Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 95 жыл
26.05.2019 2349

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми кітапхана залында 21 жасында  Кеңес Одағының батыры болған, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына  95 жыл толуына орай   жастарға  батыр бабаларымызды насихаттау мақсатында «Даңқты қолбасшы – Сағадат сардар» атты дөңгелек үстел өтті.

1924 жылы Ақмола облысында туған. Ол Ақкөл ауданындағы мектепте оқыған. Екі сыныпты бір жылда бітіріп, зеректігімен ерекшеленеді. Сағадат география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған.

С.Нұрмағамбетов 1942 жылы Кеңес әскеріне қабылданады. Көптеген шайқастарға қатысып, ерлікпен көзге түседі. С.Нұрмағамбетовтың ең атап айтатын ерлігі 1945 жылы Польша жерінде болады. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі. Сол шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан С.Нұрмағамбетов пулеметті қолына жауға тойтарыс береді. Жойқын соғыста ол 2 рет шабуылын қайтарып, 65 фашист әскерін өлтіреді.

Іс-шараға оралатын болсақ, кештің қадірменді қонағы болған С.Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғамдық қорының жетекшісі, еліміздегі жоғарғы дәрежелі «Құрмет» орденінің иесі Махмұт Ыбырайханұлы Налибаев келді.

Дөңгелек үстелде сөз бастаған Махмұт Налиебаев бұл шараның жиналған жастарға тигізер әсері мол екенін айрықша атап өтті.

«Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болған, Кеңес одағының батыры С.Нұрмағамбетовтың 95 жылдығын осылай дөңгелек үстелде, ол кісіні пір тұтатын жастармен бастайық деп отырмын. Сіздермен дидарласайық деп отырмыз. Қарап отырсам Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіпсіздер. Бұл  ҚР тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың артынан ерген жастар баршылық дегенің. Сіздерге алғысымды білдіремін. Батырлықтың эталоны болған, қазіргінің батыры Сағадат ағаларыңмен мен көзі тірісінде көптеген жерде бірге жүрдім. Көп дидарластық. Ол кісінің аузынан көптеген тамаша әңгімелер естідім. Өзімнің істеп жатқан жұмыстарымен таныстырып, көптеген жерге бірге алып барып халықпен кездестіріп отыратынбыз»,– дейді Махмұт Налибаев.

М.Налибаевтың айтуы бойынша өзі басқарып отқан қоғамдық қордың мақсаты, жастарға өнегелі бағыт-бағдар беру ғана емес, олардың патриоттық рухын көтеру.

«С.Нұрмағамбетов атындағы қоғамдық қордың ашылуы үлкен бін конференциядағы ұсыныстан кейін болды. Конференцияда ел ағалары болып, еліміздің жастарын дұрыс тәрбиелейтін, жастарды болашаққа дұрыс жетелейтін жақсы бір қор керек деген ұсыныс болды. Конференцияға Сағадат ағамызда қатысқан болатын. Сол жерде қордың төралығы маған тапсырылды. Осы қордың арқасында біраз жұмыстар жасалды. Өңірлерде де, ауылдық жерлер болсын  еліне жаны ашыған ел азаматтарымен бірге көптеген іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Сондай жұмыстардың бірі–соғыстың батыры болмаса да, әлемге аты танылған атақты палуан, қазақтың күшін паш еткен Қажымұқанның ескерткішін туған ауылы – Мұңайтпаста қойдық.          Бұдан басқа көптеген айтылмай жүрген іс-шаралар жасалуды. Соның арқасында басқа да облыстарда біздің қоғамдық қордың бөлімшелері ашыла бастады», – дейді қоғам жанашыры, «Құрмет» орденінің иегері Махмұт Налибаев

Сондай-ақ, іс-шара барысында Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың өмірі мен ерлік істері жайлы естеліктер айтылды. Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша бұл дөңгелек үстелде айтылған әңгімелердің келген жастарға тигізер әсері мол.

Дөңгелек үстелге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен Нұр-Сұлтан қаласының ЖОО студенттері және музейдің ғылыми қызметкерлері, Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» Республикалық мектебінің оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шарада болған ақын Серікзат Дүйсенқазының айтуы бойынша Махмұт Налибаевтың С.Нұрмағамбетов атындағы қоғамдық қордың жасап жатқан игі істері жастардың бойына үлкен күш жігер береді.

Аталған іс шара барысында  Сағадат Нұрмағамбетовтың  95 жыл толуына орай және Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған кітап көрмесі және батырдың жеке қорында сақталған заттарымен жәдігерлері келушілерге ұсынылып,  жас ақындар өлеңдер оқып, домбырамен ән шырқады.