ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ ортасынан талантты тарихшылардың жұлдызды шоғыры шықты
Қазақ халқының тарихына қатысты тарихи деректердің кешенінде ауызша дәстүрдің алатын орыны аса маңызды. Қазақтың және Ұлы дала белдеуін қазаққа дейін мекендеген қыр халықтары ауызша шығармашылығының әр түрлі ескерткіштерінде сақталған аса құнды мағлұматтарының тарихты қайта қалпына келтіру мүмкіндігі шексіз.
Әдеби шығармашылықтың бір саласы және тарихи жадының қоры есебінде бұл білімдер көбінесе бір ұрпақтан екіншісіне ауызша беріліп отырған. Ауызша шығармашылықтың жалпы нобайы тарихи аңыздар мен әңгімелердің тұтас циклдарын, көпшілікке танымал эпикалық жырларды, мақалдар мен мәтелдерді, ал кейде тарихи оқиғалар мен оған қатысушылар туралы орынды айтылған қанатты сөздерді де қамтиды.
Жоғарыда аттары аталған түрлі ауызша дәстүр деректерінің ішінде қазақ қоғамының өткен жолын жазуға Шежіре аса маңызды қызмет жасайды. Тым алыс емес заманда бір жағынан марксизм-ленинизмнің методологиялық ережелерінің үстемдігіне, екінші жағынан біздің ерекше отаршылдық жағдайда, «кіші туыс» болғанымыз себепті, ұлттық дәстүрлерге деген көзқарасты нигилизм жайлап, ұлттық тарихымыздың қайнар көзі шежіре «кертартпа – клерикалды білім» ретінде ғылыми мәселе қатарынан шығарылды. Қазақстан тарих ғылымында Шежірені алыс қашықтықтан байқастау, кейбір тақырыптарды игермек ниет, насаб-нама, яғни ата тарату сызба- схемалары ғана бар. Көбіне-көп бұл жұмыспен кәсіби тарихнамаға еш қатысы жоқ адамдар айналысады.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ ортасынан талантты тарихшылардың жұлдызды шоғыры шықты (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Құрбанғали Халид, Нұржан Наушабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы және т.б.). Біз олардың тарихжазу дәстүрлері қыр тарихтану дәстүрінен бастау алады және оның жазбаға түскен жалғасы деп есептейміз. Осы аталған тарихшылар бірінші рет ауызша материалдарды жүйелеу үшін орасан көп еңбек жүргізді.
Қазақ зияткер қауымының осы өкілдерінің қариялар арасында ауыздан ауызға тарап жүрген ауызша дәстүр мәтіндерін жазбаға түсіруін екі түрлі түсіндіруге болады, алдымен шежіренің қазақтың өзіндік санасы мен тарихи жадындағы өте маңызды қызметіне байланысты, екіншіден, қазақ шежіресінің Ұлы дала тарихының қайнар көзі ретінде баға жетпес ғылыми құндылығы.
Жалпы біз шежірені үш деңгейден тұратын тарихи баяндау білімдерінің жиынтығы деп қарастырғанды жөн көреміз. Оның негізінде әр бір қазақтың өзінің 7 атасы туралы білуге қатысты ақпарат бар, оны жалпы көпшілікке білу заң. Осыдан кейін бұдан жоғарырақ деңгейде арнайы білім мен дайындықсыз болмайды. Себебі бұл деңгей рулар мен тайпалардың тарихы туралы білім, олардың арасындағы тарихтың әр кезеңіне қатысты қарым-қатынастар, жол тәртібі, түпкі аталар мен көсемдердің шығу тегі бар.
Ал енді үшінші деңгейді құрайтын мемелекет тарихы, тіпті кейде тұтас тарихи кезеңдердің айнасы хан әулеттері мен жекелеген ұлы тұлғалар туралы тек ірі шежірешілер ғана баяндап бере алады. Осы аталған негізгі кешенде әлеуметтік және субэтникалық топтардың тарихына қатысты жеке таруларды да бөліп көрсетеуге болады. Осы құрылымдық топтау шежіренің функционалдық мазмұнын ашып көрсетеді.
ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдарының соңына қарай М.Ж. Көпейұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Н. Наушабаев т.б. тарихи мұрасын ғылыми талдау басталды. Осы кезеңде Рашид-ад-дин, Әбілғазы сияқты ХІХ соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ тарихшыларына мықты әсер еткен шығыс тарихшыларының еңбектеріне бет бұрыс байқала бастады. Біз де осы планда өзімізді пионерлер қатарына қосамыз, себебі Шежіре тақырыбына зерттеу жасаған жас тарихшылар менің шәкірттерім еді. Осы диссертациялық жұмыстардан қазақ тарих ғылымында шежіре материалдарын кең көлемде игеру басталды деп айта аламыз.
Жоғарыда атап өткендей ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында пайда бола бастаған қазақ шежіресін қағазға түсіруде далалық элитаның жоғары білімді өкілдері тұрды. Осының дәлелі ретінде біз «далалық ауызша дәстүрдің» тамаша өкілі Нұржан Наушабаевтың шығармашылығына аздап шолу жасайық деп отырмыз. Өкінішке қарай бізге осы автордың бір ғана еңбегі белгілі. Көп заман тарих жанкүйерлеріне аты танымал болғанымен, мазмұны белгісіз болып келді.
ХІХ соңы мен ХХ ғасырдың басындағы атақты ақын және философтың өлеңмен жазылған шежіре «Манзумат казакия» аталады. «Манзумат» араб тілінен аударғанда құрылым, құрылыс, яғни автор қазақ тарихының құрылымын баяндамақ болғаны деп жорамал жасауға болады.
Автор қазақтың шығу тегі туралы жырын Библиялық тарихтан бастайды. Бірақ шығарманың бірінші жолдарында-ақ ақын қазақтың ежелден Шығыстық ел болғанымен, арабтан бөлек екенінен бастайды («арғы зат нәсіліміз Ғажамнан біз»). Бұдан әрі автор қазақ шежіресінің аңыздық қаһарман Алаша ханнан бастау алатын негізгі арнасына түседі:
Ал алтыншы атаң туды Аламан,
Мекенжай отан етті сахарадан.
Мұнан Алаш, Алаштан екі ұл туып,
Сегіз арыс түрікпен болды осы арадан.
Н. Наушабаевтың насаб-намалық схемасы бойынша қазақтың түпкі атасы Алаштан екі ұл туады: Сейілхан, Жайылхан. Сейілханнан сегіз арыс түркімен, Жайылханнан Орталық Азия түркілерінің генеалогиялық тізбелерінде ерекше орын алатын Майқы би. Н. Наушабаевтың «Манзұмат қазақиясында» көптеген эпонимдер (ру-тайпалардың түп аталары) кездеседі, оларды этимологиялық талдау сөз жоқ тарих ғылымына өте маңызды деректер бермек. Мысалы жырдың мәтінінде Аламан аты (Алашаның әкесі ретінде), Өзбек , Сабиян (соңғысы Қазақ пен Созақың атасы Айырқалпақтың әкесі) аталады. Сөз жоқ бұл жалпы есім атаулар генеалогиялық конструкцияға қажетті қисын беретін өзекті қызмет атқарады. Жыр мазмұнына қарағанда Созақтан қарақалпақ халқы, ал Қазақтан үш жүздің аталары Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс тарайды. Жырда ең қызықты материалдар қыпшақтың шығу тегі мен аталарына қатысты тарауда орын алған. Автор қыпшақтың арғы аталарының ішінде Сұлым алып, Мүйізді алып, Абыз Сары, Қобыланды батырларды т.б. атайды. Қыпшақ тайпасының көне аталарынан тараған бұтақтарды (Кұлан, Қытай, Қара, Сары) атай отырып, автор олардың қатарына қыпшақтардың мысырлық тобын да («қыпшақ хариз») қосады, сонымен бірге қазіргі күні қазақ ішінде белгілі аталар да (Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Балық) бар:
Жігітке ата білмек парыз деген,
Мойнында жүрмесін қарыз деген.
Мәккә - и - Мүкәрәма Шам жұртында,
Бір шаһар һамма Қыпшақ Хариз деген.
«Хариз» арабшадан аударғанда «жалдамалы жауынгер» яғни бұл жерде «кыпшак-хариз» деп автор бірнеше жүз жыл Мысыр елін билеген мамлюктерді айтып отырғаны сөзсіз. Орта Шығыста (иран тілдес ортада) мамлюк орнына «гулям» (күзет, күзет жасағы, телохранитель) термині көбірек қоланыста болған.
