21 ақпанда Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатында Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға көшірілуіне арналған дөңгелек үстел өтті
Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының директоры Балқия БАЙМАҒАНБЕТОВА дөңгелек үстел модераторы болды. Іс-шараға ингуш диаспорасының өкілдері, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының оқытушылары, жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары, Қазақстан халықтары ассамблеясының өкілдері қатысты.
Қазақстан халықтары ассамблеясының Астана қаласындағы секретариат меңгерушісі Ләззат ҚҰСАЙЫНОВА, «Вайнах» Шешен-Ингуш этномәдени орталығы туралы айтып берді:
- Мен осы жерде жастарды көргеніме қуаныштымын, өйткені бұл жастар үшін аса маңызды тарихи деректер, сол арқылы олар өздері туып өскен Отанның, жердің құндылығын түсіне алады. «Вайнах» Шешен-Ингуш этномәдени орталығы – бұл тек қана біздің қалалық ассамблея құрамында ғана емес, сонымен қатар республикалық Қазақстан халықтары ассамблеясы құрамында болуы керек этномәдени ұйымның үлгісі.
Этномәдени орталықта ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді, өз меценаттары, өздерінің жастар қанаты бар. Бұның бәрі де жоғары сапалы деңгейде жұмыс істейді. Осы істі қаншалықты берілгендігі үшін ғана еріксіз сыйлайсың. Менің ойымша, патриот деп – өз елінің тарихын есте ұстап, қадір тұтатындарды да айтуға болады, ал бұл адамдар ата-бабаларын қабылдаған жерге әрқашан алғыстарын білдіреді.
Біздің жерімізде әрқашан да бейбітшілік пен тыныштық болсын. Әрқашан да тату болайық, сол үшін де көп жылдан бері Қазақстан халықтары ассамблеясы жұмыс істеп келеді. Біз тек қана тарихи естіліктерді еске алу үшін және жақсы себептермен ғана кездесейік.
Астана қаласындағы «Вайнах» Шешен-Ингуш этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі, Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының қор қалыптастырушысы Салман ГЕРОЕВ депортацияның қалай жүргізілгендігін айтып берді:
- Ұлы Отан соғысы басталысымен-ақ, 1941 жылдың маусымында шешендер мен ингуштар Кеңес Одағын неміс басқыншыларынан қорғауға қатысу үшін еріктілер ретінде жазылу үшін еріктілер болып әскери комиссариаттарға барды. Өз туған жерін қорғау ісінде таулықтар өз машықтарын кеңінен қолдану үшін жекелеген таулы-атқыштар дивизиялары құрылды. Астыртын аудандық партия комитеттері, алғашқы партиялық комсомол ұйымдары құрылды. Тылда еңбек еткендер де Кеңестік армияға жүгері, бидай, бал, жеміс-жидек, қой терісінен тігілген бұйымдар және т.б. беру арқылы көмек берді.
Осылай бірнеше жыл өтті, үздік майдангерлер марапатталды. Бірақ, шешендер мен ингуштердің соғыстағы және Кеңес үкіметін орнатудағы барлық ерліктеріне қарамастан «Чечевица» атты депортация жақындап келе жатқан еді. Қазіргі уақытта бірінші кезекте ислам дінін дәріптеушілер көшірілді деп айтылып жүр. Фашистік Германия мен Жапонияны жеңген соң, Түркияға соғыс ашпақшы болды, ал бұл халықтар оның осы ойына қарсы келеді дегеннен қорықты деген де сөздер айтыла бастады. Черчилль, Рузвельт қатысқан Ялта конференциясы Сталинді қолдамағандықтан, бұл ойы қажетке аспады.
Алайда, 1944 жылғы 23 ақпанда таңғы сағат 5-те шешендер мен ингуштердің үйілерінің есігін автоматшылар тарсылдата бастады. Ал бұған дейін 23 ақпанда, Қызыл армия күніне орай, алаңда жиналыс болады деп жаряланған еді. Денсаулығына байланысты соғысқа бармаған ер азаматтар алаңға жиналды. Бірақ оларды пулеметшілер қоршап алып, үйлерінде жиын болып жатты. Буынып-түйінуге небәрі 30 минут қана берілді. Шешендер мен ингуштардың әйелдері шаруашылық ісінде бастамашылық білдіре қоймайтын. Не істерлерін, өздерімен не аларларын білмей, ер-азаматтарынсыз неге үйлерінен қуып жатқандарын түсінбей дал балды. Оларды үйлерінен қуып, қарсы келгендерін – сол жерде атып салып жатты.
