Ұлттық музейде Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің хаттарының көшірмесі көрермен назарына ұсынылды
ҚР Ұлттық музейінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен және Түркияның Қазақстандағы Елшілігі, сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейінің қолдауымен «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым–қатынастарының құжаттары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған көрмеге Османлы мемлекеті мен Орталық Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылған. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Құжаттар арасында Қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқты деректер Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылуда.
Салтанатты шараның ашылу салтанатында сөз алған Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Ұянык Түркия мен Орталық Азия тарихына қатысты аса құнды құжаттарды ұсынып отырғанын айтты.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, осындай мәдени шаралар жүргізіліп жатқанына қуаныштымыз. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 25 жыл толуын мақтанышпен атап өткен едік. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел ретінде тарихы, діні, ділі, мәдениеті ортақ екі мемлекеттің қарым-қатынасының күн сайын нығаюы көкірегімізде мақтаныш сезімін ұялатады. Әрине, Түркия мен Орталық Азияның байланыстары жаңа тарихтың еншісіндегі дүние емес. Осман мемлекеті сонау он алтыншы ғасырдан бері бұл өлкеге маңыз беріп, Орталық Азияның Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарына елшілерін жіберу арқылы бауырлас елдермен саяси-экономикалық қатынастарын дамытуға үлес қосқан. Міне, осындай ортақ терең тарихымыздың аса құнды деректерін бөлісу мақсатында біз сіздермен осы арада жиналып отырмыз», - деді Н. Ұянык.
Көрмеге қойылған тарихи құжаттардың арасында Қазақ ханы Қайып хан Мұхаммет пен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары бар. Ол хаттардың қатарында Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммед жолдаған он бөлек сый-сияпат тіркелген дәптердің көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);
Қазақ ханы Қайып Мұхамметтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы (1714 жылғы 16 қаңтар);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі (хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендері, әр дайым дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы 14 желтоқсан);
Көрме аясында Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің қазақтың Қайып ханына жолдаған хатында не жазылғаны туралы қысқаша айтып берді.
Қазіргі уақытта Түркиядан келген Қайып Мұхаммед ханға жолданған падишах хатының көшірмелері әлі де зерттелу үстінде. Хатта ханның алған хабарға деген ризашылығы және өзара құрмет және достық тілегі баяндалған. Сондай-ақ, қазақ ханының елшісі Сейітқұл Бахадырға шапан кигізілгені жазылған.
«Әділдік пен діндарлық қасиеттерін бойына сіңірген, достық пен бейбітшілік байрақтарын желбіреткен, Ислам шекараларын қорғаушы, білгір Қазақ ханы Қайып Мұхаммед ханға сәлемімді мен жылы лебізімді білдіремін. Жіберілген хатыныз таңдаулы елшіңіз Сейітқұл Бахадыр арқылы жеткізілді. Достық лебіңізбен жазылған хатыңыз оқылды. «Көңіл деген тізілген сарбаздар секілді бір-бірлерін таныған жағдайда бірігеді және араласады» хадисінде айтылғандай танысу, рухани және діни бірлесуді қажет етеді. Сіздің хатыңыз да бірлесуімізге негіз болып тұр. Ізгі мақсатпен келген елшіңіз өз мақсатын сәтті аяқтады. Елшіге еліне оралу үшін рұқсат берілді және шапан кигізілді. Қолыңыздағы хат та елші арқылы сізге жөнелтілді», - делінген Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің қазақтың Қайып ханына жолдаған хатында.
Сондай-ақ, Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қарым-қатынастарын көрсететін басқа хаттар, маңызды деректер мен карталар да көрмеге қойылып отыр.
«Османлы мұрағаттарында мұндай деректер өте көп. Әлемнің 40-тан астам еліне қатысты дерек сақталған. Қазіргі кезде Османлы архивінде 95 млн құжат пен түрлі деректер жазылған 400 мың дәптер бар. Күн сайын бұл мұрағатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам зерттеуші келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Осы тұрғыда, қазақстандық бауырларымыз да келіп, өз тарихтарына қатысты деректерін іздеуге болады. Біздің есігіміз әрқашан айқара ашық» - дейді Түркия республикасының Премьер-министріне қарасты мұрағаттар басқармасының бас директоры, доктор, профессор Уғұр Үнал.
Экспонаттардың арасында Түркия Мемлекеттік архивінің тартуы ретінде қазақтардың Түркияға көшіне қатысты қосымша құжаттар да бар. «Османлы мемлекеті мен Орталық Азия хандықтары қарым-қатынастары құжаттарының» көрмесі 20 мамырға дейін жалғасады.