«Қилы жол» – Қазақ хандығы тарихының қайталанбас жаңғырығы
09.10.2015 3140
Терең әрі мазмұнға бай көріністерді қоса алғанда заманауи сценография аясында көрсетілген қойылым үлкен LED-экран, құлақ тұндырар қуатты музыка, ашық та жарқын киім үлгілерімен түрлене, жарқырай түсті

Ғасырға жуық тариxы бар қазақ өнерінің қарашаңырағы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының тікелей ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып жатқан киелі Тараз қаласында «Қилы жол» қойылымы өтті. 

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бұл қойылымның авторы – жазушы, ҚР Парламентінің депутаты Жабал Ерғалиев. 

Қаланың Орталық стадионында өткен ауқымды іс-шараға жиналған халықта есеп жоқ. Жалпы ұлы тойға 5000-нан аса көрермен жиылған болса, мұндай үлкен масштабтағы театрландырылған, ашық аспан астындағы қойылымда ине шаншар орынның болмауы заңдылық секілді. Ығы-жығы халықтың отырғанынан бөлек түрегеп тұрып тамашалаған көрермендердің ықыласынан айналып-ақ кетердейсің. Дәл осының алдында ғана Талдықорған қаласында ұйымдастырылған ашық дала көріністері атақты Орбұлақ шайқасының тарихи сәттерін бейнелеген болатын. 

Ұлт тарихының ұғымтал жанашырлары тарапынан іске асқан бұл ауқымды жоба да көпшіліктің көңілінен шыға білген еді. Қойылымға 500-ге тарта адам қатысты: басты шығармашылық күш М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлеріне түсті. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Төлеубек Аралбай, Бауыржан Қаптағай, Бақтияр Қожа, Данагүл Темірсұлтанова, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Шынар Асқарова және Гүлшат Тұтовалар бар. Сондай-ақ ашық алаңға Жамбыл облыстық драма театрынан 50-ге тарта актер қосымша тартылып, «Салтанат» және «Гүлдер» би ансамблінен 70-ке жуық биші, Жуалы ауданынан 60 атты әскер, 200 әскерлер жұмылдырылған. Ал қиын әрі қауіпті трюктерді орындау үшін каскадерлердің үлкен тобы іске қосылды. 

Ал Қазақ xандығының туы қалай, қашан көтерілді? Тариxтан оқып, жыр-толғаулардан жаттап, көкейімізге түйіп өскен, аты аңызға айналған xандарымыз бен батырларымызды бейнесін көріп, елестету осы «Қилы жол» қойылымы барысында әбден мүмкін болды. Атойлаған рух, жаңғырған тарих санасы адам баласының сәулесін түртіп оятып, жарық бір дүниемен қайта қауыштырғандай әсер қалдырды. Әсіресе күллі стадион толы халықты Керей сұлтанды ақ киізге отырғызып «Хан көтеру» рәсімі ерекше әсерге бөледі. 

«Қилы жол» қойылымының сахналық тағы бір ерекшелігі – Қазақ хандығының құрылу тарихы туралы бейнелі де жанды оқиғалы көріністер, сондай-ақ халқымыздың өмірсалтын танытатын мағынасы терең де жарқын «Көш» сахнасы т.б. ашық аспан астында, үлкен алаңда көрсетілгендігі. 

Қойылымды осындай биік деңгейде жарқырата көрсетуге көп қажыр-қайрат жұмсаған белгілі өнер қайраткерлерінен бастап жас, талапты мамандарды атау лазым. Әрине, жетекшілері ССРО халық артисі А.Әшімов пен Қазақстанның халық артисі Е. Обаев болса, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә. Рахимов, режиссерлер Е. Нұрсұлтан мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А. Кәкішева, суретшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е. Тұяқов ерекше еңбек етті. Жалт-жұлт соғыс қимылдары мен жарқ-жұрқ қару қақтығыстарын реттеп, сахна қозғалысын бақылағандар Ә. Байлин, В. Гончарев, М. Айдарқұлов, т. б. еңбектері бағалануға лайық. Сұрапыл дауыс, әр қилы ұран жаңғырығып, сонымен қатар ұлттық музыка өнерінің шыңы саналған әйгілі күйлер мен әндерді жүйесімен ұсына білген композитор Ш. Базарқұлова мен сол барлығы 500-ге жуық адамның жартысын билеткен хореграфия маманы Г. Мұхамеджанованың кәсіби біліктілігіне шүбә жоқ. 

Терең әрі мазмұнға бай көріністерді қоса алғанда заманауи сценография аясында көрсетілген қойылым үлкен LED-экран, құлақ тұндырар қуатты музыка, ашық та жарқын киім үлгілерімен түрлене, жарқырай түсті. Осының барлығы бір мүдде, анығын айтқанда, ұлы тарих көшінен өз орнын ойып тұрып алған халқымыздың рух мықтылығын, кешегі күніміз бен бүгінгі берекеміз және болашақтың жарқындығын таныту үшін жасалды. 

Қазақ xандығының туы тігілген 1465 жылдан алтын күн астында егеменді елде өмір сүрген 2015 жылға дейінгі аралықтағы 550 жылдықты төрткүл дүниеге дүркірете тойлау біздің ұлттың бағына ғана бұйырған. М. Әуезов театры Қазақ xандығының 550 жылдығына арналған «Қилы жол» қойылымын үлкен абыроймен саxналап шықты. Күткен үміт, көздеген мақсаттан шыға білді. Ғасырға жуық тарихы бар кәрі тарлан өнер ордасы өзінің қаймағы бұзылмаған орда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 

Заңғар Кәрімхан