Барлық шешендер мен ингуштер: коммунистер, комсомолдар, депутаттар, жазушылар, түрлі дәрежедегі лауреаттар бәрі-бәрі пойыздарға тиелді. Пойызда адамдар өліп жатты, оларды көмуге рұқсат бермей, пойыздан құр ғана лақтырып тастап жатты. Қазақстан, Қырғызстан – Орта Азияға келгенде оларды ауылдарға бөлді.
Жергілікті халыққа қылмыскерлерді, адам жегіштерді және тағы сондай сияқтыларды әкеле жатыр деп хабарлап қойыпты. Оларға көмектесуге болмайды деп айтылыпты. Біраз уақыт өткен соң, жергілікті қазақтар бұлардың да мұсылман сүннит екендерін, олардың да намаз оқитындарын, ораза ұстайтындарын көрген соң, оларға деген қарым-қатынастары өзгереді, соның арқасында шешендер мен ингуштардың жартысы аман қалды. Жартысы қаза болды. Хат жазуға да рұқсат бермеді. Көрші қазақтар шешендер мен ингуштардың атынан хат жазып – осылайша бір-бірімен табысып жатты.
Ұлы Отан соғысының барлық майдандарында шешендер мен ингуштер ерлікпен шайқасты. Олардың ұраны – тұтқынға берілмеу, яғни өліспей беріспеу. Осыған қарамастан, жер аударылып, шешендер мен ингуштарды, балқарларды, немістерді марапаттамау туралы жарлық шығарылды. Олардың ешбір ерліктеріне қарамастан, оларды марапаттамай, кейін олардың погондарын шешу, ордендерінен, наградтау кітапшаларынан айыру туралы бұйрықтар шығарылды. Майданға кеткендер туған-туысқандарын бүкіл республикалардың түкпір-түкпірінен іздеуге мәжбүр етті.
Коммунистік партияның XX съезі, 1956 жылға дейін, өмір өте ауыр болды, оқуға түсу, жұмысқа тұру кезінде көптеген кедергілер болды. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, өмір өзгеріп, өзіміздің этномәдени орталықтарымызды ашуға мүмкіндік берді. Ұлттық сұрақтарымызды кеңесіп шешуге мүмкіндік туды.
Қазақстан халықтары ассамблеясының Астана қаласындағы секретариат меңгерушісі Ләззат ҚҰСАЙЫНОВА: - Жақында Президент жарлығымен бекітілген Алғыс күнін атап өтеміз. Бұндай бастама этномәдени бірлестіктер тарапынан келіп түсті. Биыл астананың 20 жылдығы аясында «Қазақ еліне мың алғыс» Монументі тұрғызылады. Бұл монумент идеясы Алматы облысындағы корей этносынан келіп түсті. Конкурсқа бірнеше сәулетші қатысты. Сәулетшілерге де, суретшілерге де алғыс түсінігін сипаттау қиынға соқты. Ол жайылған құшақпен де, осы жерде өсетін гүлмен де білдіріледі.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры Арайлым МҰСАҒАЛИЕВА, өзінің «Депортация как политическое насилие» атты баяндамасының негізгі тезистерін оқып берді: - Қазақ және Қырғыз КСР-іне 180 эшелон тиелді. Жалпы саны 500 мың адам, оның ішінде Қазақ КСР-іне – 147 эшелон. Ақмола облысына – 22 эшелон 59 мың адам, Қостанай облысына – 17 эшелон 45 мың адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 14 эшелон 39 мың адам, Павлодар облысына – 16 эшелон 42 мың адам. Бұл деректер «Сталиндік ГУЛАГ тарихы» кітабының 14-ші томынан алынды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы шешендер мен ингуштердің жалпы саны 186 900, ал балқарлар саны – 5 000 адамды құрады. Қазақстанға көшірілген шешендер мен ингуштардың жартысына жуығы еліміздің солтүстік өңірлеріне жіберілді, сондықтан да Солтүстік Қазақстан тарихында бұл ұлттар аса маңызды орын алды деп сеніммен айта аламыз. Олардың бұдан былайғы тағдыры, әсіресе, қасіретті еді – әрине, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы ауыр әскери кезең болды, екіншіден, қазақ ауылдары бірден осыншама адамды қабылдауға дайын болмады, үшіншіден, жергілікті билік оларға көмектескісі келмеді. Осы факторлардың бәрі Солтүстік Қазақстанға жер аударылғандардың орналастырылуына және материалдық-тұрмыстық жағдайларына қатты әсерін тигізді.
