Оянсақ, бес сағатқа жуық ұйықтасақ та, ұйқымыз қанып, көңіліміз жайланып қалыпты. Ауылдың саф ауасы-ай!
Жанымызды сергітіп жіберген салқын ауа, күйкі тірліктің мың уайымын ойлантпас алаңсыз көңіл, түннің бір уағында құшақ жая қарсы алған ағайынның таңғы ыстық ықыласы – Абыралыда атқан алғашқы таңның мерейлі мезеттері.
Біз осылайша Абайдың нағашы жұртынан шығып, Шәкерімнің нағашы еліне келдік. Қажының анасы Төлебике – арғынның қаракесек ішінде кедей табынан шыққан Алдаберген бидің қызы. Сарыарқаның шұрайлы пұшпағының бірі Абыралы, Жалаулыны ен жайлаған бидің жұрты Құнанбай ауылымен құдандалы елге айналады. Шыңғыстау екі арасы қашықтау болса да, аға сұлтан Қарқаралыға барар жолда бір түнеп аттану үшін осы елмен құдаласуды көптен ойластырып жүрген деседі. Осылайша бидің қызын айттырып, ұлы Құдайбердіге алып берудің соңы айдай әлемге Шаһ-Кәрімнің (Шәкерімнің) өзі мен бауырларының дүние есігін ашумен жалғасады. Абыралы елі – ежелден сауықшыл, өнерлі жұрт. Шәкерім бала жастан Қарқаралы уезіндегі нағашы жұртына ат ізін жиі салып, ол жақтан жаңа әндерді үйреніп келеді екен. Он жеті жасында нағашылары оған скрипканы да үйреткен екен.
Экспедиция мүшелері түнде топ-топ болып, әр үйге қонуға бөлінген. Жолбасшымыз Ержан мен оның көршісінің үйіне қонған біздер, әсіресе қыздар жағы ерте тұрып алды та, әкім үйіне кеткендерді ұза-а-ақ күтті.
Олар келгенше ауылдың ардақты мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің маманы Гүлнұр Уайданованың әңгімесіне қанықтық. Сөз төркінін алыстан бастаған мұғалім алдымен Абыралы этнониміне назар аудартты, айтуынша, қазақ-жоңғар соғысында Абыр және Әлі деген екі батыр шайқасып, екеуі итжығыс түсіп, мерт болыпты, солардың құрметіне қойылған деді. Ел аузында сақталған тағы бір нұсқа бойынша «Абыралы» моңғол тілінен аударғанда қорғаныс, бекініс дегенді білдіреді. Жан-жағын аласа таулар қоршаған Абыралы шынында да қорғануы қуатты, бекінісі бекем дегенді ұқтырғандай еді.
Басынан алуан-алуан күндер өткен Абыралының тарихы да тым күрделі. 1928 жылы ашылған ауданды күрескерлік рухы күшті болғанынан қайта жауып тынады. Бірақ еті тірі ауыл азаматтарының жанталасымен 1954 жылдары Абыралының іргесін қайта көтеріп, туын тіктеледі. Мұғалім Гүлнар апай осынау қауырт та қарбалас жұмыстардың белортасында әкесі Құрманғали Уайдановтың да жүргенін сағынышпен еске алды.
Бәрі жиналып болған соң, жұбымызды жазбай жаяулап салынғанына қырық жыл болған Абыралы мектебіне бардық. Совет үкіметінің бір типтес мектеп үлгісі, үш қабатты даңғарадай ғимарат. Кезінде 430-дан астам бала оқыса, қазіргі кезде 30-ға жетер-жетпес. Мектеп ауласында бізді Қайнар ауылдық округінің әкімі мен мектеп мұғалімдері қарсы алды.
Мектептің акт залында әсерлі кездесу өтті. Президумда әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы мен міржақыптанушы Марат Әбсеметов және ауыл әкімі Ұлан Мырзағалиұлы. Жиынның шып-шырғасын шығармай, жинақы етіп жүргізуде экспедиция жетекшісі Ержан бауырымыз судағы балықтай еркін жүзіп жүр. Кіндік қаны осында тамып, топырағында ойнап-күліп өскен, ой-шұңқыры мен адыр-жота-белесін түгел білетін Еңсебай баласы балықтай жүзбегенде кім жүзеді!
Ауыл тұрғындарымен, мектеп ұжымымен кездесуде экспедиция өз мақсаты мен міндеті туралы айта келіп, алып келген кітаптарын таратты, «Руханият» орталығы сыйлықтар берді.
Абыралы – тарихи жер, арысын айтпағанда бергі полигон зардабын көрген бірден-бір ел. Алғашқы атом бомбасы жарылып, аспан айналып жерге түскен кезді, сөйтіп саңырауқұлақ жарылысты алғаш байқаған жансебіл жұрт.
«Тамыздың жиырма тоғызы...
