Латын әліпбиіне көшу тәжірибесі: кейбір мәселелері мен келешегі
06.09.2017 2131
Елбасы латынға көшуге кірісудің керектігіне тоқталып, мұны «ұлт болып шешетін принципті мәселе» ретінде қадап айтты. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілін жаңғыртуға жағдай жасауы тиіс

Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы сәуір айындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласы қоғамда зор сілкініс туғызғаны бәрімізге мәлім.

«Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек...»,-деді Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мақаласында.

Бәрімізге мәлім Мемлекет басшысы осыдан 5 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясында елімізде латын әліпбиіне көшуді 2025 жылдан бастайтыны туралы жариялады. Бұл мемлекет басшысының осы маңызды реформаға қатысты саяси шешімі болатын. Осыған сәйкес Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Латын әліпбиіне көшу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына Үкімет мүшелері, депутаттар, ғалымдар кірді. Латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауға тапсырма берілді. Өркениетті дүние латын таңбаларын ертеден пайдалануда. Әлемнің 100 астам мемлекетінде латын әліпбиі қолданылады екен. Туысқан Түркия елі 1929 жылы, Әзірбайжан 1992 жылы, Өзбекстан мен Түрікменстан 1993 жылы латын жазуына көшкен болатын. Қазақстанда 1929-1940 жылдары латын жазуын пайдаланғаны тарихтан мәлім. Бірақ Кеңес Одағының идеологиялық ұстанымына орай, Қазақ елі күшпен кирилл әліпбиіне көшірілген болатын.

Жалпы өткен XX ғасырда Қазақстан 3 рет әліпби ауыстырды (орта ғасырлардан бастап 1929 жылға дейін араб графикасын, 1929-1940 жылдары латын графикасын, 1940 жылдан қазіргі күнге дейін кирилл әліпбиін қолданудамыз.

Елімізде Президент тапсырмасын жүзеге асыру жолында нақты жұмыстар кеңінен жүргізілуде. Соның бір жалғасы, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтында «Латын әліпбиіне көшу тәжірибесі: кейбір мәселелері мен келешегі» атты латын әліпбиіне өту мәселесін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Шара ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының ережелерін жүзеге асыру перспективаларын талқылауға арналды. 

Дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Мемлекет тарихы институтының ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдері, докторанттар мен қатысқан дөңгелек үстел жұмысын Мемлекет тарихы институтының директоры Б.Ғ. Аяған бастап, жүргізді. Төраға кіріспе сөзінде алқалы жиынға қатысушыларды рет-ретімен таныстырып болған соң, іс-шараның мән-мазмұнына, мақсат-міндеттеріне қысқаша тоқталды. Әсіресе, латын алфавитіне көшудің жай-жапсарын, оның қажеттілігін баяндады. Дөңгелек үстел барысында елімізге танымал тарихшы-ғалымдар: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Е.З. Қажыбек, Қазақстандағы Әзірбайжан мәдени орталықтары одағының президенті, т.ғ.д., профессор В.Қ. Салахов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.к. Ә.Қ. Әлпейісов, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, п.ғ.к С.Ж. Дүйсен қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу перспективалары, латын әліпбиіне көшудің тарихи-рухани қажеттілігі, латын әліпбиіне көшудің түркі елдеріндегі тәжірибесі, латын әліпбиіне көшудің проблемалары тақырыбында баяндама жасады.

Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры: Президент 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін айтты. Еліміз 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кіріседі. «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Бұл жолда бізде өз үлесімізді қосамыз.

Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры: Мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша саяси шешімнің басын 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін баса айтқан болатын. Бұл-сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Мемлекет басшысы осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісетінімізді айта келе, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды.

Сейітқали Дүйсен, Мемлекет тарихы институтының Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері: Қазақ тілінің әліпбиі сан түрлі жолдан өткені тарихтан белгілі. VI-X ғасырларда түркі (руна) жазуы пайдаланылды. Қазақ елі X-XX ғасырларда 900 жылдай араб жазуы қолданды. Ал XX ғасырда үш рет әліпби ауыстырғаны (араб, латын, кирилл) тарихтан мәлім. Қазақстанда латын әліпбиі көп тұрақтаған жоқ. 1940 жылы қазақ жазуы кириллицаға көшірілді. Өткен ғасырда үш рет жазу алмастыру қазақ қоғамына оңайға соққан жоқ. Орыс әліпбиіне көшу қазақ халқының тілін, рухтық мінезін дағдарысқа ұрындырды. Еліміз тәуелсіздік алмастан бұрын-ақ, яғни 1989 жылдан бастап қазақ зиялы қауымы арасында латын әліпбиіне көшу қажет пе, жоқ па деген мәселе көтерілді. Тәуелсіздік алған соң бұқаралық ақпарат құралдарында «Латын әліпбиіне қашан және қалай көшуге болады?» -деген мәселе төңірегінде қызу пікірталастар жалғасты. Бұл әсіресе қазақ тілді зиялы қауым арасында қызу талқылануда. Қоғамды толғандыратын мәселе әрқашан қоғам мүшелерінің талқысына түсетіні белгілі.

Фото: Артем Чурсинов