Алтын Адамның алтындары
24.01.2019 6749
Қазақ ғалымдары Есік көлінен сол жылдары тағы бір олжа тапты. Ол жерден алтын киімдерге арнап әшекейлер құятын қалыптар шыққан

Қазақстанның әлемдік бренді – Алтын Адам. 1969 жылы ойда-жоқта табылған бұл алтын жауынгер қазақтың тарихына үлкен бетбұрыс әкелді. Осы Алтын адамға дейін тарихшылар арасында «көшпенділер жаратушы халық болған жоқ. Біреудің жасағанын тартып алушы, адамзаттың паразиті болды» деген пайым басым болды.

Еуроцентризм мен «большой брат» идеологиясы сақылдап тұрған сол 70-ші жылдары жарқ етіп Алтын Адам табылды. Әрине, жоғарғы жақ бұған разы бола қойған жоқ. Себебі, ежел­гі өркениетті қазақтарға қи­ғысы келмеген шовинист шенеунік те, ғалым да жеткілікті еді. Кешегі көшпенділердің бүгінгі ұрпақтары бабаларының өмірін қарабайыр күйде көзге елестеткенін қалады. Алтын киімді, алтын әшекейді жергілікті сақтар Ираннан алдырған деген секілді пікірлерді таратты.

Бірақ қазақ ғалымдары Есік көлінен сол жылдары тағы бір олжа тапты. Ол жерден алтын киімдерге арнап әшекейлер құятын қалыптар шыққан. Мұнымен шектелмей, зерттеушілер қорымнан алынған алтынның сынамасына ғылыми сараптама жасады. Бәрі өз өлкеміздің шикізаты, Сарыарқадағы кеніштерден алынған руда екен. Сөйтіп жөнсіз күмән келтірушілердің аузы­на құм құйылады.

Сағындық Жауынбаев, тарихшы: Әлемде патшаларын алтынмен аптап көму дәстүрі тек 2 жұртта ғана болды. Ол Мысыр және Сақ империяларында. Енді мынау қызықты қараңыз: Мысырдың перғауындары, Рамзесі болсын, Тутанхамоны дейсіз бе, олардың қабіріндегі алтындар жан-жағындағы Ассирия, Нумидия секілді көршілерін тонаумен табылған. Спектрлік анализдер бұл алтындарды Египеттің өзінде дайындалмағанын көрсетіп отыр. Ал Сақ қорымындағы алтындар болса, осы Даланың кенішінен шыққан алтындар екен. Мысалға, Бесоба, Жіңішке кеніштерінен алынған алтындар. Мұны да өте терең зерттеулермен біліп отырмыз.

Алтынмен патшалар ғана апталды ма?

Мысыр дегеннен шығады, әлемде адамды алтынға аптап көму Сақ бабаларымыздан басқа Мысыр жұртында болды дедік. Бір қызығы, Мысыр жерінде алтынмен көму құрметіне тек перғауындар лайық болған. Ал, сақтар патшаларын ғана емес, елге пайдасы тиген, жұрт үшін еңбек еткен адамдарын да алтынмен құрметтеген. Мысалға 2013 жылы Үржардың маңайынан жолды кеңейтіп жатқан құрылысшылар алтын толы табытқа тап болады. Реставратор мамандар, қабірді ашып, зерттей бастағанда алтын тәж киген, киімдері алтын әшекелермен бедерленген қыздың денесін аршып алады. Табыттың ішінде шөп, дән-тұқым шашылып жатқан деседі. Зерттей келгенде ол дәрілі өсімдіктердің қалдығы боп шығады.

Ғалымдар мұны марқұм ханшайым емес, емші болған деген тоқтамға келді. Емші дегенде, су бүркіп, түтін түтетін шаман емес, адамға ота жасай алатын, сан түрлі ауруды дәрілі шөптермен жазған келіншек болған. Себебі, мүрде жанынан түрлі операциялық құралдар, дәрі тұнған құтылар табылып отыр. Міне, сақтар елді емдеген емшісін жоғары көтермелеп, қайтыс болғанда алтынмен аптаған. Қазіргі «мұғалімді, дәрігерді көтерейік» дейтін ұранды сақтар бізден 2,5 мың жыл бұрын бастап та қойған.