Көптеген жылдарға созылған үзілістен кейін біз қазақ шежіресімен қайта қауышып жатырмыз. Бүгінгі күні бұл жұмысты өлкетнаушылар, жазушылар, журналистер, бір сөзбен айтқанда тарихи әуестенуші кәсіби емес адамдар атқаруды. Бірақ Шежіре туралы ой қорыту және тәпсірлеу бұл іске кәсіби тарихшылар мен этнлогтар кіріспесе мүмкін емес. Тек солардың еңбектерінің нәтижесі арқасында мыңдаған жылдар бойы жинақталған тарихи ақпараттардың тағдыры шешілді. Бұл ауыр еңбек өнімді жүру үшін, асқан төзімділікпен қазақ тарихтануы мен тарихжазуының дәстүріне терең бойлауымыз қажет.
Қаламды еріккенде қолға ұстарсың,
Жалығып, бір күн әлі-ақ сен тастарсың.
Хал-қадірің білгеніңше баян айла,
Ғибрат кейінгіге сөз боп қалсын.
Жақсысың сен бір көпке жанаспаған,
Білімін топқа салып санаспаған.
Дафтарға бастан-аяқ аят та ̉ лиф,
Ойласын қалды ғой деп мирас маған.
Жүйрік пе мыңнан озып қыр аспаған?
Жігіт пе хал білдіріп, сыр ашпаған?
Ертерек белгілеп қой әрбір жолды,
Жол табар қараңғыда адаспаған.
Өзіңді күйлеп Нұржан бағып қара,
Бір үкі қырықта басқа тағып қара.
Мән берген қалған жұрнақ ақтарып,
Шежіресінен Қыпшақтың қазып қара.
Әуелгі Адам сопы, Аллаһ, Нұх нәби,
Баяндап жат етпейін білсем оны.
Неше түрлі, қаншама халық болып,
Неше абзал мүрассилер өтті бәрі.
Бендемнің Хақ жазғанға жоқ шарасы,
Келеді жамандауға кім шамасы?
Қырық тоғыз ата Қисса сүл-Әнбияда,
Адаммен Рәсүлімнің екі арасы.
Хаққа құл, Рәсүлге үммәт елден біз,
Бір абзал жаратылдық тозаңнан біз.
Болмаса сахарада жүргеніміз,
Арғы зат нәсіліміз Ғажамнан біз.
Табылар оңай жерден талас деген,
Өтірікті жарамайды шын не рас деген.
Пайғамбар Рәсүлімнен фатха алған,
Сахабадан нәсіліміз Аннәс деген.
Аннәстан Жәбәл туды бин Мұғаз,
Маснаф болды халыққа айтып уағыз.
Мұғаздан Сәһил-сәһил туды Ақшолпан,
Шежіре бірден-бірге қалған қағаз.
Ал алтыншы атаң туды Аламан,
Мекенжай отан етті сахарадан.
Мұнан Алаш, Алаштан екі ұл туып,
Сегіз арыс түрікпен болды осы арада.
Сейілхан, Жайылханмен туды Алаштан,
Түсінбес келтірмесең сөзді алыстан.
Сейілхандар сегіз арыс түрікпендер болып,
Шаһар болып жата берді қозғалмастан.
Ал енді Жайылханнан Майқы туды,
Биледі Өзбек, Сабиян неше руды.
Біздің халық Сабияннан сахрауи,
Өзбек сарттан қыз ап, шаһар болды.
Айтпаспын түсінбесті сөзімді-ау ақ,
Нәсіліміз келе жатыр болып таза-ақ.
Сабияннан Айырқалпақ болып жалғыз,
Мұнан туды екі бала – Қазақ, Созақ.
Созақтан Қарақалпақ бөліненеді,
Осылай шежіреде көрінеді.
Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп,
Үш жүз деп есім бізге беріледі.
Ұлы жүз Ақарыстан – Дулат, Үйсін,
Қанша жұрт ендігісін өзі білсін.
Кіші жүз Бекарыстан ең кенжесі,
Бөлініп өз жөнімен болып тұрсын.
Айырылды Ұлы жүз бен Кіші жүз болып,
Осылай шежіреде қалды сөз болып,
Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Уақ, Керей,
Бөлініп кеттік Орта жүз болып.
Келтірем ретпенен сөзді таза,
Білгір адам білімнен қалмас қаза.
Орнына таратайын жөн-жөнімен,
Туыпты Жанарыстан алты қожа.
