Еліміздің саяси бейнесін өзгерткен сайлау
14.10.2016 2049
1999 жыл саяси оқиғаларға қаныққан жыл болды, ол оқиғалардың ішінде 10 қазандағы Парламент сайлауы

1999 жылғы президенттік сайлаудан кейін сол жылдың күзіне Парламент сайлауы белгіленді. Президент Н.Ә. Назарбаевтың алдында Парламентте Мемлекет басшысының позициясын нығайтатын қуатты саяси партия құру міндеті тұрды. 1999 жылдың 19 қаңтар күні «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Президенттікке кандидатурасын қолдауға бағытталған республикалық штаб» қоғамдық бірлестігі социал-демократиялық сарындағы «Отан» Республикалық партиясы болып қайта құрылатыны туралы жария етті. «Республикалық штаб» төрағасы, республиканың бұрынғы премьер-министрі Сергей Терещенко «Отан» партиясының уақытша төрағасы болып тағайындалды. Осылайша, билік партиясының қалыптасуы басталды. «Отан» партиясы басқа саяси партиялар мен қозғалыстарды өзіне тартатын саяси өзекке айналды. 1999 жылдың ақпан айында бірқатар саяси партиялар съездер мен конференциялар өткізді, онда олар «Отан» партиясына қосылу ниеттерін білдірді. Экономикалық және саяси қайта құрылуды жүзеге асырудағы бірлескен күш-жігер ұранымен құрылған билік партиясына қосылу үрдістері белсенді жүріп жатты.

 1999 жылдың наурыз айында «Отан» партиясының І съезі өтті, онда республика Президенті баяндама жасады. Сол күні «Отан» партиясына келесідей саяси ұйымдарды қосу туралы шешім қабылданған біріктіруші съезд өткізілді: «Қазақстанның халық бірлігі» партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, «Қазақстанның либералды қозғалысы» қоғамдық бірлестігі және «Қазақстан-2030 үшін» қозғалысы. Ал 1999 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Әділет партиясы «Отан» партиясымен бірігу туралы шешімін жариялады. Осылайша, Парламентке және маслихаттарға сайлау тұсында ел басшылығы биліктің ортақ партиясын құра отырып, өз күшін біріктірді. 1999 жылдың күзінде, енгізілген констутициялық өзгерістерге сәйкес, Орталық Азияда алғашқы рет Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісіне сайлау аралас кесте бойынша жүргізілді, ол саяси партияларға үйлесімді уәкілдік негізінде Парлментке сайлану мүмкіндігін берді. Қазақстанда Парламент сайлауы 1999 жылдың 10 қазан күні өткізілді. 

 Жаңалықтар енгізу нәтижесінде сайлау жоғары саяси қызумен ерекшеленді. Сайлауға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлы бір мандатты округтардан 547 үміткерлер тіркелді. Жалпы, сайлау барысында Қазақстан үшін сол кезде теңдесі жоқ үміткерлер саны ұсынылды – орта есеппен бір орынға 8 адам. Сайлау қорытындысымен Парламент Мәжілісіне бір мандаттты округтар бойынша 67 депутат, бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша партиялардан 10 депутат сайланды. Олар жеті пайыздық кедергіден өткен төрт партияның – «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партиялардың өкілдері еді. Осылайша, 1999 жыл қазіргі кезде Қазақстанның саяси жүйесінде үстемдік етіп отырған «Нұр Отан» партиясын құру жолындағы алғашқы қадам жасалған жыл болды.  

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

 Әдебиеттер тізімі: 

1.Олкотт М.Б. Казахстан: непройденный путь. – М.: Гендальф, 2003. – С. 115. 

2. Мәжіліс тарихы. Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі: http://www.parlam.kz/ru/mazhilis/history?id=history 

3.VOX POPULI. 1999 год. http://www.voxpopuli.kz/history/515-1999-god.html 

4. Қазақстандағы Парламент сайлауы: 10 дәйек. https://vlast.kz/politika/15218-parlamentskie-vybory-v-kazahstane-10-faktov.html