ҚЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚ. ҚУҒАН ЖАУ. ЖЫЛАҒАН СУ
09.11.2016 2707
Шілікті аңғарында бастауын Сауыр жотасының солтүстігіндегі ұсақ бұлақтардан алып, Қабанбай ауылы тұсында Зайсан көліне құятын өзеннің аты – Қандысу

Маңырақ тауы мен Тарбағатайдың ортасында далиып жатқан кең алқап ежелден Шілікті деп аталады. Шіліктінің құпиясы – қазақ археологиясының алтын кілті, ондағы патшалар  обасы біздің көне ата-бабаларымыз сақтар дәуіріне тән. Осы Шілікті аңғарында бастауын Сауыр жотасының солтүстігіндегі  ұсақ бұлақтардан алып, Қабанбай ауылы тұсында Зайсан көліне құятын өзеннің аты – Қандысу.

Қандысу – Шорға-Ертіс алабындағы өзен, Зайсан су жүйесіне жатады. Өзеннің жалпы ұзындығы 121 км, су жиналатын алабы 4640 км2. Аңғары кең (0,5-3,0 км), арнасы тік жарлы. Жер асты, жауын-шашын суларымен толығады. Жылдық орташа су ағымы 5 – 6 м3/с. Өзен суымен 1,5 мың га егін суғарылып, 500-600 мың га шабындық суландырылады.

Өзеннің өізне тән ерекшелік сол, Тарбағатай бірнеше аласа таулар түрінде Сауырмен арасын жанай аққан Қандысу, Жоғарғы Еміл өзендері бөліп жатады.

Өзенге қатысты ел аңыздары

Қандысу атауына байланысты халық арасында сақталған аңыздар көп. Соның бірінде қазақ қолы мен ойрат-қалмақтардың жасағы арасында қатты шайқас болып, адам есепсіз қырылыпты. Жаудың денесін өзенге тастағанда судың беті қызыл қанға боялған. Содан бастап бұл су Қандысу деп аталыпты деген нұсқа да бар. Ал «Тұлпар мініп, ту алған» деген мақаласында автор Жұмағазы Игісін: «Абылай хан болып, Қабанбай қолбасы болып тұрған шақта жоңғар шапқыншылары бейбіт жатқан қазақ жасақтарын сан рет ойсырата шауып, қызыл қырғын соғыс салып, жерін тартып алып отырған. Сондай бір аласапыран кезде, жау жақ қапталда Қосай, Тама батырлардың жасағы қалқан болып, мыңғырған жылқылары сонау Орқашар жеріне дейін созылып жатқан бір мәуетек шақта Алтайдағы Алқабек-Білезікке бекінген торғауыттар тағы да мың-мыңдап жылқы барымталап, бірқыдыру адаммен бірге Таманың ұлы Байқонысты да өлтіріп, Тарбағатай өңіріне біржола бекініп алады. Жаудан үркіп Қалбаға қарай қашқан ел ағыны қатты өзеннен өткел таба алмай, көп адам суға кетеді. ...Бозша, Маңырақ, Ақжар ауылдарының іргесінен ағып өтетін тау өзенінің «Қандысу» аты содан қалған деген аңыз бар» деп тарқатады.  

Ел аузында қалған тағы бір аңыз бойынша жаугершілік замандарда Қандысу бойынан «Сеңгір» таулы үстіртіне дейін қалың тоғай болған. Сол қалың тоғайдан өту батырлар үшін қиямет-қайымға айналған. Қандысудың екпіні қатты дүлей жел іспеттес. Өзеннің арғы бетіне өтемін деушілердің көпшілігі суға кеткен. Содан Қандысу аталса керек. Аман өтіп, қатары азайған жауынгерлерді тоғайға тығылған жау әскері үнемі қырғынға ұшыратқан. Батырларымыз осы тоғайға келгенде жүрексініп, «сен кір, сен кір» деп бір-біріне жол беріскен деседі, осыдан барып бұл өңір «Сеңгір» аталған. Бұл күнде Қандысу бойында ғана жағалай өскен тоғайлар қалған.   

Қандысу бойы – мал қамы

Тарбағатай тауының солтүстік беткейінен басталып, Зайсан көліне келіп құятын Аягөз, Бұғаз, Базар, Қарабұға, Қандысу сияқты ірілі-ұсақты өзендер бар. Жоғарыда біз айтқан Шілікті жазығының жаратылысы, өзгешелігі жайында бұл даланы экспедиция барысында өз көзімен көрген алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан: «Карл Риттердің «Азия» деген кітабына қарағанда, бұл өлке бұрынғы уақыттағы көл асты болады. Шілікті өлкесінің ащылы жері бұл күнде жоғалған көлден қалған, көл суы кеткен соң, мұндағы тұз қаңсып жер ащы болған. Мұнда егін шаруасы қол емес, Шілікті – мал кіндігі. Бұл жерде Еуропаның Әлпі (Альпі) деген тауындағы Швейцария жұрты болса, мал шаруасын іс қылып, сиыр сауып, ірімшік қайнатып, жүні жақсы шұға болатын қой бағып дүрілдетер еді» деп жазады.

Сондай-ақ бұл өлкені ұрпақтан-ұрпаққа дейін мекендеп келе жатқан Байжігіт тармағы өз арасынан Қабанбай батыр мен Дәулетбай батыр сияқты атақты адамдардың шығуы себепті наймандар арасында ең құрметті деп саналып келеді. Бұрынғы барлық салтанаттарда ең құрметті тағамның байжігіттер өкілдеріне тартылып келгені тегін емес. Байжігіттер төмендегі жерлер мен солардағы болыстарды мекендеген: Тарбағатай жотасы мен Маңырақ тауы арасындағы беткейлері Шілікті болысына қараған. Ал Терісайырық болысы Шілікті аңғарының бір бөлігін, Жетіарал өзеніне құятын Қандысу және Терісақққан өзендері аралығындағы даланы алып жатқан. Бұдан кейін Маңырақ тауы меп оның айналасындағы жерлерді алып жатқан Маңырақ болысы және бар.

«Жатырмысың, Қандысу, жылап ағып»

Басы бұлақтардан басталғанымен, Қандысудың арнасы толып Зайсан көліне барып құятынын айттық. Өкінішке қарай қазіргі кезде Қандысу таудан жазықтыққа шыққанда құрғап қалады. 

Біздің бала күнімізде көрген Қандысудың адамның зәресін алатын құдіреті қалмаған сияқтанады да тұрады. Елге барған жылдары көріп, жылап аққан кішкене суға айналғанына куә болған едік.  Қандысу өзені Маңырақ тауының батысын бөктерлей ағып келіп, Маңырақ ауылын басып өтеді. Қандысу маусымдық қар суымен толығады да, көктемде тасиды. Бұл өзен – Маңырақ ауылдық округіндегі басты су артериясы. Ал таудың нақ өзінен ағып шығатын өзендер өте кішкентай әрі таяз. Өзендердің түбі майда тас. Жаздың басында бұл кішігірім өзендер азаяды да, жазда құрғайды. Тек олардың ағыс салалары ғана қалады. 

Заңғар КӘРІМХАН

Суреттерді түсірген Айдын ЖҮНІСХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)