Сыр сақтаушы сандық
17.10.2016 5135
Сандық - көшпенділер үшін ыңғайлы тұрмыстық бұйым ғана емес, қазақ халқы мәдениетінің ең ежелгі бұйымдарының бірі

Көшпелі қазақтар сандыққа киім-кешекті, заттарды, әртүрлі тағамдарды, ал оның үстінен – көрпелерді салатын болған. Одан басқа, кейбір сандық түрлері төсек ретінде қолданылған. Көші-қон науқанында сандықты арбаға, түйеге немесе атқа жегу қолайлы болған. Сандықтың аузы көп жағдайда құлыптанып тұратын. Оған ішкі құлып немесе аспа құлып орнатылған. Сандықты жерге қойғанда түбін дымқыл тартпау үшін астындағы төрт жағына ағаштан аяқ орнатылған. 

Сандығы көп ауқатты отбасы

 Қазақ халқының дәстүріндегі сандықтың рөлі 

 Қазақ халқы үшін сандық – қыз жасауының ажырамас бөлігі. Қызды ұзатар кезде, оның киім-кешектерін, асыл бұйымдарын сандыққа салатын болған, ал оның үстіне – төсек жабдықтары салынатын болған. Болашақ жарының үйіне ұзатылған қыз өзінің жасауымен баратын болған. Қазақ халқында сандыққа байланысты ырымдар бар. Сандық ашар – қазақ халқындағы жоралғылардың бірі. Келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол «сандық ашар» жоралғысында алынып, сол тойға қатысқан әйелдердің бәріне үлестіріп таратылады. Ерте кездерде сонымен қатар, босанғалы жатқан әйелдің толғағы жеңіл болуы үшін де, үйдегі бар сандықтың ауыздарын ашып қоятын ырымдар болған. Маталар бөліктерінен жас келіндер құрақ көрпе тігетін болған. Бұл қазақ халқының ежелгі салттарының бірі. 

Сандық жасау асқан шеберлікті талап етеді. Шеберлер сандықты қайың, қара тал, емен ағаштарының сүрегінен ойып жасаған. Сырты темірмен, мыс жапсырмамен, қатырма ою өрнектермен көркем етіп безендірілген. Сандықтардың көлемі тұрмыста қолданылуына қарай әр түрлі болған. Кіші сандықтар 30-60 сантиметр болса, үлкендері 60-120 сантиметрге дейін жетіп,ішінде сақталатын затқа қарай, арнайы атауы да болған. Мысалы, шай мен сары май, нан сақтайтын сандықты «шай сандық» десе, киім-кешек, маталарға арналғанын «мата сандық», ал ең үлкенің «жүк сандық» деген екен. Ежелгі бабаларымыз жалғыз сандықтың өзін өрнектермен нақыштап қана қоймай, зергерлік өнердің әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, алтын, күміс басқа да небір құнды асыл тастармен өрнектеген. Ондағы әшекейлердің байланыстары өте күрделі. Шеберлер ағаш бұйымдарын көбіне сүйекпен әрлеген. Оңтүстікте сандықты бояумен сәндеу, ою жүргізу басымырақ болса, солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде түсті металдармен безендіру жиі кездеседі. Ал, батыста бедерлеп ою ойылып, қосымша түрлі-түсті бояулар жағылып көркемделеді екен. Бүгінде сандықпен қыз жасауын арнайы алып бару дәстүрі еліміздің көп аймақтарында сақталған. Сол себепті ұсталар сандық жасау дәстүрін жалғастырып, үйлесімді етіп бесік те жасап береді. Сандық өз тарихын тереңнен алады дейді. Тутанхамонның қабірінен табылған ежелгі сандық бұл жиһаздың Ежелгі Мысырдан бастау алғанын дәлелдейді. Оның сыртында соғыс пен аңшылық кезіндегі суреттер бейнеленіпті. Кейін келе Еуропаға да тез тарап, итальялықтар оны «кассоне» десе, ежелгі римдіктер «арок» деп атаған. Аты басқа болғанымен, сандықты барлық жерде зат сақтау үшін пайдаланғаны анық.

 Сандықтың түрлері 

Жағылан –сандықтың көне түрі. Киім-кешек басқа да бұйымдарды ішіне салып қояды. Оның негізі жұқа тақтайлардан құрастырылады, сырты түгелдей былғарымен қапталады, бет жағы ғана әр түрлі әдіспен көркемделіп, ұзындығы 60-70, ені мен биіктігі 30-35 сантиметр болады. Сыртындағы былғарыға қошқар мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз сияқты ою-өрнектер жүргізіледі. Кейбір жағыландар қызғылт былғарымен де қапталады. 

Ерте кезде жағылан жасау үшін сапалы былғары мен күмісті табу оңай болмағандықтан, оларды тек бай, ауқатты адамдар қыздарына арнап жасатқан. Жағыланның жиектері мен бұрыштары әр түрлі күміс әшекейлермен безендірілген. Әбдіре (абдыра) – зат сақтайтын үлкен сандық. Сыртын қаңылтырмен әшекейлеп қаптап қояды. Этнографтар абдыра сөзін түркі тілінде «абық», «абыт» (бірдеңені «тығу», «жасыру») сөзінен шығуы мүмкін деп те жорамалдайды. Қазір де әбдіре-сандықтың түрлері жасалып, тұрмыста қолданылып жүр. Қолсандық – ұзатылатын қыздарға арнап жасалатын, киім-кешек, әртүрлі заттар салынатын бұйым. Ол бұрындары қыз жасауының құрамына кіретінді. Көлемі шағын, ұзындығы 45-50 сантиметр, ені 20-30 сантиметр, биіктігі 15-20 сантиметр болып келеді. Ағаштан жасалып, бір түсті бояумен сырланады. Сән қуған адамдар оның беттеріне нұсқалы, бедерлі оюлар ойғызған, түрлі-түсті бояулармен сан қилы ою-өрнектер салғызған. Оны жасатқанда неше түрлі шұға, асыл тастар, сүйек пен күміс әшекейлермен де безендірткен. Бөгіребас – кесе, аққұман тәрізді үй әбзелдерін салуға арналған сандықтың түрі. Көлемі бойынша, өзге сандықтарға қарағанда кіші болады. Оны төрт тағанға тақтай құрастырып, сыртын өрнектеп бояп жасайды.