ХАН КЕНЕНІҢ ҰЛЫ АХМЕТ ЖАЗҒАН ҚОЛЖАЗБА ҚАЛАЙ ТАБЫЛДЫ?
17.02.2017 2531
Смирнов қолжазбаны кітап етуде сапалы етіп аударғанымен, кейбір жерлерде нақтылық, дәлдік жетіспеген. Саясаттың ықпалына түсіп, кей мәселенің мағынасын өзгертіп берген

«Қазақстан» ұлтты арнасының Мәскеудегі тілшісі Нұртас Солтанұлы қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы құжаттың қолжазбасы табылғанын жариялады. Ахмет Кенесариннің қолжазбасының түпнұсқасы арада 105 жыл өткен соң шаң басқан архивтен босап, жалпақ жаһанға белгілі болды. Қуанышты жаңалықтың жаршысы болған Нұртас Солтанұлымен байланысқа шығып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Ресейдің мәдени орталықтарында қазақ тарихына қатысты қандай дүниелер сақталып отыр? Оларды зерттейтін мамандар туралы айтып өтсеңіз.

– Қазақтың тарихына қатысты, салт-дәстүріне, тарихи тұлғаларына қатысты әр қилы құжаттар Ресейде өте көп. Оның ішінде Мәскеуде, Санкт-Петербург мұрағаттарында, музейлері мен ғылыми орталықтарында көп сақталған. Ұзақ жылдар бойы Ресеймен көрші болып жасасып келе жатқандықтан, тарихымыз тығыз байланысты екені белгілі. Советтік Ресей, одан арғы Патшалық Ресейдің кезінде қазақ даласынан табылған құнды жәдігерлер, құжаттар – барлығын әкетіп өздерінің «ұлттық мұрасының» қатарына кіргізіп қойды. Ресейдің музей, архив ісі қалай дегенмен де біздің елден жоғары ғой. Олардың бізден бұрын үйреніп, жүйелегені де белгілі. Советтік кезең бойынша да мұнда  аса мол құжаттар сақталып отыр. Бұл кезеңді зерттеуші ғалымдар Қазақстаннан келіп зерттеп жатыр, сонымен қатар осында білім алатын магистранттар мен докторанттар да арнайы зерттеулермен айналысып жүр. Ресейдің үлкен-үлкен ғылыми орталықтары мен академияларында Орталық Азияны, әсіресе Қазақстанды зерттейтін орталықтар өте көп.

Мәскеуде мен білетін бірнеше ғалым бар: қазақ арасынан шыққан алғашқы тарих ғылымдарының докторы Ермұхан Бекмахановтың қызы Нәйла Бекмаханова, бұл кісі тарих ғылымдарының докторы, Ресей Тарих институтының аға ғылым қызметкері. Н. Бекмаханова – Ресей халықтарының тарихын, оның ішінде Орталық Азия халықтарының тарихын, тарихи географияны, демографияны, сонымен қатар тарихи әлеуметтік-саяси зерттеп біраз еңбек сіңірген ғалым. Орта жастағы ғалымдардың ішінде Дина Ахметжанқызы Аманжолова деген ғалымымыз бар. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Д. Аманжолова Ресейдің жоғары кәсіби білім беру ісінің құрметті қызметкері. Ғылыми ортада бірталай мойындалған, Ресей мен қазақстан ғалымдары жақсы танитын ғалым. Бұл кісінің зерттеулерінде Алаш тақырыбы, советтік кезеңдегі этносаясатты, Ресей империясындағы ұлттық мәселелерді, ұлтаралық, ұлттық қозғалыстар тақырыбы бар.

– Мәскеу жақтан ақжолтай хабар жетті. Кенесары ханның ұлы Ахмет Кенесариннің қолжазбасының түпнұсқасы табылды. Жалпы қолжазбалардың ұзақ уақыт салып барып жарияланатыны қалай?

