Өмірден кім өткенін білесіз бе?
23.11.2018 1816
Қазақстан археологиясының ірі тұлғасы, көрнекті тарихшы Карл Молдахметұлы Байпақов 78 жасында дүниеден озды

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы әлеуметтік парақшасында осындай хабарлама таратты.

Карл Байпақов 1940 жылдың 17 қарашасында қазіргі Алматы облысының Талғар қаласында туған. Арғы атасы Байпақ елге қадірлі, сыйлы адам болса керек, Алматы облысында ол кісінің құрметіне қойылған жер атауы әлі сақталған.

Жасынан білімге құштар бала Карл 1964 жылы Ленинград мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археологиялық және этнологиялық институтында 1966 жылдан кіші ғылыми қызметкер, 1971 жылдан аға ғылым қызметкер болып бастаған. Академиялық деңгейі ерте байқалған жас ғалым ғылым жолындағы сапарын сәтті орындаған: 1973-1988 жылдар аралығында аталған институттың бөлім басшысы болса, 1988-1991 жылдары археологиялық ортаның жетекшісінен  институт директорының орынбасарына көтерілді.  Бұдан соң Археологияқ институтының директоры болып, отандық археология мен тарих ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Жетісу жері – ежелгі өркениеттің алтын бесігі. Ұлы Жібек жолының сорабы жасыл өлкенің бойында сайрап жатыр. Көне қалалар тарихынан К. Байпақов  «Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық қала мәдениеті (VІ–ХVІІІ ғасырлар)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақстанның ортағасырлық қалалары тарихын, қала мен дала арасындағы өзара байланысты зерттеп, ғылыми айналымға енгізді.

Сонымен қатар Карл Байпақов Қазақстан атынан бірнеше шетелдік халықаралық конференцияларға (Дрезден, 1984; Вашингтон, 1986; Токио, 1988; Париж, 1992; Пекин, 1992) қатысты. Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО ұйымдастырған «Жібек жолы» халықаралық экспедициясына жетекшілік етті.

Карл Байпақов – 22 монография, 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Тарих ғылымдарының докторы, 1995 жылы профессор ғылыми атағын иеленді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлық лауреаты (1986). «Парасат» орденімен марапатталған. 2003 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының академигі атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998).

Қазақстан Республикасының азаматтарына отандық мәдениетті дамытуға ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін берілетін Мемлекеттік сыйлыққа 2017 жылы көрнекті археолог Карл Молдахметұлы Байпақов лайықты деп танылды.

«Қазақстан тарихы» порталының ұжымы отандық археологияның ірі тұлғасы Карл Байпақовтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.