Ақмола облысына 1941 жылдың қыркүйек-қазанында көшірілген №317 зауыт Ақмола облысының ең ірі зауыты болды. Ол қазақстандықтар үшін әсіресе маңызды болды. 23 наурызда зауыт 230 арнайы қоныс аударылғандарды қабылдады. Шешен-ингуштер болғанымен де, негізінен балқарлар болды. Олар бірден хим-сантазалаудан өткізілді. Олар зауыттың сұр еденсіз үй-жайларына орналастырылғандықтан, адамдарда бөртпе сүзек ауруы басталды. Сәкі болмағандықтан, барлығы дерлік ауруға шалдықты.
Ленин атындағы зауытта Солтүстік Қазақтанның арнайы қоныстан аударылғандары жұмыс істеді. Арнайы қоныстан аударылғандардың біреуі ағаш ұстасы болып істеген. Ол ең нашар жағдайда тұрған, құр еденде ұйықтаған, пәтері болмаған. Іш киімі болмағандықтан моншаға да бара алмаған, нашар тамақтанған деп жазған. Ақмола – Қарталы теміржолында да жұмыс істеген. 170 шаршы метрде 101 адам тұрған. 276 арнайы қоныс аударылғандардың 25-і бөртпе сүзекпен ауырып, қалалық, аудандық ауруханаларға жатқызылған. 27 адамның аяқ-қолы ісініп, дистрофияға ұшыраған. Бөртпе сүзекпен 1000-ға жуық адам ауырды.
Сонымен қатар, Қазақстанның басқа облысына қоныстандырылғандар саны туралы баяндама ұсынылды: Гурьев және Батыс Қазақстан облыстарынан басқа Қазақстанның барлық облыстарына Солтүстік Кавказдан жер аударылғандар орналастырылды. Бұндай деректер бар құжаттар «Құпия» және «Аса құпия» таңбаларымен белгіленді. Уақыт өте келе олардың бәрінен құпия белгісі алынды.
Шаруашылық-ұйымдастыру іс-шаралары туралы хабарламалар қызықты болды. Жолға шығарылатын вагон, эшелондар саны, әр вагонға тиелетін адам саны анықталды. Бір дәрігер мен екі медбике бар вагонның міндетті түрде болуы анықталды. Құжаттарға сәйкес, жол жүру бойында тәулігіне бір рет ыстық тамақ пен су берілу керек болған. Осындай құжаттарды Ингушетия Республикасындағы біздің әріптестеріміз ұсынды.
Қоныс аудару кезінде адам шығыны болмағандығын куәлендіретін қызықты құжат та бар. Барлығы 180 эшелон тиелгендігі туралы тасымалдау бөлімі бастығының 1944 жылғы 8 наурыздағы анықтамасы да бар. Олардан Оңтүстік Орал жолына, Қарағанды жолына және басқа да жолдарға бөліністер кетеді. Мысалы, Қарағанды жолына – 4 эшелон. Бұл Ақмола жағына баратын жол.
Бұл құжатта жол бойындағы Куйбышев стансасында 8 айлық баланың мәйіті түсірілгендігі туралы айтылады. Ол жоқшылықтан қайтыс болған. Сол кезде сүзек пен туберкулез ең қорқынышты аурулар болды, осы аурулардан жол бойы адамдар өліп жатты. Құжаттарға қарар болсақ – ең көп адам Ақмола облысына бағытталыпты.
Бүгін, 23 ақпан, шешендер мен ингуштердің Қазақстан аумағына жер аударылғандарына 74 жыл толды. Бұл қаралы қасірет Солтүстік Кавказ халықтарының мыңдаған өкілдерін өлімге душар етті. Дөңгелек үстелге қатысушылар жазықсыз қасірет шеккендерді еске алды. Тірі қалғандары, вайнахтарға көмектесуге ұмтылған қазақ халқына деген алғыс сезімдерін кеуделерінде мәңгілік сақтайды.