Тынымсыз орын Тектұрмас
14.10.2017 5854
Көне Таразда орналасқан кесененің тарихы мен оның иесіне қатысты сан түрлі дерек бар

Қасиетті Қазақстан деректі фильмін түсіру тобы Жамбыл облысына сапары кезінде алдымен бас сұққан орны, киелі Тектұрмас ескерткіші болды.

Тектұрмас кесенесі – Тараз қаласының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан XIV ғасыр сәулет ескерткіші. Бұл өңірдің діни ескерткіштерінің бірі.

Кесене сәулетшісі мен құрылысшылары белгісіз. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған күмбезді төртбұрышты ғимарат. Сүйір аркалы кіреберіс батысқа Тараз қаласына қарап тұр. Кесене бұрышы пилястрмен аяқталады, қабырғаларда сылақ іздері бар. Г.А. Пугаченкова кесенесі XIV ғасырға жатқызады. Орыс тілінде аударғанда «Тектұрмас», «тау жай тұрмайды» деген мағынаны береді.

Кесене Сұлтан Махмұдханның жерленген орны болып саналады. Нұсқалардың бірі бойынша ол жергілікті әулие, басқасы бойынша – Қараханид әскерлерінің бас қолбасшысы. Ол исламның таралуына үлкен үлес қосқан. Құрылыстың нақты уақыты туралы деректер жоқ. ХІХ ғасырдың соңында кесенені В.А.Каллаур зерттейді. ХІХ ғасырдың 80-жылдарындағы жалғыз фотосурет қалған. Кесене 1935 жылы қиратылады. 1939-1940 жылдары оның үйінділерін Г.И. Пацевич зерттейді. 2002 жылы Тараздың 2000-жылдығына орай Амангелді Момышевтің бастамасымен кесенені қалпына келтіру жұмыстары басталып, сол жылы қолдануға берілген. Қайта жаңарту жұмыстарын жас сәулетші Нұрлыбек Бәкеев қолға алды. Кесене сақталып қалған ескі сурет бойынша қалпына келтірілді.

Енді бабамызға қатысты аңыз деректерге тоқталсақ, Тектұрмас Х-ХІ ғасырларда өмір, кезінде қолбасшы, батыр және ислам дінін уағыздаушы болған. Өз заманындағы шариғат-ілімдерді терең игерген білім адам болған деседі. Бұл кісінің шын есімі – Сұлтанмахмұт Шах, ал Тектұрмас халықтың қойған лақап аты. Тектұрмас деп қойылуының өзіндік тарихы бар, сөз басында айтқанымыздай Сұлтанмахмұт ел басқарған тұсында өте бимаза үнемі бәрін өзінің бақылауында, қарауында, жиі тексеріс жасап қадағалап отыратын болған. Кішкентай елдімекеннен бастап, үлкен қалаларға дейін өзі назарда ұстаған. Содан халық әне, тағы да тек тұрмайтын Тектұрмас келе жатыр деп сол теңеуден ел арасында лақап аты таралып кеткен.

Бізге жеткен екінші аңыз бойынша әулие бабамыз Ұлы жібек жолы торабында жатыр. Көне замандарда осы жер сауда керуендері өтетін тоғыз жолдың торабы болған. Бір қызығы керуен жолаушылары осы жерден өткен кезде, тылсым күш пайда болып, керуен тоқтап қалатын болған. Тек қана құран оқытып, дұға бағыштағаннан соң ғана керуен жолын жалғастыра алатын болған. Тектұрмас атануының тағы бір себебі осы яғни текті жер дегеннен шыққан. Жүргізілген зерттеу жұмыстары анықтағандай, осы адырдың үстінен меридиан кескіні өтеді екен. Таңғы намаз уақытында ерекше бір әуендер ойналады екен. Одан басқа, баба кесенесінің төменгі жерінде үңгір бар, үңгірдің үлкендігі соншалық екі жылқы сыйып кетеді екен, одан әрі жүрсе 300 жылқыға дейін сыйып кететін алаң бар деседі, алаң өз кезегінде ұзыннан ұзақ дәлізге жалғасады, ол дәліз Талас өзені арқылы өтіп қала шетіндегі моншаға апарады дейді.

Ал дерек көзі бойынша Алматыға барар жолда Ақшолақ деген жерде Ақыртас деген кешенге дейін созылатыны айтылады, басқа бір деректе Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян елді мекеніне дейін жерасты жолы бар деп келтіреді. Тектұрмас кесенесінің төменгі жағында Ұмбасұлы Мәмбет батыр Бәйдібек баба мен Домалақ анамыздан тарайтын Дулат деген немересінен тарайды, бұл кісі XVIII ғасырда өмір сүрген, кезінде Абылай ханның көмекшісі, қолбасшысы болған. Мәмбет атамыз 104-ке келіп Қырғызстан жерінде дүниеден өткен және де қайтыс болғаннан кейін, ұрпақтарының түсіне кіріп, өзін осы Тектұрмас бабамыздың жанына қайта жерлеуді айтып аян етіп айтқан.

Бұл жердің киелі екеніне халықтың ағылуынан көруге болады, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп зиярат етушілер саны көбейе түсуде. Аталған қасиетті орынды тарихи кесене деп те, дұға етушілердің жиі келетін орны деп санауға болады.