Жерасты жолы – нағыз сенсация
19.11.2018 2654
Сайрамдағы үңгірмен жүре берсең, Түркістаннан бір-ақ шығасың! Ел арасында осындай әңгіме көп. Сайрамға барсаң да, Бекет ата мешітін араласаң да, осыны естисің. Бірақ шындыққа келіңкіремейтін сияқты

Содан ол әңгімелерді ертегі деп қабылдайсың. Енді ше? Қазақтың қай тарихи жеріне барсаң да, ақсақалдан, шырақшыдан осындай әңгімені естисің ғой. Не деген бітпейтін жолдар ол? Мақұл, бар болған екен, бірақ ондай тоннелдердің вентиляциясы керемет болуы керек қой. Әйтпесе ондаған шақырымға созылып жатқан жерасты жолында ауа болмай, жұрт тұншығып өлмей ме? Ол жағын не қылды дейсің еріксіз?! Ең соңғысы, аяқ жолын жарық қып жүретін оттың жануына да ауа керек. Сосын... Жер бедерін қайда қоясың? Сайрам мен Түркістанның арасы бірде өр, бірде ылди. Арадағы сай, қыр, өзен, суды, тауды қалай өтті екен қазғандар? Жалпы сол жерасты жолдарын арнайы зерттеп көрген адам, еңбектер бар ма бізде? Бар! Басқа емес, өзім таптым, жүріп өттім.

Ең көне құрылыс

Ойда-жоқта табылды. Жаңақорғандық өлкетанушы Әбдісамат Әбдіш бауырымның үйінде шай ұрттап отырғанбыз. Ауыл ақсақалы Мәди Мырзахметов деген кісі осы маңда көне заманғы жерасты жолы өтеді деген әңгіменің құлағын көтерді. Елең еттік те, е-е-е, баяғы ертегі ғой деп қайта шайға бас қойдық. Бірақ, кісіміз екіленіп тұр. «Өзім көргем, керек десең түскем ішіне» дейді.

Бір жағы қаншалықты шын айтып тұрғанын тексеруге, екінші жағынан қызығушылығымыз артып, атамызға қолқа салдық. Лып көтеріліп, бізді алып баратын болды. Жолдамыз.

Оқиға осыдан 30 жыл бұрын болған екен.

Жолбасшымыз Мәди Мырзахметов ол кездері милиция. Отар қойды жоғалтқан шопанды тергеуге барған беті екен. Кәрі қойшы, түлігінен тақтайдай жазық далада әп-сәтте айырылып қалғанын айтып, ешкімді сендіре алмай, зар еңірепті. Не керек, екеулеп жоқ іздеп адырды-қырларды адақтаған ғой. Жазық даланың қай жерінде жасырынып қалады?

Бір уақытта жамыраған қойдың даусы естілді. «Жердің астынан естілді дейді» ғой ағамыз. Дауыс шыққан тұстты жер сипалап жүріп тапқан. Үңірейген үңгір. 10 шақты қой, соның ішінде, көздері мөлейіп, маңырап жатыр екен деп әңгімесін тәмамдапты. Осы кезде межелі жерге де жетіп қалып ек. Шамамен жерасты үңгірі – Шиелі ауданы аумағындағы Еңбекші, Қосүйеңкі ауылдарынан асып, Тақиятөбеден оңтүстік-шығысқа бұрылған маңда тұр...

Жолбасшымыз «осы төбенің айналасы» деп қақ маңдайды нұсқады. Оқиғаның шын-өтірігін білмейміз, шын болғанның өзінде 30 жыл бұрын болған. «Есінде де қалмаған шығар» деп уайымдай бастадық. Ақтарып, адақтап жүрміз. Мәди көкеміз бізді ынталандыра түсу үшін: «Құрылысшылар жерасты тоннелін былайғы адам байқамауы үшін өте жақсы жасырған. Қазіргі тілде айтқанда маскировкасы керемет. Сондықтан таба алмай жатырсыңдар» деп қамшылап қояды.

