Ал, біссімілла! Алғашқы Құнанбай бабамыз жатқан қорымға кірдік. Зираттың бастапқы бөліктерінде мәйіттер төрт қатар боп жерленіпті.
Қарауыл мен Семейдің арасындағы күре жолдың күйі жақсы, жол жақсы болған соң, жолаушының да көңілі көктем. Күліктей көлігіміз қамшы салдырмай ызғытып тұр. Көп ұзамай-ақ біз «Ақшоқы 21» белгісінен шұғыл солға бұрылдық та, шаңдақты жолға түсіп бердік.
Сөйткенше болмай, біріне-бірі жалғасқан сұлу жаратылыс тау жүйесі тұтастай Ақшоқыны көз ұшымен бағдарлап барамыз, оңтүстіктен солтүстікке созыла біткен шоқылар ретімен Шеткі Ақшоқы, Үлкен (орта) Ақшоқы, Кіші Ақшоқы деп аталатынынан аздап хабарымыз бар.
Құнанбай әулеті жатқан үлкен қорымға жетпей, таяқ тастам жерге келіп тізгін іріктік. Өр жақтағы Ақшоқы беткейі басқа да, бұл жер көгалдау келген, тегіс біткен өзгеше жер сияқтанды. Жаяулап бәріміз тау беткейіне өрледік, бертініректе қоршалған жаңа зираттарды қиғаштау өтіп, қоңыр тастардан қиыстырып қаланған, биік тұрпатты, үлкен аумақты алып жатқан, сыртында бірнеше ағаш дарақ өсіп тұрған өлілер мекеніне үнсіз ғана қадам бастық.
«Құнанбай қабірстаны» аталып жүрген бұл қорым алғашқы нұсқасынан мүлде басқа, білетіндердің айтуынша, Ақшоқы аймағы кірген совхоз шикі кірпіштен тұрғызылған ескі зират біржола құлаған соң, орнына осы таудың тастарынан қайта тұрғызған екен. Зират ұзындығы он үш жарым метр, ені он метр аймақты алып жатыр. Ал бұл аумақты кешенді түрде алып қарайтын болсақ, арғы жағына жалғасқан Кәкітай Ысқақұлы жатқан ескі зират та қамтылады. Ол Құнанбай жатқан зираттан төрт метрге жуық ұзындау, он жеті метрге дейін созылған.
Ал, біссімілла! Алғашқы Құнанбай бабамыз жатқан қорымға кірдік. Зираттың бастапқы бөліктерінде мәйіттер төрт қатар боп жерленіпті. Басқы қабір Құнанбайдың өзі болса, одан төмен Әбдірахман, екінші қатарда Ысқақ пен Әбіштің әйелі Мағрипа жатса, үшіншіде Мағауия белгісінен берірікте Құтайба, соңғы қатарда Әуез, Смағұл және Ізғұтты қойылыпты. Негізі зиратта бұдан да басқа кісілер жерленгені анық, басқа бөліктерде дөңестеу төмпешіктер де көзге шалынады. Алайда тағзым етіп келушілердің кіріп-шығуынан кей тұстары тегістеліп, аяқ астында тапталып қалғандай көрінді. Ал Кәкітай жатқан бөлек зиратта бұдан керісінше, көп ешкім кіре қоймағандықтан, біз де есікті ашып қана көз шола қарап шықтық. Шежіре қария Бекен ақсақал Исабаев «Ұлылар мекені» атты кітабында Құнанбай зиратында отызға жуық қабір болса, Кәкітай жақ бөлігінде елудей деп жазады.
Оқи отырыңыздар: Жер киесі - Жидебай
Жастайынан найзагерлігімен аты шығып, елдің намысын жыртам деп атқа қонып, Ырғызбай әулетіне найманмен майдандасып, уақты қуып, кереймен кергілесіп жер әперген ел ағасы, болмысында мырза, жомарттығымен де аты шыққан сақара сақиы, кейіннен Мекке сапарын адал өткеріп қажы атанған дін қайраткері Құнанбай Өскенбайұлы 1885 жылдың тамызында, тура 81 жасында опат болып, осы Ақшоқыда мәңгілік тыныс тапқан.
