Шәбден өлімі – Адай көтерілісінің бастауы
31.10.2016 3773
Лауазымды тұлғаның қаза тапқан осы тосын оқиғасын ОГПУ желеу ете отырып, жергілікті басшыларды қуғынға ұшыратты. Мұның соңы әйгілі Адай көтерілісінің басталуына ұласты

Бұл күн тарихта Адай көтерілісінің бастауы ретіндегі оқиғаның болғанын, көтерілістің басталуына түрткі болған кісі өлімінің датасы ретінде сипатталады. Адай округі атқару комитеті төрағасының орынбасары Шәбден Ералиев жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Лауазымды тұлғаның қаза тапқан осы тосын оқиғасын ОГПУ желеу ете отырып, жергілікті басшыларды қуғынға ұшыратты. Мұның соңы әйгілі Адай көтерілісінің басталуына ұласты.

ОПГУ іздейтіндей Шәбден Ералиев кім еді? Адай қазақтарын, әсіресе бай-бағландарын бір көгенге тізуге құштарланған билік адамдары оның өлімін пайдалануында қандай мән жатыр?

Шәбден Ералиев 1898 жылы бұрынғы Ақмола облысының Сарысу болысында дүниеге келген. Қазір бұл жер қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарайды. Сарысу өңірі – біздің тарихымызда ақтаңдақтары ашылмаған өлке, мұнда заманның қиын-қыстау кезеңдерінде ауып, әр қилы зұлматтардың көрген кіші жүз руларының талайлы тағдыры жатыр. Алғашында ауыл молдасынан сауатын ашқан бала Шәбденнің көзін көрген қариялар  «жас кезінен ширақ, елгезек болған» деп еске алады. Ералиев 1911-1915 жылдары Түркістан жер шаруашылығы училищесін, 1915-1917 жылдары Ташкенттегі орыс-қазақ училищесін бітірген.

Шәбден Ералиев еңбек жолын Сарысу ауданының аумағында ауыл шаруашылығы санағын жүргізетін мекемеде тіркеуші болып бастаған. Одан кейін болыстық жер бөлімінің меңгерушісі, одан соң аудандық милиция бөлімінің бастығы міндетін атқарған. Ал 1919 жылы Түркістан майданы саяси басқармасының инспекторы болып жүргенде ішкі істер халық комиссариаты курсына оқуға жіберіледі. 1921-1923 жылдары Түркістан милиция басқармасының инспекторы, 1293-1925 жылдары Ақмола уездік милиция бөлімінің бастығы, Ақмола губкомы бөлім меңгерушісінің орынбасары, губкомның бюро мүшесі болды. 1925-1928 жылдары Ақмола уездік аткомда әкімшілік бөлімінің бастығы, атком төрағасы болып еңбек етеді. Өңірлер бойынша еңбек тәжірибесі артқан оны осыдан кейін Қазақстан Орталық атқару Комитетінің жауапты қызметкеріне шақыртады, сосын Адай округтік атком төрағасының орынбасары лауазымына көтеріледі.

Ералиев Адай округтік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болған 1928 жылы, еліміздің тарихынан белгілі, жер-жерде ауқатты адамдарды тәркілеу, отбасын қудалау үрдісі жүргізілді.  Қараша айының ортасында Маңғыстау және басқа да бірқатар аудандардың лауазымды қызметкерлерін тұтқындаудың кезекті толқыны басталады. Бұл шақта Тобанияз Әлниязұлымен бірге ескі патшалықтың билігінде болған бірқатар азаматтар: Ш. Үсембаев, К. Құлшаров, т.б. тұтқындалады. Тұтқынға алынған адамдардың ішінде 11 коммунист, оның ішінде округтік партия конференцияларына келген делегаттар да бар болған.

Осы кісілерді тұтқындауға негіз болған оқиға – 1928 жылдың 2-інші қарашасына қараған түнінде Шәбден Ералиевтің Песчаный шығанағы маңында тұрған кеме бортынан белгісіз жағдайда жоғалып кетуі. Оның аяқ астынан қаза табуы әдеттегі оқиға болып та қалар еді, сол тосын оқиға болған түнде жанына серік ертпей палубаға жалғыз шығуы, содан мүлде оралмауы көп күдікке жетелеген.

Артынша оқиғаға орай қастандықпен әдейі өлтірілген деген күдікпен қылмыстық іс қозғалады да, ОГПУ органдары БК(б)П Қазолкомның табанды қолдауымен кінәліні іздей бастайды. Ал Ералиевтің денесі теңізден тек бір жыл өткеннен кейін ғана табылған. Осы арада жасалған сот-медициналық сараптаның қолдан өрескел бұрмаланып жергілікті билік оң жамбасына оңтайландырып істелген деген деректер кездеседі. Сөйтіп «іздегенге сұраған», ОГПУ органдарының «байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің бұрынғы қызметшілерінің және бұрынғы Адай округіндегі кеңес қызметкерлерінің контрреволюциялық ұйымдары туралы» атышулы іс қозғауына оңай жерден сылтау табылады.

1930 жылы тамыз айында қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған кезде Адай округі күшпен таратылып, оның аудандары (жерлері) басқа аудандарға, көршілес облыстарға қаратылды. Бұл келісіп жасалмаған бассыздық халықтың наразылығын туғызды. Өз дербестігінен айырылған жергілікті тұрғындар туған жерін амалсыз тастап кетуге, кейбірі көтерілісшілерге қосылуға ұласты. Бұл оқиғаның бір шеті дала батыры Құныскерейге де қатысты болатын.

Бір ғана рудың емес, осы Маңғыстау өңіріндегі барлық халықтың әділетсіздікке қарсы ұлттық наразылығы осылайша тарихта «Адай көтерілісі» деп аталды. «Сипаты жағынан халықтық көтеріліске кедейлер мен батырақтар жаппай қатысқан, негізгі қозғаушы күші болған – орташалар» деп сипатталады, алайда бұған советтік биліктен әділетсіздік көргендер, салықтан қажыған халықтың әр түрлі типтік өкілдері кіреді. Көтеріліс басылған соң 800 адам жауапқа тартылған.

Әңгіме өзегі Шәбден Ералиевтің тосыннан үзілген өмірі еді. Өлімінің өзі үлкен дауға, ақыры қантөгістерге ұласқан советтік партия қызметкерінің  туған-туыстары Жаңарқа ауданының Қызылжар кентінде өмір сүреді. Оның алған жары Әлима Мақықызы 1950 жылы Жаңаарқа ауданының Қызылжар станциясында қайтыс болды екен. Ал туған інісі Дуанбек ақсақал осы ауылда ұзақ ғұмыр кешіп, 90-ға таяп өмірден өтіпті. Ол кісі қарапайым колхозшы болып еңбек жолын бастап, кейіннен «Айбат» серіктестігін басқарған. Балалары Мәлібек – ұстаз, қазір зейнеткер, Жәнібек – Қызылжар кентінде атқару комитетінің төрағасы, бөлімше зоотехнигі, есепші болып қызмет атқарған.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)