– Ресей мұрағаттарында сақталған құжаттардың табылу жайы әр түрлі. Бірінде олардың атрибутикасы дұрыс жазылмаса, яғни қайдан келгені, қалай және қашан алынғаны көрсетілмесе, оларды жариялау ісі де кешеуілдей береді. Енді бірінде мыңдаған құжаттардың арасында қалып, қашан бір адам келіп соның бір жапырағын алып көтермейінше сол күйі жата беретін күндері де болады. Және біраз құжаттарға бертінгі уақытқа дейін рұқсат болған жоқ, сақталу құпиялығы бойынша олар өз кезегін күтті. Әлі күнге дейін де құпия сақталатын құжаттар бар. Ғалымдардың қолы жетпей, қолы жетсе, мүмкіндігі келмей жатқан әлі де қаншама құнды дүниелердің болатыны сөзсіз.

Соңғы жаңалық – Кенесарының ұлы Ахмет Кенесариннің 1887 жылы жазып, 1889 жылы Ташкентте орыстың Евгений Смирнов есімді ғалымы аударып жарыққа шығарған кітап. Ең қызығы сол, Ахмет сұлтанның өз қолымен жазып қалдырған қолжазбаның түпнұсқасының 130 жылдан соң табылуы.

– Қолжазбаны кім, қалай тапты? 1992 жылдары оқып жүрген жұқа кітапшамыз қалай жарияланған?

Жаңадан жарық көріп отырған кітап «История Кенесары Касымова и Садык Кенесарина» деген атпен жарияланып отыр. Басылымды шығаруға қолдау көрсеткен: Қазақстанның Ресейдегі елшілігі және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Кітап авторы Ахмет Кенесариннің әкесі мен ағасы туралы жазған қолжазбасы 1887 жылы жазылған. Сол кездегі Сырдария өлкелік комитетінің қызметкері, өлкетанушы ғалым Евгений Смирнов деген азамат Садық сұлтанға өзінің және әкесінің өмірбаяны туралы жазып қалдырсаңыз деген қолқа салады. Және оны қалай жазудың үлгісін ұсынады. Смирновтың айтуынша, тегінде Садық сұлтан жаза білмегенге ұқсайды. Сондықтан ол міндетті інісі Ахметке тапсырады. Ахмет ағасының айтуы бойынша және өзінің есінде қалғаны бойынша әкесі туралы құнды деректерді 64 бет етіп жазып шығады. Смирновтың қолына тиген бұл қолжазба 1889 жылы Ташкент қаласында кітап болып басылады.  

Осы жерден қолжазбаның тағдыры белгісіз болып қалады да, тарихшы ғалымдар Е. Смирновтың аудармасы бойынша жұмыс істеп келеді. Қолжазба осылайша 1889 жылдан бері табылмай, тек араға 130 жылдай уақыт өткенде жария болып отыр. Бұл аралықта 1992 жылы «Жалын» баспасынан Смирновтың аудармасы қазақ тілінде басылып шығады. Осымен бұл кітап үшінші мәрте жарық көріп отыр. Қолжазба Ресейдің мемлекеттік тарих музейінде сақталып келген.

Жоғарыда бір сөзімде айтып өттім, атрибутикасы дұрыс жазылмаған құжаттардың табылуы әзер дегенде болады деп. Сол секілді осы Ахмет Кенесарин кітабының қолжазбасы да соның кебін құшқан. Қайдан алынған, қалай жеткен, кім әкелген деген сауалдарға жауап жоқ. Сырдария облысы әскери губернаторы болған, Орталық Азияны зерттеуші Николай Гродеков дегеннің қорында сақталған. Ал бұл қор Петр Щукин дегеннің коллекциясы болып саналады екен. Ресейдің белгілі тарихшысы, түріктанушы Илья Зайцев ислам қолжазбалары жайында жоба ұйымдастырып, көрмеге қою үшін осы тектес құжаттарды қойып жүріп, ойда-жоқта Ахмет Кенесариннің қолжазбасын тауып алады. Өзі де тілді білетін, жазуды танитын Зайцев оқып көрсе, кезінде Смирнов жазған кітаптың қолжазбасы болып шығады. Бұл 2004 жылғы оқиға. Бірақ одан кейін ғалымның уақыты болмай, тек биыл ғана жариялауды мақсат етеді.

