«Бабалар ізімен» экспедициясы Шығыс Азия мен АҚШ-қа аттанады
26.03.2018 2555
«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы 2018 жылдың 1-26 сәуір аралығында Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ елдеріне сапар шегеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде қоғам қайраткері және әйгілі қазақстандық жиһангез-саяхатшы Сапар Ысқақұлының қатысуымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жалғасуына арналған баспасөз конференциясы өтті. 

Баспасөз конференцияның жұмысына ғылыми экспедиция жетекшісі Сапар Ысқақов, Биология ғылымдарының кандидаты, ҰБО генетикалық зертханасының меңгерушісі Мақсат Жағабин тарих ғылымдарының докторы Жақсылық Сабитов және «Хабар» телеарнасының тілшісі Саят Жөкенов қатысты.

«Бабалар ізімен» жобасы 2016 жылы бастау алған. Экспедиция 2019 жылға дейін бабаларымыз ізін қалдырған Еуропа, Азия, Африка және Америка құрлықтарының 50-ге жуық елдерінде болып, төл тарихымызға тың серпілістер әкелуді көздейді. Ғылыми экспедицияның мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру.

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы 2018 жылдың 1-26 сәуір аралығында Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ елдеріне сапар шегеді. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі, қоғам қайраткері Сапар Ысқақов тоқталып өтті.  

«Бүгін біздің төртінші кезекті «Бабалар ізімен» деген ғылыми экспедициямыз басталуға дайын отыр. Соны сіздермен бөлісуге келіп отырған жайымыз бар. «Бабалар ізімен» жобасы өткен жылы 67 күн бойы Еуразия құрлығындағы  елдерді аралап өткен. Мұндағы мақсатымыз біздің бабаларымыздың әрбір елдің қалыптасу тарихына қалдырған іздерін анықтау. Біздің білуімізше, ұлы  бабаларымыз 50-ге жуық елдің жерінде олардың мдениетіне, тарихына, тілдеріне, жер-су аттарына көп іздер қалдырған. Соны біз келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Біздің тарихымыз үлкен деңгейде зерттелген жоқ. Мен өзім  ғалым емеспін. Елімнің патриоты ретінде осы жобаны қолға алып отырмын. Бұл жобаны жүзеге асыруға білімді, білікті мамандар экспедиция құрамына алынған. Олардың қатарында  Тарих ғылымдарының докторы, ДНҚ-жобасының жетекшісі Жақсылық Сабитов, Биология ғылымдарының кандидаты, Ұлттық биотехнология орталығының генетикалық зертханасының меңгерушісі Мақсат Жағабин бар. Үстіміздегі 2018 жылы «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Үндістан мен Мысыр еліне барып келді. Ендігі бара жатқан сапарымыз Жапония, Корея, Қытай, АҚШ. Біздің сапарымыз жобамен бір айға жуық болады деп отырмыз. Биылдың өзінде жоғарыдағы мемлекеттерден бөлек тағы да 10 шақты мемлекетке баруды жоспарлап отырмыз.

Экспедиция құрамының Шығыс Азия елдерін таңдауы жай емес, өйткені XIII ғасырдағы Құбылай ханның әскер құрамында болған қыпшақ жауынгерлері осы елдерді жаулаған. Ұлы тарихи батырымыз Тұтық әскери бастық және императорға жақын жүрген адам болған, көптеген артықшылықтарға ие болып, тіпті император отбасының кейбір тұлғаларына бағынуды талап еткен. Экспедицияның АҚШ-қа жол жүру себебі – алтайлықтардың Америка аумағына қоныс аудару гипотезасын тексеру, үндістер резервацияларына кіріп шығу.

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының басты ақпараттық қолдаушысы – Хабар агенттігі. Жоба аясында әзірленетін деректі филмьдер мен репортаждық материалдар агенттіктің арналарында көрерменге ұсынылатын болады. Агенттіктің «Kazakh TV» телеарнасында қазақ этникалық қауымдастығының қалыптасуын, шет елдердегі сәулет және мәдени ескерткіштердегі қалған іздерін, өзге елдермен этномәдени қарым-қатынасын баяндайтын 5 тілді деректі фильмдер топтамасы әзірленеді.

Саят Жөкенов, «Хабар» агенттігінің шеф-редакторы, экспедициясы мүшесі: «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы аясында қолға алынған жоба. Хабар телеарнасы экспедиция барысынан арнайы хабарлар дайындап және ақпараттық қолдау көрсетуді көздейді. Хабар агенттігі тарихи, мәдени, гуманитарлық және ізденіске толы дүниелерді әрқашан қолдап келе жатыр. Хабар телеарнасы «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының авторларымен жан-жақты әріптестік байланыс орнатқан. Сол арқылы тарихи деректерді, мол ғылыми ізденістерді көпршілік көрермен қауымға жеткізуді көздейді. Осы іспен журналист ретінде өзім тікелей айналысудамын.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясы барысында «Дешті Қыпшақ» беймемлекеттік ғылыми-зерттеу орталығының тұсаукесері өтті. Ғылыми орталықтың жоспарлары – қыпшақтардың тарихын баяндайтын орыс жылнамаларының жинағын, түркі тілдес халықтардың қыпшақ тобының генетикасына байланысты ғылыми баяндама және басқа да тарихи монографиялар шығару. Қазақстан аумағын қамтитын орта ғасырлық карталардың жинағы бастырып шығарылады. Бұл жинақта карталардың заманауи кескінімен қатар анықтама жазбалар көрсетіледі. Сондай-ақ, «Дешті Қыпшақ» ғылыми-зерттеу орталығы Ұлттық биотехнологиялар орталығының генетиктарымен бірге Қобыланды батыр ұрпақтарының генетикасын баяндайтын импакт-факторы жоғары журналға ағылшын тілді ғылыми жарияланымды дайындауда. Бірлескен зерттеулер Қобыланды ұрпақтарының шежіресі көбінесе шын екенін, және басқа түркі халықтар өкілдерінің ДНҚ бөліктерімен сәйкестігін көрсетті.

Ғылыми экспедиция жұмысынан Live режимінде ақпарат таратылып, әлеуметтік желі пайдаланушылары мен интернет қолданушыларына тікелей ақпарат жеткізілетін болады.

Еске сала кетер болсақ, ғылыми экспедиция  құрамындағы география, тарих ғылымдарының докторлары және деректі фильмдер түсіру тобы 24 елде жұмыс атқарған. 2017 жылы 67 күнде Қазақстан, Ресей (Қабарда-Балқар Республикасы, Қарашай-Черкес Республикасы, Дағыстан Республикасы), Әзірбайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдова, Словения, Беларусь, Литва, Польша, Германия, Франция, Венгрия, Италия, Рим (Ватикан) елдерінде болып, төл тарихымызға қатысты құнды мұраларды жинақтап қайтты. Ғылыми экспедицияның нәтижелері 2017 жылдың 13-14 қыркүйек аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде 14 елден шақырылған ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің қатысуымен өткізілген Халықаралық ғылыми конференцияда қорытындыланды. Экспедиция жұмыс атқарды.

 «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі – белгілі саяхатшы Сапар Ысқақов. Ол Оңтүстік Полюс (Антарктида) пен Солтүстік Полюсті (Арктика) бағындырып, әлемнің 6 құрлығының 132-ден астам елінде болған. 2014 жылы «Astana EXPO-2017» жалауымен 119 күнде жер жүзін лайнермен айналып шықты. 2016 жылы С. Ысқақов «МИГ-29» әскери ұшағымен 22 000 метрге стратосфераға ұшқан. 

Фото: Артем ЧУРСИНОВ