ІІ Николай патша билігі тұсындағы айтулы оқиғалар
01.11.2016 2888
Романовтар әулетінің соңғы патшасының тақтағы тындырған толымды істері мен одан қазақтар тартқан тауқімет ызғары

Ресей империясы мен Романовтар әулетінің соңғы патшасы ІІ Николайға қатысты әңгіме қозғалса қазақ халқының баз кешкен қиын кезеңі еске еріксіз келері анық. Қазақ тартқан тауқіметті тізбектемес бұрын ІІ Николайдың тұлға, патша ретінде өз елінде, тарихта, жалпы әлем тарихы беттерінде қандай әріптермен аты жазылып қалатыны жөнінде бірер сөз.

ІІІ Александрдың ұлы ІІ Николай таққа 1894 жылы 1 қарашада келді. Тарих беттерін парақтасақ билік тізгіні қолында тұрған кезең Ресей империясы үшін алтын уақыт деп айтуға толық негіз бар. Жаңа заманнан қазіргі заманға ауысар шақта таққа отырған патша ел игілігі мен ертеңі жолында ерен еңбек етіп, елеулі істердің бастамашысы болды. Енді Ресей тарихының төрінен орын алатын патшаның алғы істерімен игілікті істерімен таныссақ.

ІІ Николайдың тұсында:

Сөз бен баспасөз еркіндігі берілді (сөз бен баспасөз еркіндігі ІІ Николайға дейін де, кейін де дәл сол кездегідей болмаған);

Халық саны 62 млн дейін өсті;

Еуропа мен АҚШ-та қабылдамаған ең алғаш рет әлеуметтік сақтандыру заңын енгізді;

Ең алғаш рет бүкілресейлік санақ жүргізілді (1897ж);

Ең алғаш рет тегін медициналық көмек беру енгізілді (1898 ж);

Ең алғаш рет тегін медициналық көмек беру енгізілді (1898 ж);

Ең алғаш рет Мемлекеттік Дума құрылды (1905 ж);

Міндетті бастауыш білім алу енгізілді (1908 ж);

Өнеркәсіп саласы жедел қарқынмен дамыды (1890 жылдан 1913 жылы 4 есеге артты);

Ірі қара мал өсіру 60 %-ға өсіп, әлемде І орынға шықты;

Ең алғаш рет су асты қайығы пайда болды (1915 ж)

Алғаш теміржол құрылысы салынды (ІІ Николай патшаға дейін Ресей империясында теміржол болған жоқ, ал 1917 жылы Ресей империясы әлемде АҚШ-тан кейінгі ІІ орынды иеленді).

Айта берсек жетіп артылады, енді ІІ Николайдың билігі тұсындағы атышулы оқиғаларды алға тартсақ, нақтырақ айтқанда қазақ басына төнген тауқіметті тізбектесек тарихымыздың жаралы күндерінің зардабы бүгінге дейін жетті.

- 1905 жылғы 9 қаңтардағы «Қанды жексенбі»; 

Патша үкіметінің 1905 жылғы 9 қаңтарда қарусыз шеруге шыққан жұмысшыларға оқ атып, қырып салғаны оның қанішер зұлымдық саясатын әшкерелеп берді. Бұл хабар халықтың кекке толы ашу-ызасын келтірді. Қазақтың белгілі ақыны әрі этнограф, тарихшы, шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы оқиғаға арнап «Қанды жексенбі» деген өлең жазды. Өлеңнің «Айқап» журналына жарияланғалы жатқанын сезіп қалған жергілікті отаршыл әкімшілік оны басып шығаруға тыйым салды. Бұл кезенде патша үкіметінің отаршылдық саясаты күшейіп, барған сайын асқына түсті.

- 1906 жылғы Столыпиннің аграрлық реформасы

Столыпиннің аграрлық реформасының түпкі мәні селоларда аграрлық буржуазияны, яғни орта дәулетті кулактар тобын қалыптастыру арқылы Ресейдегі аграрлық мәселені шешу болатын. Реформа бойынша шаруаларға әзіне тиесілі жер үлесімен қауым құрамынан шығып, жеке хутор құруға рұқсат етілді. П. Столыпин Ресей империясының шеткі аймақтарына, соның ішінде астық өндіру үшін өте қолайлы Қазақ өлкесіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ жеріне Ресейден келген шаруаларды қоныстандыру мен кулак шаруашылықтарын құру үшін оларға жеңілдіктер беру жүйесі енгізілді. Әрбір хуторға 45 десятина жарамды және 15 десятина егістік жер берілетін болды.

І дүниежүзілік соғыс

Қазақ елі І дүниежүзілік соғыс қарсанында Ресейдің азық-түлік, шикізат, киім-кешек көзі болды. Жергілікті халыққа салынатын салык 3-4 есе, ал кейбір жағдайларда 15 есе өсті. Осы Қазақстаннан қанша түйе, ет, балық, киім-кешек, оқ-дәрі, шикізат алып жатса да, көрсе көзі тоймайтын үстем тап өкілдері салықты да жинады. Халықтан тым ауыр салықтар ғана жинап қоймай, түрлі «ерікті қаржы жинау» дейтіндерді де жинап отырды. Міндетті салықты төлей алмай отырған халық енді не істерін білмеді.

1916 жылғы 25 маусымдағы Патша жарлығы

Қазақ жастарын майданға тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерліуіне себеп болды. Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан – 100 мыңнан астам, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттері майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге қосты» , ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты.

- 1917 жылғы Ақпан төңкерісі

Ақпанның атышулы төңкерісі қазақ халқын да айналып өтпеді, бірақ нәтижесінд монархия құлатылды. Майдан штабы жанындағы Қырғыз бөлімінің басшысы Ə.Бөкейханов: “Ресей халықтары үшін Туысқандық, Теңдік және Бостандық күні туды. Жаңа үкіметті қолдау үшін қазақтардың бірігуі керек. Ұлт-азаттық қозғалыс басшылары ұлттық автономия құратын, жалпыұлттық мәселелерді шешетін сәт туды деп санады.

Дәулет ІЗТІЛЕУ 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)