Зауытбек Тұрысбеков Моңғолиялық қандастарға көңіл айтты
04.08.2018 2022
Зауытбек Тұрысбеков Моңғолиядағы қандастар Ислам Қабышұлы мен Хайрулла Жәлелұлының қайтыс болуына байланысты Моңғолиялық қазақ қандас ағайындар мен марқұмдардың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады

 

Моңғолиялық қазақ қандастар, ағайындар!

         Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және қазақстандық ағайындар атынан Моңғолиядағы қандастар арасындағы бірі беделді ғалым, академик, жазушы, тарихшы Ислам Қабышұлы, екіншісі ел мойындаған атақты дәрігер, «Моңғолияның еңбек ері», ғалым  Хайролла Жалелұлының дүниеден өтулеріне байланысты көңіл айтамын.

          Мемлекетіне, қазақ ұлтына аянбай еңбек еткен асыл азаматтарымыздың орны толмайтындығы мәлім.

         Қазаның арты қайырлы болсын, ағаларымыздың топырағы торқа болсын.

         Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары

         Зауытбек Тұрысбеков

 

ИСЛАМ ҚАБЫШҰЛЫ (1940-2018)

Белгілі ғалым, Моңғолия Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, драматург, аудармашы, журналист. Моңғолияның Жазушылар жəне Журналистер одақтарының мүшесі.

Журналистер одағы сыйлығының иегері. 1940 жылы Булган ауданында туған. 1966 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін «журналист» мамандығы бойынша бітірген. Баян-Өлгий аймағының баспаханасында редактор, Ховд, Баян-Өлгий, Өвөрхангай аймағындағы «Үнэн» (Ақиқат) газеті, «Монцамэ» агенттігінің тілшісі, Моңғол Ғылым Академиясының Баян-Өлгийдегі бөлімшесінде ғылыми қызметкер болып істеген.

Моңғолия қазақтарының тарихы, салт-дəстүрі, түркі тілдес тайпалар, қазақ-моңғол қарым-қатынастары, əдеби байланыстары туралы көптеген ғылыми-танымдық мақалалар жазған қарымды қаламгер. 1978 жылы тарих ғылымдарының кандидаты, 1990 жылы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дəрежесін қорғаған.

«Керейлер керуені» (1978), «Моңғолдың құпия шежіресі» (моңғол тілінен аударылған), «Моңғолия қазақтарының тарихы» (1980), «Қазақ халқы» (1992), «Түркі, Моңғол халқының тарихы, тегі» (Алматы, 1997), «Тұран Əлемі» (Алматы 2007, 2008), «Екі елді ұлықтаған елу жыл» (2014) (қазақ, моңғол тілдерінде) шыққан көптеген еңбектердің авторы, халықаралық конференцияларда баяндама жасаған.

Əдеби шығармашылығында «Ұрпағың үзілмесін», «Ақ сұңқар», «Құланды қумайды», «Келбет кесірі» туындыларын жазып, «Гүлжан», «Үлкен отбасы», «Аталар аманаты», «Саңлақтар құпиясы» т.б. музыкалық драма, пьесалары Баян- Өлгий аймағының музыкалық драма театрының сахнасында қойылған, «Адамзатқа арғымақ ат сыйлаған» телехикаясы моңғол елінде теледидардан көрсетілген. Абай Құнанбаевтың таңдамалы жинағын (авторлар ұжымымен бірге), М.Əуезовтың «Көк серек», И. Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармаларын моңғол тіліне аударған.

«Түркі-моңғол зерттеу Орталығының» президенті, Қазақ ұлттық «Алтын Орда» мəдени орталығының төрағасы. «Моңғолияның ғылымға еңбегі сіңген қайраткері» атағымен, «Еңбек Қызыл ту», «Алтын жұлдыз» ордендерімен, «Қазақ хандығына 550 жыл» белгісімен, мерекелік медальдармен марапатталған.

ҚР Моңғолиядағы Елшілігі

 

ХАЙРУЛЛА ЖӘЛЕЛҰЛЫ (1930-2018)

Моңғолияда Нейрохирургия негізін қалаған əйгілі хирург-ғалым, ұстаз. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. «Моңғолияның Еңбек Ері». Моңғолия Ғылым Академиясының ең жоғары «Құбылай хан» алтын медалінің иегері.

1930 жылы Ховд аймағының Булган ауданында туған. Өлгей қалалық орта мектебін, 1945-1950 жылдары Ұлан-Батырда офицерлер мектебін, 1952-1957 219 жылдары Моңғолия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген.

1957-1961 жылы Моңғолия мемлекеттік университетінде, 1961 жылдан Медициналық университетте 50 жылдан астам ұстаздық қызметін атқарып, 1971 жылы нейрохирургиялық бөлімін ашқан. Ұлан-Батыр қалалық Халық депутаттар құрылтайына жəне Моңғолия Халық Ұлы Құрылтайына депутат болып сайланған. Ж.Хайрулла дəрігерлік жəне ұстаздық қызметпен қатар əдебиетпен шұғылданып, А.Құнанбаевтың өлеңдерін, М. Əуезовтың «Абай жолы» романдарын моңғол тіліне аударуға қатысқан, көрнекті қоғам қайраткері.

Моңғолияның «Мемлекеттік сыйлығының иегері», «Моңғолияның еңбек сіңірген дəрігері», «Халық дəрігері» атақтарымен, «Сүхбаатар», «Еңбек Қызыл ту», «Алтын жұлдыз» ордендері, мерекелік медальдармен марапатталған.

ҚР Моңғолиядағы Елшілігі