Үлкені Қарақожа, екінші – Ақтам,
Қаншама күндер ауысты дүр Хақтан.
Дара, Момын, Смағұл, Қосымқожа,
Кереймен айырылмаймыз әрі аулақтан.
Дара, Момынқожадан – Қоңырат, Найман,
Ешкімнен өз жөнімді сұрамаймын.
Смағұл, Қосымқожадан – Керей, Уақ.
Бұл сөзді қате деп ойламаймын.
Қате болып білмесек көп дүр хатар,
Кез болды көңілден бір сөз қозғар.
Ақтамұғлы Қыпшақтан кеттім бастап,
Әркім өз атасын біле жатар.
Қыпшақтан туған бала Сұлым алып,
Дыбысы шықты ердің жерді жарып.
Қырық шауып қысқа күнде қалмақ елін,
Қатардан жолда қалмаған кейін қайтып.
Ақкөбік мұнан соңғы бір атамыз,
Шежіреден көргендерді таратамыз.
Неше тайпа, неше рулар болып кетті,
Ендігі сөздің артын ұзатамыз.
Мұнан туды Мүйізді, Абыз Сары,
Фатихалы ер болған Аллаһ жары.
Құлан, Қытай, Қара, Сары сопы туып,
Түсіпті шілтенлердің оң назары.
Қарадан Есім сейд туды Қобылан,
Жалғыз жүріп кек алды сансыз қолдан.
Сәруары сәһибқыран болып өтті,
Уақыт жетсе құтылар кім ажалдан.
Бұл Қобыланды дұшманын шауып өткен,
Тірлігінде әр жұртты билеп өткен.
Бір өзінен он екі бала туып,
Тоқтардың баласы би боп өткен.
Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Балық,
Өсіп-өніп келеді сонан халық.
Ұлышлаған ұл еншілестері ел боп кетті,
Осы жерден былайғысы әркімге анық.
Мен көппін дегендермен даулы Қыпшақ,
Бетіндегі порымымен жауды Қыпшақ.
Бір Тоқтардың баласы бес таңбалы,
Демей ме «тоқсан екі баулы Қыпшақ» деп.
Жігітке ата білмек парыз деген,
Мойныңда жүрмесін қарыз деген.
Мәкка Мүкаррәма Шам жұртында,
Бір шаһар һамма Қыпшақ хариз деген.
Жаңылыс сөз қоспаймын арасына,
Ата еді әркім қылар ағасына.
Халықтар білгенінше баяндаған,
Арғынның және келдік баласына.
Қарадан Ақжол, Арғыннан жеті бала,
Кәміл әрқайсы да болған дана.
Ақсопы, Қара, Момын, Мейрам, Иман,
Көбейіп ел болып кеткен неше сала.
Баласы Ақсопының Қанжығалы,
Арғынға түскен шілтеннің оң назары.
Арықтан – Бәсентиін, Сарыдан Тобықты, Арғын,
Келеді тізіп айтсақ сөз ажары.
Байлыққа келе жатқан мақтаулы боп,
Бақ кетпей мал басы өсіп, мықты ауыл боп.
Осы жерден неше тайпа ел боп кетті,
Қарадан Қарауыл, Момыннан Тоқтауыл боп.
Иманнан Тарақты еді аңшы атанған,
Сөйлесем, емес едім сөзге татаң.
Кенжесі Мейрам еді үлкен орын,
Осылай бөлінеді бұл екі ортаң.
Бақ, дәулет біткен, басы өскен ел бірталай,
Артықша салауат берген Джәббар Құдай.
Мейрамның төрт баласы төрт рулы ел,
Кетеді бәйбіше болып мұнан былай.
Бегендік, Шегендікке және келдік,
Қуандық мырза, төртінші би Сүйіндік.
Үш жүздің баласы бас қосқанда,
Байлық, бақыт осыларда, һәм үлкендік.
Бос жүрмей білген жақсы ата текті,
Дос көңіл нар көтерер артқан жүкті.
Мейрамның кіші қатыны Айнамкөзден,
Осы жердегі қалың Арғын екі шекті.
Баяндап бергін жерін әркімдері,
Елінде болса қария біліклікті.
Найман, Қоңырат, Керей, Уақ қалды менен,
Жазарлық бір сөз еді бар керекті.
Мұны да сұрап-біліп ескерермін,
Денсаулық Аллаһ берсе тіршілікті.
Тамам.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы-этнограф