ҰЛЫ ЖОЛАУШЫ
11.10.2016 2280
Жолдың өзі көп ой қозғайды, адам шешіледі, ойы тереңдей түсетіндей. Ал, Сəбең осы жол үстіндегі əңгіменің хас шебері еді

Сəбеңмен біз студенттік кезде, Мəскеуде жүріп танысқанбыз. Жəне де бұл жəй таныстық емес еді, «Жас тұлпар» деген бүгіндері көпшілікке белгілі ұйым құрып, соның құрамында бірге жұмыс істегенбіз. 

Мен ол кезде МГУ-дің шығыстану факультетінде оқып жүргенмін. Мен үшінші курста оқып жүргенде Сəбең бірінші курсқа оқуға келіп түскен. Сондықтан, «Жас тұлпар» құрамында болған соң, бір университетте оқыған соң жиі кездесіп, жақын жүрдік. 

Оқу жағынан курсы төмен болғанмен бізден жасы үлкендеу, бізге қарағанда өмір тəжірибесі мол еді. МГУ-ге түсер алдында біраз жылдар Қарағандыда шахтер болып, Шығыс Қазақстанда балықшы болған, жұмыс істеген. Біздің ортамызда Сəбең орны бөлек, өмірдің ащы-тұщысын, ыстық-суығын біздей емес, сезініп қалған азамат. Күршімнен шыққан жігіт қазақтың өмірі, тұрмыс-салтын етене біледі. Əдет-ғұрпына терең мағына беріп, таратып түсіндіреді. Ұлтының ақылгөйлігін əйгілейді. Сөздік қоры бай, мақал-мəтелге жетік, оның үстіне домбыра шертіп, қоңыр дауыспен Естайдың əндерін салады. Ұлтымыздың өркендеуін аңсаған бізге Сəбең аса құрметті адам болды. 

Одан ел туралы əңгімеге қанықтық. Жас жағынан 3–4 жас үлкендігі бар болғанмен «Жас тұлпарда» үзеңгілес болғандықтан – доспыз. Бұл сыйластықты «аға дос» деп атауға болар еді. Өйткені, ол сол ең басынан бастап-ақ бізге ақыл-кеңесін айтып жүретін. Сəбең келгеннен бастап «Жас тұлпардың» жұмысына қызу араласты. Ол кезде «Жас тұлпардың» атқарған жұмыстары бірнеше салаға бөлінетін. Мəселен, студенттердің сабақ үлгерімінің қамы үшін бір-біріне қол ұшын беріп көмектесу, жазғы жəне қысқы каникулдары кездерінде Қазақстанға, ауылдық жерлерге барып, лекциялар оқып, əр түрлі деректер, мəліметтер жинап қазақтың, қазақ жастарының хал-күйі, жағдайы туралы шынайы ақпараттар жинау, тағы басқа мəселелер. 

Енді бір сала – теоретикалық семинарлар өткізу. Сəбеңнің жұлдызының жанар шағы да осы тұс. Біріншіден, Сəбеңнің табиғатынан ой-өрісі өте кең, көтерген тақырыбын тереңнен толғап, түсіне білетін, саралай, сараптай білетін қасиеті бар-тын. Оның үстіне өзінің өмір жолы да соған үйреткендей.

Кеншілердің арасында көп жыл қызмет істеп, олардың ауыр тұрмысымен жыға танысып келген ол еліміздің өндіріс, шаруашылық жағдайларын, жұмысшы-колхозшылардың жоқ-жітік, ой-өрістерін де жетік білетін. Оның үстіне өзінің оқып жатқан факультеті де осал емес, МГУ-дің философия факультеті. 1963-1964-1965-інші жылдар, бұл «хрущевская оттепель» деп аталған кезең ғой. Сондықтан, ол кезде бұрынғы Совет одағында демократияның бас көтерген кезеңі, соған ұйытқы болған, негіз қалаған, ой, ойлау кеңістігі жөнінде жаңа демократиялық процестерді бастауға ерекше үлес қосқан сол МГУ, соның ішінде осы философия факультеті болатын. 