Бір сағат өтер-өтпес уақытта... табылды. Жалғыз көз Дәудің үңгірі секілді таспен жабылыпты.

Тоннельге түсу 

Аузы таспен басылған тағы бір тарихымызды ашып жатырмыз. Ашқан бетте іштен көне бу бетке бұрқ етті. Иә, төменнен төбеге қарай жел уілдеп тұр. Бұл дегенің үңгір бітеу емес, әйтеуір бір жерде тағы осындай есік, яки тесік бар деген сөз. Дереу үңгірдің тереңдігін есептелді. Арқанның ұшына шам іліп, төмен жібергенде ол шамамен бес метрге дейін жетті.

Астанадан арнайылап келгеннен кейін нар тәуекел етіп, арқанды ұстап төмен қарай түсе бастадым. Үңгірдің қабырғасында әр жерде түлеген жыланның эпидермис қабықтарын көріп бойдағы қорқыныш еселене түсті. Расында, түсі суық бұл мақұлық кімнің болсын үрейін алатыны сөзсіз. Бірақ, жоғары кетуге жігіттік намыс жібермеді. Түйінделген арқанмен 5 метрлік үңгірді бойлай төмен сырғып барамын, сырғып барамын. Әйтеуір табанына түстім.

Үңгірде ауа қалыпты екен. От шағып, жан-жақты барлап көргеннен кейін бойдағы секем басылды. Қабырға қолдан қашалғандай көрінді. Мен түскен апан жай шұңқыр емес, алай да, былай да созылып жатқан дәліз екенін көрдік. Бірер секундта жаныма жергілікті өлкетанушы Нұрлат Байгенже түсті. Оның есебінше, біз тапқан ойық – жерасты жолына түсіретін қақпа емес. Әйтпесе саты, яки баспалдақ секілді құрылғысы болар еді. Оның пайымынша, бұл жерасты өткеліне ауа жеткізетін вентиляциялық ойық. Иә, бұл пікірі расталды. Дәліз бойымен 150 метрдей жүргенде, тағы сондай ойықты байқадық. Көне құрылысшылар бұл саңылауларды тастардың арасынан өріп шығарыпты. Сондықтан жер бетінде жүрген кісі бұл ойық-тесіктерді байқамайды да.

Ең қызығы, ұзыннан ұзаққа созылып жатқан үңгірдің бойында, әр жүз қадам сайын ойық бөлмелерді көзіміз шалды. Жаныма ерген тарихшы Әбдісамат Әбдіштің айтуынша, бұл вакуум бөлмелер болуы керек. Сығанақты жау кеп қоршағанда халық осы жерасты өткелімен қауіпсіз жерге шығып кеткен. Бірақ, тоннел іші қараңғы әрі ұзақ. Кішкентай сәбилер жылап, мал-түліктің мазасыздануы мүмкін. «Азан-қазан дабырды жоғарыдағы жау естіп қоймасы үшін әлгіндей дыбыс жұтатын вакуумді ойықтар соққан» дейді ол.

Сақтана адымдап келе жатырмыз. Бізден кейін жерасты тоннеліне тағы да 3 жігіт түскен. Тізіліп жүріп барамыз. Бір уақытта қабырғадағы арбиған тамырларға жиырыла, шиыршықталған жыландарды көрдім. Көрген бойда бір орында мүсінше қаттым да қалдым.

Бірер сәтте есімді жиып, соңымдағыларға дауыстап: – Мұнда жыландар көп екен, – дедім.

– Е-е, жердің иесі ғой! Бастысы, тиіспесен болды, олардың сенімен шаруасы болмайды, – деген өлкетанушы Нұрлат Байгенженің дауысы сенімді қозғалуға демеу берді.

