Шевченкоға 1384 ескерткіш қойылған
15.03.2018 2491
2018 жылғы 13 наурызда Украинаның Мәдени-ақпараттық орталығында әлемдік деңгейде аты танымал ақын әрі суретші Тарас Шевченкоға арналған іс-шара өтті

1847 жылы Шевченко тұтқындалып, Орск бекінісіне солдатқа жіберіледі. Оған «жазуға және сурет салуға қатаң тыйым салынды». Бұл өмірін өнерге арнаған адам үшін ауыр азап еді. 1850 жылдың көктемінде поручик Н.Исаевтың көрсетуімен Шевченко «жазуға және сурет салуға тыйым салынды» деген патша жарлығын бұзғаны үшін тағы да тұтқынға алынады.

Шевченко каспий теңізінің шығыс жағалауында, Маңғыстау түбегінде орналасқан Новопетровское бекінісіне жіберіледі. Қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, ол өзінің сүйікті ісімен шұғылдана берді. Осы жерде оның жиырмаға жуық повесті өмірге келеді.

Бұл жердің табиғаты мен адамдары Шевченконы жаңа еңбектер жазуға шабыттандырды. Ол өзінен кейін Маңғышлақ аумағындағы сәулет құрылыстарының, мазарлардың, ескерткіштердің, құлпытастардың суреттерін салып қалдырды. Оның сол кезеңдегі шығармаларынан бірінші кезекте туған жерге деген сағынышы сезіледі.  

Сонымен бірге, қазақ халқының ауыр тұрмысы да оның аяушылығын туғызатын. Даланың езілген халқы деген жанашырлығы оның «Ой» атты өлеңінен көрінеді.  

Шевченко қазақтар мен украиндықтардың ауыр тағдырының ұқсастығын байқайды. Украиндық суретшінің көркемсурет өнерінде де қазақтар образы өз орнын тапты. Ен даланың тұрғындарына «Даладағы өрт», «Бақташы», «Киіз үйде», «Байғұстар немесе қырғыздың қайыршы балалары», «Жалғыз ағаш» картиналары арналған.

Іс-шарада №47 мектеп-гимназияның оқушылары Тарас Шевченко туындылары негізінде театрландырылған көрініс көрсетіп, өлеңдерін оқыды. Балалар украин тілін мықты меңгергендерін көрсетіп, ақын тұлғасына деген қызығушылықтарын байқатты. Украин халық хоры украин және қазақ тілдерінде ән шырқады. Сонымен қатар, Шевченконың өмірі мен шығармашылығына және оның шығармаларындағы кейіпкерлердің прототиптеріне арналған фильм көрсетілді.

Қазақстан Республикасындағы Украина істері бойынша уақытша сенімді өкіл Володымыр Джиджора ақынның Украинаның мәдени мұрасындағы рөлі туралы әңгімелеп берді. Қазақ жазушылары, ғалымдары украиндық ақынға құрмет көрсеткен. Маршал Әбдіхалықов, Темір Бейісов, Қалижан Бекхожиндер оған мақала арнаса, Дихан Әбілев, Қасым Аманжолов, Сапарғали Бегалин, Ғафу Қайырбеков Шевченконың жырларын аударған, ал Мұзафар Әлімбаев төрт циклден тұратын жыр арнаған.

Украина Елшілігінің Бірінші хатшысы Леонид Ясинский NDH тілшісімен осы іс-шара туралы ойымен бөлісті:

– Біздің тарихшы ғалымдарымыздың айтуынша, Иисус Христостан кейінгі ең көп ескерткіш Шевченкоға қойылған, шамамен 1384 ескерткіш. Қазақстанда Шевченко болған жерде тек шөл дала ғана болған деуге болады. Есілдегі қорғаныс бекінісі, Новопетровск форты, сондықтан да оның қазақтың мәдени қайраткерлерімен жолығуына еш мүмкіндік болмаған. Бірақ, қарапайым халық оған көп әсер еткен.

Мысалы, Шевченконың «Қазақ қызы Катя» деген картинасы бар. Қазақстандағы суреттер санын айтқан кезде, түрлі санды айтады, әдетте, олар 350-ге жуық. Шевченко шын мәнінде Қазақстанның тұңғыш суретшісі. Оған дейін тек қана Шоқан Уәлиханов болған, бірақ, өкінішке қарай, ол ерте қайтыс болды. Ал, Шевченко өзінен соң осындай мол картиналар мұрасын қалдырған.

Алматыдағы тұңғыш сурет галереясы ұзақ уақытқа дейін Шевченко атымен аталды. Кейінірек ол Ә. Қастеев атындағы Өнер мемлекеттік музейіне айналды. Ақтау қаласы бұрын Шевченко деп аталған. Украин суретшісіне Қазақстан бойынша бірнеше ескерткіш қойылған.  

Фото: Артём ЧУРСИНОВ