Мехди Санаи – ирандық ғалым әрі дипломат. 1995 - 1998 жж ол Иранның Қазақстандағы мүддесін білдірді. Еліміз туралы ой-толғаулары «Ұлы Жібек жолында... Қазақ жеріндегі кездесулер» атты жинаққа енді
Кітап 90-шы жылдары Қазақстандағы түрлі құбылыстар мен оқиғаларды қамтиды. Мақалалардың бірі 1997 жылы жазылып, қазақстандық БАҚ-қа, республикадағы телевидение мен газеттердің ахуалына шолу жасауға арналыпты. М.Санаи түрлі БАҚ-тың артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтай келіп, жергілікті арналар мен газеттердің мазмұнына талдау жасайды, әсіресе популистік тәсілдермен аудиторияны жаулап алған арналарға қатысты наразылығын жасырмайды.
Телевидение және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары. (қысқартылған редакция) Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының көптүрлілігі.
Одақ ыдырағаннан кейінгі телевидениенің жай-күйі. 30 маусым 1997 ж.
Мен бүгін Қазақстан мемлекеттік телевидениесінің екінші арнасының басшысымен кездестім, қазіргі уақытта ол сонымен қатар бірінші арнабасшысының да орынбасары болып саналады. Алдағы жоспарлар және ынтымақтастығымыздың мүмкін болатын бағыттары туралы сөйлестік. Біздің кездесуіміз, Мәдени уәкілдіктің көмегімен екінші арна үшін Иран туралы қызықты бағдарламаларды мерзімді дайындап отыратын осы арнаның бір тілшісінің бастамасы бойынша жүзеге асты.
Телевидениенің екінші арнасы негізінен қазақ тілінде хабар таратады, бейнесінің сапасы мен материалдардың мазмұны бойынша ол бірінші арнадан қалып тұр. Бірақ оның артықшылықтары да бар: біріншіден, бұл арна республиканың бүкіл аймағына хабар таратады, екіншіден оның программаларын Қытайдың қазақтар көп тұратын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында, Моңғолияда да көреді.
Біз республиканың көптеген телеарналарымен бірге табысты қызмет етіп келеміз, және жетекші тілшілер арасында да достарымыз көп. Өзара қызығушылықтарымыз бен екі елдің рухани ортақтығы біздің ынтымақтастығымыздың негізі болып табылады. Мысалы бірінші арнада Ғалия апай жұмыс істейді, ол Иранға сүйіспеншілік білдіретін жоғары білікті әрі тәжірибелі тілші. Ол иран мәдениеті мен өркениеті туралы бірнеше бағдарлама дайындап та қойды. Республикада ең басты арна болып саналатын «Хабар» арнасында Иран туралы бірнеше объективті және игілікті телепрограммалар көрсетіліп өтті. Бұл телеарна заманауи аппаратурамен жабдықталған және программаларының сапасы да өте жоғары. Сонымен қатар республикалық телевидениенің «31 арнасымен» де бірге табысты қызмет жасаймыз. Осы жыл бойында бұл арна иран мәдениеті туралы апта сайын материалдар көрсетіп тұрды. Программалардың бірі Имам Хомейннің қайтыс болуына арналды.
Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары өте белсенді. Кеңес Одағында телевидение 1931 жылдан бастап қызмет ете бастады. Бірақ Қазақстанда телехабар тарату тек 1958 жылдан ғана басталды. 60-шы және 70-ші жылдары радио мен телевидение насихаттаушы және білім беруші сипатта ғана болды. «Партия салған жолмен», «Ұлы достық», «Лениндік саясат», «Мемлекеттің экономикалық қуатын нығайтамыз» деген сияқты және тағы да басқа айдарлар болды. Бұл программалар партия қайраткерлеріне сілтеме көп жасайтын. Барлық телестудиялардың құрылымы бірдей дерлік болды: саяси және әлеуметтік программалар студиясы, экономикалық программалар студиясы, ауыл шаруашылық программалар студиясы, ғылыми, оқу және жалпы білім беретін программалар студиясы, көркем фильмдер мен оқу фильмдері студиясы, әдеби және драмалық программалар студиясы, балалар мен жастарға арналған программалар студиясы.
