Ақмолалықтар да аттандаған жыл
20.10.2016 1865
1916 жылғы Халық көтерілісі Ақмола облысын да жайпады. Көтерісшілер тізімдерді жойып, жергілікті патша әкімшілігінің өкілдерін ұрып соқты

1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғысына жұмылдырылған Ресей империясы жаңа адами және материалдық ресурстарға мұқтаж болды. Қаржы шығындарының салдарынан салықтар 3-4 есеге, жекелеген жағдайларда 15 есеге өсті. Арнайы әскери салық енгізілді. Майдан қажеттілігі үшін қазақ халқының мүмкіндігімен санаспай, малынан, нан мен басқа азық-түліктен айырып отырды. 

1915 жылдың аяғында қазақтардың наразылығы өрши түсті. Көптеген болыстар салық төлеуге келіспеді, «еркін қайырымдылықтан» бас тарту жағдайлары және осы себептен жергілікті билікпен жанжалдасу оқиғалары жиілей түсті. Қазақтардың соғысқа қатысуы туралы мәселе көтерілді. Алайда орыс үкіметі «сенімсіз» қазақтарды қаруландыруға асыққан жоқ. Мұның орнына Ресейдің өзге ұлт тұрғындарын тыл жұмысына пайдалану шешімі қабылданды. 

1916 жылы 25 маусым күні орыс емес «бұратана» халықтардың 19-43 жас аралығындағы ер-азаматтары соғысып жатқан армия ауданында корғаныс құрылыстарын салу мен тыл жұмыстарына «реквизицияланатыны» жөніндегі патша жарлығы жарияланды. Алдын ала жасалған есеп бойынша, 390 мың адам алу көзделді. 

Аталған жарлық казақ даласын өте ауыр жағдайға қалдырды. Тыл жұмыстарына жұмылдыру (мобилизациялау) егін өнімдері мен пішен жинау, малды қысқы жайылымдарға айдауға дайындық кезінде жүргізілді. Еңбекке жарамды бүкіл ер-азаматтарды шақыру қоныс аударушылар пайдасына үнемі жер тартып алумен негізгі шайқалған қазақ шаруашылығының экономикалық базасына зор нұқсан келтірді. 

Іс жүзінде 1916-1917 жылдар қысында жұртшылық аштан кырылуға душар болды. Байырғы халықты тыл жұмыстарына шақыру халықтың ашу-ызасын тудырып, Ресей отаршылдығына қарсы қуатты көтерілісінің басталуына себепші болды. 25 маусымдағы жарлық туралы хабар бүкіл қазақ жерін дүр сілкіндірді. Мобилизациялауға қарсы сұрапыл қарсылықтар болыс басқармаларын ұрып жығу, отбасы бойынша тізімдерді құрту арқылы көрініс тапты. 

Мобилизациялауға және жергілікті биліктің озбырлығына қарсы күрестің отбасылық тізімді құртудан басталуы кездейсоқ емес. Қазақтарда туу туралы жазбалардың болмауына байланысты отбасылық тізім адам жасын анықтайтын бірден бір құжат болды. Сондықтан осы отбасылық тізімдерді құрту және оларды уездік бастықтарға ұсынбау мобилизациялауды тежеді, кейде тіпті болдырмай отырды. Облыстардың әскери губернаторлары Петерборға тыл жұмыстарына мобилизациялау туралы жарлық халықтың наразылығын туғызғанын, ауылдарда жаппай жиналыстар болып, тізімдерді жойылып жатқанын хабарлап отырды. 

Халық көтерілісі Ақмола облысын да жайпады. Көтерісшілер тізімдерді жойып, жергілікті патша әкімшілігінің өкілдерін ұрып соқты. Көтеріліске, сондай-ақ Спасск руднигінің, Қарсақпай зауытының және Жезқазған руднигінің, «Риддер акционерлік қоғамы» рудниктері мен зауыттарының қазақ жұмысшылары да қатысты. Санкт-Петербург қаласының мұрағаттарында Омбы аймақтық соты прокурорының Омбы сот палатасының прокурорына жазған ұсынысының көшірмелері сақталған, онда патшаға қарсы шыққан қазақтар тізілген. Осы құжаттардан оқырмандар таныс, тіпті туыс есімдер мен тектерді табуы мүмкін. 