Көзімді менің байлады,
Денеме дерт боп бойлады.
Жер-Ананың ақ шашын,
Ақ шашын жұлып ойнады» деп жырлайды ақын, осы өлкенің тумасы Бауыржан Жақып. Абыралы мектебінің 7 сынып оқушысы Ақбота Сайлау қарындасымыз ақын жырын жатқа айтып тұр. Тағдырлы өлеңді сүйегіне сіңіріп алған ол мүдірместен, нәшіне келтіре орындайды.
«Тамыздың жиырма тоғызы...
Жандырып жанды өрт етті,
Айықпас тәнге дерт екті.
Балалар қанша ерте өтті,
Інілер қанша ерте өтті,
Апалар менен ағалар,
Әкелер менен аналар,
Қарындастар қанша ерте өтті».
Осы жолдарда кенет... қаршадай қыздың көзіне жас кілкіді, бірер жолмен жалғай беріп еді, тамағына өксік тығылған ол еңіреп жіберді. Бұл тосын көрініс залды тегіс толқытты, алдыңғы қатарда отырған Қайнар ауылдық округінің әкімі Сағын Қапақов көз ұшына тұнған жасты білдіртпей саусақ ұшымен сілкіп жіберді, ал біздің де жанарға жас іркілген.
Жас та болса бас Абыралының Ұлан әкімі «Осындай біздің тарихымыз, тағдырымыз. Мынау кішкентай қыздарыңыздың өлеңін жақсылап түсіріп алсаңыздар екен» деп толқығаннан сөзін жұтып қойды. Біз оның не айтқысы келгенін түсіндік, әкімнің көз жасына ерік бергенін бірінші рет көріп, таң қалып, «жүрегі бар әкім екен» деп бас шайқап қайттық.
Біз енді Қайнар ауылына қарай жолға шықтық. Екі ара тура тартқанда 19 шақырымдай жер екен. Ауыл сыртындағы өлілер мекеніне құран бағыштап, сапарымызды жалғадық. Бір бұрыла беріс жазықта тоқтап, туған жердің топырағына аунау рәсімін өткіздік. Топыраққа аунау кезеңінде ойымызға ақын Жәркен Бөдештің «Туған жердің бұлағы, Толқыныңмен ат мені. Туған жердің жыланы, Шырылдатып шақ мені» деген жолдары орала берді. Елдің есінен шығып, архаизмге айналған көне дәстүрді қайта жаңғыртқаны үшін, бәрімізді бір-бір аунатып тұрғызып, ел мен жердің асыл энергиясын дарытқаны үшін әлгі жерге «Алмахан әулие» деп ат қойып, айдар тақтық.
Бұдан кейін экспедиция Қайнар ауылының сыртындағы полигон құрбандарына арналған монуметті тамашалады. Стеллада үш үлкен композициялық құрылым бар: саңырауқұлақ атом бомбасы, қазақтың шаңырағы және көз жасы. Суретшіміз Алмас Сырғабай ескерткіштің етегін Дегелең тауларының тастарымен айшықтағанына разы боп қалды.
Қайнар ауылында тығыз уақытымызға қарамастан, екі жерге кіріп танысып, шыға алдық: оның біріншісі –мәдениет үйінің ауласындағы «Абыралы» көтерілісінің 80 жылдығына орнатылған салтанатты стелла, тарихи тұлғалар мүсіндері мен кітапхана, екіншісі – осы ауылдан шыққан энциклопедист ғалым, ғылым қайраткері, академик Рымғали Нұрғалидың қарашаңырағына бас сұғу.
1931 жылғы Абыралы көтерілісі жайлы нағыз шындықты біз майталман қаламгер Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты деректі кітабынан оқып білгенбіз. Онда қазаққа тән еркіндік мұраты, күрескерлік рух, езгіге қарсы ерік-жігер ағайынды Кемпірбаевтардың өмірінен мысал болып көрініс табады.
Бейбіт елдің малына тиіп, тышқақ лақ қалдырмаған озбыр жүйеге қарсы алғашқы ұрыста Бөкеш Кемпірбаев оққа ұшады. Бауырынан айырылған Ысқақ пен Ыбырай Кемпірбаевтар бастаған абыралылықтар атқа қонып, ежелгі «қанға қан, жанға жан» дәстүрін жаңғыртады. Қаһарына мінген ағайынды екеу қарсы тараптан үш адамды тұтқындап, оның ішінен Төлеубек Аралбаевқа ақсақалдар сотын ашып, күл үстіне шығарып, «қанға – қан» деген жорамен атып өлтіреді.
