Ғали Орманов 110. Сирек суреттер сөйлейді
15 тамыз қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Ғали Ормановтың дүниеге келгеніне 110 жыл толды.
Осыған орай, NDH порталының редакциясына Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған ақынның сирек қолжазбалары мен фотосуреттері келіп түсті. Құнды жәдігерлерді ақын ұрпағы қоғам белсендісі Айдар Қырықбайұлы табыстады.
Аталған құжаттардың ішінде Сәбит Мұқановтың 50 жылдығында түскен сурет, Ілияс Жансүгіровтың мерейтойлық кешін өткізетін комиссия жұмысының хаттамасы (айта кететін жайт, І.Жансүгіровтың Ғали ақын ұстазы санап, тіпті, жастау кезінде оның үйінде тұрған), Жамбыл Жабаевтың ұлы Тезекбаймен бірге түскен, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған суреттер бар.
Ілияс Жансүгіровтың мерейтойлық кешін өткізген комиссия жұмысының құрамы.
1907 жылдың 15 тамызы күн Алматы облысы, Қапал ауданы, Қызыл жұлдыз ауылында дүниеге келген. Он жасында әке-шешеден жетім қалып, туыстарының қолында тәрбиеленеді. 1920 жылы Талдықорғанда, сосын Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде білім алады. 1923-1928 жылдары Алматыдағы Қазақ халық ағарту институтында оқиды. 1943 жылы Қазақ педагогикалық университетін бітірген. Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы қызметін атқарады.
Солдан оңға қарай: Жамбыл ақынның ұлы Тезекбай, Жамбыл Жабаевтың жеке дәрігері және Ғали Орманов пен Тайыр Жароков
1929 – 60 ж. Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Майдан» альманағының редакторы, «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының жауапты редакторы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, секция меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Тұңғыш өлеңдер жинағы «Шеңбер» деген атпен 1934 жылы жарық көрді. «Шәуілдір» (1934), «Алынған қамал» (1935) поэмалары, «Абысын сыры» (1936) жыр кітабы, «Көтерме» атты прозалық жинағы (1935) жарыққа шықты. Ормановтың туындылары адамдардың қаһармандық ерлігін, табиғаттың дүлей күшіне қарсы шыққан күресін бейнелеуге арналған.
«Халық – қаһарман» (1941), «Емен» (1944) атты жыр кітаптарында соғыстың ауыртпалығын, жауынгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігі жолындағы ерліктерін, тылдағы тынымсыз еңбекті сөз етті. Ақын поэзиясы айшықты тілінің ажарымен, оның асыл қазыналарын қолданудағы шеберлігімен ерекшеленеді. «Өмір дастаны» (1948), «Бөбек жүрегі» (1949), «Сәт сапарда» (1957), «Ой қанаты» (1961), «От өзен» (1965), «Жер қазығы» (1972), «Жыр қанаты» (1975), «Жылдар жыры» (1976), т.б. өлең жинақтарында әлеуметтік оқиғаны суреттеуде ақындық шеберлік танытты.
Оңнан солға қарай: Ғали Орманов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шахмет Хусаинов, Римма, Сара Тәжібаевалар, Мүслім Абдуллин, Әбділда Тәжібаев.
Ол қырғыз эпосы «Манастың» 1-ші кітабын, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Ян Райнистің, Ф.Мақтымқұлының, А.Тоқомбаевтың бірқатар поэмаларын, Л.Н. Толстойдың «Анна Каренина» романын, Н.В. Гогольдің «Нева проспектісі» повесін, А.П. Чеховтың әңгімелерін, М.С. Бубенцовтың «Ақ қайың» романын, М.Тұрсын-Заденің «Үндістан балладалары» өлең кітабын қазақ тіліне аударды.
Ормановтың көптеген туындылары шетел тілдеріне тәржімаланған. Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ленин ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Оңнан солға қарай: Тұманбай Молдағалиев, Сәбит Мұқанов, Талдықорған обкомының І-ші хатшысы Махмұдов және Ғали Орманов.
Жамбылмен Ғали ақынның қалжың айтысы. 1942 жыл.