Құжаттардың орфографиясы түпнұсқадағыдай сақталған. «Қыркүйекте Ақмола уезінің Қоржынқұл болысының аймағында Қоржынқұл көлінің маңайында қолдан жасалған балта және найзамен қаруланған қазақтардың жиыны пайда болды, олар әскери сапты үйреніп, шабуылдау үшін орыс отрядтарын тосып тұрды. 23 қыркүйекте Звенигородское қыстағына Ақмола уезінің 4 учаскесінің шаруа басшысы келді, сол күні түнде барлау мақсатымен қыстаққа келген Ағыбай Жұмабеков қарауылмен ұсталды. Келесі күні қыстақта және оның маңайында осындай бірнеше қазақ барлаушылары ұсталды, тергеу кезінде олардың басшысы молда Қожахмет Күдерин, Дос Ысмағұлов, Айтмұхамет Байменев, Бердібай Жұмабаев деген ақсақалдар, ауыл старшыны Сәдуақас Баянов, халық соттары Хамза Өтебаев және Бижан, қазақтар Қосмамбет Какин, Садық Төкеев, Авчекүл Хаджимуллин, Дүйсебай Батинчев және Сәтпай Абаров болғаны анықталды. Сот прокуроры. №469. 1916 жылдың 23 қарашасы». 

«13 қыркүйекте Ақмола уезінің Ақсираққұл (Аксийраккульской) болысының басшысы қазыналық нанды Петропавлға тасуға ниет білдірген 150 қазақтың тізімін ұсынды; жүкшілердің жиыны 20 қыркүйекке Оксановск ауылына белгіленді, ол туралы барлығы ауыл старшындары арқылы құлақтандырылды. Алайда 20 қыркүйекте Оксановскқа тек қана 93 адам келді, қалған жүкшілерді қосайдар руының №1 ауылының және атығай руының №4 ауылының қазақтары ұстап алған». 

№6 ауыл старшыны Күлшімбай Шаңдыбаевтың айтуы бойынша, бұл жиынның басшылары № 1 ауылдың қазақтары Әбубәкір, Аманжол, Байыз және Қабеш Татиндер, Әбдірахмен Тұрабаев, Қазжан Аралбаев, Қасенбай Жаңабаев, Ілияс Қожахметов; № 4 ауылының қазағы Нұржан Дәулетпаев, және № 2 ауылының тұрғыны Жұмақай Слежин, Сүлеймен Бейсенев, Сейіт Назаров, Еркін Қошпаев, Сыздық Азанбеков. Бұл адамдар тыл жұмыстарына жұмылдыруға қатысты Мәртебелі бұйрыққа бағындау мақсатында қазақтар арасында бүлік таратып отыр. 

Осыған байланысты мен Сот тергеушісі Кальницкийге қылмыстық заңдар жинағының 125 б. 1 т. және 129 б. 3 т. көзделген қылмыстың белгілер бойынша алдын ала тергеуге кірісуді ұсындым». 

«Ақмола уезі Моншақты болысының аймағында қазақтардың жиыны пайда болды, олар болыс басқармасының хабарламасы бойынша ұйымдасқан және алдына тыл жұмыстарына жұмылдыруға қатысты Мәртебелі бұйрықтың орындалуына кедергі келтіруді мақсат қылып қойған секілді. Бұл ұйымның жасаған әрекеттері: 1. 25 қыркүйекте – 400-500 адам 5 және 6 ауылдың қазақтарына қазыналық нанды тасу үшін жүк арбаны беруге кедергі келтірді. 2. 26 қыркүйекте шақырылатын жастағы қазақтарды жиналу бекеттеріне бармауға азғырып, өдерімен 9 қазақты алып кетті. 3. 27 қыркүйекте шамамен 200 қазақ «Ұзынағаш» шатқалында Ж. Қазығұлов пен С. Қылышпаевты тонады. 4. 27 қыркүйекте шақырылу жастағы және қазыналық нанды тасушы болып жазылған Тілеужан мен Әлімжан Ермақомбетовтер нан тасудан бас тартып, туысқандарына ақсақалдар кеңесінде өлсе де шақыру туралы Мәртебелі бұйрықты орындамау тапсырылғанын айтып, енді қашан жолығатындарын білмейміз деген сөзбен қош айтысқан». 

