Түркістанда тарихи-құжаттық көрме өтуде
15.11.2016 2033
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ҚР Президенті Архивінің ұйымдастыруымен «Елдің интеллектуалдық капиталы – тәуелсіздіктің рухани іргетасы» атты тарихи-өлкетанулық іс-шара өтті

Үстіміздегі жыл толғаулы тәуелсіздігімізге 25 жыл және халықаралық ЮНЕСКО ұйымының тарапынан 2016 жыл «Қожа Ахмет Ясауи жылы» болып жарияланды осыған орай рухани астанамыз Түркістанда атаулы шара өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Архивінің қорынан алынған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы құжаттық экспозициялық көрменің кіріспе бөліміне қойылды. Көрме экспозициясына Қазақстан мен Түркия Республикаларының арасында 1990–1993 жылдарда қол қойылған құжаттар тізбесі, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын атап өтуге әзірлік жөніндегі Өкімі (6 наурыз 1998 жыл), ҚР Президентінің Хаттамалық қызметі дайындаған Түркістан қаласындағы маңызды мерейтойлық нысандардың құрылысы туралы ақпарат, Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасы және т. б.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві қорынан алынған құжаттардың көшірмелері енгізілді. Сонымен қатар жергілікті фотограф О. Назаровтың жеке қорынан алынған Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев пен Түркия Республикасының президенті Недждет Сезердің Түркістан қаласының 1500 жылдығын мерекелеу кезінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралау сәті, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Әзірет Сұлтан» архитектуралық кешенінің қасиетті қабырғасында қала жұртшылығымен кездесу кезінде, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевты Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ректоры мен студенттері қарсы алу сәтінде және т. б. мемлекет басшысының Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапарлары барысында түсірген фотосуреттері бар.

Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Ж. Әубәкір, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Б. Жапаров, Түркістан қаласының әкімі Ә. Өсербаев салтанатты түрде ашып, құттықтау лебіздерін білдірді. «Біздің негізгі шараларымыз Алматы, Астана қалаларында өткізіледі. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жоспарланған шаралар өз кезегімен орындалып келеді. Түркістанда өткізіліп жатқан бұл жиын өңірлердегі үлкен шаралардың бірі. Сонымен бірге Түркістан жұртшылығына Президент архивіндегі деректерді таныстыру да біздің негізгі жұмыстарымыз болып саналады. Тәуелсіздіктің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып жастар барынша жұмыс жасаса, алынбайтын асу болмайды»,- деп Президент Архивінің директоры Б.Жапаров атап өтті.

Көрмені таныстыру барысына жергілікті әкімдікке қарасты бөлімдердің басшылары, «Нұр Отан» партиясының, Ардагерлер кеңесінің, ақсақалдар алқасының өкілдері, Мәдениет және архив саласы мекемелерінің басшылары, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің қызметкерлері қатысты.

Құжаттық-экспозициялық көрме Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесіне орналастырылған және биылғы жылғы 4 қараша мен 4 желтоқсан аралығында жұмыс істейтін болады.

Түркістан қаласындағы Тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың үлкен залында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен студенттерінің қатысуымен Дөңгелек үстел жұмысы өткізілді.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы мен Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің арасында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, ғылыми-тәжірибелік конференцияларды, дөңгелек үстелдерді, құжатты көрмелерді ұйымдастыру және өткізу, Тараптардың қызметінің түрлі қырлары бойынша еліміздің іс жүзіндегі заңнамаларына қайшы келмейтін ақпараттық және кеңес беру көмегін көрсету сияқты іскерлік қарым-қатынасты жүзеге асыратын келісімшартқа салтанатты түрде қол қойылды.