Елорда төрінде орналасқан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде археологиялық артефактілер көрмесі ашылды
Экспозиция Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асқан. ЕҰУ ғалымдары мен зерттеушілері тапқан жәдігерлердің негізінде Сақ дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі тарихи археологиялық артефактілермен топтасқан.
Көрмеге сақтар, ғұндар, түркілер және Қазақ xандығы тұсындағы жәдігерлер шығарылып отыр. Соның ішінде киімдер, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, әскери қару-жарақтар, петроглифтер, музыкалық аспаптар және тағы басқа заттар бар.
Бірегей археологиялық қазынаны іздеп-тауып, талдап, сараптап, зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалымдар қатарында белгілі түрколог, «Түркітану және Алтайтану» институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, белгілі тарихшы Айболат Кукумбаевтар болған.
Бүгінгі көрменің негізгі авторларының бірі белгілі түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы экпозиция ашудағы басты идеялары туралы, көрмеге қойылған құнды жәдігерлер туралы аз-кем тоқталып өтті.
«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бері қоғамда үлкен бір серпіліс болды. Латынға көшу, туған жеріміздің тарихын білу, рухани құндылықтарымызды жаңғырту мәселелері. Қазақ елі бұл мәселер бойынша біраз рухани байлығын кеңейтіп, таным-түйсігін байытты...
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарымызда Тәуелсіз қазақ елі деген қайдан шықты, қайдан келді деген мәселе болды. Осы мәселені шешу жолында Елбасымыз бүтін бір жылды «тарих жылы» деп арнады. Одан кейін «Мәдени мұра» бағдарламасы пайда болды. Бұл бағыт бойынша 4-5 жыл жұмыс атқардық. Сондай-ақ Елбасымыз өзінің сөйлеген сөздерінде, Жолдауларында, көп жылдық бағдарламаларында осы Тәуелсіз Қазақстан дейтін ел бүгін ғана пайда болған жоқ, бұның арғы тегі, шығу тарихы көне сақтар, ғұндардан, түріктерден басталатынын жиі айтып келді. Енді осыны біз ары қарай насихаттауымыз керек. Егер осыларымызды насихаттап келмесек, жастарға, студенттерге, оқушыларға насихаттамайтын болсақ, біз қуыршақ мемлекет болып қаламыз. Қолдан жасаған жасанды мемлекет болып қаламыз. Сондықтан тарихымызды дұрыс түсіндіру үшін осы көрмені аштық.
Осы тариxи жәдігерлердің ішінде біз тапқан, бізге дейін моңғол, орыс пен Еуропа ғалымдары тапқан дүниелер бар. Енді, бәрін сыйдыруға тырыстық. Біздің мәдениетіміз бен тариxымыз Қазақстанның бүгінгі шекарасымен шектелмейді. Біраз дүниеміз шетелде қалды. Біздің ата-бабаларымыз шығысы Маньчжурия, батысы Донға дейінгі жерде өмір сүрген ғой. Ол жерді «Дешті Қыпшақ даласы» деп атаған. Соған бүкіл дүниелеріміз шашылып келді. Осыларды жинап-жинап, алғашқыда 1000-ға жуық экспонат болды. Одан кейін оны 300-ге, артынан 100-ге, сосын 60-қа дейін азайтып, бүгінгі көрмеге шығарып отырмыз. Бұл - біздің мәдениетіміз, тариxымыз, қазақ xалқының аяқ астынан пайда болмағанын көрсететін үлкен мұра. Халқымыздың тариxы тереңде жатыр. Негізгі идеямыз осы», - дейді түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы.
Университеттің «Күлтегін» атриумы залына қойылған көрмеде аса құнды жәдігерлер көп. Олардың қатарында сақтардың биік арбасы (б.з.д VI-III ғ.), ата-домбыра (б.з.д VII-II ғ.), Білге қағанның алтын тәжі (б.з.д 735 ж.), Қарлұқ xанның бегіміне арнап тұрғызған ұстыны (б.з.д 748-750 ж.), алтын құлып (б.з.д 770-780 жж.), алтын кесе және басқа да құнды заттар бар.