«Ақмола уезінің тұрағының 4-ші учаскесінің 4-ші уряднигі 6 қазандағы осы тұрақтың жасауылына жасаған баяндамасында өзінің жинаған мәліметтері бойынша Алексеевск, Радовск, Космо-Демьянск және Никольск қыстақтарының арасында әр болыстан 5000-ға жуық қазақтар жиналғанын, қолдан жасалған қылыш және найзамен, сондай-ақ мылтықпен қаруланғанын және Моншақты болысы ауылдарына барып қазақтарды өздеріне қосылуға үгіттеп жүргендігін, келіспегендерді күштеп алып кетіп жатқандығын мәлімдеген; осы бүлікшілер тобынан қашып шыққан қазақ Ғазиз Ғалымжановтың айтуынша, оның басында Моншақты болысының қазақтары Сағанай Қайлыбаев, Тәукен Ахметов, Сүлеймен Алтынбаев, Рахымжан Сүлейменев, Қарамсақ Жумин, Қамбар Ермеков, Қасым Анпергенев, Ахмет Баяжанов, сол болыстың халық соты Бакей Нұрманов және Қарабұлақ болысының халық соты Күріш Жәнібеков. Осы жағдайға байланысты мен сот тергеушісі Кальницкийге қылмыстық заңдар жинағының 125 б. 1 т. және 129 б. 3 т. 1 бөл. және 1 т. 2 бөл. көзделген қылмыстың белгілер бойынша алдын ала тергеуге кірісуді ұсындым». 

«Осы жылдың 23 қазандағы баяндамада Ж. мәртебеліге Ақмола уезінің Алексеевка аулының маңындағы әскери отрядқа қазақтардың 8 қазандағы шабуылына қатысты іс бойынша сот тергеушісі Кальницкийдің 21 қарашадағы қаулысымен қылмыстық заңдар жинағының 123 б. және жазалау заңдар жинағының 1459 б. 2 бөл. бойынша мына қазақтардың жазаға тартылғандығын хабарлаймын: Долдыбай Ахметов, Қасел Сегізбаев, Ахметжан Тоқуев, Хұсайын Хасенев, Ысмайл Қосақпаев, Еркесар Рахымжанов, Қами Әлімжанов, Көкен Оразалин, Күлбаек Балқазаров, Жүсіп Ерсеқаев, Күріш Жаңабаев, Қуандық Борухов, Әміре Хұсайын, Жанарбай Мұстафин, Бекмағамбет Құдайбергенев, Башил Кәкішев, Хұсайын Сандалин, Досмайыл Дәуітов және басқалары, барлығы 77 адам, олардың ішінде алдыңғы жетеуі тергелді, қалғандары іздестірілуде. Сот прокуроры. 1916 ж. 23 қараша №459». 

Көтерілісшілерге қарсы генерал Ягодиннің қолбасшылығымен 12 кавалериялық жүздік, 11 күшейтілген жаяу рота жіберілді. Көтерілісшілердің көрсеткен жаппай ерлігіне қарамастан, қаруланған орыс әскерлері 1916 ж. қазан айының аяғында Ақмола уезіндегі көтерілісті басты. Көтерілістің басылуына оған қатысушылардың бір-бірімен байланыс орнатпай, бөлек-бөлек әрекет еткендері ықпал етті. 1916 ж. әскери ведомство жылқыларды жаппай мәжбүрлеп дайындауды жүргізді. 

Ақмола облысының төрт уезінде осы жылдары екі миллионнан астам мал жойылып, айдап әкетілді. Ақмола және Атбасар уездерінің көтерілісшілерінің бір бөлігі жекелеген топ болып Торғай уезінен қарай кетіп, Амангелді отрядына қосылды. 

Олардың кейбіреулері 1917 ж. Ақпан революциясына дейін өз бетінше әрекет етті. Қазақстанның көп бөлігінде көтерілістердің жаншылып тастағандығына қармастан, 1916 жылдың ұлт-азаттық қозғалысы ұлттық сана-сезімінің өсуіне ықпал етті. Алдын ала тергеу қорытындысы бойынша, жерлерге бару, жергілікті тұрғындардан жауап алу, күмәнді тұлғаларды іздестіру жүргізілді, бірақ көп жағдайда ол істер күдіктілердің болмауына байланысты жабылып отырды. 

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)