1986 жылы орын алған желтоқсан оқиғасы бүкіл республиканы дүр сілкіндірді. Кеңестік басшылар қазақы ұлтшылдықты қалыптастыруға телевидениенің тигізетін әсерін анықтамақшы болды. Сол қайғылы оқиғалар мен телевидение программаларының ешбір ортақтастығының жоқтығы анықталды.
Алдымен, республикалық телевидение енді құрылып жатқан кезде орыс және қазақ тіліндегі бағдарламалардың арақатынасы 50:50 болып белгіленді. Қазақстанның Мемлекеттік телевизиялық компаниясы үш арнадан тұрады: бірінші, екінші және «Алатау» арнасы. Бірінші арнадағы ең маңызды программалардың бірі «Хабар» («Вести») болды. 1996 жылы осы программа негізінде тура осы атаумен дербес телеарна құрылып, оның басшысы Дариға Назарбаева болды.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ және орыс тіліндегі бағдарламалар көлемінің арақатынасы 60:40 болып белгіленді. Алайда шын мәнінде орыс тіліндегі бағдарламалар саны басым. Бұл, қазіргі уақытта қазақ тілінде сапалы бағдарлама дайындап, оны тарата алатын кадрлар санының мардымсыздығында.
Жалпы алғанда,Одақтың ыдырауы, нарықтық қатынастардың дамуы және БАҚ әсерінің өсуі көптеген телеарналарды құруға арналған негізді әзірледі. КТК, «Рахат», ТАҢ, «31 арна», НТК және «Шахар» арналары – соңғы бірнеше жылда құрылған мемлекеттік емес коммерциялық телеарналар.
Одақ ыдырауы салдарының бірі, мысалы, бір түйір нанға зар болып отырған тұрғындары бар республикада, республикалық телеарналардың бірі кеш түсісімен жыныстық білім беру клубына айналады. Бұл, Одақ ыдырағаннан кейінгі алғашқы жылдары кейбір тұлғаларға тән ашкөздік пен пайдакүнемдікпен байланысты болса керек, ал қазір ұстамды сипатқа ие болған. Әрине, басшыларды ауыстыру және арналарда болған қайта құрулар да өз әсерін тигізді.
«31 арна» – бұл жекеменшік интерактивті ақпаратты-хабар таратушы және музыкалық телеарна. Онымен белгілі әншілер мен музыканттар бірге қызмет істейді, онда жастарға арналған қызықты программалар көп.
КТК бертінге дейін отбасылық телеарна болатын және негізінен телесериалдарды көрсететін; оны «Караван» жекеменшік өндірістік-коммерциялық фирмасы сатып алды. Бұл фирма сонымен қатар өзі аттас, республикалық масштабта тиражы ең көп апталық газетті және бірнеше журнал шығарады. Бұл фирманың иелері еврейлер деседі. Бұлардың танымалдығына қарамастан, көпшілік, әсіресе, зиялылар мен басшылық буындағылар олардың қызметіне күдікпен қарайды.
«Караван» - БАҚ-тың нарықтық қатынастарды ескере отырып қызмет етуінің жарқын үлгісі болып табылады. Апталық газеттің басым бөлігін жарнама алып отыр, бұл оның халық арасындағы маңыздылығын арттырушы факторлардың бірі болып табылады. Бұдан басқа, іс жүзінде газеттің әр санында бірнеше эротикалық материалдар мен бейәдеп суреттер жарияланады. Материалдардың әртүрлілігі, түрлі саяси көзқарастарды бейнелеуі, барлық дүниежүзінен қызықты хабарламаларды жариялауы, кейде жарты миллионға дейін жететін орасан зор тиражы, ел өңірлері мен қалаларына жылдам жеткізілуі, бағасының арзандығы (бет санының көп болуына қарамастан), жарнаманың сан алуандығы мен өзектілігі және т.б. «Караванның» ерекшелігі болатын. Осы апталық газетте басылып шығатын түрлі саяси және өзге де материалдар қоғам өмірінің негізгі сәттерінен көрініс беретін.
Бірақ, өкінішке орай, «Караван» азғындық пен зинақорлықты асығыстықпен насихаттайтын, және адамзаттың адамгершілік және діни қағидаларына орынсыз тиісуді өздерінің мақсаты санайтын сияқты басылымдар қатарына жатады.