Елу жылдық үзіліс

Жә, Үржардан табылған «дәрігер ханшайым» бертінде табылған, реттік нөмірі 6-шы Алтын Адам ғой. Біз әуелгі Алтын Адам туралы әңгімемізді аяқтап алсақ.

Қош, сонымен 1969 жылы Алтын Адам табылды. Содан кейін... 50 жыл бойына үзіліс болды. Негізі алтын табылған жерді белден қазушы еді ғой! Ал совет билігі Алтын Адам іздеуге немқұрайлық танытты. Неге? Археологтарға әдейі іздептеді. Өйткені, жабайы деген көшпелілер бір ғана Алтын Адамы арқылы металл өңдеудің әлемдегі хас шебері, үздігі болғанын дәлелдеп тастады. Тағы табылса, не болады? Сол себепті іздеттірмеді дейді қазіргі тарихшылар.

Қазір тәуелсіздік алдық. Етек-жеңді жинадық. Содан бастап, Алтын Адамдардың дәуірі басталды...

Екінші Алтын Адамның табылатын кезі – 1999 жыл. Атырау даласынан аршып алдық.  Ғалымдар зерттей келе Сармат көсемі болғанын айтып отыр. Үшінші Алтын адамды 2003-нші жылы, Шілікті жазығынан қазып алдық. Сосын Қарқаралы жерінен 4-ші Алтын Адамға тап болдық. Бесіншіні таптық. Алты, жеті... Осыған қарап «Алтын Адамдардың елі» деп атай бастады былайғы жұрт. Жалпы тапқанымыз жетеу.  Бұдан да көп болар еді. Әттең...

Сағындық Жауынбаев, тарихшы: ...Алтындап жерлеу біздің территориямызда ондап, жүздеп кездесуі керек еді. Бірақ,  көбісі тоналып кетті. Кемал Ақышев айтады: 100 қорғанның екеуі, біреуі ғана материал береді. Қалған 97-сі тоналған дейді. Алғашқы тонаушылар өздерінің замандастары болды. Жерлеген адамдар марқұмды қанша алтынмен көмгенін білді. Ұрпақтарына айтып кеткен болуы керек. Немесе тайпа аралық соғыстар кезінде, қарсыласын масқаралау үшін де, қарсы тараптың баба моласын тонайтын болған. Бұдан кейінгі тонау Алтын Адамдар көмілген соң, 100 жыл, 200 жылдан кейін орын алған. Ал ең көп тоналғаны – І Петрдің кезі. Ол Еуропалық патшаларға еліктеп, Петерборда Кунсткамера ашады. Біздің ше, мұражай ғой. Сол музейді көне жәдігерлермен толтыру үшін ескі, маңызды бұйымдарды жинау туралы жарлық шығарады! Ол кезде көне өте құнды зат қайда бар? Орыстың орманында бертінге дейін үлкен империя болған емес. Құнды заттар Сібірдің оңтүстігі, Ұлы Далада ғана бар. Тұран – қадым заманнан ұлы өркениеттердің ошағы болған.

Содан не керек?! Патшаның бұйрығымен арнайы жасақтар құрылады. Оларды орысша «старатели» деп атайды. 1714 жылдан 1910 жылға дейін осы «жерқазушылар» Ұлы Даладағы Сақ қорғандарынан 15 мың тонна алтын қазып алды делінеді. Міне, осы алтындардың арқасында Ресей империяға айналып шыға келді.

Иә, егер жаппай тоналмағанда, қазіргі қазақ жерінен жетеу емес, 70 алтын адам табылар ма еді? Осы арада археолог Айбар Хасеналиннің Алтын Адамдар деген терминге қатысты қызық дерегін қоса кетсек.

Айбар Хасеналин, археолог: – Әуелде «Алтын адам» деген атау Есік қорымынан табылған жәдігерлерге байланысты қойылған болатын. Сөйтсек, ондай адамдар Шығыс Қазақстанда да, Орталық Қазақстанда да бар болып шықты. Кейде маған әр аймақ өзіне бір-бір «Алтын адам» тауып алғандай болып көрініп кететіні бар. Бұл бір қызық тенденция болып кетті. Шыны керек, қазір адамдар шатасатын болды. «Неше «Алтын адам» бар?» деген сұрақтар мен «Біздікі бірінші, сендердікі бесінші» деген даулар да туындап жатыр. 