Бұдан соң Семей мен Қарқаралыдан Чекмарев және Чупин деген командирлері бар жазалаушы екі отряд шығып, тау-тасқа тығылған көтерілісшілерді қоршап, қынадай қырған. Бір апта бойы күні-түні жүрген қуғын-сүргінде қанша адамның оққа ұшқаны белгісіз. Тек кейінгі зерттеулер бойынша сотталғаны бар, атылғаны бар – барлығы 258 адамның есімін тауып, ескерткіш тақтаға айшықтап жазып қойған. Бұлардың ішінде тегі бірдей ағайынды жігіттер көп ұшырасады, Кемпірбаевтардың тағдыры соның біреуі ғана.
Академик Рымғали Нұрғали тұрған үй орталықтан алыста емес екен. Көк қақпалы, ақ шатырлы үйдің алдына тоқтағанда осындай шағын аулада Рымғали ағаның балалық шағы өтті дегенге ешкім сенбестей. Аға үйінің шатырында көп кептер ұшып жүр. Есік алды жинақы, шаруақор жігіт ағасы Мәдеш үйдің қазіргі иесі екен. Оның жанұясы жік-жапар болып экспедицияны күтіп алып жатыр. Ауыл әкімі Сағын Аманұлы да осында, тікесінен тік тұрып қызмет етіп жүр. Үйдің іші шағын-шағын бөлмелер, негізгі жобасын сақтаған, үйдің қазіргі қожайыны жанына бөлмелер қосқаны болмаса, көп өзгерістер жоқ екен. Залда жайылған кең дастарханға экспедиция түгел отырдық. Марқұм Рымғали ағамызды еске алып, күтіп жатқан үй иесіне жылы тілектерімізді білдірдік. Келер жылы Р. Нұрғалидың сексен жылдығына үйге ескерткіш тақта орнататын болып келісіп, үйдің фонында суреттерге түсіп, жолға шықтық.
Тағы да жол, жол, жол... Бұл жолғы сапар бағытымыз ауыр, тіпті ауыр. Қозғалған мұңлы тақырыптар, қанды да қанқұйлы жылдар, азапты кезеңдер еңсемізді езіп тұр. Оның үстіне аспанды қарасұр бұлт торлап, көңіліміз жабырқау тартты. Ара-тұра жаңбыр жауды.
Сол Абыралы атадан қалған аманат еді ғой!
Жансірі жұрт жайлы ойлағанда тағы да «Жансебіл» ойға оралады.
Кинокартинаның эпилогында алдындағы тамағын ит алып кетсе де шарасыз қарияға жас жігіттер жақындайды. Олар қарттың «Абыралыға баратын адам» іздеп отырғанын жақсы біліп келді де, Мұқатай ақсақалға «біз – Абыралының дәл жанындағы ауылданбыз» дейді. Қарияның сонда қуанғанын көрсеңіз... «Ел-жұрт аман ба?» «Абыралы орнында ма?» деп сұрақтарды жаудырады-ай кеп.
Соңында қол-аяғы жоқ, кеспелтектей қарт барлық мұң-зары мен шер-шемені жазылған аманат хатын елге жеткізуге әлгілерге тапсырады. Пойызға отырып, араққа сылқия тойып алған екеудің бірі Мұқатай қарияның соңғы, ең соңғы үміті артылған аманатына қиянат жасайды: патшалар жаяу баратын жерге кіріп, артын сүртіп тастайды! Фильмнің соңғы шешімін таппай қиналған режиссер Аяған Шәжімбаевқа актер Нұржұман Ықтымбаевтың айтқан ақылы осылайша сұмдық детальға айналған.
Тоғыз жолдың торабындағы Сарыөзек шойын жолымен жан сақтап тұр, қырық жыл төмпештеген полигон күлінің астынан шыққан, не темір жолы жоқ, не ұшағы ұшпайтын, жолының өзі қырық жамау тесік, шұрқ-шұрқ ойылған Абыралының не жаны қалды десеңші...
Абыралы бейне Сібірге айдалған Мұқатай сияқты.
Атом бомбасының төмпешін көрген қасіретті өлкені өз үкіметіміз де ойға алмады, ойламады, тіпті қасақана ұмытқан. Онсыз да жаны жаралы елді үш жүз шақырым орталыққа сабылтып қоюы тап-таза қастандық қой!
Қайнар-Семей арасын жалғаған ескі жолдың үстінде тасбақадай ілбіп біз келеміз. Көлік салоны түгел он сегіз адам үкімет көтермеген көңілімізді өзіміз көтеріп, ән салып, мақал жарыстырып, ақырында «Мафия» ойнап, мәз боп келеміз. Ақ Sprinter-дің жүрісі неғұрлым баяуласа, біздің бірліміз соғұрлым арта түседі.
Әлден уақытта барып «Абыралы ауданы» белгісіне жетіп, бел суыттық. Бұл жер – атақты Алаш қайраткері, әзіз басы ноқтаған сыймаған Ике Әділұлының жайлаған жері екен. Ендігі әңгіме – екі ғасырда бір туатын Ике туралы.
Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.