Қарағандының мәдени күндері этноауылда жалғасуда
06.09.2017 2370
«ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрме аясында Қарағанды облысының Астана қаласындағы мәдениет күндері өтуде

 9 қыркүйекке дейін жалғасатын мәдениет күндері аясында Қабанбай батыр даңғылы бойындағы этноауылда «Сарыарқаның бояулар палитрасы» атты сурет көрмесі мен сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері бұйымдарының жәрмеңкесі де қатарде өткізілуде.  

«Сарыарқаның бояулар палитрасы» атты көрмені Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қоры мен Қарағанды суретшілер одағы бірлесіп ұйымдастырған. Кескіндемелік картиналардың полотнасы мен мүсіндерден тұратын бұл көрмекенді өлке Қарағандының тарихы мен  Қазақстанның бейнелеу өнерінің даму тарихынан  сыр шертеді.

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Назерке Жартынның айтуынша, көрмеде қазақстандық белгілі шеберлердің жұмыстарымен қатар, еліміздің бейнелеу өнерінің қалыптасуына үлес қосқан халық суретшілері Ә.Ысмайыловтың, Ә.Қастеевтың, Е.Сидоркиннің жұмыстары бар.

Музей жәдігерлері қойылған киіз үйлердің ішінде «Қысқы Қарағанды», «Көкпар», «Апақ Байжанов», «Космос қаласы», «Тоқтар Әубәкіров», «Ақын», «Кеніш жұмыстары» және тағы басқа өңір тарихына қатысты құнды картиналар бар. Қарағанды облыстық бейнелеу музейінің 40-қа жуық картиналары мен жәдігерлері келушілердің назарына ұсынылды.

«Музейдің қорынан 40-қа тарта жұмыстар алып келіп отырмыз. Олардың қатарында суретшілердің картиналары, ұлттық қолданбалы бұйымдар мен мүсіндер бар. Қарағандының тарихын Апақ Байжановпен байланыстарымыз. Сондықтан төрдегі басты жәдігер Апақ Байжановтың бозбала шағындағы картинасы. Авторы -  Қалмаханов Сейітмахан. Сондай-ақ тарихи картиналардың біразын көрмеге алып келдік. Олардың қатарында саяси-қуғын сүргінге ұшырап, Қарағандыдағы Долинка түрмесінде жатқан әйгілі суретші В. Эйферттың «Қысқы Қарағанды» суреті. Қарағандының 1930 жылдардағы көрінісін салған. Сурет 1949 жылы салынған. Қазіргі таңда облыстық бейнелеу өнері музейінің құнды жәдігері болып табылады. Одан бөлек  Е. Сидоркиннің «Көкпар» атты картинасы. Ол да 1960 жылдары салынған сурет. Көрменің бір ерекшелігі, көрмеге бүгінгі Қарағанды қаласының көріністерін әкелген жоқпыз. Алғашқы құрылған қала тарихының кезеңдерінен сурет әкеулге тырыстық. Бұл бір жағынан тарих дегендей. Екіншіден бұл тарихи суреттерді Елорда тұрғындары мен қонақтары көрсін деген ниетпен»,-дейді музей қызметкері Н. Жартын.  

Көрмеге қойылған суреттер қатарында қуғын-сүргінге ұшыраған, өмірінің біраз кезеңдерін Қарағанды өңірінде өткізген, әлемге әйгілі суретшілердің де картиналары қойылған. Олардың қатарында Мәскеу мемлекеттік музейінің директоры болған Владимир Эйферт, атақты ғалым суретші Александр Чижевский, Растопин Николай, мүсінші А.Гуммель. Қарағанды жеріне айдалып келген жоғарыдағы өнер қайраткерлері, суретшілер Қарағанды кескіндеме мектебінің қалыптасуына өз үлестерін қосты.