Осы орайда «Алтын адам» деген түсінікті, ұғымды пайдалануға мұқият болу қажет сияқты. Менің пікірімше, «Алтын адам» деген тіркесті тек Есік обасындағы жәдігерлерге қатысты пайдалану қажет. Қалғандарына басқа атау пайдаланса да болады. Мысалы, Қарқаралы адамы немесе Тарбағатай адамы деген сияқты атаулар несімен жаман? Біздікілер болса айналдырып келіп «Алтын адам» деп шулата береді.

Алтын киімі емес, жай киімі маңызды

Осы «алтын адам» деген шу тарихқа үлкен зауалын тигізіп те жатыр.  Тариха «алтын адам тапқан ғалым» ретінде қалу үшін қайбір зерттеушілер небір қитұрқылыққа барып жатыр. Бірнеше сары түйме тапса, онысын «алтын адам» деп айқайлап шыға келеді. Бұл – суретші-реставратор Қырым Алтынбековтың пікірі. Ол Алтын Адам іздеуші археологтарға өкпесі қара қазандай.

– Егер «старатель» болсаң, қара археологиямен айналыссаң, алтынға құмартуыңды құптаймын. Бірақ, сен ғалым бола тұра, алтын табам деп, қабірдің астаң-кестеңін шығарсаң, ол – күнә һәм қылмыс. Тек алтын бұйым іздеудің кесірін реставраторлар көп татады. Қараңыз, қабір аршылғанда – ағаш, мата секілді заттар жарты сағаттан соң, шіріп кетеді. Себебі, табыт ішінде ол дымқыл күйде тұрды. Су – бұйымның ішіне еніп, тіндердің ажырап кетпеуін болдырмай, ұстап тұрды. Ал ашылған кезде су құрғайды да, ұстап тұрушы, біріктіруші нәрсе болмағандықтан, матаң үлбіреп шаңға айналады. Ағаш топырақ болып кетеді. Күллі бір тарихты осылай археологтардың алтынға ашкөздігі жойып жатыр. Негізі дені дұрыс археолог қабірді ашқанда, алтынды емес, тез шіріп кететін органикалық зат – тері, мата, ағашты сақтауға күш салуы керек.

Рас. Марқұм туралы, оның өмір сүрген ортасы жайлы нақты ақпаратты алтын емес, кәдімгі органика яғни мата, шүберек айтады. Ал, алтын әшекейлер – әскери адамдардың шен-шекпені сияқты, маңдайындағы жұлдызы сияқты зат. Мысалға, офицердің тек иығындағы жұлдыздарын тауып алдыңыз делік. Ал киімі, погоны жоғалып кетсе, табан астында офицердің мундирі жатқанын қалай білесіз? Еш білмей кетесіз. Жұлдыздарға қарап, әшекей зат немесе ойыншық бұйым деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін.

Тура сол секілді, тек алтын іздеген археологтардың салдарынан марқұмның кім екендігін бажайлай алмай отырған жайымыз бар. Тарбағатайдан, Алтайдан, Жезқазған маңынан сонау Ғұн, Қимақ дәуірлеріне жататын адамдардың қабірін таптық. Бірақ, ұқыпсыздықтың кесірінен бүкіл «сөйлейтін» айғақтардан айырылып қалдық. Қабірдегі адамның кім екенін нақты айтып беретін бұйымдар ол – матадан жасалған киімі, темірден соғылған қаруы, ағаш аса таяғы. Міне, осы заттар адамның дәрежесін көрсетеді. Бірақ, бұл заттар қабір бірнеше күн ашық-шашық жатқандықтан, шіріп кетеді. Алтын деген бергі жағын ғана көрсетеді. Біз соны ғана көреміз. Алтында тұрған ештеңе жоқ. Ол – жай сәндік әшекей. Сөйлейтін бұл жерде – мата, тері, ағаш. Соларды сөйлетсек, біз өте үлкен мағлұмат ала аламыз.

Алтын киім – байлықтың ғана белгісі емес. Ол – болашаққа хат 

Неге алтынмен аптап көмген? Себебі, біздің аталарымыз алтынның шірімейтінін, алтынның тот баспайтынын білген. О дүниеге ең аяулы, ең қадірлі азаматын аттандырған оны мәңгіліктің белгісіне орап жіберген. Бұл – бір. Екіншіден, шірімейтін металға ең қадірлі азаматын аптау арқылы біздерге, болашақ ұрпағына уақыт капсуласын жібергендей ғой.

