Алтын адам әлемді аралады
20.12.2018 1329
Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасының жылдық қорытынды баспасөз мәслихаты өтті

Сонымен қатар іс-шара барысында музей ісі саласында тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік әріптестердің қатысуымен кездесу болды.

Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнер туындыларын әлемнің алдыңғы қатарлы музейлерінде көрсету арқылы еліміздің тамыры терең тарихын, бай мәдениеті мен теңдессіз қолөнерін паш ету, насихаттау.

Баспасөз маслихатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы; Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының м.а. Алмаз Нұразхан; т.ғ.д., профессор Зейнолла Самашев, Әзірбайжанның Ұлттық тарихи музейі директорының орынбасары, т.ғ.д. Махфуза Зейналова; Бүкілресейлік қолданбалысәндік және халықтық өнер музейінің Бас кеңесшісі Галина Борисовна Андреева; ф.ғ.д., Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Ғалым хатшысы Агагусейн Мамедгусейн оглы Шүкіров; Беларус Ұлттық көркемөнер музейі Бас директорының орынбасары Сергей Владимирович Вечер; Қытай Халық Республикасы Солтүстік-Батыс политехникалық Университетінің ректоры Ван Чжинсун; Корея Ұлттық музейінің Азия өнері департаментінің директоры және БАҚ өкілдері қатысты.

Алғашқы құтықтау сөзін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастады:

– Бүгінгі ғылыми конференцияның маңызы өте зор. Елбасымыз тарихи мақаласы «Ұлы даланың жеті қырында» Алтын адамның рөлін айрықша атап өткен. Құрметті қонақтар, сіздерге үлкен алғыс айтқым келіп отыр. Бір жылдың ішінде жақсы көрмелер ұйымдастырылды. Беларусь, Әзірбайжан, Ресей, Қытай, Польша және Оңтүстік Кореяда мемлекеттерінде «Алтын адамды» көрушілер өте көп болды.

«Алтын адам» тек Қазақстан елі үшін емес, әлемдік елдер мәдениеті үшін мағыналы дүние. «Алтын адамды» тек Қазақстанда қойып қоюға болмайды. Шетел мемлекеттеріне таныстыру керек. Келер жылы да алға қойған мақсаттар бар. Әлемдік танымал музейлерге көрме ұйымдастыру керек.

Бүгінгі күні жоба әлемнің бірнеше елінде, жүзеге асырылып, оны тамашалағандар саны 200 мың адамнан асты. Көрмеге қойылған жәдігерлер дала өркениетінің тарихы, империялардың жойқын жеңістері мен ғажайып көріністерінің куәсі болды. Көрмелерде ерте темір дәуіріндегі алғашқы далалық мемлекеттер дәуірінің мұрасы саналатын, аң стиліндегі Есік бекзадасының алтын киімі басты орынды алса, Батыс Қазақстандағы Тақсай абызы мен Аралтөбе жауынгерінің, Сарыарқадағы Талды-2 билеушісінің, Қазақ Алтайындағы Берел жылқыларының теңдессіз жәдігерлері де осы аталған көрмелерге қойылды.

Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі мәдениетінің жауһарлары саналатын сәндік қолданбалы өнер туындыларын көрсете отырып, көрерменге Ұлы дала елі мәдениетінің әрбір жәдігерінде терең мағыналы ой жатқандығы және сол өнердің сабақтастықта бүгінге дейін жеткендігі көрсетілді.

Жиын соңында меморандумға қол қойылды.