Абайдың сүйікті ұлы, Санкт-Петербург қаласында артиллерия училищесінде төрт жыл оқып, білім алған, Алматы қаласында офицер қызмет етіп жүрген «үміт еткен көзінің нұры» Әбіш өкпе ауруынан айыға алмастан, 1895 жылдың көктемінде қайтыс болады. Наурыз айының соңғы күндерінің бірінде елге жеткізілген ұлдың жүзін әке Абай кіші Ақшоқыда көріп, аарғы атасы қажы Құнанбайдың аяқ жағына әкеліп қояды.
Әрхам Ысқақовтың естелігінде Әбіштің сүйегін Ақшоқыға жеткізген күні «Мағрипа талып қалды. Бір түн есі кірмей жатты. ...Сарғайып төсек тартып жатып алды. Бір жылдай шамада қайғыдан о да қайтыс болды», – делінген. Қос ғашық – шын асықтың әлдилеген махаббатына сұм ажал да араша бола алмапты.
Ал Мағауия өмірден өткенде сүйегін үлкен зиратқа жерлеуге алып бара жатқанда Абай: «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп, жол үстінің ұсақ тасын теріп, пәуеске алдында жаяу жүріп отырыпты деседі.
Ех, қандай ауыр тағдырлар еді... Әркімнің де мойнын бұрғызып, өнерімен, өнегелі өмірімен тамсандырған Абай ұлдарының бірінен соң бірінің қазасы ұлы ақынның да ғұмырды ертерек аяқтауына себеп болған секілді.
Мағауия ұрпақтарының өзі бір шоғыр болып жеке зират қалыптастырған жаққа арнайы да барып, қасиетті құран бағыштадық. Мұнда Мағауияның жұбайы Дәмегөй Мүсірәліқызы, жазушы Мұхтардың жары болса да, мұңлық тағдыр кешкен аяулы Кәмила, Мағаштың ұлы Жағыпар және оның екі қызы Ғазел мен Ищағы жатыр. «Көп жасамай көк орған», небары 32 жасында қайғыдан құсаланып қайтқан Кәмила тағдыры кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Бұл сапарда біз Қайнардан шыққан қаламгер Сейіт Тәбәрікұлының «Кәмила-Мұхтар жұмбағы» атты кітабымен сырттай танысып, көңіл түкпіріне оқу керек дегенді жазып алдық.
Иә, Ақшоқыға аялдау – сенің о дүниемен бұ дүниенің парқын айыратын, ауыр ойға алатын қастерлі сапар болды. Кешегің мен бүгінгің, жақсылығың мен жамандығың, бағың мен сорың таразыға түсетін таным талқысы. Ақшоқы – қаза мен қайғының, мұң мен шердің, көз жасы мен салқынқанды сезім мен үнсіз егілудің, өксік пен өкініштің үйлесімі көңіл пернесін шертетін киелі тұғыр. Қайран, Ақшоқы!
Ақшоқының «Жидебай-Бөрілі» мемориалды кешенінен тысқары жатып, тыс қалғаны өкініш, әрине. Мұнда шартты түрде «Құнанбай қабірстаны» деген атпен комплекс тұрғызылып, Құнанбай әулетіне зиярат етіп келушілерге ыңғайлы сервистер жасалуға тиіс. Абай мен Шәкерім сынды ұлыларды туған әкеге де үлкен құрмет керек-ақ.
Экспедиция бұдан кейін бірнеше топқа бөлінді: бірінші топ Құнанбай қорымынан небары жиырма шақты қадамдай жердегі, күл орны мен топырақ үйіндісі ғана қалған ескі жұрттың сілемінде бейнетүсірілім жасаса, екінші топ қабірстанның артқы бөлігіндегі Абайұлы Мағауия ұрпақтарының басына барып, құран бағыштаған соң, сол маңда өзара әңгіме-дүкен құрысты. Ал үшінші топ бейтарап – асықпай басып, көлік тұрған қолатқа қарай құлдилады. Соңында барлығы да көгалды жерге жиналып, сапарды жалғастыру үшін атқа қонды.
Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.