Сол алтын киімді кісілерге қарап отырып, аталарымыздың кім болғаны, қалай өмір сүргені, ең соңғысы тарихына дейін танып отырмыз емес пе?!

Қырым Алтынбеков, суретші, реставратор: – Бір алтын адамның өзінен-ақ, біздің тарихымыз бен, мәдениетімізді оқып шығуға болады. Бір ғана кісіге алтын киім дайындау қанша тұрады, білесіз бе? Сол заман үшін египеттің орташалау бір пирамидасына пара-пар ақша, күш кетеді. Міне, біздің Сақ-скифтер осыншама бай тұрған.

Алтын киім тек байлықты көрсететін жәдігер емес. Бұл – сақтардың ғылымы қандай деңгейде болғанын айшықтайтын айғақтар. Мысалға, Шіліктіден табылған үшінші Алтын Адамның шалбары – адам шашындай жіңішке алтын жіптермен тоқылған. Ал үстіндегі әшекейлердің кейбірі алақандай болса, енді бірі иненің жасуындай. Сол 1 милиметрге жетер-жетпес бұйымдарға өрнек түсірген. Қазақта сөз бар ғой. Құмырсқаны тағалағандай дейтін. Қазір нанотехнологияның көмегімен ғана жасалатын дүниелерді сақтар сонау ғасырларда-ақ меңгеріп алған.

Алтын киім – ғылым, өнердің ғана емес, металл игерудегі бабалар мүмкіндігін көрсетеді. Яғни, ол кезде металлургияның болғанын дәлелдейді. Осыған қарапсақтар қандай үкімет, қандай империя құрғанын көруге болады.

P/S: Алтын Адам, әлде Алтын мадам?

Алтын адам,

Алтын адам...

Адам жоқ!

Алтын қалған жарқыраған.

Сары алтынның белгілі нарқы маған,

Қайда, бірақ алтыннан артық адам?!

Ақиық ақын жарқыраған алтынға емес, сол алтын киімнің ішіндегі адамға қызығыпты ғой. Бекер емес. Табылғанына жарты ғасыр өтсе де, алтын адамға қатысты аша алмай келе жатқан, құпия көп. Есік обасынан табылған кім? Алтын адам ба, әлде алтын мадам ба?

Еділ Ноянов, тарихшы: Сол көптеген бейнелерге қарасаң, ой туғызатын дүниелер бар. Адамның сүйегі 1 метр 65 см. Екінші бір қарасаңыз, бас киімін қарасаңыз, шошақ бөркі сәукеле сияқты. Ең төбесінде арқар бейнесі. Шошақ бөріктілер дейді тиграхауданы. Бірақ, олардың бөркі қақайып тұрмаған, бір жағы түйенің шудасы секілді қисайып жататын бас киім. Ал анау қақайып тұр, сәукелеге ұқсап. Кейде ханзада емес, ханшайым болды ма деген ойдың туындап жататын себебі бар. Мойнында 4 орам алтын бар. Басында бұғы бейнесі бар. Ол – әйел адамның әшекейі. Құлағынан бір сырға табылды.

Түріктердің қағандарында сырға болды, оны жасырмаймыз. Ал мұнда салпыншағы бар, сырға табылып отыр. Әйелдердің сырғасын еркектер тақпаған. Сосын белдігінде қола айна бар. Мынау қола дәуірінде әйел адам мен еркектің айырмасы сол айнада болған. Өкінішке қарай, реконструкциясында тұрған жоқ. Сосын ер адам деп айтуына мынау бұтында шалбарының болуы шығар? Бірақ, қазір ер адамдар да, әйел адамдар да пальто киеміз, шалбар киеміз. Айырмашылығы түйменің қарама-қарсы жағынан тағылуында.

Ал, Есік қорғанынан табылған марқұмның қанжар да, ақинағы, сақтардың дәстүрі бойынша әйелдер жағына тағылған. Сол себептерег сүйене отырып айтар болсам, Алтын Адам ханзада емес, ханшайым болған.  Бұл дерек біздің елімізге ешқандай нұқсан келтірмейді. Бүгін Еуропа әйелдердің билікке келуін жетістік деп есептейді ғой. Біздің заманымызға дейін Томирис пен Заринаның ел басқарғанын айтсақ, әйел басқару біздің тарихымызда 2,5 мың жыл болғанын көрсетеді.