Астанада Алаштың 100 жылдығы атап өтіледі
18.10.2017 3147
Биыл Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы Алаш автономиясы және Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған «Алаш мұраты және рухани жаңғыру: сабақтастық пен жалғастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. 

Қазан айының 27 күні жоспарланып отырған конференцияны Астана қаласының әкімдігі, Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастыруда.

Конференцияның мақсаты: Алаш автономиясының, Алашорда үкіметінің, «Алаш» партиясының идеяларын және елді тәуелсіздік мұратына ұйыстырған Алаш арыстарының мұраларын насихаттау, Азаттықты аңсаған, сол жолда қызмет атқарған күрескер бабаларымыздың ұлы мұраты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жүзеге асқанын, Елбасы алға тартқан «Рухани жаңғыру» идеясы және Алаштың негізгі ұстанымдарының тығыз сабақтасып әрі жалғасып жатқанын, мемлекет тарихын көпшілікке дәріптеу, патриоттық қоғамды қалыптастыру.

Конференцияның жұмысына белгілі алаштанушылар, ғалымдар, қаламгерлер, депутаттар, мемлекеттік мекемелердің, саяси партиялардың, музей-кітапханалардың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің, оқу орындары мен мектептердің және бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері, жас ғалымдар мен мамандар, оқытушылар мен студенттер қатысады деп күтілуде.

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының таратылған хабарламасында көрсетілгендей, конференция жұмысына азаматтар өз еркі бойынша да қатыса алады. Ол үшін ниет білдірушілер ұйымдастырушылармен байланысқа шыға отырып, конференция тақырыбына сай қазақ, орыс, түрік тілдеріндегі материалдары мен баяндамаларын (мақалаларын) 23 қазанға дейін e.ensebaev@astana.kz электрондық поштасына жолдауы керек.

Еске сала кетер болсақ, өткен жылы Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл тоуына орай үкімет Алаш арыстарын есте қалдыру мақсатында бірқатар шаралардың жүзеге асырылу керектігін айтқан болатын.  

«2017 жылы орталық және жергілікті атқарушы органдар жалпыхалықтық тарихи мәні бар аталған оқиғаның 100 жылдығы аясында республикалық деңгейде бірқатар мерейтойлық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Мәдениет және спорт министрлігіне  мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2017 жылы Алаш партиясының  құрылуының 100 толуы аясында іс-шаралар кешенін өткізу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды» делінген үкімет хабарламасында.