Тарихқа сәл шегініс жасайтын болсақ, өткен ғасырдың 1950-70 жылдары Қарағанды кескіндеме мектебі қалыптасты. Осы жылдары П.Андриюк, В.Ворохобин, М.Әбілқасымов, С.Қалмаханов сияқты суретшілердің шеберлігі шыңдалып, Қазақстан мен Қарағандының алтын қорына есімдері енді. Ал, 1980-1990 жылдары қарағандылық кескіндеме мектебінің тарихында ойып тұрып орын алған А.Аманбаев, Н.Растопчин, О.Дроздов, К.Аскаров, Б.Мұстафин және Н.Дауренбековтер еді. Олардың жұмыстары осы көрмеде орын алған.

Сондай-ақ Қарағандының жас буын суретшілерінің картиналарында сурет көрмесінен тамашалай аласыздар. Қарағанды қаласының тарихын, Қазақстан жерін, түрлі жанрдағы өнер туындыларын көзімен көріп, суретшілердің шығармашылық әлеміне саяхат жасай алады. 

EXPO көрмесіне Қарағанды облысының қолөнер шеберлері де өз үлестерін қосуда. Бірнеше күнге созылатын мәдениет күндері аясында Арқаның қолөнер шеберлері де этноауыл кешенінде мастер-класс өткізіп, бұйымдарын сатылымға шығаруда.  Қарағанды облысына белгілі қолөнер шебері Малик Жомарттың  сөзіне қарағанда, этноауылдағы көрмеге Қарағанды облысынан келген 20-ға жуық қолөнер шебері қатысуда.

Көрме барысында Өміркелді Әбеуов керамикадан жасалған туындыларын халық назарына ұсынып, шеберлік сағатынан ыдыс жасап көрсетті. Қарағанды қаласы, Сортировка кентіндегі «Жұлдыз» тігін цехының иесі Жұлдыз Әшірбекова қыз жасауына қатысты өнімдерді ала келіпті. Қазақстанға белгілі киіз үй жасаушы қолөнерші, қайыстан қамшы өріп, ағаштан ұлттық бұйым жасайтын жиһазшебері Ғабит Қанатбаев, Қарағанды облысы көлемінде аты белгілі музыкалық аспаптар шебері Сарыбас Хамзеұлы Жүнісов, Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданының тұрғыны Жомарт Мәліктің қолынан шыққан сәндік қолданбалы туындылар қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылуда. Бір айта кететін жайт, көрмеге қатысып жатқан кәсіпкерлер өз бұйымдарын саттыққа қоя алады.

Ғабит Қанатбаев, қолөнер шебері:

«Мен өзім қолөнер ісімен кішкентайымнан айналысып келемін. Әкемнен үйрендім. Бүгінде Қарағанды қаласында ата кәсіпті жанұямызбен меңгеріп, «Оймақ» атты отбасылық шеберханамыз бар. Қарағанды қаласында ұлттық бүйымдар сататын дүкенімізде бар. Осы жерде көріп отырған заттардың барлығын өзім және отбасы мүшелеріміз дайындадық. Біз киізден, қайыстан, теріден, ағаштан, темірден жұмыстар жасаймыз. 4-16 қанаттық киіз үйлерді жасаймыз. Оның ішкі құрал-жабдықтарын әйелім және қыздарым дайындайды. Осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық өңірлеріне және әлемнің 10 шақты мемлекетіне киіз үйлерім сатылды. Сондықтан ұлттық бұйымдарды жасау менің қаныма біткен атакәсіп болады. Алдағы уақытта қазақ халқының үй жиһаздарының жаңа үлгісін жасауды ойға алып жүрмін. Соны іске асыруға тырысамын».

Қарағанды облысының күндері қыркүйектің 9-на дейін жалғасады. Ал бүгін 21.30-да «ЭКСПО-2017» амфитеатрында Қарағанды облысының мәдениет және өнер шеберлерінің гала-концерті өтеді. Сахнада Қарағанды облысына белгілі үздік өнер ұжымдары, орындаушылар, танымал әртістері мен қазақстандық шоу-бизнестің жұлдыздары Қарақат Әбілдина, Ерлан Көкеев, «К-7» тобы, Жәмила Баспақова, Болат Құсайынов өнер  көрсетеді.

 

Этноауылдағы Қарағанды облысының мәдени күндерінен дайындалған фоторепортаж