ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТ
08.10.2016 2628
1990 жылдың 24 сәуір күні Қазақстанда алғаш рет республика Президенті деген лауазым енгізілді

1990 жылдың сәуір айында "Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңы) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақ КСР Заңы қабылданды. Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау туралы баяндамамен депутат, танымал заңгер, профессор Сұлтан Сартаев сөз сөйледі. Өзінің баяндамасында республикадағы президенттік билік туралы мәселе – бұл орталыққа көзсіз еліктеу, жалпы федерация деңгейінде белгіленген мемлекеттік билік құрылымын белден басу емес, жалпы кеңестік федерация жағдайында мемлекеттілікті демократиялау шеңберінде атқарушы билікті күшейту процесін саяси жолмен жалғастыру деп атап өтті. 

Президенттік институтты талқылау пікірталас жолымен жүргізілді. Бір депутаттар президенттік институт республиканы кеңестік орталықтан алыстатады, Қазақстанның толық дербестігі үшін құқықтық негіз құрайды, авторитаризмді тудырады деп есептеді. Ал басқалары, керісінше, әртүрлі саяси және құқықтық дәлелдер келтіре отырып, республикада Президент лауазымын енгізу қажеттілігін толықтай құптады. Кейбір депутаттар сол кездің өзінде президентті жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайлау керектігі туралы пікірлер білдіргені есте қаларлық нәрсе, өйткені «шынайы халық президенті – бүкіл халықтың қалаулысы». Көпшілк дауыспен (18 дауысқа қарсы 317 дауыс) ҚазақКСР Президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Президенттің орынбасары (вице-президент) С.А. Терещенко болды.

 Президент қызметін қамтамасыз ету үшін Президент Кеңсесі (Аппараты) және Президент кеңесі құрылды. Президент аппаратының басшысы болып танымал администраторлардың бірі Нұртай Абықаев тағайындалды. Президент кеңесіне – Мемлекет басшысы жанындағы саяси-кеңесші органға – Жоғары Кеңес Төрағасы Ерік Асанбаев, премьер-министр Ұзақбай Қараманов және бірқатар депутаттар енді. Президент лауазымын тағайындау халықтың экономикалық және саяси реформаларын жедел іске асыруға, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыруға деген халық үмітін білдірді. КСРО және Қазақстандағы саяси құбылыстардың барысы Президент Н.Ә. Назарбаевтың беделі мен танымалдығының артуына ықпал етті. 

 Қазақстанның егемендігі мен экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған Мемлекет басшысының қызметі, кеңестік басшылықтың кемшіліктері мен олқылықтарына айтылған өткір сын Қазақстан азаматтары арасында ғана емес, Кеңестік Одақ республикасы азаматтары арасында да қолдау мен құптауға ие болды.

 Н.Ә. Назарбаевтың КСРО-дағы танымалдығының артқаны соншалық, 1990 жылдың желтоқсан айында Федерация Кеңесінде оны КСРО вице-президенті етіп сайлау туралы мәселе қойылды. Қазақстанда президенттік институтты енгізу Ресейден бір жыл бұрын орын алғанын айта кету керек. Осылайша, Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңында басқару формасы басқарудың бірнеше формаларын: президенттік, вице-президенттік, премьер-министрлік институттардың болуын жорамалдайтын президенттік, жартылай президенттік және парламенттік белгілерді біріктірді. 1991 жылы президенттік институт дамуы Жоғары Кеңес сайлауынан жалпыхалықтық сайлауға қарай маңызды қадам жасайды. 

 Қазақстан үшін тарихи маңызды күндері, 1991 жылдың 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлау өткізілді, оның қорытындысымен Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Н.Ә. Назарбаев сайлауға қатысқан сайлаушылар ішінен 98,78% дауыс жинады. Бір мезгілде вице-президент сайлауы өтті: оған Е.М. Асанбаев сайланды. 1991 жылдың 2 желтоқсан күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл халық сайлаған алғашқы Президент мандатына ие болады. Қазақстанның вице-президенті болып Н.Ә. Назарбаевпен бірге сайлауға түскен Е.М. Асанбаев тағайындалады. 10 желтоқсан күні Алматы қаласында Республика Сарайында Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн" деген антын берді. 10 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Қазақ Советтік Социалистік Республикасы атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Заң қабылдады. 

 Бұл шешім қоғамда демократиялық қайта құру бағытын, азаматтық өмірді, кеңестік-социалистік идеологиядан ресми алшақтауды заңды түрде бекітті.

 А.СҮЛЕЙМЕНОВ 

Аяған Б., Ауанасова А., Сүлейменов А. «Қазақстанның жаңа заман тарихы (1991-2014)» кітабынан алынған материал пайдаланылды. - Алматы: Атамұра, 2014. – 368 б.