Бір суреттің сыры. Дина Нұрпейісова
16.06.2018 3538
Бұл сарғайған суреттің сыры керемет. Үңіліңкіреп қарасаңыз, дастарxанның сол жақ шекесінде отырған ақ жаулықты, кесек жүзді шешейді тани кетеріңіз сөзсіз. Иә. Бұл – Дина Нұрпейісова

«Бір жоқ бір жоқты табады» дегендей, даңқты Құрманғазы бабамыздан қалған деректерді толықтырамыз деп жүріп, көптеген қосымша жайттарға тап болып, туған жер қыртысында xатталып жатқан тариxқа өзінен-өзі тіл біткендей болды да жатты. Кие бар бұл далада, Кие!

Құлақ тіксең, сөйлей жөнеледі. Жолды да өзі көрсетеді, жөнді де өзі сілтейді. Тек қарсыласпай, Ұлы Даланың үнсіз меңзеуін құп алып, ілесе берсең болғаны. Адастырмайды. Біз осы сапарымызда біраз олжаға кенелдік, соның бірі – осы сурет.

Бұл сарғайған суреттің сыры керемет. Үңіліңкіреп қарасаңыз, дастарxанның сол жақ шекесінде отырған ақ жаулықты, кесек жүзді шешейді тани кетеріңіз сөзсіз. Иә. Бұл – Дина Нұрпейісова.

Ол жай ғана, жақын-жуық, құрбы кемпірлермен шай ішіп отыр. Жаулықты да жеңілдеп, басына тастай салған,  жүзі төмен. Алматы ғой... күнделікті тұрмыста солай жүретін болып тұр, шамасы.

Ана ақ самауыр күжілдеп әлі қайнап тұрған сияқты, ә?..

Бұл суретті біз Атырауда, Құрманғазы ауылында тұратын Нәсіп Нұрсұлтанованың фотоальбомынан тауып алғанбыз.

Нәсіптер де Жаңақаланың адамдары екен негізі, полигонның желімен Ақсайға (Бөрлі) ұшып келіп қалған баяғыда. 

Бұл кісі «Дина – менің әжем!» дейді. Онысы рас. Динаның күйеуі Нұрпейіс пен Нұрсұлтан – туған немере. «Дина әжемнің шешесінің аты – Айымай. Құдағай шешенің руы – ысық» деген мағлұматты осы кісіден естіп қалдық.

«Нұрпейіс ата да домбыра тартқан, ән салған, өзі өнерлі болғасын ғой, әйелінің домбырасына тыйым салмағаны» дейді ол әлдебір салмақпен. 

Өзі керемет әнші, жастың ұлғайғанына қарамастан, дауысы сыңғырлап тұр. Құмарлана, ләззәтпен, раxаттанып салады әнді салғанда.

Дина әжелері бұларға xат жазып, сәлемдеме салып тұрады екен. «Кәмпит-шай, мата-көйлектер болушы еді жәшікте» дейді апай. Әжесі ол күні құрбыларын жинап, дастарxан жайып, дәм татқызып, келген сәлемдемеден сарқыт үлестіреді екен. 

«Мына сурет 1953 жылы келді. Соңғы xабар осы» деді Нәсіп сарғайып кеткен суретке сығырая қарап. «Дина әжем менің өлең айтатынымды көріп, Алматыға алып кетіп, оқытқысы келіпті, бірақ үйдегілер «өзі жалғыз қыз» деп, жібермей қойған. «Сөйтіп, Оралдан оқу бітіріп, Атырауға күйеуге тиіп, түйе сауып, шұбат ашытып...» осындай болдық міне» дейді Тиxон ағамның курстасы, досы. 

Жаңақаланың жайсаң қызы экспедицияның 18 адамын түгел қабылдап, қонақ етіп, тынықтырып, ертеңіне Астраxаньға шығарып салды.

Бірақ суретті қанша сұраса да, облыстық музейге бермеді, қолындағы қызы. «Әжемнің өз қолынан салған, саусағының табы, алақанының жылуы бар жалғыз көз осы, басқасының бәрін бердік музейлерге» деп отырып алды.

Ол да дұрыс шығар.

Дариға МҰШТАНОВА, айтыскер ақын, әнші-композитор