Сондықтан, осындай тарихи кезеңде Сабең өз орнын дəл тапты деп білемін, оның философия факультетіне келіп түскендігі туралы айтып отырмын. Жəне Сəбең өте жақсы оқиды. Ол кездегі МГУ-дің философия факультетінде үздік оқу деген екі кісінің бірінің қолынан келе бермейтін, өте қиын іс еді. Өйткені, ол факультетте сонау көне заман, гректердің философиясынан бастап əлем ойшылдарын, олардың терең қазынасын түптеп оқытатын. Ондай терең сабақтарды игеру үшін адамға өмірлік тəжірибенің сүйеніш болары да сөзсіз. Өзінің табиғаты философия ғылымына бейім, зерек, оның үстіне өмірден көрген қиыншылық, тəжірибесі бар Сəбең осы факультетті үздік оқып жүрген азаматтардың бірі болды.

Ал біздер үшін, «Жас тұлпар» үшін, оның осы білімділігі өте қажет еді. Мысалы, біз теоретикалық семинарда бір жолы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жағын басқарған Оралбек Жангелдиннің бір кітабын талқыладық. Ол кісі де қазір дүние салған. Оралбек Жангелдин де сол кезгі біраз адамдар сияқты Хрущевтің идеологиялық саясатына қатты берілген ірі ғалымдардың бірі еді. Олар «Советтік бір қалып болсын» (Единый Советский народ) деген ұғымды шығарған. Осы бағытты қуаттаған Жангелдин əлгі кітабында қазақтың ішкен тамағы, киген киімі, дəстүрі, тілі, қысқасы, бəрі-бəрі қажеті жоқ, өйткені, біз коммунизм құрып жатырмыздегенді айтады. Ол кезде Хрущевтың жиырма жылдан кейін коммунизмге жетеміз, сонда бəріміз коммунизмнің кезінде бір халық боламыз деген уақыты еді. 

Міне, «Жас тұлпар» өз семинарында мұндай көзқарастарды қатты сынап, соққы беретін. Осындай іргелі, ілгерішіл идеяларды айтатын да, сол кезгі идеологияның олқы тұстарын ойсырата сынайтын да негізгі баяндамашы Сəбең болатын. 

...Сəбең де негізінен осындай жағдайда жүрді. Осы кезде əкейдің досы, əйгілі ғалым Əлкей Марғұлан біздің ұлтшылдар деген атағымызға қарамастан үлкен қамқорлық жасады. 

Досының баласы ретінде мені жақын тартып, үйіне шақырып дастарқан жайып қонағасы берді. Сондай жаймашуақ отырыс үстінде сөз арасында ұлы ғалым, тарихшы, археолог, этнограф ағамыз маған бір сауал қойды. Ол кезде Əлекең тарихтан да, филологиядан да докторлық диссертациялар қорғаған кемел шағында еді. Сонда ол маған: «Сендердің орталарыңда жүрген жігіттердің қайсысы маған шəкірт бола алады? Білімдар, зерек жас бар ма?» деген тұрғыда сұрақ қойған. Ойы өзінің білгенін зерделі шəкіртке үйретпек, жөн сілтемек. Сонда өзім тұрғылас жастарды көз алдыма елестеткенде есіме бірінші түскені, əрине, Сəбетқазы Ақатай болды. Кесімді ойымды Əлекеңе айттым. Арамызда осындай жігітіміз бар. Алыста оқыса да қазақылық қалыптан ауытқымаған, əрі үлкен білімдар жігіт. Тарихпен, философиямен терең шұғылданған деп таныстырдым, сырттай. 