– Қазақ мәдениеті үшін қолжазбаның құнды екені даусыз. Оның аудармасымен салыстырғандағы айырмашылықтары қандай? Қолжазбаны оқыған адамға қандай әсер береді?

– Қолжазба қазақ тарихы үшін, кітап тағдыры үшін өте құнды. Себебі Смирнов қолжазбаны кітап етуде сапалы етіп аударғанымен, кейбір жерлерде нақтылық, дәлдік жетіспеген. Саясаттың ықпалына түсіп, кей мәселенің мағынасын өзгертіп берген. Мысал ретінде кітаптың бірінші бөлімінде «Кенесары сұлтан өмірбаяны және қызметі» деп жазылса, қолжазбада бұл бөлім «Кенесары ханның орыс империясына қарсы іс-әрекеті» деп берілген. Сондай-ақ жер-су атаулары мен ру аттары, Қоқан хандығы мен Ташкенттегі билеушілердің есімдеріне қатысты, жылдарға байланысты біраз қателіктер баршылық. Үшінші басылымның құндылығы сол, сол жағдайда жақсы білетін адамның еш күмәні қалмайды. Себебі, онда төтеше жазылған кітаптың түпнұсқасы мен кирилл әріптерімен терілген Смирновтың аудармасы қатар берілген. Және кейбір ескертпелерге түсініктемелерді И. Зайцев жазып ұсынған. Қазақ оқырмандары үшін бұл қозжазбаның түпнұсқасымен жұмыс істеп, қазақ тілінде жариялау міндеті тұр.

Ресейдің мемлекеттік тарих музейі аса құпиялы мекемелердің қатарына жатпайды, алдын ала жазылу мен рұқсат сұрау арқылы кез келген оқырман бұл қозжазбамен таныса алады.  Өзім қолжазбаны қолыма алып ұстап көргенімде оның құнды дүние екенін сезіне алдым. Ұғынықты тілмен, түсінікті жазылған жазбаны роман секілді жеңіл оқып шығуға болады. Зерттеуші Зайцевтің айтуынша, Ахмет Кенесарин өте білімді, жан-жақты азамат болған. Кенесарының Ресейге қарсы соғысы, қырғызбен шайқастары шынайы сипатталады. Хан Кене қаза тапқан соң, ұлы Садықтың Қоқан армиясын басқаруы, Ташкентті қорғауға атсалысуы бәрі баяндалған. Қанша дегенмен, орыс әскерінің қолында қуатты қару бар, бір атса бірнеше сарбазды оққа ұшырады. Не істеу керек? Әкесінің соғыс тактикасына сүйенген Садық әр түрлі шөптерден, қамыстан оқ өтпейтін киім (бронежилет) жасатып, киіндіріп, соғысқа шығып, жеңіске жеткенін тәптіштеп түсіндіріпті.

Кейкі батырдың бассүйегін алдырттық. Ендігі мәселе – Кененің басы. Оның табылуы мүмкін бе?

Ресей музейлері мен мұрағаттарында сақталған құнды жәдігерлеріміздің елімізге қайтып жатқаны қуантады. Сексенінші жылдардың соңында тайқазанды қайтару мүмкін болды, былтырғы жылы Кейкі батырдың басын елге оралттық. Ендігі жерде Хан Кененің әзиз басы табылып жатса, оны қайтару үшін үкіметаралық комиссия жұмыс істеп, биік лауазымды адамдар араласса, бұл да орындалатын дүние. Ең бастысы ниетіміз оң болсын деймін.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)