылды.

Қысқаша айтар болсақ, Кәріпбек Күйіков Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жерде орналасқан Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында туған. Полигон орналасқан жердегі зардаптарды, замана ащы шындығын көзбен көрген суретші туындыларында полигон зардаптарын салудан еш жалыққан емес. Туғанынан қолы жоқ болса да, қылқаламды тісімен немесе аяқтарының башпайының көмегімен серік еткен суретшінің туындыларына әлем елдері әлі күнге дейін таңырқап келеді. Кәріпбек Күйіков әлемді саяхаттап, адамдарға ядролық сынақтардың адамзат өміріне қандай әсер тигізетінін жиі айтып жүреді. Оның туындылары Германия, АҚШ және Жапонияның жеке коллекцияларында қойылды.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