Содан кейін бұл əңгімені Сəбеңе айтып, ол Əлекеңмен хабарласып, екеуі танысып, табысып кетті. Сəбең біраз жылдар Əлекеңнің жанында жүріп, оның экспедицияларына бірге шығып, кейін оның аспиранты да болды. Сəбең диссертациясын жазғанда оның орысша нұсқасын редакциялағаным бар. Кейін де оның орысша жазғандарын қарап беріп жүрдім. Екеуара осындай да қарым-қатынас, достық көмек болатын арамызда. Менің қазақша жазғандарымды ол кісі шолып беретін. 

Сəбең кезінде «Жас тұлпар» сапында болғандармен қарым-қатынасын еш уақытта үзген жоқ. Алматыға оралған соң оның достарының қатары Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Салихидден Айтбаев, Құлкен Саймиддинов сияқты азаматтармен толықты. Алан Медоев дейтін қаны осетин болса да жаны, санасы қазақ ірі тарихшы, ғалым болған. Осындай адамдармен қарым-қатынаста болды. 

Қазақстанымызды тереңірек, жақсырақ білейік деген ниетпен алыс жолдарға да жиі-жиі бірге шығатынбыз. Мысалы, бір жолы Балқаштың жағасындағы Лепсіге барғанбыз. Сақ дəуірінің қорғандарының орындарын іздедік. Ауыл адамдарымен əңгімелестік. Жол жүру, сапарға шығу, оны бай мазмұнға толтыру тұрғысынан алғанда Сəбеңді ұлы жолаушы деп айтуға толық қақым бар. Өз көзіммен көрдім. Біріншіден, ол жол жүрісті бір жерден екінші жерге бару деп түсінбейтін, жолдың ұлылығын жақсы сезінетін, жақсы білетін. Жолшыбай кіммен қалай сөйлесу керек, қай жерге ат шалдырып қай жерде ой түю керек, қай жерді көзбен көріп, қай жерге күрекпен кірісу керек дегенді жетік меңгерген жан еді. Мүмкін, бұл оның ұлы ғалым Əлкей Марғұланның экспедициясында болғандығының жемісі де шығар. Оның қолында жолсапардың алтын кілті бардай еді. 

Сол Алматыдан Лепсіге жеткенше қаншама жаңа мəлімет, дерек жинап, тарихымызға, салт-дəстүрімізге, мəдениетімізге байланысты жергілікті тұрғындармен нешелеген терең əңгімелер болды. Адам сүйсінерлік қаншама ілтипатты, ізетті, ыстық кездесулер болды. 

Тағы бір сапарымыз Қызылорданың Жалағаш дейтін жеріне болды. Жол ұзақ, жол бойы тарихи орындар көп еді... Əргі-бергі тарихты біраз қопардық, еске алдық, салыстырдық, сараладық. 

Жалпы жол үстіндегі əңгіме деген – ерекше бір жанр. Жол үстінде əңгімелесу – бұл бір бөлек дүние. Тар жерде, қалада, үйде, бөлмеде əңгімелескен бір басқа да, жол үстіндегі əңгіме бір басқа. Жолдың өзі көп ой қозғайды, адам шешіледі, ойы тереңдей түсетіндей. Ал, Сəбең осы жол үстіндегі əңгіменің хас шебері еді. 

Сəбеңнің тағы бір қыры – оның саясаткерлігі. «Азат» қозғалысы, «Алаш» партиясын ұйымдастырудағы қайраткерлігі, саяси жолын да мұқият қарап, зерттеп шығу керек. Бұл үлкен азамат, үлкен білім иесі, жүрегі елім деп соққан ерекше азамат. Оның жолы ұрпаққа өнеге бола алады... 

Мұрат ƏУЕЗОВ, мəдениеттанушы, қоғам қайраткері 

Мақала Сәбетқазы Ақатайдың көптомдық еңбектерінен (Ақатай С. Інжу-маржан секілді. Эссе, тарихи материалдар. – Алматы, 2011. – 4-11-бб.) алынып, ықшамдалып берілді.