Үңгірге түсердің алдында мойнымды қалың орамалмен бүркеп, білегім мен балтыр, санымды қалың жорнал-газетпен орап алғам. Тістей қалса, уы қалың қағаздан дарымауы керек деп қоям. Не керек, жылан толы, тар өткелден өттік те, кең дәлізге тап келдік. Байқағаным – ішкі дәлізге ат жетектеген адам еркін жүре алады.

Шамамен 4 шақырымдай жүрдік білем. Алыстан құстардың шиқылықтаған даусы естілді. Бұл дегенің жер бетіне шығатын апан, яки саңылау бар деген сөз. Сонда қарай жылдам қадам бастық. Фонардың жарығын қабырғаларға түсіргеніміз сол еді, басымен төмен салбырап тұрған жарқанаттарды көрдік. Өте көп. Ауа борсып кеткен.

Айтпақшы, дәліз бойында қатты тат басқандықтан анықтауға келмейтін темір құралдарды кезіктірдік. Жануардың яки адамның сүйегі екені белгісіз, оншақты қаңқаны да кезіктірдік. Іріп тұр. Ұстасаң бітті, сусып құм секілді шашылады. Не керек, үңгірдің аузы көрінді. Сөйтсек, Сығанақ шаһарының көне орнынан кірген топ Қаратаудың бөктерінен шықтық. Кемі 4-5 шақырым. Бұл дегенің – нағыз сенсация! Ортағасырда, қалалар бір-бірімен жерасты арқылы байланысқан дегенге нақты дәлел! Ал енді қала мен қаланы жалғайтын бұл жолдар не үшін керек болды екен? Өлкетанушы журналист Әбдісамат Әбдіш былай дейді:

– Жерасты жолының Сығанақ қаласымен байланысы барын баршаңыз біліп тұрсыздар. Десе де, былай қарай, қайда кетеді деген сұрақ туады ғой. Мұнда солтүстік батысқа қарай Бетпақдала жатыр. Сонымен байланысы болуы мүмкін. Бұл не үшін керек? Бұл жерде Сығанақ қаласын жау шапқан жағдайда қала жұртын осы жолмен алып келіп, былай қарай шығарып жіберудің төте жолы.

Қорытынды орнына  

Қазақ даласының үстімен ғана емес, астымен де тарау-тарау жолдар жүрген. Сол жолдармен Түркістан, Сығанақ, Сауран секілді көне қалалар соғыс жағдайында бір-біріне көмек берген, босқындарды қабыл алған. Мұны академик Әлкей Марғұланның да еңбектері растайды. Бір анығы, біздің бұл сапар, көп айтылатын, бірақ ешкім дендеп іздемеген жер асты жолдары туралы зерттеудің жаңа парағын аштық деп білем.

Қысқа қайырғанда, аңыздың түбі – ақиқат, ол өтірік айтпайды. Мынау жерасты жолын сол аңыз бойынша тауып отырмыз. Иә, қазақтың шын тарихы – бөтеннің мүддесі араласқан қағаз кітапта емес. Қазақтың өз аузындағы жыр-аңыздарында жасырулы.

Осы айтам да. Қазір күллі әлем көзін жұмып, таңдай қағатын Троя шаһары. Әуелде бұл да жай аңыз емес пе еді?. Бірақ неміс ғалымы Генрих Шлиман мұны ертегі деп санамады, сенді. Аңызда айтылатын аңғарды тапты, сол жерден іздеді. Соңыра алапат жаңалық ашты.

Біз осы оқиғаны біле тұра, неге қазақтың кей аңыз-әңгімелерін ертегі деп менсінбей жүрміз? Мысалға, жоғарыда жазған Сайрам мен Түркістан, Түркістан мен Сығанақ шаһарларының арасында көне замандарда жер асты өткелдері болған дейді ауылдағы қариялар. Біз оны қиял әңгіме деп санаймыз. Өстіп талай Трояны жоғалтып жатырмыз дегің келеді.